Әлем­желінің аясында тұрғындар тарапынан түрлі ой, жаңа идеялар туындайтыны белгілі. Жуырда фейсбук белсендісі Ботагөз Жүсіптегі күн райының күрт ысуына байланысты қала орталығына қолжетімді су қажеттігін жеткізді. Ол – су колонкалары жайлы ұсыныс. Өйткені дүкен сөресіндегі сусындардың бағасы сынап бағанасы көтерілген сайын қарыштауда. Бір ұрттамы бар жарты литр судың өзі 200 теңгеге қалта қағады.

 Иә, оңтүс­тік, оның ішінде Қызылордада аптап ыстық алқымнан алып тұр. Көпшілік көлеңке жағалап жүреді. Дегенмен шілденің шіліңгір ыстығына қарамай, күні бойы тірлігін тындырып алғанды құп көретін қызылордалықтар үшін субұрқақтар ғана жанға сая. Қара халық үшін қалада шөл басатын бірде-бір қолжетімді орынның болмауы қынжылтады…

Бұл – Ботагөз ұсынған идеяны қолдаушылардың бірсыпырасы. Пікірлер арасында өз есебінінен су тазартатын фильтр орнатып беретіндер де табылды. Тек су мәселесі шешімін тапса болғаны.

Қазгидрометтің хабарлауынша, Қызылордада шілде мен тамыз айларында 40 градустан жоғары ауа-температурасы 20 күнге созылады. Сондықтан қала тұрғындары аптап ыстықтың біраз сатысынан өтетінін жеткізгіміз келеді. Қалтаны қаққан сусындарға кейбіріміздің жағдайымыз жетіңкіремейтіні рас. Әрине, барлығының қам қарекеті әр түрлі. Ағза суды талап етсе де, қаржының тапшылығынан үнемшілдік пайда болып, шөлдесек те шыдап бағатынымыз бар. Десек те мұндай жағдай жаздың жаймашуақ күндері ауруға әкеп  соқтыратынынан бейхабармыз. Медицина мамандарының пайымдауынша, күн ыстықта адам ағзасына су жетіспесе буын шеміршектері құрғап, сырқатқа шалдығуға әкеледі. Адамның денесінде су тапшы болса қан қысымы көтеріліп, ас қорыту жүйесі бұзылып, мидың жұмысы мен есте сақтау қабілеті нашар­лайды. Көптеген ауру түрлеріне шалдығу адам бойында судың жеткіліксіздігі салдарынан болады.

Мәселенің байыбына барып, қалалық әкімдікке хабарластық. Дегенмен жауапты мамандар су колонкаларына қатысты қала тұрғындарын жағымды жаңалықпен қуанта алмайтынын айтты. Себеп біреу – су тапшылығы. Иә, әкімдіктің меңзеп тұрған мәселесі орынды. Қазір  жер бетіндегі тұщы судың қоры небәрі 3 пайызға тиесілі. БҰҰ-ның мәлімдеуінше, 2025 жылдан кейін жер бетінде ауыз су тапшылығы басты түйткілге айналады. Мұның алдын алу үшін үнем керек. Бұл заңдылықты біздің әкімдік әділ орындап отыр. Бірақ әлемдік тәжірибе деген ұғымды ұмытпауымыз керек. Мысалы, мектеп оқушысы Ерлан Тұралы су проблемасының шешімін табу үшін Hydropanel жобасын қолға алған. Бұл қондырғы  ауызсу қажеттілігін жоюға көмекші құрал. Ол ауа температурасының күрт өзгерісінен су жинайды және күн панельдері арқылы электр энергиясын өндіреді.

– Біздің құрылғымыз қолжетімді жабдықтардан тұрады және күн энергиясын  булану процесі арқылы суға айналдырады. Ауа ылғалдылығы мен температура артқан сайын құрылғы суды көп өндіреді. Сынақ барысында құрылғымыздың суды жинай алатынына көз жеткіздік. Әзірге тек құрылғының шағынпрототипі жасалды. Егер оны нақты жүзеге асыратын болса, жобаның құны 2 млн теңгені құрайды және күніне бірнеше литр су жинау мүмкіндігі болады, – дейді жас зерттеуші.

Ерлан жобаны екі жыл бойы жасақтап, толықтырулар енгізіп, жобаның авторлық құқығын қорғау мақсатында өтінім білдірген.

– Болашақта бұл құрылғыны үлкейтіп жасақтап, оны мектеп алаңына және қала көшелеріне қойғымыз келеді. Бұл көшеде шөлдеп келе жатқан тұрғындарға өте үлкен көмек болар еді. Сол үшін де авторлық құқық куәлігін алдық. Алдағы уақытта жобамызды патентке де ұсынып көреміз, – дейді зияткер оқушы.

Comment:

Маулен Алгазы:

– Өте дұрыс айтасыз. Сырдың жанында тұрып суға жарытпау деген масқара жоғарыдағыларға.

 Гүлсім Нұрланқызы:

– Бұрын аяқ суды жырлайтын едік. Қазір ауыз су қиын болды. Кешегі аптап ыстық күндері қасық сусыз қалдық алаңсыз. Жазда бүкіл тіршілігің суға тіреліп тұратыны белгілі. Дала 50 градус ыстықта судың ағуын сағаттап күтуге мәжбүр болдық. Қала ішіне, көшелерге орнатқаны жақсы, әрине. Бірақ, қарапайым үйімізге кіріп тұрған суды үзбей берсе тіпті жақсы. Халыққа жаны ашуы керек қой. Жөндеу жұмыстарын дәл аптап ыстықта істемесе болмай ма екен?!

Оның алдында 5 күн қатарынан күндіз жарық өшті. Холодильниктер сағаттап қосылмай тұрды. Мейлі дедік. Бірақ сусыз қалдыру деген тым артық сияқты.

 Aidarali Ramanov:

– Жасау қиын емес, шын халықты ойласа,

Қызылорда облыс басшылары.

 Жандос Тұсмагамбетов:

– Өте орынды. Түркістан қаласында бұл бастама жүзеге асырылып жатыр.

 Алпан Дөйт:

– Бұрын 2000-жылдарға дейін су ағып тұрушы еді, көше қиылысындағы колонкаларда…

Су мәселесіне байланысты назарымызды көрші облыстарға бұрдық. Іргемізде орналасқан Түркістан облысы халық үшін жаңа жобаларды қолға алыпты. Бір жылдары сәнге айналған «ақылды қала» жобасы рухани астанаға серпін берген. Жаңа технологиялық нысандар күн сәулесінен қуат алатын қондырғының көмегімен жер астынан су тартып, қара халықты дән риза қылуда. Мұндай жүйе әлемдік қолданыста бар екенін айта кеткен жөн. Ал Шымкентте бұл шаруа ертеректе шешімін тауыпты. Жергілікті билік қала маңындағы Өгем өзенінің суын тазартып, ауыз суға пайдаланып, көшелерге колонкалар орнатқан. Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы өзен екі ел арасында арнайы қаралып, судың белгілі бір бөлігін ауыз суға пайдалануға рұқсат берілген. Сонымен қатар жерасты суларын анықтауда Шымкент қаласында жұмыстар толастаған емес.

Қалың көпшілік қолжетімді су шаһарда орайластырылса дейді. Бірақ бұл маңызды тақырып бір-екі жылдың айналасында шешіле қоймасы анық. Ұдайы қоғам арасында талқылауды қажет ететін мәселе. Басқасын былай қойғанда, жас ғалымдардың креатив идеясы назарсыз қалмау керек. Немқұрайлық өкінішке әкеледі емес пе?!

Ерасыл ШӘРІБЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!