Апта басында жеңілдетілген автонесие мәселесі халықты біраз алаңдатқаны бар. Арнайы сайтқа өтінім беруге асыққан тұрғындардың аптығы 18 секундта басылып, көпшілік дүдәміл күйде қалғаны рас. Жобадағы бұл жаңсақтық кемшілік пе, артықшылық па?

Осы уақытқа дейін белгілі болған мәліметтер бойынша, арнайы сайтқа бір мезетте 125 мың қолданушы кірген. Алайда, берілетін несие саны мұншалықты көп адамға есептелмеген, бас-аяғы − 761 өтініш қана. Содан болар, елді ерте оятып, жылдамдықты талап еткен автонесие тақырыбы бір минутқа жетпей тәмам болды. Арада көп уақыт өтпей «Өнеркәсіпті дамыту қорының» баспасөз қызметі 18 секундтың ішінде-ақ кезекке тұрғандар толып қалып, өтініш беру аяқталғанын хабарлады.
Дүйім халықтың бұл жағдайға таң қалуы да, күмәнмен қарауы да орынды. Себебі, арнайы сайтқа тіркелудің бірнеше шарттары бар. Алдымен платформаны қолданушы электрондық цифрлық қолтаңба арқылы тіркелген соң «өтінім беру» бөлімінде «телефон нөмірі» тармағын толтырып, автомобиль құрастыратын кәсіпорынды таңдайды. Әрі бұл таңдау кезінде тапсырыс жасалғаннан кейін кәсіпорынды қайта өзгертуге мүмкіндік берілмеген. Осыдан соң көлік алуға ниетті адам шарт талаптарымен танысып, келіскен жағдайда оферта шартымен «келісемін» батырмасын басып, ЭЦҚ арқылы өтінімге қол қояды. Осы шарттарды толық орындағаннан кейін платформада құжаттарды тексеру басталады. Қарап отырсаңыз, аталған шарттарды 18 секундта орындап шығу оңай шаруа емес.
− Жеңілдетілген автонесиені көпшіліктің үлкен үмітпен күткені рас. Мыңдаған адамның бір мезгілде арнайы сайтқа өтінім беріп, жүйенің жарты минутқа жетпей жұмысын тоқтатуы соған дәлел. Бірақ 18 секунд ішінде 760 адам тіркеліп үлгерді дегенге де сену қиын. Тіпті осы уақыт ішінде шарттарды толық орындап, тізімге ілікпеген адамдар да бар. Техника болған соң ақау болуы да ықтимал. Дегенмен бұл жағдай алдағы уақытта қайталанатын болса, жүйе жұмысына деген халықтың сенімі азаяды. Себебі бұл адамдарды бәйгеге қосып, әбігерге түсіру деп түсінемін, − дейді қала тұрғыны Нұржан Еркінұлы.
Айта кетейік, автонесиенің шарттары өзгеріссіз, яғни өтінім берген автокөліктің құны 15 млн теңгеден аспау керек. Қаржыландыру сомасы 10 млн теңгеден, мерзімі 7 жылдан аспауы қажет.
Бір қуантарлығы, енді ай сайын жүзден аса адам төрт пайыздық несиемен автокөлік ала алады. Жоба жайлы баспасөз жиынында «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жанар Ибрашева бұл бастама әлі де жалғасатынын мәлімдеді.
«Негізі сайтқа 1 миллионнан аса пайдаланушы кірді. Оның ішінде өтінім берген 125 мыңнан аса азамат тіркелді. Осы платформаға еліміздің барлық аймағынан өтініш түсті. Бағдарлама іске асырылғаннан бері осы уақытқа дейін жиналған қаражат 7,6 млрд теңге болды. Револьерлік механизм болғандықтан, жалпы 761 адам тіркеледі деп жоспарланған.
Бағдарлама ұзақмерзімді екенін атап өту керек. Келесі лимит алдағы айларда қолжетімді болады. Бүгін түрлі себепке байланысты кейбір азамат үлгермесе, келесі айларда тапсыруға мүмкіндік бар. Осы айда несиемен автокөлік алу жұмыстары 60 күннің ішінде аяқталуға тиіс. Бүгін платформаға тіркелгеннен кейін өтініш беруші автосалонға және банкке барып, өз жұмыстарын жалғастырады. Осы платформа арқылы тіркелген азаматтарға 60 күннің ішінде автокөлікпен қамтамсыз ету жоспарланып отыр», − дейді Ж.Ибрашева.
Алайда жауапты маман жеңілдетілген автонесие ресімдеудің алғашқы легіне тіркелген 761 адамның кейбірінің өтініші кері қайтарылуы мүмкін екенін де ескертті. Себебі кейбір азаматтар жобаның шынайы жұмыс істеп тұрғанын тексеру үшін немесе қалай істеп тұрғанын тексеру үшін кірген болуы мүмкін екен.
«Кейбір адамдардың төлем қабілеті расталмауы мүмкін. Осы себепті кейбір азаматтардың өтінімі тіркелгенімен, несие ресуімдеуден бас тартылуы ықтимал. Ондай адамдар несие алғандар тізіміне кірмейді. Яғни келесі айда платформа ашылғанда қайта кезекке тұра алады, Ал олардың орнына басқа өтінім алынбайды. Бұл келесі айда олар автоматты түрде ықтимал 100 адамның тізіміне кіреді деген сөз емес. Осы жолғыдай қайтадан басынан бастап өтінім ресімдейді», − деді Ж.Ибрашева.
Елді елең еткізген жобада кемшіліктер болғанын «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ринат Гаппаров та жоққа шығармады. Бір мезетте мыңдаған адам тіркелген соң жүйеде бірнеше олқылық болып, жаңылысқанын жасырмады.
«Біз бәрін ертерек ескерттік. Небәрі барлығы 761 орын болатынын 5 күн бұрын жарияладық. Өйткені барлығы 7,6 млрд теңге жиналды. Сәйкесінше, несиенің максималды сомасы 10 млн теңге, бұл 761 орынға арналған. Қазақстандықтарға автонесиелеу үшін бәріне бірдей ақша бөлу мүмкін еместігін ескертілді. Сондықтан 761-ші адамды тіркеген соң тетік белсенді болмай, қате деген белгі бере бастады. Бағдарламада нақтылық та болмады, біз қазір онымен жұмыс істейміз. Бұл әу бастан қанатқақты жоба болғандықтан барлық пікірлер мен ескертулерді ескеруіміз маңызды. Келесі жолы – наурыз айынан бастап ай сайын іске қосқан кезімізде бәрін түзетеміз деп үміттенемін», − деді БАҚ-қа берген мәлімдемесінде.
Автокөлік алуға ұмтылып, дегені болмаған халықтың әлі де жүйенің жөнге түсіп, көпшілікке қолжетімді боларынан үміті басым. Бір ағаттықтан соң кемшіліктердің қайта орын алмайтынына біз де сенім білдірдік.

Е.ЕРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!