«Қаржы құй, қомақты қаражатқа кенел!». Бұл – бүгінгі алаяқтардың ұраны. Осындай жылтыр жарнамаға сеніп, алаяқтықтың зардабын тартып отырғандардың қарасы қалыңдады.

Соның ішінде қаржылық пирамиданың уәдесіне алданғандардың саны тым көп. Оған қоса жасанды интеллекті де алаяқтықтың түрін көбейтіп, мәселені одан әрі ушықтырып, көпшілікті алдап-соғудың таптырмас құралына айналып отыр. Біздің оқырман алаяқтықтың бірнеше түрін ғана білуі мүмкін. Сондықтан бүгін осы тақырып төңірегінде қалам тербеп, саралап көретін боламыз.

«Мошенники» сериалы сақ болуды сипаттайды

«YouTube» платформасында 3 күнге жетпей алғашқы сериясы 3,5 миллион қаралым жинаған сериал бар. Ол – «Salem entertainment» медиакомпаниясы ұсынған «Мошенники» сериалы. Жуырда ғана екіншісі маусымы көпшілікті таңдандырған туындының продюсері – Рүстем Омаров. Міне, осы бір қысқаметражды фильм біз қаузап отырған тақырыпқа тұздық бола алады. Неге? Өйткені жоба қазіргі алаяқтық схемаларға негізделген. Оған қоса көрермендерге қылмыскерлердің айла-тәсілдерін ашып көрсетіп, қаржылық қауіпсіздің мәдениетін қалыптастыруға көмектеседі.

Сериалда әрбір алаяқтық әрекет қылмыскерлердің өз көзімен, яғни «ішінен» көрсетілген. Дәл осындай тәсіл арқылы халық та барлығын жіті түсінуде. Сценарийі де нақты оқиғаларға негізделген. Мысалы өткен жылы қоғамда көп талқыға түскен Перизат Қайраттың да іс-әрекеттері, қайырымдылықпен айналысып жүргені көрсетілген. Осыдан-ақ көп нәрсені түсінуге болады. Сонымен қатар барлығының артында бір адам және ол өзге елде барлығын басқарып отырғанын жеткізеді. Ал сериалдың негізгі демеушісі – «Kaspi.kz» компаниясының басшысы әрі тең құрылтайшысы Михаил Ломтадзе жоба азаматтарымен бірлесе жұмыс істеу, алаяқтықтың алдын алуға үлкен көмегін тигізіп отырғанын айтады.

– Біз қызметімізді үнемі дамытып, оларды адамдар үшін барынша ыңғайлы әрі пайдалы етуге тырысамыз. Клиенттерімізді қорғау үшін ең заманауи технологияларды қолданамыз және қауіпсіздік жүйелерін үздіксіз жетілдіріп келеміз. Сонымен қатар ешкімге жеке деректерді айтуға, мобильді қосымшаға қолжетімділік беруге, SMS арқылы келетін құпия парольдер мен кодтарды хабарлауға болмайтынын үнемі ескертеміз.

Алаяқтар адамдардың сеніміне қалай кіретінін көрнекі түрде көрсету және барынша көп адамды қорғауға көмектесу үшін біз оқыту роликтерін шығардық әрі «Мошенники» сериалының екінші маусымын қолдадық. Сақ болыңыздар, құпия деректеріңізді ешкімге бермеңіздер! – деді ол.

Ал осы турасында киноның продюсері әрі басты рөлді сомдаған актер Рүстем Омаровтың айтуынша, «Kaspi.kz», Ішкі істер министрлігі, прокуратура мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі нақты алаяқтық оқиғалар туралы ақпарат беріп отырған.

Туындыға жарнама жасаудан аулақпыз. Бірақ уақыт бөліп тамашалайтын болсаңыз, алаяқтыққа қатысты көп мағлұмат алатыныңыз анық.

1 жылдық залал – 20 миллиард теңге

Соңғы қозғалған істер бойынша қолға түскен мәліметтерге сүйенсек, 1 жылда қаржы пирамидаларының халыққа келтірген залалы 20 миллиард теңге шамасы болса, сот үкімі шығып, ұйымдастырушы, көбіне орындаушылары сотталған пирамидалар саны 54-тен асқан.

Қазіргі сәтте әлеуметтік желі мен мессенджер арқылы тағы қаншасы әрекет етіп жатқаны нақты белгісіз. Құзырлы орган бұл қаскүнемдердің схемасы тоқтаусыз түрленіп жатқанын ескертуде. Айласын асыруды қалайтындар қайырымдылық қоры, автолизинг, ауылға не анаға көмек, баспанамен қамту және басқа «бағдарламаны» жамылып, қылмысын бүркемелей бастады.

Банк, байланыс операторы, пошта, тіпті полиция, прокуратура өкілі ретінде өзін жалған таныстырып, адамның үрейін ұшырып, екі аяғын бір етікке тыға асықтыратын интернет-телефон алаяқтарынан айырмашылығы, бұл қаскөйлер құрбанын еш қорқытып үркітпейді. Жарқын болашағын алтынмен аптап, күміспен көмкеруге уәде етіп, жылы сөзбен іші-бауырына кіреді. Жұрт жиған-тергенін оған өзі апарады.

Адамның өзі құмартып, есіл-дерті сол болса, бұған мемлекеттің тоқтау салуы қиын. Кейде сарапшылар, депутаттар құрбандарды осы қадамға тез баюға ұмтылушылық, пайдакүнемдік, қаржылық сауатсыздық қана итермелейді деп жатады. Бұлай біржақты күстәналауға болмайды. Төмен тұрмыстан титықтаған қазақстандықтардың бір бөлігі өмірдің тұйығынан құтылу үшін банктен несие алып, ол қаражатты пирамида арқылы тез көбейтіп алуға тырысады екен.

Мәселен, есімін жасырған қала тұрғыны агрегаторға тіркеліп, такси қызметіне шығу үшін 3,6 миллион теңге несие рәсімдеп, көлік сатып алады. Бірақ көп ұзамай, жол-көлік оқиғасына ұшырап, көлігі сынған. Жинағын оны жөндетуге жұмсаған. Бір жылдай тұрақты табыс таппағандықтан, банктегі несиесін өтеуді тоқтатады. Соның салдарынан өсімпұл үстемеленіп, берешегі 6 миллионға жеткен. Танысының кеңесімен, микроқаржы ұйымынан 1,4 миллион микронесие алып, оны «3 күнде 30%» пирамидасына салады. Қаржылық пирамида екенін білген, бірақ амалсыздан барғанын айтады. Бір-екі рет бонус алды, шығып кетсе, оны қайтаруды талап ететіндіктен қалыпты. Бүгінде салғанынан айырылып, қарызы ұлғайып, банкроттыққа өтініш беріп жатқан көрінеді. «Ranking» мониторинг агенттігінің сарапшылары Қазақстан халқының қаржы пирамидаларына қаржысын сеніп тапсыруының өзге де себептерін атады. Мысалы олар заңды бизнестің «терісін» жамылады. Заманауи пирамидалар заңнамадағы олқылықтарды, технологиялық жаңашылдықтарды оңтайлы пайдаланады. Сайттары негізінен арнайы тапсырыспен, сапалы жасалады, тартымды келеді. Кейбірі тіпті «аудиторлық есептерін» жариялайды, белгілі блогерлерді, танымал тұлғаларды шақырып, түрлі іс-шара өткізеді.

– Клиенттеріне түпнұсқадан айыруы қиын. Өйткені «лицензияларын» көрсетеді. Салық органдарында заңды түрде тіркеледі. Арнайы мамандардың өзін жаңылыстыратын күрделі маркетингтік схемалар түзеді. Мысалы, дамыған елдерде жылжымайтын мүлік «сатып алады», өмірде бар компанияларға «инвестиция салады». Мұның жалған екенін тек құзырлы органдар шет мемлекеттерге арнайы сұрау салса біле алар еді. Өз саласының білгір маманын – меморгандар, банктер мен инвесткомпаниялардың тәжірибелі қызметкерлерін жалдайды. Осының бәрі сауатты адамның өзінде «компанияның» сенімді екені туралы жалған сенім қалыптастырады.

Мұның сыртында, қаржы пирамидалары әлеуметтік орта мен араласатын адамдар арқылы қысым жасайды. Мысалы, «ұзынқұлақпен» айналадағы адамның бәрі «мына бір компанияға ақша салып, күреп табыс тауып жатыр» деген гу-гу сөз таратады. Ұжымдармен, қызығушылығы бір адамдар топтарымен, клубтармен жұмыс істейді, белсенділеріне төлейді, «филиал директоры етемін» деп қызықтырады.

Сөйтіп, «тобыр эффектісі» қалыптасады. Адам «жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен жүріп адасайын» деп ойлайды. Адамға өз ортасына, тобына қарсы жүру азап. Әрі бастапқы кезде кейбір «салымшының» шынымен табыс тауып жатқанын көреді. Қаржы пирамидалары «эпидемиясының» Қазақстанда кең етек жаюына мемлекет тарапынан тиісті бақылау мен тиімді алдын алу шараларының жоқтығы да ықпал етті. Жауапты органдар алаяқтық схемаларды әрдайым жедел тауып, жылдам жолын кесе бермейді. Бұған бірнеше жыл жұмсап жатады. Құрбандар саны болса, күн сайын өседі. Көптеген пирамида жартылай заңды түрде жұмысын жалғастыра береді. Жаңа инвестициялық жоба ретінде дәріптелетіні де кездеседі, – дейді агенттік сарапшылары.

Міне, осының кесірінен, «ХХІ ғасырдың МММ-дері» еркінсіп, Қазақстанның барлық өңірін жайлап, ғаламтор арқылы мектептегі баладан еңкейген кәріге дейін жадын жадылап барады. Біз жазған дерек тек әшкереленгені ғана. Ал тасада қалып, ізін суытқандары қанша екені беймәлім.

Ұйымдастырушы кім?

Бүгінде олар қала аралап «гастрольдетіп» әуре болмайды. Қиырда отырып алып, қырдағы халықты ұялы телефон арқылы қан қақсата салады. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында елімізде 86 мыңнан астам адамды тартқан 36 қаржы пирамидасына тосқауыл қойылды. Қаржылық мониторинг агенттігінің дерегінше, жыл басынан бері жалған инвестициялық жобалар туралы ақпарат таратумен айналысқан 7 мыңнан астам интернет-сайт бұғатталған. Бұл көрсеткіш қаржы нарығында әлі күнге дейін түйіні тарқамаған мәселенің көптігін, оңай олжаны көздеген алаяқтар айласын емін-еркін іске асырып жүргенін көрсетеді. Ал шынында мұны ұйымдастыратын кімдер?

Елімізде жиі кездесетін алаяқтық схемаларға көбіне күмәнді инвестициялық жобалар, жасырын пирамидалар, «серіктестік бағдарламалар» мен жоғары кірісті уәде ететін онлайн платформалар кіреді. Макроэкономист, зерттеуші Аягөз Ханеттің айтуынша, елімізде қаржы пирамидаларына ақша құйғандардың басым бөлігі – орта жас шамасындағы азаматтар. Себебі олардың қалтада қаражаты бар болғанымен, инвестициялық тәжірибесі шектеулі. Сондай-ақ егде жастағы адамдар да алаяқтардың арбауына жиі түсіп жатады. Өйткені олар әлі ғаламтордағы түрлі схеманы түсіне бермейді, адамдарға сенгіш болып келеді.

– Халықаралық зерттеулер мен Қазақстандағы практикалық жағдайға сүйеніп айтар болсақ, қазіргі заманғы пирамидалар әдетте жаңа мүшелердің қаражаты есебінен кіріс табу принципімен жұмыс істейді. Ұйымдастырушылар негізінен кәсіби IT-мамандар, психологтар және сөзге шешен адамдар болады. Олар пирамидаларды насихаттау үшін әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді, сондай-ақ белгілі адамдардың беделін пайдаланады. Пирамиданың құрбандары көбіне қаржы сауаты төмен, инвестициялық тәуекелдерді дұрыс бағалай алмайтын адамдар. Олар тез пайда табуды көздейді, қысқамерзімді кіріс көзін іздейді және таныстардан, блогерлерден немесе интернеттегі жарнамадан алынған ақпаратқа сенуге бейім болып келеді. Гендерлік факторға келсек, алаяқтарға әйелдер де, еркектер де бірдей алданады. Криптовалютаға және онлайн инвестициялық жобалар арқылы ұйымдастырылған схемаларға көбіне жастар қызығушылық танытады, – деді ол.

Ал экономист Әйгерім Рысбаеваның сөзінше, пирамидалардың тоқтаусыз жұмыс істеуіне елдегі кедейлік пен әлеуметтік теңсіздіктің өсуі де айтарлықтай әсер етіп отыр. Бұл азаматтардың материалдық жағдайын тезірек жақсарту үшін тәуекелді схемаларға, «оңай әрі жылдам табыс» табуға итермелейді.

– Халықтың 40%-дан астамы айлықтан айлыққа күн көреді. Соның салдарынан көптеген отбасы қаржы тапшылығын сезінеді. 2024 жылы интернет-алаяқтықтың 22,9 мыңнан астам фактісі тіркеліпті. Бұл бірнеше жыл бұрынғыдан бірнеше есе көп. Онлайн жарнама, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер мыңдаған адамды жылдам тартуға мүмкіндік беріп отыр. Қаржылық мониторинг агенттігінің дерегіне сүйенсек, 2024 жылы 42 пирамида жойылып, азаматтарға келтірілген шығын 20 млрд теңгеден асты. Иә, қомақты қаражат. Бұл мәселенің ауқымдылығын көрсетеді. Бұдан бөлек, қаржы пирамидаларының кең таралуы елдің беделіне нұқсан келтіріп, шетелдік инвестициялар үшін тартымдылығын төмендетеді, – деді сарапшы.

Осы мәселе төңірегінде біріншіден, құқықтық жауапкершілікті күшейту, яғни ұйымдастырушыларға қатаң жаза қолдану, интернет арқылы жасалған қылмыстарды жедел анықтайтын арнайы бөлімшелер құру қажет. Екіншіден, қаржылық қадағалауды арттыру. Бұл дегеніміз, халықтан қаражат тартатын барлық ұйымды лицензиялау, олардың қызметін қатаң бақылау. Үшіншіден, қаржылық сауаттылықты көтеру. Бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер және тренингтер арқылы халыққа қарапайым тілмен түсіндіру жұмыстарын жүргізу, алаяқтық түрлерін, пирамида белгілерін анықтайтын шағын бейнероликтерді көбірек көрсету. Төртіншіден, ынтымақтастықты кеңейту. Бұл – банктер, интернет-платформалар, телекомоператорлар және халықаралық ұйымдармен бірлесе әрекет ету.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қымсынбай қылмысқа барғандарға құқықтық жауапкершілік енгізіп, тіпті қылмыстық жазаға тарту керек екенін айтып, мәселенің түп тамырын анықтауды тапсырды. Былтырдың өзінде 140-тан астам қылмыстық іс тергеліп, жарты миллионнан аса адамның қаржысын тартпақшы болған 15 мың сайт пен 123 чат жабылды.

Бірақ мемлекет тарапынан заңнамалық бақылау мен алдын алу шаралары күшейтілсе де, жеке адамның жауапкершілігі артпайынша, мәселе түбегейлі шешімін таппайды. Шындық осы.

Абзал ЖОЛТЕРЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!