Таң қылаң бере, сағат тілі 6-ға жетпей-ақ, жігіттер көлікжайға жиналды. Олар мұнда бас қосады да, техникаға жанармай құйып, қолдарына жолдаманы ұстаған күйі бет-бетімен тапсырмамен жолға шығады. Олар жұмыс таңдамайды. Күзгі егін жинау науқанында диқандардың ала жаздайғы еңбегін ысырап етпей, қырманға түсіріп алу керек. Сондықтан олар үшін әр секундтың маңызы зор. Десе де елімізде ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін жастарға қатысты қандай қолдау бар? Мемлекет тарапынан қамқорлықты сезініп жүр ме? Ауылдағы жастардың бейнетке толы тіршілігін айта отырып, олардың қолтығынан демейтін қандай қолдау бар екеніне де тоқталдық.

Мейірімхан Бекбергенов 2013 жылы Қоғалыкөлдегі мектепті бітіре сала трактор тізгіндеді. Әкеден қалған арғымақ қайда қашып құтылсын, ауылда басына жіп түспеген асау тайды жөнге салғандай, көк трактордың тілін тез-ақ меңгеріп кетті. Әдепкіде газ электрмен пісіруші болып еңбек еткен. Үнемі қозғалысты, қарбалас тірлікті ұнататын Мейірімхан дәнекерлеу аппаратын техникаға ауыстырып, бір-ақ күнде механизатор атанды. Міне, содан бері ол көктемгі дала жұмыстарынан бастап күзгі егін жинауға дейін тыным таппай келеді.

– Бұл өмірдегі әрбір сала адамзат игілігіне бағытталған. Оқу оқысаң да, еңбек етсең де, адамзат үшін әрекет етесің. Бәріміз инемен құдық қазып, оқуға аттансақ, бір-бір былғары орындыққа орнықсақ, ауылда кім қалады? Елдегі сан мың тірлікті аға толқыннан кейін кім қолға алады? Онсыз да қазір ауылда жастар азайды. Қала жұтып қойған тәрізді. Туған жерге туымды тігіп, елде еңбек етуім де осы жағдайды көріп өскеннен, ата-анадан алған тәлімнен болса керек. Елді дамыту ауылдан бастау алады. Әрбіріміздің санамызда осы ұғым тұрса екен, – дейді Мейірімхан Рақышұлы.

Маңдайдан тамған әрбір тамшыны туған жерді түлету жолында жұмсап жүрген Мейірімхан сияқты жас жетерлік. Соның бірі – Нұрбек Рахметов. Ол «Жамбыл-2030» серіктестігінде қойма меңгерушісі болып еңбек етіп жүр. Басшылық тапсырмасымен мекеменің отымен кіріп, күлімен шығып жүргендердің бірі. Бұл саланы таңдағанына өкінбейді.

– Қазақта «Әке көрген оқ жонар» деген керемет сөз бар. Бала күнімізден әкеміздің осы салада еңбек етіп жүргенін көріп өстік. Осы ауыл шаруашылығы саласында ер жеттік, көзқарасымызды қалыптастырдық. Ауылда үй сатылып, адамдар көшіп жатса, кәдімгідей жабырқап қаласың. Елдегі бір үй болайық деп, шаруашылықта жұмыс істеуді бастап кеткенімізге де бес жыл болыпты. Әйтпесе, азаматқа қалада да, мұнайда да жұмыс табылады. Бірақ бәрібір ауылға жетпейді. Үйден кіріп, үйден шығасың. Туған жеріңе пайдаң тиіп жатса, қуанасың ғой, – дейді Нұрбек Жылқыайдарұлы.

Ел ішінде асыраушы сала атанып кеткен ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеп жүрген әрбір азаматтың санасында елдің несібесі деген ұғым бар. Олардың ойлауы да ауқымды. Өзгеге ұқсамайды. Туған елдің түтінінің түзу ұшып, айналаға көмегі тиетін осындай жастарды тәрбиелеп, ісімен үлгі болып жүргендердің бірі – Мейрамбек Жетібаев. Шетелдік комбайнның руліне отырған ол кейінгі толқынға жол көрсетіп жүр.

– Ауыл шаруашылығында еңбек етіп келе жатқаныма 30 жылдан асты. Осы уақыт аралығында, әрине, басқа жұмысқа ауысып кеткің келеді, күннің суығында қолыңа мұздай темір ұстап, жауынның астында қалған да кездер бар. Бірақ бәрі бір осы салада еңбек еткің келеді екен, онда бәріне шыдауың керек. Бұл сала еркелікті көтермейді, жалқаулыққа қас. Шыдамды, төзімді болуың керек. Айналамен тіл табыса алғаның жақсы. Қазір кейінгіге жол көрсетіп, үйрететін жасқа да жеттік. Ауыл шаруашылығында толқынды толқын қуып, сол толқындар арасында тәжірибе алмаспаса, бұл сала – өмір бойғы мектеп, – дейді Мейрамбек Жетібайұлы.

Бүгінде ол күріш жинау науқанында жүр. Бір күнде 30 гектар күрішті орады. Осындай еңбекқорлығының арқасында жыл сайын қатарластарының алды болып, аудан әкімінің алғыс хатын иеленіп жүр. Шаруашылық төрағасы Болатбек Рүстемов жастардың ауылда қалуына, осында еңбек етуіне барынша қолдау көрсетіп жүр.

– Мекемеде жастарды ғана емес, тәжірибелі мамандарды да қолдаймыз. Әлеуметтік жағынан демеп отырамыз. Өйткені әрбір үйде кемінде бір-екіден жас толқынның мүшелері бар. Мәселен, үздік механизаторлардың қатарындағы Мейрамбек Жетібайұлы таяуда ғана ауылдан баспана сатып алды. Сатып алынған үй құнының 30%-ын біз төлеп бердік. Мекеме қызметкерінің қызы мектепті «Алтын белгімен» бітірді. Оған да қолдау ретінде 400 мың теңге сыйақы тағайындадық. Тағы бір қызметкердің ұлы үйленіп, отбасын құрғанда оған да бір жылқы, 500 мың теңге көмек бердік. Одан бөлек, қызметкерлер жоңышқа пресін 100 теңгеден алады. Ал жоңышқаның нарықтағы құны мың теңгеге жақындады. Әрине қолда болып, жағдай жақсара түссе, мұнан да жақсы қолдау көрсетуге дайынбыз. Ел ішіндегі арнаулы даталар, ұлттық мейрам, ас-құдайыда да белсенділік танытамыз. Өйткені дана халқымыз «Елде болса, ерінге тиеді» дегенді бекер айтпаса керек, – дейді Б.Рүстемов.

Әрине шаруашылықта жұмыс істедің екен деп, арнайы мемлекеттік бағдарламалар арқылы үй алу, көмек алу тәрізді жеңілдіктер бұл салада болмай тұр. Қайткен күнде де шаруашылықтар өздері күнелтіп, жағдайды бағамдау керек тәрізді. «Ауыл» партиясының өкілі, Қармақшы аудандық мәслихат депутаты Болат Бөгетовпен осы бағытта пікірлескен едік.

– Нақты ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін жастарға бағытталған арнайы әлеуметтік пакет жоқ. Оны көзбен көріп те жүрміз. Бұл бағытта 2,5%-дық жеңілдетілген несие бар. Егер лайықты жобаң болса, аласың. Бірақ ауыл жасының алдынан шығатын кедергі – кепіл мүлік. Ойдағы жобаңды қолға алуға жететін қаражатты алу үшін оған сай кепіл мүлкің болу керек. Ауылда хан сарайындай үйің болса да, ол қаладағыдай құнды емес. Бұл мәселеде жастардың санасында үміт отын жағатын жақсы бір жүйені құруымыз керек сияқты. Өйткені жастарға мүмкіндік беріп, олардың идеясының жүзеге асуына қолдау көрсетпесек, ауыл жастары жұмыс іздеп, өздеріне қолайлы өмір іздеп қалаға үдере көшуі де ықтимал. Біз елді дамытуды ауылды дамытудан, ауыл жастарын қолдаудан бастауымыз керек, – дейді депутат.

Белгілі журналист Рыскелді Жахман – осы тақырыпты терең зерттеп жүргендердің бірі. Оның айтуынша, сырттан жас мамандарды алдырудан бұрын, жергілікті жастарды ауылда тұрақтандыру мәселесін бірінші орынға қою керек.

– Әуелі қолда бар кадрларды ұстап қалуды ойлаған жөн. Өз мамандығы бойынша жұмыс істемеген немесе ауылда бітірген мамандығына байланысты жұмыс күші жоқ жастарды белгілі бір кәсіпке, шаруашылыққа бейімдеудің, ұйымдастырудың маңызы зор. Осы орайда «Бір ауыл – бір кәсіп» деген секілді жобаны енгізуге болатындай. Яғни, Қызылорда облысының Жаңақорған ауданына қарасты Жайылма ауылының шаруашылығы республикаға танымал. Жайылманың бренді – қарбыз. Оны бәрі біледі. Сол секілді әр ауыл табиғи ерекшелігіне қарай, тұрғындардың бейімділігін және шикізаттың, құрал-саймандардың қолжетімділігін ескеріп, белгілі бір кәсіпке жаппай жұмылуы тиіс. Бұлай жасауға не кедергі? – дейді ол.

Десек те ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін жастарға арнайы жеңілдіктің болмауы қызығушылық тудыруға кедергі сияқты. Бір топ танысым Солтүстік Қазақстанда жұмыс істейді. Сондағы ауыл шаруашылығында тер төгіп жүр. Бір-бір ауылшаруашылық техникасын тізгіндеген. Айтуынша, тұтастай ауылдың тең жартысы – өздері. Қалғаны – байырғы тұрғындар. Болашақта оңтүстіктегі ауылдарға жастарды апару үшін жаңа бағдарлама ойлап тауып, бас қатырғаннан қазіргі ауыл жастарын елде қалуға деген қызығушылығын ояту керек тәрізді.

Дәулет ҚЫРДАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!