Түсіне білгенге, архив шаң басқан қағаздардың жиналып тұратын мекені емес. Ол – тарихтың көмбесі, өткен күндердің алтын парақтары сақталған қасиетті орын.

Өткенге көз салсақ, қазақ жеріндегі алғашқы архив 1794 жылы батыс өңірдегі Ішкі Ордада жұмыс істей бастаған. 1876 жылы Бөкей ханның тапсырмасымен архив үйінің арнайы ғимараты салынып- ты. Оған дейін құжаттарды сақтау ісіне мән берілмей келген еді. Бүгінде архив ісі қалыптасып, тарихты танудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Алайда ашылмаған ақиқаттар әлі көп. Қызылорда аймақтық архив бюросы 1928 жылы қараша ай- ында құрылып, негізі қаланды. Алғаш рет Орталық архивтен Сыр елінің тарихына қатысты 17 қордан 3813 құжат қабылданды. Осы уақытта Қызылорда облыстық архив жүйесі құрылымының қалыптасу кезеңі басталды.

Ал 1938 жылы облыстың құрылуымен мемлекеттік архивтің атауы өзгерді. Облыстық партия комитетінің 1939 жылдың 20 желтоқсанындағы шешімімен 1940 жылғы 1 қаңтардан бастап облыстық партия архиві құрылып, 1991 жылғы 28 қыркүйекте облыстық мемлекеттік архив қарауына берілді. 1992 жылы 22 шілдеден бастап Қызылорда облысының мемлекеттік архивінің филиалы, ал 2014 жылғы 27 тамыздағы Қызылорда облыс әкімдігінің №690 қаулысымен «Қызылорда облысының қоғамдық- саяси тарихының архиві» құрылды.

Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1985 жылғы 15 шілдедегі №248 «Республикада архив ісін жетілдіру және әрі қарай дамыту шаралары» жөніндегі қаулысына сәйкес, 1986-1991 жылдар аралығында Арал, Жалағаш, Жаңақорған, Қазалы, Қармақшы, Шиелі, Тереңөзек, Сырдария аудандық және Қызылорда қалалық архивтерінің негізі қаланды. Ал 2014 жылы Байқоңыр қалалық архиві құрылды. Облыс әкімінің 2018 жылғы 6 желтоқсанындағы №1277 шешімімен архивтердің мемлекеттік құрылымында өзгерістер болды. Кейін 6 аудандық архив, 2 қалалық архив, облыстың қоғамдық саяси тарихы архиві, «Қызылорда облысының мемлекеттік архиві» филиалдары болып өзгертілді.

Қазіргі таңда архив қоры 1890 жылдан бастап Сыр елі тарихының түрлі даму кезеңіндегі оқиғаларға байланысты деректерге толы.

2018 жылы ақпан айында сыйымдылығы 600 мың құжатты қамтитын жаңа типтегі 5 қабатты Қызылорда облыстық мемлекеттік архиві ғимаратының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.

Ғимарат «ерекше кезеңде» құжаттарды эвакуациялайтын қоймалармен, қор сақтау қоймалары мобильдік стеллаждармен қамтамасыз етілген. Құжаттарды өңдеу үшін зертханалық, реставрациялық кабинеттер ашылған, нәтижесінде ескі құжаттарды нормативке сәйкес сақтауға, өңдеуге, тігіп-түптеуге мүмкіндік туды. Сондай-ақ ғимарат заман талабына жауап беретін архивтік құрылғылармен қамтамасыз етілген.

– Архив ісін жүргізу және басқаруда «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» облыстық мәдениет және спорт басқармасының 2023 жылғы жұмыс жоспары басшылыққа алынды.

Құжаттарды орталықтандырылған есепке алу жұмыстары тоқтаған емес. Сақтаудағы архивтік құжаттардың нақты бар-жоғын анықтау, қалыпқа келтіруді, техникалық өңдеуді қажет ететін құжаттарды айқындау және есепке алу мақсатында 19271 сақтау бірлігінің бар-жоғы мен физикалық-химиялық жағдайы тексерілді.

Есепті мерзімде 12879 сақтау бірлігінің мұқабалары қайта тігілді. 3424 сақтау бірлігінің 88778 парағы қайта қалпына келтірілді. Архив қоймаларынан 66139 сақтау бірлігі босатылды, оның ішінде зерттеушілерге 2557, ұйымдарға уақытша пайдалануға 236, архив қызметкерлеріне 63346 сақтау бірлігі берілді, – деді облыстық архив мекемесінің басшысы Жанат Абзалиева.

Мұнда ең бастысы, қор сақтау қоймаларындағы құжаттарды күн сайын температура, ылғал, жарықтың кері әсерінен, ластанудан сақтау және өрт қауіпсіздігі шараларын бақылау қатаң қадағаланады. Биылдың өзінде 8 архив филиалында басқару, жеке құрам құжатының 1028 парағының өшіп қалған мәтіндері қайта қалпына келтірілген.

– Ұлттық архив қорын мерзімінде сапалы құжаттармен толықтыру, ведомстволық архивтерде құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Есепті кезеңде архивтердің толықтыру көздері болып табылатын мекемелер мен ұйымдардың архив ісі қызметіне жауапты мамандарына, құжаттарды қалыптастыру, тізімдемелерді жасау, құжаттарды архивке өткізу мәселелеріне қатысты 1389 әдістемелік-практикалық көмек көрсетілді. Құжаттау және құжаттаманы басқару, архив ісі мәселелері жөніндегі заңнама талаптарын, құжаттардың бірыңғай электрондық модулін түсіндіру мақсатында 84 семинар өткізілді. Оған 636 ұйымнан 751 маман қатысты, – деді архив және құжаттама бөлімінің басшысы Нұршат Әбілдаева.

Биыл қағаз негізіндегі 20592 сақтау бірлігінің 2046531 парағы цифрландырылған. Сонымен қатар «Құжаттардың бірыңғай электрондық архиві» ақпараттық жүйесі бойынша архивтік құжаттарды автоматтандырылған ақпараттық жүйеге енгізу жұмыстары жүргізілуде. Есепті мерзімде 38 қордағы 13909 сақтау бірлігінің 1187380 парағы аталған жүйенің деректер базасына енгізілмек.

Өткен жылы облыстың 85 жылдығына орай облыс әкімі Н.Нәлібаевтың қолдауымен архив қызметкерлері Ресейдің Орынбор облысының архивінде Сыр өңіріне қатысты құжаттарды зерделеп, 2000-нан астам парақтың көшірмелерін алды. Мұның өзі үлкен қазына. Барлығын құжатпен ғана растай алатын заманда дәлел мен дәйектің ғажайып қазынасы осы архив қана. Архив ақтарсаңыз талай шаң басқан шындық буырқанып шығады. Ғасырлар ғаламаты ашылады. Сондықтан бұл мекеменің ұлт тарихындағы орны ерекше.

Айдар САЙЛАУОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!