Көктем мен жаз мезгілінің бастала бере елімізде балалардың терезеден құлау оқиғалары жиілей түседі. Әсіресе көпқабатты тұрғын үйлерде тұратын отбасылар үшін бұл – үлкен қауіп. Жыл сайын қайталанып келе жатқан бұл оқиғалар қоғамда алаңдаушылық тудырып отыр.
Балалардың терезеден құлауы – тек Қазақстанда емес, әлем бойынша жиі тіркелетін оқыс жағдай. Жыл басынан бері Қазақстанда 60 бала терезеден құлап кеткен. Өкінішке қарай, олардың бесеуі ажал құшқан. Қалған 55 бала түрлі деңгейдегі жарақаттармен ауруханаға түскен. Бұл туралы 20 мамырда Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі ресми үндеу жасап, мәлімдеді.
Министрлік көктемгі, жазғы маусымда және оқушылардың жазғы демалысы кезінде мұндай жағдайлардың күрт көбейетінін алға тартады. Мәселен, 2023 жылы 170 оқиға тіркелсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 196-ға жеткен. Бұл – жай ғана статистика емес, жүздеген отбасының орны толмас қасіреті.
Ата-аналардың жауапсыздығы немесе қарапайым қауіпсіздік ережелерін елемеуі – қайғылы жағдайлардың басты себебі. Министрлік өкілдерінің айтуынша, 2 жастан 13 жасқа дейінгі балалардың бақылаусыз қалуы, терезеге орнатылған москит торына сүйенуі жиі қайғылы жағдайға алып келеді. Москит торы – шыбын-шіркейден қорғануға арналған, ол баланың салмағын көтере алмайды.
Сонымен қатар терезе маңындағы жиһаздардың бала үшін «саты» қызметін атқарып кетуі де өте қауіпті. Ал терезелерде арнайы шектеуіштердің, бекіткіштердің болмауы қауіп деңгейін бірнеше есе арттырады.
Мемлекеттік орган өкілдері баланың қауіпсіздігіне салғырт қараған ата-аналарға заң аясында қылмыстық іс қозғалуы мүмкін екенін ескертеді. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 141-бабы, 2-бөлігіне сәйкес, «балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау» қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.
Бүлдіршіндерде қауіп сезімі толық дамымаған. Олар қоршаған ортаны зерттеуге құмар, ал терезе – оларға «шытырман әлемге» апарар жол секілді. Жоғарғы қабаттан құлау оқиғалары әдетте бас сүйек жарақаты, ішкі қан кетулер, сүйек сынуы, сал болумен аяқталады. Тіпті жан тапсыруы мүмкін. Кейде бала аман қалғанымен, өмір бойы оңалмайтын мүгедектікке ұшырайды. Бұл – тек балаға ғана емес, бүкіл отбасыға үлкен соққы. Бүлдіршіндерді бақылауда ұстау – ата- ананың міндеті десек те, үнемі көз салып отыру физикалық тұрғыда мүмкін емес. Сондықтан алдын алу шаралары маңызды.
Терезе трагедиясына тосқауыл бар ма?
Оқыс оқиғаның алдын алудың ең бір тиімді тәсілі ретінде көңілімізді көншіткен нұсқаны көппен бөлісуді жөн санадық. Белсенділердің айтуынша, көпқабатты үйлердің терезесіне темір тор орнатуды құрылыс компанияларының талаптарына енгізу керек. Жаңа тұрғын үйлерді жобалау кезінде 2-қабаттан бастап, терезелерге балалардың қауіпсіздігіне арналған құрылғылар орнату міндеттелуі тиіс.
Мәселен бұл тәжірибе дамыған елдерде бұрыннан бар. Германия, Сингапур, Австралия секілді елдерде терезе қауіпсіздігі заңмен реттелген. Ал кейбір елдерде «Childproof» (балаға қауіпсіз) сертификаты бар терезелер мен балкон есіктері өндіріледі.
– Өкінішке қарай, біздің жобалық жұмыстарда мұндай талаптар қарастырылмаған. Бұл еліміз бойынша әлі енгізілмеген стандарт. Бес қабаттан жоғары нысандарға осы талаптарды енгізуге ұсыныс беріп жатырмыз, – дейді ҚР Құрылысшылар одағының АОФ директорының орынбасары Диляра Сейітнұрова.
Құрылыс талаптарына терезе қауіпсіздігіне арналған темір тор немесе басқа да құрылғыларды міндетті түрде енгізу қажет. Бұл бастаманы кешіктірмей қолға алу – болашақта жүздеген баланың амандығы мен ата-ананың көз жасына тосқауыл болмақ.
Аймақтағы ахуал
Қызылорда қаласында жыл басынан бері 7 бала терезеден құлап, түрлі жарақат алған. Абырой болғанда жан тапсырғандар жоқ. Қалалық полиция басқармасының деректеріне сүйенсек, жағдайға ата-аналардың немқұрайлығы себеп болып отыр. Терезелердің темірмен қоршалмауы, москит торларының сапасыз орнатылуы, балалардың терезе алдында ойнауы – басты қауіп көздері.
Осыған орай, Қызылорда қаласында профилактикалық шаралар қолға алынған. Мәселен, білім беру ұйымдарында ата-аналармен жиналыстар өткізіліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ көпқабатты үйлердің кіреберіс есіктеріне арнайы ескертпе парақшалар ілініп, тұрғындарға терезелерге балаларды қорғайтын арнайы құрылғылар орнату туралы кеңес берілуде.
– Көптеген ата-ана баласына терезенің алдына шығып ойнауға рұқсат береді, олай істеуге болмайды. Осы себепті бала терезенің алдына шығып ойнауды әдетке айналдырады. Сіз әрдайым балаңыздың жанында жүрмін деп ойлауыңыз мүмкін, бірақ бір секундқа назарыңыз басқа жаққа ауған сәтте балаңыз байқаусыз құлап кетіп, орны толмас оқиғаға әкеліп соғуы мүмкін. Баланы ешқашан ересектердің қарауынсыз қалдырмаңыздар. Терезеге арнайы құлып орнатыңыздар, сонда бала өз бетінше терезені аша алмайды.
Құрметті ата-аналар, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды орындамаған жағдайда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127 бабына сәйкес әкімшілік жауаптылық көзделетінін ұмытпаңыздар! – дейді Қызылорда облыстық ТЖД өкілдері.
Қалалық Полиция басқармасы мен ТЖМ ата-аналарға мына ережелерді қатаң сақтау қажеттігін ескертеді:
• балаларды қараусыз қалдырмаңыз;
• москит торларына сенбеңіз – олар қауіпсіздік құралы емес;
• терезеге бекіткіш (блокиратор) орнатыңыз;
• терезе маңына жиһаз қоймаңыз;
• терезені ашық күйде қалдырмаңыз.
Сондай-ақ балаңызды терезе алдында ойнатпауыңыз маңызды. Даладағы адамдар мен көліктерді терзеден көрсетуге және сәйкесінше өзіңіз де бала алдында терезеден басыңызды шығармағаныңыз абзал. Себебі қадағалауыңыздан тыс уақытта бүлдіршін өздігінен көруге ұмтылып, арты қайғылы оқиғаға ұласуы әбден мүмкін. Балалардың өмірі мен денсаулығы – ересектердің қолында. Десек те қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамау – орны толмас қайғыға алып келуі мүмкін. Ешқандай ата-ана «бұл бізде болмайды» деп ойламауы қажет. Терезеден құлаған бір ғана баланың тағдыры – жалпы қоғамға сабақ болуы тиіс. Баланы көзден таса қалдырмаңыз – бұл сіздің ғана емес, болашақтың қауіпсіздігі.
Қорытындылай келе, жоғарыда атап өткеніміздей, елімізде жыл басынан бері 60 бала терезеден құлап, оның бесеуі жан тапсырғанын қайталап айтқымыз келеді. Бұл шамамен бір ай ішінде 12 бала терезеден құлады деген сөз.
Балалардың терезеден құлауы – жай ғана оқыс оқиға емес, қоғамда бала қауіпсіздігіне деген көзқарастың көрсеткіші. Бұл – алдын алуға болатын, ескеруге тұрарлық трагедия. Әр ата-ана, әр тәрбиеші бала өміріне ортақ жауапкершілікпен қарауы керек. Себебі терезеден құлаған баланың тағдырын қайта қалпына келтіру мүмкін емес.
Аружан ОРАЛБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!