Елмен елді жарастыратын да, қырғи қабақ соғысқа әкелетін де – ақпараттық қауіпсіздік. Осы ақпараттық қауіпсіздікті екіге бөліп қарастыруға болады. Біріншісі, азаматтық қауіпсіздік, екіншісі, мемлекеттік қауіпсіздік. Бүгінгідей интернеттің ашық кеңістігінде елді ақпараттық қауіпсіздікпен қамтамасыз ету қарусыз майданға аттанғанмен пара-пар. Неге десеңіз, бір жыл бұрын Facebook әлеуметтік желісіне шабуыл жасалып, 1,5 млрд адамның ақпараты ұрланды деген хабар тарады. Яғни көшірілген. Бірақ бұл мәселе толық зерттелмеді. Себебі мұның астарында үлкен топ мүддесі жатуы мүмкін. Сала мамандарының айтуынша, көшірілген 1,5 млрд адамның ақпаратына қазір зиян тимегенімен, алдағы уақытта кесірі болуы мүмкін. Осыған ұқсас жағдайлар біздің елде де жиі орын алады. Әсіресе оқылымы жоғары сайттар кибершабуылдың нәтижесінде бұғатталып жатады. Мұны сала мамандары техникалық ақау деп жылы жауып қояды. Негізінде әрбір кибершабуылдың астарында қауіп болуы мүмкін. Мысалы, 2017 жылы Орталық сайлау комиссиясының ақпараттық жүйесінен 11 млн қазақстандықтың жеке дерегі интернетте таралған. Сол кезде Денсаулық сақтау министрлігі мен «Даму мед» компаниясының олқылығынан азаматтардың денсаулық жағдайы туралы мәлімет тарап кетті. Одан бөлек, gov.kz аймағында мемлекеттік сайттарды бұзу жиі тіркелді. Содан билік елдегі кибершабуылды азайту мақсатында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Ақпараттық қауіпсіздік туралы» заң жобасын әзірледі. Десе де жаңа заң жобасы әзірше киберқауіпсіздікті тиісті деңгейде қамтамасыз ете алмай келеді. Осы тұста бұл саланы тереңнен зерттеген елдермен тәжірибе алмасу қажет.

Мәселен, Израиль киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесін көтерген әлемдегі алғашқы елдің бірі. Құқықтық реттеу негіздері 1995 жылы «Компьютерлер туралы» заң қабылданған кезде қаланды. Қазірде бұл елдің ақпараттық қалқаны мықты. Сондай-ақ араб елдері арасында Катардағы «Al Jazeera» телеарнасы да мемлекеттің қолдауымен әлемдік телеарнаның біріне айналды. Бұл телеарна ақпараттық соғыста  тіпті АҚШ-тың өзіне де қарсы тұра алатын дәреже қалыптастырды. АҚШ демекші, бұл елдің ақпараттық соғыста «Al Jazeera» телеарнасынан бөлек, Қытай мен Ресейден де бәсі төмендеп жатқанын әлемдік БАҚ сарапшылары жарыса жазуда. Оған себеп, қытайлықтар әртүрлі тілде таратылатын ғаламдық телевизиялық желі құрып жатса, орыстар ағылшын тілді телеарна ашып алды. Бұл бүгінгі күнде АҚШ-тың ақпараттық кеңістікте беделі мен ықпалының азайып бара жатқанының айғағы болса, бір жағынан, басқа да елдердің ақпараттық үстемдікке жеткісі келетінінің дәлелі. Ал біздің ел әзірше 24 сағат екі тілде хабар тарататын 24 кз-пен ғана мақтана алады.

Ақпараттық майдан
Дос КӨШІМ, саясаттанушы

– Тәуелсіздігіміз қайта орнаған күннен бастап, ақпарат кеңістігімізді қорғау туралы мәселе айтылып келеді. Бірқатар заңдар қабылданды. Бірақ шешімі табылып, нүктесі қойылған жоқ. Ең қызығы, мемлекеттік қауіпсіздікке тікелей қатысы бар бұл мәселенің бар екенін билік те, оппозиция да, ұлтшылдар да мойындайды. Бірақ оның шешілу жолын әрбір саяси топ өзінше болжайтын сияқты. Мойындау керек, «сыртқы күштердің идеологиясы» немесе «басқа елдерге де ашық болу керек» деген алдамшы сөздерді ысырып қойып, Қазақ елінің ақпараттық кеңістігін Ресей мемлекетінің арнайы бағытта жүргізіп отырған идеологиясынан қорғау керек. Бізге Қытайдың (қазақ тіліндегі бірнеше телеканалының біреуі де қазақ еліне хабар таратпайды немесе бір ғана Үрімшіден шығатын, газеті-журналы бар, жеті қазақ басылымының бір де біреуі біздің шекарадан өткен емес) немесе Эстония мен Францияның ақпарат құралдары кіріп жатқан жоқ, керек десеңіз, жақын көрші қырғыз бен өзбектердің де телехабары ақпарат кеңістігімізді жаулап алды дей алмаймыз. «Жаулап алды» деген де шындыққа жанаспайтын ұғым, ақпарат кеңістігімізді өзіміздің қорғап отырғанымыз анық. Ал мемлекеттің ақпараттық қауіпсіздігіне тоқталар болсақ, мемлекеттің ақпараттық қауіпсіздігі – биліктің құзіретінде. Қарапайым халық пен азаматтық қоғамның міндеті – көзқарас қалыптастыру ғана. Ал билік – орыс тілде білім алып, сол ұлттың мәдениетімен тәрбиеленген, кезінде коммунистік идеологияны бірлесе жүргізген адамдардан тұрады. Олардың бүйрегінің «орыс әлеміне» бұрып тұруына өз басым таң қалмаймын. Мүмкін осы уақытқа дейін бұл мәселенің талдау мен сараптаудан аса алмай жатқаны да осыдан шығар. Ниет дұрыс болса, шешім де дұрыс болады, – дейді саясаттанушы Дос Көшім.

Қызық дерек:

Корея – жаңа цифрлық технологияларды енгізу мен тарату саласында әлемдік көшбасшылардың бірі. Осы елдің халқының 70 пайызы интернетпен қамтамасыз етілген. Осыған қарамастан, Кореяда киберқауіпсіздік мәселесін шешетін заң жоқ.

МЫҚТЫ ҚАРУ:

ТЕЛЕАРНА НЕМЕСЕ САЙТ

Бүгінгі күні қандай да бір екі ел арасында мәселе туындаса, сол елдің баспасөзімен қатар шетелдік журналистер де жарыса жазады. Мысалы, осыдан бірнеше жыл бұрын Ресей мен Беларусь арасындағы келіспеушілік газ жанжалынан бастау алып, соңы ақпараттық соғыспен аяқталған еді. Бұл жағдайды көршілес елдерден бөлек, батыстың ақпарат құралының өздері жарыса хабарлады. Қазір әлемдік БАҚ Сирия мәселесін талқылап, күнделікті жаңалықтарды жаңартып беделге ие болуға ұмтылуда. Алайда олардың арасында шынайы тәуелсіз ақпарат беретіндер аз. Керемет талдау жасайтын деп BBC мен CNN- ді атап өтсек болады. Өйткені олар мәселенің қашан және неден туғанынан бастап, бүгінге дейінгі кезеңін талқылап, ақпаратты үзбей беруімен ерекшеленеді. Десе де телеарнаның ақпаратты жеткізудегі жылдамдығы сұранысты толық өтей алмауда. Оған басты себеп – әлеуметтік желілер.

Осы уақытқа дейін ақпарат газет, журнал, радио немесе телеарна арқылы берілсе, бүгінде оның қатарына ғаламтор қосылып, ақпарат тасқынын одан әрі күшейтті. 1969 жылы интернет пайда болған соң, алдағы 30-40 жылда интернет әлемді тез жаулап алатынына ешкім сенбеді. Алайда ол өзге ақпарат құралдарына қарағанда әлдеқайда жылдам дамып, мықты қаруға айналды. Өйткені радио өзінің аудиториясын 50 млн азаматқа жеткізу үшін 38 жыл жұмсаса, теледидар 13 жыл, кабельді теледидар 10 жыл, ал интернетке 5 жыл жеткілікті болды. Интернетте мемлекеттік шекара мен шектеу болмайтындықтан, ақпараттық қауіпсіздік мәселесі ақсап тұр. Тіпті жариялауға болмайтын ақпараттар ғаламторда кеңінен насихатталуда. Ал мұны шектейтін құзыретті органның шамасы жоқ.

Ақпараттық майдан
Ғалия ӘЖЕНОВА, «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының сарапшысы

– Бізде мемлекеттік құпия жайында заң бар. Оған айтуға болмайтын әскери құпиялар, белгілі нысандар, мемлекеттің жасап жатқан әркеттерінің барлығы осы заңда қамтылған. Сол заңға қарай бізде ашық ақпараттар бөлек салаға бөлінген. Ал мемлекеттік құпиялар туралы заң бойынша барлығы құпия сақталады. Қазіргідей ақпараттық кеңістіктің кеңеюіне байланысты  және жер шарының бір жағында болып жатқан жағдай сол мезетте екінші жағында тарап жатыр. Мұның өзінен ақпараттық қауіпсіздікті сақтау қиын екенін аңғаруға болады. Себебі біздің өзіміздің жеке құжаттарымыз бен ақпараттарымыз ара-тұра шашылып жүреді. Яғни сақтық шарасын қамтуда маман жетіспейді-ау деген ойдамын. Екіншіден, жариялауға болмайтын ақпаратты кім тарататынын анықтайтын құзырлы орган тарапынан «кімнің мұндай заңсыз әрекетке барғанын анықтадық, шара қолданамыз» деген сынды кері байланыс жоқ. Бір қызығы, денсаулық сақтау саласында бірыңғай анықтамалық нұсқаулық бар. Мәселен, сіз төлқұжат нөмірін айтсаңыз, сізге қатысты деректер жария тұрады. Сол ақпараттың жан-жаққа таралмайтынына кім кепіл бола алады? Жеке басымнан өткен жағдайды баяндайын. Өз емханамнан бөлек, ақылы емханаға қаралуға бардым. Сонда менің бір анализім арқылы дәрігер бала күнімнен бүгінге дейін қандай аурумен ауырғанымды айтып берді. Осыдан мен күмәндана бастадым. Менің осы клиникаға келетінімді бірер күн бұрын біліп, мені зерттеген екен ғой деген ойға келдім. Мұндай жағдайды бірнеше адамнан да естідім. Осы тұста мемлекет азаматтардың жеке деректерінің сақталуын қамтамасыз ету керек. Сондай-ақ әлеуметтік желіде фейк парақшалардың көбеюі де қауіпті жағдай. Себебі болмаған оқиғаны болды деп жарияға жар салып, елді дүрліктіреді де, ізім-ғайым жоқ болып кетеді. Осындай зияны болсын, болмасын фейк парақша ашқандарды жауапкершілікке тарту қажет. Себебі біздің ел ақпараттық қауіпсіздікке мұқтаж. Неге? Мысалы, Қытай елшілігінің алдында біздің көптеген азаматтарымыз сол елдегі қандастардың жағдайын білуге, олардың жағдайын жақсартуға, бостандыққа жіберсе екен деген талабын жеткізуге жиналады. Бізде осы оқиға баяндалады да, желіде тарап жатқан сорақы жағдайдың қаншалықты растығы, мемлекет тарапынан қандай шара қолданылғаны айтылмайды. Бұл мәселені шешуде екі тараптың мүддесі қандай? Осы сұрақтардан біз бейхабармыз, – деді «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының сарапшысы Ғалия Әженова.

Расында, Қытай ақпарат майданында жеңіске жеткен үлгі тұтарлық елдің бірі. Қытайтанушы мамандардың айтуынша, соңғы уақытта қытайлық дипломаттар әлеуметтік желіде ақпарат соғысына белсенді қатысуда. Оған мысал ретінде Қытайдың СІМ өкілі Жау Лижяннің коронавирустың шығу тегіне байланысты «Твиттерге» жазған жазбасын айтуға болады. Оның «Коронавирус АҚШ-тағы лабораторияда жасалған» деген мағынадағы жазбасы әлемде жарты миллиардтан астам оқылып жинады. Бір ғана «Твиттер» желісінен 54 тілге аударылып, 40 мың рет бөлісілген. Ал Қытай ішіндегі танымал әлеуметтік желі Weibo-да 300 миллионнан астам қолданушы оқыған. Қытай дипломаттарының ақпараттық соғысқа белсенділігі бір ғана Жау Лижяннан байқалмайды. Былтыр Қазақстанда коронавирус пневмониясы қауырт тараған кезде Қытайдың еліміздегі елшісі «Қазақстанда жаңа вирус тарап жатыр» деген мәлімет таратқаны да белгілі.

– Елін толыққанды ақпараттық қауіпсіздікпен қамтамасыз етіп отырғандар жоқтың қасы. Біздің ел де солардың қатарында. Тіпті бұл саланы жетік меңгерген мамандар да аз. Тек қана арнайы курстан өтіп, сала маманы атанып жатқандар саны артуда. Ал ақпараттық қауіпсіздікті білу, оны сақтау жалпы мамандарға ғана емес, жаппай халыққа да қажет. Неге десеңіз, қазірде әлеуметтік желіде тарайтын  негізсіз ақпаратты белгілі топ өз мүддесі үшін шығарса, оны жаппай таратуда халық белсенділік танытады. Өзге елде жалған ақпаратты шығару оңай, тарату қиын болса, бізде керісінше. Сонымен елдегі қатар электрондық ақпарат құралдары яғни сайттардың қорғалу деңгейі өте төмен. Оңай құпия сөз қою да басты қателік дер едім, – дейді журналист Есенгүл Кәпқызы.

Негізінде біздің елдің киберқауіпсіздік бойынша потенциалын әлем сарапшылары оң бағалайды. Алайда киберсауаттылық бойынша көрсеткішіміз көңіл көншітерлік деп айта алмаймыз. Дегенмен Еуроодақ елдері де халқын ақпараттық тұрғыда сауаттандыру үшін аз уақыт жұмсамаған.

АҚПАРАТТЫҚ ТЕКЕТІРЕС –

GOOGLE-ДІ «ЕСТЕН ТАНДЫРДЫ»

Google Translate жақында саяси қателік жіберіп, халықаралық жанжал тудыра жаздады. Осы бағдарламаның украиндық нұсқасында Ресейге қатысты сөздер мен ұғымдар мүлде «жаңа», өзгеше мазмұнда аударыла бастаған. Мысалы, «Ресей Федерациясы» деген сөз тіркесі украин тілінен орыс тіліне «Мордор» деп тәржімаланса, ал «росіяни» деген сөз «оккупанттар» деген мағынада аударылған. «Мордор» – жазушы Джон Толкиеннің «The Lord of the Rings» (Сақиналар әміршісі) кітабында сипатталған, Голливуд кассалық фильм-триптих түсірген көркем шығармадағы зұлымдық ордасы. Бұл аз болғандай, бағдарлама Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың аты-жөнін украин тілінен «мұңаюлы кішкентай ат» деп аударған. Бұл оқыс жағдайды байқаған британдық баспасөз осы тақырыпқа орай бірнеше мақала жариялады. Тәржіманы талдаған «The Guardian» газеті «Кремльдің қолдауына сүйенген әскер 2014 жылы Украинаның құрамындағы Қырымды аннексиялап алды, Ресей әскері Украина жеріне басып кірді» деп ескертеді. Ал «The Telegraph» газеті орыс тілі мен украин тілінің өзара жақын екенін жаза келіп, бағдарламалық қатенің қалай пайда болғанына таңданыс білдірген.  Google компаниясы көп ұзамай бұл жағдайды «техникалық қателік» деп түсіндіріп, кешірім сұрады.

APPLE DAILY РЕДАКТОРЫ ҚАМАУДА

Жуырда Гонконг полициясы «Apple Daily» газетінің редакциясын ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтірді деп айыптап, басшылық пен редакторды қамауға алған. Одан бөлек, редакциядағы барлық журналистік жазбаларды ұлттық қауіпсіздік туралы заңнамаға байланысты тәркілеген. Редакцияның хабарлауынша, оларға шетелдік күштермен сөз байласу арқылы ұлттық қауіпсіздік заңнамасын бұзды деген айып тағылған. Бұл елде өткен жылы Пекинге қарсы көтеріліске, бөлініп шығуға және диверсияға тыйым салатын ауқымды заң қабылданған еді. Гонконгтың қауіпсіздік министрі бұл істің сөз байласуға байланысты екенін, полиция қазіргі таңда ұлтқа қауіп төндіретін қылмыс жасап жатқан журналистерге қарсы рейд жүргізіп жатқанын мәлімдеген. Ұлттық қауіпсіздік полициясы баспасөзге ешқандай қысым көрсетілмейтінін, бұл редакция тек журналистік қызметпен айналыспағанын мәлімдеуде. «Біздің журналистика саласына ешқандай қысым көрсетуді көздеп отырмағанымызды түсініңіздер. Біз өз мансабын пайдаланып, ұлттық қауіпсіздікке зиян тигізгісі келгендерді ғана жауапқа тартамыз», – деп мәлімдеді ұлттық қауіпсіздік полициясының баспасөз хатшысы.

2020 жылдың басында ғалам­тордағы барлық ақпарат көлемі 44 зеттабайтқа жеткен. Ал 2025 жылға қарай күн сайын пайда бола­тын деректің көлемі 463 экза­байт­қа жетеді деген болжам бар.

Дегенмен сарапшылар БАҚ-қа қысым көрсетіліп жатыр деп алаңдап отыр. Себебі бұған дейін 2019 жылғы көтерілістен репортаж дайындау кезінде «Radio Television Hong Kong» редакциясының продюсері жол ережесін бұзды деген айыппен жауапқа тартылған. Одан бөлек баспасөз еркіндігін алға тартып жүрген «Шекарасыз репортер» ғаламдық ұйымы Гонконг БАҚ бостандығы бойынша 180 елдің 80-орнында тұрғанын, нәтиже көңіл көншітпейтінін айтқан.

Еліміз Ұлттық киберқауіпсіз­дік индексі бойынша 160 елдің ара­­сын­да 67-орында. Жаһандық ки­бер­­қауіп­сіздік индексінде 40, Ақ­па­рат­тық-коммуникациялық технология­ларды дамыту индек­сінде 51, Желілік дайындық индексі бойынша 39 сатыда тұрмыз.

P.S.

Жаңа заманда ақпарат кімнің қо­лында болса, жеңіс те соның қолын­да. Бұқараның санасын басқару – мемле­кетті басқарумен тепе-тең. Осыдан-ақ виртуалды әлемнің шынайы өмірмен біте қайнасып кеткенін, күн өткен сайын әскери қауіпсіздіктен гөрі ақпа­рат­тық қауіпсіздіктің маңызы артқа­нын байқауға болады.

Айгүл ӘЛІШЕРОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!