Кейінгі жылдары әлемде урбанизация үдерісі күшейіп, халықтың басым бөлігі қалаға шоғырлануда. Бұл құбылыс Қазақстанға да тән. Жастардың жұмыс, білім, жайлы өмір іздеп ауылдан көшуі, инфрақұрылымның жеткіліксіздігі, әлеуметтік мүмкіндіктердің шектеулі болуы салдарынан бірқатар ауылдардың болашағы бұлыңғырланып барады. Егер болашақта ауылдар жойылып кетсе, бұл жай ғана демографиялық өзгеріс емес, мемлекеттің экономикалық қуатына, азық-түлік қауіпсіздігіне, мәдени тұтастығына және аумақтық тұрақтылығына тікелей әсер ететін күрделі ұлттық мәселеге айналады.

2026 жылғы 2 ақпанда Ұлттық статистика бюросы ел халқының санына қатысты жаңартылған ресми деректерді жариялады. Ұсынылған мәліметтерге қарап, Қазақстанда урбанизация үдерісі үздіксіз жалғасып жатқанына тағы бір көзіміз жеткендей болды.

Халық ауыл-аймақтардан ірі қалаларға қоныс аударуы толастар емес. Былтырғы 2025 жылдың он айында елде ауыл халқының саны 0,59 пайызға азайған. Атап айтқанда жыл басында 7 502 386 адам болса, жыл соңындағы санақ бойынша ауыл тұрғындары саны 7 миллион 465 мың 800 адам болып кеміген. Ал одан әріге барар болсақ, 2024 жылдың басында ауыл халқының саны 7 582 542 болса, аталған жылдың соңында бұл сан 7 миллион 466 мың адам болып тіркелген.

Тақырыбымызға тұздық болсын деп, Ұлттық статистика бюросының 2025 жылғы желтоқсан айында жариялаған деректеріне үңілдік.

– Алматы облысы халқының саны 1592,7 мың, ауыл тұрғындары – 1284,4 мың адам (80,6%);

– Ақтөбе облысы халқының саны 955,3 мың, ауыл тұрғындары – 226,9 мың адам (23,8%);

– Атырау облысы халқының саны 715,4 мың, ауылдықтар – 322,7 мың адам (45,1%);

– Ақмола облысы халқының саны 789,0 мың, ауылдықтар – 332,7 мың адам (42,2%);

– БҚО халқының саны 695,6 мың, ауылдықтар – 294,3 мың адам (42,3%);

– ШҚО халқының саны 719,4 мың, ауыл тұрғындары – 232,8 мың адам (32,4%);

– Жамбыл облысы халқының саны 1215,9 мың, ауыл тұрғындары – 677,6 мың адам (55,7%);

– Қарағанды облысы халқының саны 1131,4 мың, 198,2 мың адам (17,5%) ауыл тұрғындары;

– Қостанай облысы халық саны 821,8 мың, ауыл тұрғындары – 297,6 мың адам (36,2%);

– Қызылорда облысы халқының саны 845,9 мың, ауыл тұрғындары – 446,8 мың адам (53%);

– Маңғыстау облысы халқының саны 818,3 мың, ауылдықтар – 435,5 мың адам (53,2%);

– СҚО халық саны 514,7 мың, ауылдықтар – 256,6 мың адам (49,8%);

– Павлодар облысы халқының саны 745,6 мың, ауылдықтар – 212,7 мың адам (28,5%);

– Түркістан облысы халқының саны 2148,2 мың, ауыл тұрғындары – 1603,2 мың адам (74,6%);

– Абай облысы халқының саны 596,0 мың, ауыл тұрғындары – 221,7 мың адам (37,2%);

– Жетісу облысы халқының саны 687,9 мың, ауылдықтар 377,1 мың адам (54,8%);

– Ұлытау облысы халқының саны 219,2 мың, ауылдықтар – 44,9 мың адам (20,5%).

2026 жылғы демографиялық көрсеткіштерге сүйенсек, бүгінде еліміздегі жалпы халық саны 20 495 975 адамға жетіп отыр. Оның ішінде 63,5 пайызы, яғни 13 029 803 адам қала халқы санатында. Ал ауыл халқы 36,4 пайызы, яки 7 466 172 адам. Бұл сан бұрынғы статистикада айтылатын «Қазақстан халқының шамамен үштен бірі ауылда тұрады» деген көрсеткішке келеді. Яғни елдегі әр үш адамның біреуі – ауыл тұрғыны. Ал қалған 63,6% халық қалада шоғырланған, бұл урбанизация үдерісінің күшейіп жатқанының нақты дәлелі.

Ендеше ауылдар саны күрт азаюы мен жойылып кетуі неге апарады? Осы сауалға жауап іздеп көрейік. Ең алдымен, ауылдың әлсіреуі елдің азық-түлік қауіпсіздігіне соққы болады. Ауыл шаруашылығы – халықты етпен, сүтпен, астықпен, көкөніспен қамтамасыз етіп отырған негізгі сала. Ауыл өндірісі тоқыраса немесе мүлде жойылса, мемлекет ішкі қажеттілікті өтеу үшін сыртқы нарыққа тәуелді бола бастайды. Бұл бағаның тұрақсыздығына, сапа мәселесіне, ал жаһандық дағдарыс кезінде тіпті азық-түлік тапшылығына әкелуі мүмкін. Өз өнімін өзі өндіре алмайтын елдің экономикалық дербестігі де әлсірейді. Сондай-ақ сыртқы нарықтан енген өнімдер ел денсаулығына да қауіпсіздігі жағынан күмәнді болары анық.

Ауыл шаруашылығы тек өнім өндіру емес, ол жерді күтіп ұстау мәдениеті екенін де естен шығармау қажет. Ғасырлар бойы қалыптасқан мал бағу, жер игеру дәстүрі табиғи тепе-теңдікті сақтауға қызмет етіп келеді. Адам қарамаған, игерілмеген жер біртіндеп тозып, арамшөп басып, өрт қаупі артады, экожүйенің табиғи құрылымы бұзылады. Жайылымдар қараусыз қалса, топырақтың құнары төмендеп, шөлейттену үдерісі күшейеді. Демек ауыл – тек экономикалық емес, экологиялық тұрақтылықтың да кепілі.

Ауылдардың жойылуы экономикаға да салмақ салады. Ауыл шаруашылығы шикізат көзі ретінде көптеген өндіріс салаларын қамтамасыз етеді. Сүт зауыттары, ет комбинаттары, ұн тарту кәсіпорындары, жеңіл өнеркәсіп – барлығы ауылмен тікелей байланысты. Ауыл әлсіресе, бұл кәсіпорындар да шикізат тапшылығын сезінеді, өндіріс көлемі азаяды, жұмыс орындары қысқарады. Соның салдарынан бюджетке түсетін салық көлемі төмендеп, әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыру қиындайды.

Тағы бір маңызды мәселе – ішкі көші-қонның күшеюі. Ауыл жойылса, тұрғындар қалаға жаппай көшеді. Бірақ қалалардың инфрақұрылымы, еңбек нарығы, тұрғын үй қоры мұндай ауқымды ағымға дайын болмауы мүмкін. Нәтижесінде жұмыссыздық өсіп, әлеуметтік теңсіздік тереңдеп, тұрмыс сапасы төмендейді. Бұл қоғамдағы әлеуметтік шиеленісті күшейтуі ықтимал.

Ауыл – ұлттық болмыстың да тірегі. Қазақтың салт-дәстүрі, тілі, қолөнері, тұрмыс мәдениеті ауылда көбірек сақталған. Ауыл өмірі құлдыраса, ұлттың рухани тамыры да босай бастайды. Қалалық өмір салты дәстүрлі дүниетанымды ығыстырып, мәдени сабақтастық үзілуі мүмкін. Бұл – көзге көрінбейтін, бірақ ұзақ мерзімде ұлттың өзіндік келбетіне әсер ететін құбылыс.

Сонымен бірге ауыл демографиялық тұрғыдан да маңызды. Ауылдық жерлерде туу көрсеткіші жоғарырақ келеді, бұл халық санының табиғи өсіміне ықпал етеді. Ауылдар жойылса, халықтың қартаю үдерісі жеделдеп, еңбекке қабілетті азаматтар саны азаюы мүмкін. Бұл болашақта экономикалық даму қарқынына да, қорғаныс қабілетіне де әсер етеді.

Өткен жылдың қазан айында Мәжіліс депутаты Серік Егізбаев Қазақстандағы ауыл халқы санының күрт азаюына алаңдаушылық білдіріп, бұл құбылысты ел болашағына төнген елеулі қауіп ретінде дабыл қақты. Оның айтуынша, бұл жай ғана демографиялық өзгеріс емес, тұтас бір өмір салтының, ауылдық мәдениеттің, жерге иелік етудің әлсіреуі.

Депутат келтірген деректерге сүйенсек, бүгінде елдің 15 өңірінде ауыл тұрғындарының саны айтарлықтай қысқарған. Ең жоғары төмендеу көрсеткіштері Абай облысында – 3,2%, Солтүстік Қазақстан облысында – 3% және Қарағанды облысында – 2,9% деңгейінде тіркелген. Бұл аймақтардың барлығы ауыл шаруашылығы дәстүрлі түрде дамыған өңірлер саналады. Демек, мәселе тек халық санына емес, ауыл экономикасының тірегіне де тікелей әсер етіп отыр.

Көші-қон қарқыны да жағдайдың күрделі екенін көрсетеді. 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығының өзінде 383 мың қазақстандық қалаға қоныс аударған, олардың басым бөлігі Астана мен Алматыға бағыт алған. Соңғы жиырма жылда ел картасынан 1400-ден астам ауыл жойылып кеткен. Үкіметтің бағалауынша, тағы 500 елді мекен «перспективасы жоқ» ауылдар санатына енгізілген. Бұл ертеңгі күні тағы қаншама елді мекеннің тіршілігі тоқтауы мүмкін деген сөз.

Серік Егізбаев бұл жағдайдың артында адам тағдырлары тұрғанын ерекше атап өтті. Жабылған мектептер, қысқарған медициналық пункттер, жұмыссыздықтың салдарынан бос қалған үйлер, ауылда жалғыз қалған қариялар, болашағын ауылдан емес, қаладан іздеуге мәжбүр жастар – мұның бәрі статистиканың ар жағындағы шынайы көрініс. Ауылдан үдере көшу – әлеуметтік теңгерімнің бұзылуына, урбанизациялық қысымның күшеюіне, қалалардағы инфрақұрылым жүктемесінің артуына алып келеді.

Депутат ауылдағы жағдайдың нашарлауына әсер етіп отырған негізгі факторларды да атап өтті. Оның сөзінше, көптеген ауылда заманауи талапқа сай тұрғын үйлер жоқ, инженерлік инфрақұрылым әлсіз, тұрақты жұмыс орындары жетіспейді, ал әлеуметтік қолдау шаралары мардымсыз. Осындай жағдайда жастардың ауылға бет бұрмауы заңдылыққа айналған. Ауыл – мүмкіндік емес, тығырық ретінде қабылдана бастаған.

Егізбаев бұл мәселеде халықаралық тәжірибеге назар аударуды ұсынды. Мәселен, Ресейде 2020 жылдан бері «Ауыл ипотекасы» бағдарламасы жүзеге асырылып, 3%-ға дейінгі мөлшерлемемен 25 жылға несие беріледі. Соның нәтижесінде 100 мыңнан астам отбасы ауылдық жерден баспана алған. Әзербайжанда да ауыл тұрғындарына 4%-дық жеңілдетілген кредит арқылы үйлер салу тәжірибесі бар. Бұл бағдарламалар ауылды әлеуметтік тұрғыдан тартымды етуге бағытталған.

Қазақстанда «Асыл мекен» ауыл ипотекасы бағдарламасы жарияланғанымен, іс жүзінде басталмай жатып тоқтап қалған. Оның үстіне, көптеген ауылда сатып алатын жаңа тұрғын үй қорының өзі жоқ. Яғни, қаржы тетігі болған күннің өзінде, ұсыныс жағы дайын емес.

Осыған байланысты «Ауыл» партиясы фракциясы ауылды жаңғыртуға арналған кешенді ұлттық бағдарлама қабылдауды ұсынып отыр. Бұл бағдарлама аясында мемлекеттік бағдарламалар мен мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы ауылдарда қолжетімді тұрғын үй құрылысын жеделдету, ауыл ипотекасын 1% мөлшерлемемен іске қосу, әлеуметтік және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасын жаңа қолдау тетіктерімен толықтыру көзделуі тиіс.

Депутат ауыл экономикасын жандандыру мәселесін де алдыңғы орынға қояды. Оның айтуынша, фермерлік шаруашылықтарға, ауыл шаруашылығы кооперациясына, өнімді қайта өңдеу саласына жүйелі қолдау қажет. Елдегі 1,5 миллионнан астам жеке қосалқы шаруашылық ауыл шаруашылығы өнімінің 70 пайыздан астамын өндіреді. Алайда олардың көбі көлеңкелі немесе жартылай нарық жағдайында жұмыс істейді. Бұл әлеуетті толық экономикалық айналымға тарту – ауыл табысын арттырудың нақты жолы.

Ауыл кәсіпкерлерімен кездесулер барысында фермерлер де өз ұсыныстарын жеткізген. Олардың қатарында мамандандырылған агробанк құру, маусымдық ауыл шаруашылығы жұмыстарына шетелдік жұмыс күшін тарту тәртібін жеңілдету, квоталарды ұлғайтып, өтінімдерді қарау мерзімін екі айдан он жұмыс күніне дейін қысқарту, сондай-ақ мемлекеттік баж мөлшерін жеке тұлғалар үшін қолданылатын деңгейге дейін төмендету сияқты бастамалар бар.

Жалпы алғанда, көтерілген мәселе – тек ауылдың емес, елдің стратегиялық қауіпсіздігіне қатысты түйткіл. Ауыл – азық-түлік қауіпсіздігінің, жер ресурстарының, ұлттық болмыстың негізі. Егер ауыл құлдыраса, оның салдары жалпы қоғамға тиеді. Сондықтан бұл бағытта жекелеген шаралар емес, ұзақмерзімді, жүйелі, саяси ерікке негізделген шешімдер қажет екені анық.

Қорытындылай айтқанда, ауылдардың жойылуы – тек бір елді мекеннің жоғалуы емес, ол азық-түлік тәуелділігіне, экономикалық әлсіздікке, экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуына, демографиялық қиындықтарға және мәдени жұтаңдыққа алып келетін үлкен қатер. Сондықтан ауылды дамыту – әлеуметтік қолдау шарасы ғана емес, мемлекеттік деңгейдегі стратегиялық міндет. Ауыл – өткеннің қалдығы емес, ел болашағының тірегі.

Аружан ОРАЛБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!