2024-2025 оқу жылы да тарих қойнауына енді. Мектеп бітірушілердің жаңа толқыны ересек өмірге жол тартты. Ресми дерекке сүйенсек, биыл жалпы саны 10 325 түлек мектеппен қош айтысты. Оның ішінде 9 646 жас өрен мемлекеттік мектептерді тәмамдап, 679 оқушы жеке меншік білім ордаларынан қанат қақты.

Түлектердің жетістігі де айтарлықтай. 756 шәкірт «Алтын белгі» төсбелгісін кеудесіне тақса, 1 028 түлек қызыл аттестаттың иесі атанды. Бұл – білім мен табандылықтың айқын нәтижесі.

Мемлекеттік грантқа өтініш тастау статистикасын да бір шолып өтейік. 2025 жылы конкурсқа қатысу үшін талапкерлер 104 мыңнан астам өтінім берген. Оның ішінде 5 мыңнан астамы eGov.kz порталы арқылы жіберілді. Биыл да дәстүр жалғасып, Ұлттық бірыңғай тестілеуді (ҰБТ) 210 мыңнан астам талапкер тапсырған. Оның ішінде 76,5%-ға жуығы қазақ тілінде, 23,5%-ы орыс тілінде, 149 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті.

Қазақстанда 13 шілдеден бастап білім беру гранттарын тағайындау байқауына қатысу үшін өтінім қабылдау басталды.

Жыл сайын мыңдаған жас арманның кемесіне мініп, білімнің үлкен айдынына бет түзейді. Алайда сол арманның көкжиегінде шарықтау бар ма, жоқ па – бәрі қаржылық мүмкіндікке барып тірелетіні ақиқат. Грант алмасаң, ақылы оқу «сағыңды сындыратын» ауыр салмақ болатыны жасырын емес.

Ақылы оқудың құны қанша?

Бүгінде Қазақстанның жоғарғы оқу орындарындағы ақылы оқу құны жыл сайын өсіп, қарапайым отбасылар үшін қол жетпес арманға айналып барады. Еліміздің ең ірі университеттерінде, мәселен, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, СДУ, ҚБТУ секілді оқу орындарында бакалавриаттың бір жылдық ақысы орташа есеппен 700 мыңнан 2,5 миллион теңге аралығында құбылып отыр.

Медицина факультеттері мен IT бағытындағы мамандықтардың құны 1,5-3 миллион теңгеге дейін жетеді. Ал халықаралық бағыттағы университеттер мен ағылшын тілінде оқытылатын бағдарламалар құны 4-5 миллион теңгеге шарықтап кеткені тағы бар. Бұл сомалар ата-ананың бір жылдық табысын түгел жалмап, «арық атқа қамшы ауыр» болатыны рас.

– Үлкен ұлым биыл 11сыныпты тәмамдады. ҰБТ-дан 89 балл алып, грантқа сеніп отырмыз. Әрине, әр ата-ана баласы аяққа тұрып кеткенше көмектесуге міндетті. Бірақ біз сияқты орта табысты отбасы үшін баланың грантқа ілінбегені – үлкен сынақ. Себебі жоғары оқу орындарының бағасы шарықтап кеткен. Қараңызшы, жылына 1,5-2 миллион теңге деген ауылдан шыққан, жалақысы 200-300 мың теңге көлеміндегі отбасылар үшін қолжетімсіз дүние. Екі балам әлі мектепте. Біреуін ақылы оқытсам, қалған екеуінің болашағы не болады? Қазір әр ата-ана өз баласының білімі үшін барын салады, бірақ мұндай бағалармен өмір сүру қиындап кетері анық. Бір ғана баланың оқуына бола несиеге батып, күндіз-түні жұмыс істеу – бұл дұрыс па? – дейді қала тұрғыны Рая Маратбек.

Өкінішке қарай, кейбір түлектерге таңдау еркіндігі арманға айналды. Ата-анасының қалтасына салмақ салмау үшін жастардың көбі өз жүрек қалауына емес, мемлекеттік гранттың көп бөлінген саласына мойын бұрып жатыр. Сүймеген мамандықты амалсыздан таңдап, көңілі қимаса да, сол саланың студенті атануда.

Бірақ маман санын көбейткенімен, сапаның шегінісіне алып келері анық. Армансыз оқыған адамнан адал маман шықпайды. Ақырында жұмысшы орындары толғанымен, шынайы кәсіби шеберлердің қатары сирей түседі.

Баға неге өседі?

Оқу ақысының тоқтаусыз өсуіне себеп тек бір емес, бірнеше салмақты фактордан туындайды.

Алдымен инфляция мен теңгенің құнсыздануын айтпай кету мүмкін емес. Ұлттық валютаның долларға шаққандағы бағамы күн сайын құбылып, базар бағасы аспандап жатқан тұста, университеттер де шығындарын жабу үшін амалсыздан бағаны көтеріп келеді.

Екінші бір маңызды себеп – білім сапасына құйылған инвестицияның күрт артуы. Әлемдік стандарттардан қалыс қалмау үшін оқу орындары заманауи зертханалар ашып, сандық платформалар енгізіп, техникалық базасын жаңартуға мәжбүр. Білім беру ісі күннен-күнге күрделеніп бара жатқандықтан, бұның да құны арзан болмайтыны белгілі.

Үшіншіден, шетелдік профессорлар мен халықаралық бағдарламалар легі. ЖОО-лар әлемнің ең мықты университеттерімен әріптестік орнатып, шетелдік мамандарды шақырып, қос дипломдық бағдарламалар ұсынуда. Ал шекара асып келген білімнің бағасы, әрине, арзан емес.

Төртіншіден, білім нарықтық қатынастың құрбанына айналып отыр. Көптеген университет толықтай коммерциялық жүйеге көшіп, өзін- өзі қаржыландыруға мәжбүр. Нарық заңы мейірімсіз, сұраныс бар жерде баға да өсе береді.

Соңғы бір айта кетерлік жайт – мамандықтардың бағасы арасындағы алшақтық. Медицина, инженерия, IT және архитектура сынды салаларда қымбат құрал-жабдықтар мен тәжірибелік сабақтар талап етіледі. Сондықтан мұндай мамандықтарға қол жеткізу құны да аспандап тұр.

Көріп тұрғанымыздай, қазақстандық білімнің бағасы тек инфляцияның емес, заман талабымен қатар келе жатқан қажеттіліктердің де айқын көрінісі.

Шешімді шетелден іздегендер…

Қазір көптеген қазақстандық талапкер шетелдік оқу орындарына көз тігіп, білімнің шекарасын кеңейтуге ұмтылуда. Бұл таңдау бекер емес – кейбір елдерде оқу ақысы Қазақстанмен салыстырғанда әлдеқайда арзан, кейде тіпті тегін (мысалы, Германия, Чехия сияқты елдерде), ал білім сапасы мен әлемдік танымалдылығы әлдеқайда жоғары.

Сонымен қатар шетел университеттері оқу барысында студенттің тәжірибелік дағдыларын жетілдіруге, шетелдік тілдерді меңгеруге, көпұлтты ортада қарым-қатынас жасауға мүмкіндік береді. Кейбір ЖОО-да екі диплом алуға арналған жүйе жұмыс істейді. Әсіресе магистратура мен докторантура деңгейінде шетелде оқу ғылыми-зерттеу саласында мол мүмкіндік ұсынады. Дегенмен шетелге бару тек қаржылық емес, сонымен бірге тілдік кедергі, мәдени айырмашылықтар мен бейімделу сынағынан өту деген сөз. Сондықтан бұл таңдау әркімнің жеке мүмкіндігі мен болашақ жоспарына қарай өлшенуі керек.

Студенттік өмір арзан емес

Жоғарғы оқу орнына түсу оқу ақысын төлеумен ғана бітіп қалмайды. Жатақхана немесе пәтер жалдау мәселесі студенттің иығына қосымша ауыртпашылық болып жүктеледі. Орташа алғанда, Алматы, Астана секілді ірі қалаларда жатақхана төлемі айына 15 000-30 000 теңге көлемінде. Алайда бұл аз қамтылған санаттағы студенттерге бөлінетін орындарға ғана тиесілі. Қалада әрбір студентке орын жетпейді, көпшілігі амалсыздан пәтер жалдауға мәжбүр. КИМЭП, СДУ секілді жоғарғы оқу орындарындағы жатақхана құны жалынан сипатпайды.

Ал пәтер бағалары ше? Алматының орталық бөліктерінде бір бөлмелі пәтерді жалдау айына 150-250 мың теңге тұрады. Шеткері аудандарда да 100 мың теңгеден төмен баспана табу – инемен құдық қазғандай қиын. Оның үстіне коммуналдық қызметтер, интернет, жолақы сияқты қосымша шығындарды қоссаңыз, студент үшін жалаң қолмен от көсегенмен бірдей болмақ.

Оқу ақысын төлеп, баспана мәселесін шеше отырып, студенттік күндердің тағы бір көрінбейтін тұсы бар – күнделікті тіршілікке қажетті қаржы. Ай сайын тамақтануға кемі 40-60 мың теңге жұмсалады. Оқу құралдары, көлік картасы, медициналық тексерулер, түрлі қоғамдық шараға қатысу және қосымша курстарға ақша төлеу – барлығы студенттің қалтасын жұқартпай қоймайды.

Қарапайым отбасынан шыққан жас үшін ай сайын кем дегенде 150-200 мың теңге табыс көзін табу қажет болады. Әсіресе грантқа іліне алмаған студенттер үшін білім алу шын мәнінде, жанқиярлық күреске айналмасына кепілдік жоқ.

– Мен 11-сыныпты үздік аттестатпен аяқтадым, ҰБТ-дан 124 балл жинадым. Бірақ бәрібір грантқа іліне аламын ба, жоқ па – белгісіз. Байқау талаптары өте жоғары. Арманым – IT саласын меңгеріп, елге қызмет ету. Бірақ бұл мамандықтар бойынша оқу ақысы 2 миллионнан асады, оның үстіне осы саланы игергісі келетіндердің саны аз емес.

Біз қарапайым отбасымыз. Әкем – жүргізуші, анам – аспаз. Ондай ақшаны қайдан табады? Менің де ата-анама күш салғым келмейді. Сол үшін қара жұмыс істеп, жүріп-тұруыма қаражатты өзім табамын. Алайда тапқан табысым бір жылдық оқуымның өтемақысын жаппайды. Барлығымыз бірдей жұмыс істеп, ақшаның артынан кететін болсақ, білім сапасы да төмендейтіні белгілі. Әрбір талапкер арманын орындағысы келеді, бірақ қазір арманды да ақшамен өлшейтін заман болып бара жатыр ма деп қорқамын, – дейді 11 сынып түлегі Мансұр Әскербек.

Шешім қайда?

Амалдың аздығынан көптеген студент несиеге оқуға мәжбүр. Банктер ұсынатын оқу несиелері орташа есеппен 14-20% жылдық үстемемен беріледі. Оны оқу біткен соң жұмысқа тұрып барып қайтара бастайды. Алайда нарықтағы жұмыс орындары мен бастапқы жалақы көлемі бұл кредитті өтеуге көбіне жеткіліксіз. Өздеріңіз білетіндей, қазіргі уақытта тіпті жалақысы аз болса да жұмыс табу машақаты көп дүниеге айналды. Десек те қош, екі қолға күрек табылар…

Кейбір жастар қосымша жұмыс істеп, нәпақа табуға тырысады. Бірақ бұл оқуға көңіл бөлуге кедергі келтіріп, жастарды шаршататын факторға айналған. Іс насырға шапқан жағдайда оқудан шығып, жұмыссыз жастардың қатары артып келеді.

Жатақхана санын көбейту, оқу ақысын арзандату немесе көпбалалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға жеңілдіктер ұсыну секілді әлеуметтік саясат толыққанды жүзеге аспай тұр. Мемлекет тарапынан соңғы жылдары грант саны өссе де, сұраныс пен ұсыныстың арасы жер мен көктей.

Қайда оқыған тиімді?

Қазақстандағы барлық ЖОО-ны қымбат деуге болмайды. Қолжетімді әрі сапалы оқу орнын іздеген жастар үшін бірнеше университеттің тізіміне шолу жасайық.

Торайғыров университеті – инженерлерге тиімді таңдау болмақ. Павлодардағы Торайғыров университеті өңірлік ЖОО-лар арасында ең қолжетімді оқу ақысына ие: 350-600 мың теңге аралығында. Әсіресе инженерлік және техникалық мамандықтарда мықты ғылыми база мен тәжірибелік мүмкіндіктерімен танымал.

Шәкәрім университеті – әлеуметтік топтарға жеңілдігі мол оқу орындарының бірі. Семейдегі Шәкәрім университеті гуманитарлық және техникалық бағыттарды қамти отырып, әлеуметтік осал топтар мен ауылдық жастарға ерекше жеңілдіктер ұсынады. Мұнда оқу ақысы ең төмен деңгейде, қолжетімді әрі әлеуметтік бағыт ұстанған оқу орны ретінде белгілі.

Қостанай инженерлік-экономикалық университеті – аграрлық саланың қолжетімді білім мекені. Қостанайда орналасқан бұл университет аграрлық және техникалық мамандықтарға маманданған. Оқу ақысы салыстырмалы түрде төмен, практикалық білім мен аймақтық қажеттілікке бағытталған бағдарламаларымен ерекшеленеді.

Білім арман болып қалмасын…

Бүгінде Қазақстандағы жоғарғы оқу орындарындағы ақылы оқу құны, жатақхана тапшылығы мен өмір сүру шығындары – білім алуға деген шынайы ниетті жастардың алдынан асу бермес асқар таудай бо лып тұр.

Грант иелену қырық өтірікті бір шындыққа жеңдіргенмен пара-пар. Алайда ақылы оқу да өз кезегінде сұранысқа ие. Оның бағасы туралы сөз қозғап өттік. Халықтың арқасына қамшыдай тиген осы бір күрделі түйіннің шешімін табу – уақыт талабы. Әйтпесе талантты жастарымыз қаржының құрсауында тұншығып, арманы көкте қалатын күн алыс емес. Лайым бұл күн нен Құдай сақтасын.

Қазақ «оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ» деп бекер айтпаған. Білім – ел болашағының іргетасы. Бірақ бүгінде бұл іргетасты қалау – әр отбасы үшін оңай емес. Мемлекет білім алуға мүдделі болса, грант санын арттырумен қатар, оқу ақысын реттейтін нақты механизмдерді қарастыруы тиіс. Әйтпесе «алтын кілт» тек қалтасы қалыңдарға ғана бұйыратын мүмкіндікке айналуы мүмкін. Ендеше әрбір талапкердің арманы – білім теңізіне еркін сүңгуге жол ашатын ақылы оқу құны шынайы әлеуметтік саясатпен ұштасса игі.

Қорлан САРЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!