Бүгінде ауыл шаруашылығының әлеуетін көтеру кезек күттірмейтін мәселеге айналды. Себебі әлем жұртшылығы саяси шиеленістер салдарынан азық-түлік тапшылығы туындауы мүмкін деп дабыл қағуда. БҰҰ мен халықаралық қауымдастықтар аштыққа ұшыраған елдерге жөнелтетін көмекті азайтса, дамыған елдерде азық-түлік бағасы шарықтаған. Тіпті АҚШ президенті Джо Байден Украинадағы қоймада қалған астықты Беларусь елі арқылы шығару әрекетіне көшті. Оның үстіне астық экспортының үштен бір бөлігі Ресей мен Украинаға тиесілі екенін ескерсек, мәселе жақын арада шешім таппасын бағамдау қиын емес. Сондықтан елдегі ауыл шаруашылығының жай-күйі селсоқ қарауды көтермейді.
Жем-шөп пен астық жете ме?
Өткен жылғы Қызылорда мен Маңғыстау облысында орын алған қуаңшылық ел есінен кетпесі анық. Шаруалар қыруар шығынға ұшырап, мал басы кеміді. Сырдариядағы су деңгейінің аздығы, жауын-шашын мөлшерінің азаюы талай шаруашылықты әуреге салды. Көптің бірлігі мен ел ынтымағының арқасында тосылған шаруаға көмек қолын созу үшін қоғамдық қор мен белсенді азаматтар, қарапайым халық пен билік өкілдері бірлесе әрекет етті. Жер-жерден ауылдағы ағайынға жем-шөп әзірлеп, қуаңшылықтан қысылмай шығуын тіледі.
Содан болар, биыл да көктемнен өтіп, жаз шығуға жақындағалы көптің күдігі арта бастады. Кемеріне бір толып, бір кеміген дарияның күйі мен малдың қоңына қараған жұрт «Қуаңшылық қайталанса, қайтпек керек?» деп алаңдаулы. Аузы күйген үрлеп ішедінің кері, бұрнағыдай емес, биыл шаруа біткен жем-шөбін ерте қамдап, қатардан қалмауға тырысып жатыр.
Мемлекет те жәрдем беруге тырысуда. Мәселен, өткен жылы мал азығы базасы мәселесін шешу мақсатында Жем-шөп өндірісі саласын дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған жол картасы әзірленді. Онда мақсат – қуаңшылық қайталанған жағдайда ауыл шаруашылығының дайын болуы. Алайда, мұндай бастаманы қуана қабылдаған жұрт жобаның атқарылу барысына базынасын айтып келеді. Себебі жергілікті жерлерде жобада көрсетілген іс-шараларды жүзеге асыру бойынша жүйелі жұмыс жоқ. Мал шаруашылығындағы жем-шөп базасын есепке алу ісі кенжелеуде.
Жалпы елдегі жем-шөп тапшылығы мал шаруашылығының дамуына кедергі келтіріп тұр. Оған субсидия саласындағы олқылық, импорт көлемі мен ветеринар маманның тапшылығы себеп болуда. Үкімет аталған мәселені шешу мақсатында инвестициялық жобаларды жүзеге асырып келеді. Әрине, ілгерілеу бар, бірақ мәселе толық шешім тапты деп айта алмаймыз. Мысалы, асыл тұқымды мал саны көбейгенімен, жыл сайын жем-шөп қажетті зоотехникалық нормадан екі есе аз дайындалады. Мал азығы аз болған соң баға да қымбаттай түсері белгілі. Құрғақшылық пен жайылымдардың тозуы да мал басын көбейтуде кедергі. Сондықтан төрт түліктің жайына әлі де ерекше назар қажет екені сөзсіз.
Жоғарыда атап өткеніміздей, әлемдегі азық-түлікке байланысты байбаламның төркіні – астық тапшылығы. Ішер астың мол қорын үйге жинамайтын батыс қазір әдетінен айныған. Азықты артығымен алып, қос-қостан жинауда. Сарапшылар да халықтың көңіліндегі алаңды басудың орнына, жағдайдың бұдан да ушыға түсетінін ашық жеткізуге көшті. Астық қоры мол Қазақстан үшін мәселе айтарлықтай қиындай қоймас. Аш та қалмаспыз. Алайда, әлемдік ахуалдың салқыны елдегі азық-түлік бағасына әсер ететіні жасырын емес.
БАҚ өкілдеріне берген мәлімдемесінде Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров та осы байламды қайталаған еді. «Ешқандай астық тапшылығы жоқ, республикада бидай жеткілікті», – деген А.Сапаров халықты дүрлікпеуге шақырған. Вице-министр бүгінде Қазақстанда 6,4 млн тонна бидай барын айтып, аталған көлем халықты қамтамасыз етуге жеткілікті екенін жеткізді. Астықтың бір бөлігін экспортқа шығаруға да мүмкіндік барын қоса кетті.
Расында, ресми дереккөздің нақты ахуалға жақын екені анық. Қазақстан жыл сайын 3 млн тонна ұн өндіреді. Яғни, тапшылық болмасы белгілі. Керісінше, вице-министр мәселенің басқа қырына алаңдаулы. Ол – бидай бағасы. Себебі бұған дейін ұн тартатын кәсіпорындар бидайды арзан бағаға Ресейден импорттап келген. Әсіресе, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында мұндай жағдай көп кездеседі. Алайда Ресей дәнді дақылдарды сыртқа шығаруға тыйым салғаннан кейін бұл баланс бұзылды. Көрші елдің мұндай шешімі диірменшілерді астықты тез арада ішкі нарықтан сатып алуға итермелеп отыр. Ал ішкі нарықта тиісінше бидай бағасы өскен.
Су деңгейі – әртараптандыру бастауы
Аймақтағы ауыл шаруашылығының күретамыры – Сырдария өзені. Соңғы жылдары Сырдария өзеніндегі судың тапшылығы көлдердің құрғауына, ауыл шаруашылығы дақылдарының азаюына әкелуде. Осыған сәйкес биыл су тапшылығына байланысты 20 жоба іске асырылмақ.
Оның ішінде жалпы ұзындығы 1 034 шақырымды құрайтын 162 каналды тазалау жұмысын жүргізу, Жаңақорған ауданында Сырдария өзеніндегі үрмелі су тоспасының істен шығуына байланысты Келінтөбе магистралды каналына су әкелу бастамалары кіреді. Сондай-ақ, Келінтөбе магистралды каналы арқылы секундына 14-15 текше метр су беру жоспарланған.
Міне, осы қиындықты ескере, биылғы егіс көлеміне өзгеріс енгізу жұмысы жүйелі жүзеге асуда. Күріш алқабы қысқарып, өзге дақылдарды егу ісі қарқын алды. Бастаманың жемісі жоқ емес. Мысалы, биыл суармалы жердегі жоспарланған егіс алаңы 1,5 млн гектарды құрайды. Бұл өткен жылғы деңгейден 39 мың гектарға төмен.
Оңтүстік облыстардағы егіс туралы мәліметте Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мәселенің мән-жайын былайша жеткізіпті:
«Қазіргі кезде оңтүстік облыстардың суармалы жерлердегі жұмыстар аяқталуда – Жамбыл облысында толық аяқталды, ал басқа өңірлерде әлі жалғасып жатыр. Суармалы егіншілікпен айналысатын фермерлер көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге, тұқымға, минералды тыңайтқыштарға, гербицидтерге берілетін субсидиялар, жеңілдікті жанар-жағар материалы және кредит беру секілді тиісті мемлекеттік қолдау шараларын алуда. 1 млн 122 мың гектар аумақ жер бетімен суарылады, 87,6 мың гектар – негізінен жаппай су алдыру әдісімен суарылатын күріш алқаптары, ал егіс алаңының 277,6 мың гектарына заманауи тамшылатып немесе жаңбырлатып суару әдістері пайдаланылады», – деді Е. Қарашөкеев.
Қуаңшылықтан құтылудың бір жолы дақылдарды әртараптандыру екені анық. Биыл да бұл әдіс назардан тыс қалмайды. Тіпті, шаруалар мақта, картоптың егіс көлемін кеңейтуді бастап кетті. Бұл шешім су мөлшерін сақтауға ғана емес, экономикалық пайда әкелуге де көмегі зор. Алдын ала жоспарлау және дақылдардың алқабын ұлғайту жұмысы нәтижесін беріп келеді. Мысалы, 2020 жылы қарақұмық алқабы 50 мың гектарға ұлғайтылып, нәтижесінде нарықта жарма тапшылығы байқалмаған еді. Ал Өзбекстан сатып алуға ықылас танытып отырған картоп алқабының биылғы үлесі шамамен 5 мың гектарды құрайды.
Аймақтағы өзгерісті де баса айтқан жөн. Бүгінде су деңгейінің азаюына байланысты обыста 5 мың гектар күріш алқабы қысқарды. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешетің сөзінше, мұндай қадам су ресурстарының тапшылығын азайту мақсатында жүзеге асқан. Аталған өзгеріс өзге де облыстарда қолға алынған. Биыл Түркістан облысының өзінде күріш алқабы 600 гектарға дейін қысқартылыпты. «Қызылорда облысында күріш алқабы 78,3 мың гектарға дейін төмендеді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, 5 мың гектарға аз. Сондай-ақ, Үкімет резервінен ұңғымаларды жөндеу мен бұрғылауға, сорғы қондырғыларын сатып алуға 3,6 млрд теңге сомасында қаражат бөлінді», – деген С.Брекешев.
Дизельдің жайы қалай?
Егіс көлемі артып-қысқарғанымен негізгі шаруа райы өзгеріссіз қалғаны сөзсіз. Егін егуге кіріскен шаруалар егіс көлемін емес, жанар-жағармайдың жайында ойлап әлек. Көбінің көкейінде «Өткен жылы туындаған дизель тапшылығы биыл да кедергі келтіре ме?» деген алаң пайда болған еді. Әрине, ол кезде мұнай өңдеу зауыттарының уақытша жұмыс тоқтатуы, алыпсатарлық салдарынан олқылық орын алған еді. Кейін Үкімет туындаған келеңсіздік түбегейлі шешілді деген болатын. Тіпті биыл шаруалардың сауалына жауап беру үшін Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов тақырыпқа қатысты дерек келтірді:
«Өткен жылы көктемде бензин де, дизель де тауар биржасы арқылы жақсы сатылды. Бірақ биржаға кіру үшін тиісті шектеулер қойылған-ды. Мәселен, биржаға қатысушы компанияның мұнай өнімдерінің бір жылдық айналымы 20 мың тоннадан кем болмау керек деген шектеу болды. Жылдың ортасында оны 5 мың тоннаға дейін азайттық. Бір ай бұрын Биржалық комитеттің шешімімен аталған шектеу алынып тасталды. Бұл шағын жанар-жағармай құю стансаларының биржаға кіруіне, өнімді делдалсыз-ақ тікелей сатып алуына мүмкіндік береді. Дизельді биржада сату жақын күндері қайта жанданады, – дейді вице-министр.
Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді дизельмен қамту ерекше назарда. Өйткені көктемгі егіс жұмыстарын уақытылы әрі қалыпты жүргізу қажет. Ол үшін шаруаларға биыл 400 мың тонна дизель бөлінген болса, ақпан-сәуір айында жанар-жағармайдың 92 проценті жеткізілген.
Субсиядия саны қысқарды
Ауыл шаруашылығымен айналысатын халыққа субсидияның көмегі көп тигені шындық. Алайда жыл сайын көмектің көлемі қысқарып, талап қатаңдай түскенін аңғаруға болады. Мысалы, жақында ауыл шаруашылығындағы субсидия саны 51-ден 7-ге дейін қысқаратыны хабарланды. Ондағы себеп – мемлекет ауыл шаруашылығын субсидиялауда техникалық және технологиялық жаңаруға бағытталған инвестициялық субсидияларға басымдық бермек. Оның үстіне субсидиялаудың жаңа жүйесі саладағы реформаға жол ашады деп жоспарлануда.
Мәжіліс депутаттарына берген жауабында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов аталған өзгерісті былайша жеткізеді:
«Ахуалды және оның даму үрдісін кешенді талдауды, геосаяси дағдарыстың ел экономикасына теріс әсерін азайту бойынша оңтайлы шаралар қабылдау қажеттілігін негізге ала отырып, субсидиялаудың жаңа тетігін енгізу мәселесін келесі жылға қалдырып, биыл мемлекеттік қолдауды қолданыстағы қағидалар бойынша жүзеге асыру туралы шешім қабылданды», – деді Әлихан Смайылов.
Мәселенің бір ұшы – ҚАЖЕТТІ маманДА
Тағы бір мәселе – маман тапшылығы. Бүгінде жергілікті жерлерде ветеринар маманнан басқа, зоотехник-технолог пен зоотехник-селекционер жетіспеушілігі байқалады. Өндірістік құс шаруашылығын кадрлық қамтамасыз ету ісі де ақсап тұр. Сонымен қатар жас мамандарды жергілікті жерлерде қалуға ынталандыру, мал шаруашылығын кадрлық қамтамасыз ету, баспанамен қамту бастамасы да қолға алуды қажет етуде. Ол үшін «Дипломмен ауылға», «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы ауылдық жерлерге кадрларды бекіту ісінің көмегі тиері анық.
Саладағы олқылықты Үкімет те аңғарып, түрлі ұсыныс айтылып келеді. Мысалы, Мәжілісте:
«Салада агроном, зоотехник, ветеринар дәрігер және тағы басқалар секілді сұранысқа ие мамандар тапшы. Жануарлар шаруашылығы саласында кадрлар тапшылығы мен ғылыми қамтамасыз етудің аздығына бірнеше себеп бар. Бірінші кезекте, бүгінде ауыл шаруашылығы еңбек ақысы аз төленетін мамандықтардың бірі болып отыр. Екіншіден, ауылдық жерлерде әлеуметтік инженерлік инфрақұрылым жеткілікті деңгейде қаладан артта қалып отыр. Үшінші, ауыл жұмысшыларының еңбек жағдайлары қаладағыдан анағұрлым ауыр.
Ғылымның рөлі артып келеді. Агроөнеркәсіп кешенін дамытуда жетістікке жеткен барлық елдің тәжірибесіне қарасақ, ғылымды өндіріспен біріктірмей бұл саланың тиімділігін арттыру мүмкін емес. Сол себепті отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер аграрлық университеттермен, ғылыми орталықтармен белсенді ынтымақтастық орнатуы керек», – деген ой айтылды.
Әрине, ауыл шаруашылығын дамыту жүйелі реформаны қажет етеді. Әсіресе, кәсіпкерлер мен шаруалардың өзара байланысын арттыру, жаңа технологияны өндірісте қолдану ел дамуының төте жолына айналары анық. Мысалы, биыл 62 жоба арқылы 3 мыңға жуық жұмыс орнын құру бастамасы да халықтың әлеуетін көтеруге жол ашатынынан хабар берсе керек.
Берен ШАҒЫРОВ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!