Еліміз үшін үшін ғарыш саласының орны ерекше. Әсіресе Қызылорда халқы үшін. Өйткені адамзатты аспан әлемімен байланыстыратын баспалдақ біздің өңірде. Осындай айлақтың иесі болудың қандай артықшылығы бар? Байқоңырдың болашағы қандай деген сұраққа жауап іздедік.
Биыл Байқоңырдан тұңғыш ғарыш ракетасының ұшырылғанына – 60 жыл. Алғашында Байқоңыр ғарыш айлағы «Қызылорда-50», «Ташкент-90», «Заря», «Тайга» сынақ полигоны деген атаумен аталған. Мұндағы мақсат – ғарыш айлағын құпия түрде дамыту еді. Кейіннен айлақтың ғылыми-техникалық әлеуеті артқан соң, 1955 жылы «Байқоңыр» ғарыш кешенінің іргетасы қаланды. Сөйтіп, әлемдегі алпауыт мемлекеттердің таңданысын тудырып, бірінші және үлкен әрі ең қуатты ғарыш айлағына айналды.
Биыл АДАМЗАТТЫҢ ғарышқа Ұшқанына – 60 жыл
Ғарышқа адам жібермес бұрын ол жаққа төрт аяқтылар жіберілгені белгілі. 1960 жылдың тамыз айында бортында Белка және Стрелка иттері отырған «Восток» кеңес кемесі ғарышта бір тәулік бойы ұшып, жерге оралды. Осы тәжірибеден соң, 1961 жылы 12 сәуірде адамзат тарихында үлкен жетістік саналатын «Восток» ғарыш кемесімен Юрий Гагарин ғарышқа ұшты. 108 минутқа созылған сапар ғарышты игеруде үлкен қадам болды. Сол күннен-ақ Юрий Гагариннің есімі әлемге танылып, Кеңес Одағының батыры атағын алды. Ал ғарышқа алғашқы халықаралық сапар 1975 жылы 15 шілде «Союз-19» және америкалық «Аполлон» кемесінің көмегімен жүзеге асты.
ХХІ ғасырға қадам басқалы ғарыш техникасы жоғары жетістіктіктерді бағындырып, жердің айналасын мыңдаған спутник шарлады. Ғарыш аппараттары Айға емін-еркін қонып, сол жақтан грунт үлгісін түсіреді. Бұдан өзге Марс пен Венераға да автомат зондтар қонып, бірнеше ғарыш аппараты Күн жүйесінен тыс жерді шарлауда. Мұндай жетістікке адамзат «Байқоңыр» ғарыш айлағының көмегімен қол жеткізді. Бірақ тұңғыш ғарышкер Юрий Гагарин ұшқаннан бері қанша жыл бойы қазақ баласының жолы ғарышқа түскен жоқ еді. қойғанына қапаландық. Ел тәуелсіздігін жариялаған соң 1991 жылы 2 қазанда алғашқы қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшып, ел абыройын асқақтатты. Қазақтың тұңғыш ғарышкері аман-есен жерге оралғаннан кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елімізде ғарыш агенттігі жұмыс істейтінін жариялап, сол күннен бастап ғарыш саласын игерудің жаңа белесі басталды.
Байқоңыр қазаққа не береді?
Әлемдегі ең ірі «Байқоңыр» ғарыш кешенінің Қазақстан топырағында орналасуы елімізге бірегей бәсекелестік артықшылық беріп қана қоймай, ғаламдағы жетекші ғарыш державаларының қатарынан орын алуға мүмкіндік береді. Қазақстан ғарышының толайым табысы мен оның әлемдік ғарыш нарығымен ықпалдасуы халықаралық байланыстардың нәтижелілігіне байланысты. Сондықтан Қазақстан осы салада жетекші орын алатын агенттіктермен және Ресей, Беларусь, Украина, Израиль, Франция, Қытай, Үндістан, Жапония, Германия, Корея Республикасы, БАӘ, Сауд Арабиясы, Тайланд, Ұлыбритания сынды елдермен ынтымақтастықты дамытуда. Одан бөлек, «Байқоңыр» ғарыш айлағы іске қосылған күннен бастап, 65 жылда түрлі мақсаттағы 1500-ден астам ғарыш аппараты ұшырылған.
Бүгінде ғарыш қызметінің стратегиялық бағыты Қазақстанды үдемелі индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасына енгізілген. Ғарыш саласына қатысты төрт ірі жобаны іске асыру көзделген. Атап айтқанда, «КazSat» байланыс және ақпарат тарату жүйесін құру, Жерді қашықтан зондтаудың ғарыштық жүйесін құру, «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш-зымыран кешенін құру және Ғарыш аппаратын құрастыру-сынау кешенін іске қосу жұмысы жүргізілді. «Байқоңырдан» 2011 жылы ұшырылған «KazSat-2» ғарыш аппаратын Қазақстан тарапы толық пайдалануға қабылдап алды. Одан кейін «KazCat-3» іске қосылды. Бүгінгі таңда осы аталған отандық жер серігі мақсатына сай жұмыс жүргізуде. Еліміздің негізгі байланыс операторы қызметін аталмыш спутник арқылы жүргізуде.
Елімізде Ұлттық ғарыш агенттігі Нұрсұлтан Назарбаевтың 2007 жылғы 27 наурыздағы Жарлығымен құрылған. Бүгінде айтулы агенттік отандық ғарыш саласының сапасын жоғарылатып, озық технологиялы секторды қалыптастыру бағытында тың жобаларды жүзеге асыруда.
Байқоңыр ғарыш айлағының бірден-бір пайдасы өз жер серігімізді ұшырумен қатар, тәуелсіздігін кеше жариялаған мемлекеттердің қолынан келе бермейтін 3 ғарышкерімізді ғарышқа ұшырдық. Бұл да үлкен жетістік.
- Қазақстанның Халық қаһарманы Талғат Мұсабаев ғарышқа үш рет ұшты. Ол бірінші сапарында, 1994 жылы, ғарышта 126 күн болды. Ал екінші рет ұшқанда ғарышта 208 күн болып, ерекше ерлік көрсетті. Қазақ ғарышкері корабль бортынан ашық ғарыш кеңістігіне бес рет шығып, 30 сағат 8 минут аспан аясында қалықтады. Осындай көрсеткішімен Гиннестің рекордтар кітабына енгізілген Т.Мұсабаев 2001 жылы тағы бір мәрте ғарышқа ұшты.
Байқоңыр КІМНІҢ МЕНШІГІНДЕ?
Осы уақытқа дейін ел арасында кешенді америкалықтар мен арабтар жалға алады деген ақпарат тараған болатын. Осы мәселені нақтылау мақсатында СПК Байқоңыр мекемесіне хабарласқан едік. «Ел Үкіметі мен Ресей Федерациясының арасындағы «Байқоңыр» кешенін жалға алудың 10.12.94 шартына сәйкес «Байқоңыр» кешені жалға берілген. 2004 жылдың 9 қаңтарында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы «Байқоңыр» кешенін тиімді пайдалану жөніндегі ынтымақтастықты дамыту туралы келісімге сәйкес» жалдау мерзімі 2050 жылға дейін ұзартылды» деп жауап берді. Бұл тұрғыда саясаттанушы Расул Жұмалы Байқоңыр ұзақ жылға жалға берудің пайдасынан зияны көп дейді.
– Бұған дейінгі Байқоңырға қатысты қол қойған келісімге сәйкес, Ресей Федерациясы онсыз да Байқоңырды 2030-35 жылға дейін жалға алған еді. Нақты мерзімі есіме түспей тұр. Бірақ Қазақстан бұған келіскен. Осыдан 10 жыл бұрын екі жақ осындай келісім жасады. Әрине, 2050 жылға дейін жалдаған деген өкінішті хабар. Байқоңырдан ұшқан Ресей зымыраны жиі құлайды. Экологиямызға қауіп төндіруде. Ол осыған дейін талай айтылды. Оның ішінде пратон зымыранының зардабын Ресей күні бүгінге дейін өтеген жоқ. Гептил – ең улы қалдық. Құлаған зымыраннан сол гептил тонналап қазақ жеріне төгілуде. Ал біздің жауапты органдар осы орасан зор апаттың өтемақысына болмашы тиын-тебен алып отыр. Одан бөлек Ресей Байқоңырдан басқа мемлекеттердің зымырандарын ұшыру арқылы жыл сайын пайда табуда. Ал Қазақстан өз мемлекетінде орналасқан ғарыш айлағы үшін қандай да бір ақы, өтемақы алмайды. Біздің жыл сайынғы алатын ақымыз, қателеспесем, келісімшарт бойынша 115 миллион доллар. Бұл – жылына алатынымыз. Бірақ кезінде Қырғызстанның Манас әуежайының бір бөлігін, толықтай емес, бір ғана бөлігін НАТО әскерлері Ауған операциясына байланысты жалдап тұрды. Кішігірім әуежайға жылына 150 миллион доллар төлеп тұрды. Енді салыстырып көріңіз. Байқоңыр қандай? 2050 жылға дейін бұл жалғасатын болса, шығыны да, қауіп-қатері де зор. Сондықтан бұл мәселелерді кеш те болса, қолға алу керек. 4 негізгі бағыт бойынша, талаптарды күшейту керек. Тіпті осы Байқоңырдан келісімшарты бізге қаншалықты керек, – дейді саясаттанушы Расул Жұмалы.
Ғарышты игеру қомақты қаражатты қажет етеді. Мысалы, Америка жылына ғарышты дамытуға – 6,8, Жапония – 5, Қытай – 1,5, Ресей 1 миллиард доллардан астам қаржы жұмсайды екен. Өкінішке қарай Қазақстан ондай молынан қаржы салуға дайын емес. Одан қалды кадр мәселесі де шешілмеген. Қазір айлақта жалпы 10 мыңнан астам қызметкер жұмыс істесе, негізгі жұмыс күшін рессейлік мамандар атқарады. Осыдан-ақ, Байқоңырды игеріп кете аламыз ба, деген сұрақ туындайды. Бұл мәселе турасында қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров бір сұхбатында былайша жауап берген.
– Байқоңырды өзіміз игеріп кете аламыз. Қазір Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде, тағы басқа оқу орындарында осы саланың маманын дайындайтын факультет бар. Бірақ аз. Қарағанды, Өскемен секілді өндіріс ошағы бар қалаларда да осындай мамандар дайындайтын оқу орнын ашу қажет. Осы қатарда «Болашақ» бағдарламасымен де жастарды шетелде оқытып жатқанымызды айту керек, –деген.
Ал саясаттанушы Расул Жұмалы Байқоңырды басқарудан гөрі, Ресейден өзге мемлекетке жалға берудің пайдасы көп дейді.
Не дегенмен айлақ Қазақстандікі. Бірақ ел арасында Байқоңырды Ресей алып қояды деген үрей басым екені белгілі. Ресейліктер өз ғарыш айлағын салу арқылы бұл қорқынышты сейілтті. Дегенмен бұл мәселенің екінші жағы бар. Ресей Байқоңырдан бас тартса, әлемдегі ең үлкен айлақ талан-таражға түсіп, сатылып кетуі әбден мүмкін екенін көрсетті. Оны қорғай аламыз ба?
– Ресейге тәуелді болып, қарап отырудың қажеті жоқ. Бүгінгі күнде осындай ғарыштық бекетті ұстап тұру тек АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Қытай секілді ірі мемлекеттердің қолынан келеді. Қазірдің өзінде батыстың технологиясы озық. Зымырандарды ұшырып қана қоймай, оны қайта қондыру процесін қолға алды. Қазір қолданыста бар. Ғылым тоқтаусыз алға жылжып келеді. Сол тұрғыдан, Ресейдің пратондары, ангаралары бәсекеге қабілетсіз болып барады. Қазірдің өзінде Ресей ғарыш саласында Батыспен бәсекелесе алмайды. Ресейге қарап қалудың қажеті жоқ. Басқа мемлекеттер келсін. АҚШ, Еуропа елдерімен ынтымақтастық жасауға болады. Бұл да жақсы балама. Кез келген жерде бәсекелестік болса, сол бәсекелестікті ұйымдастырып отырған Қазақстанның таңдау құқығы болуы керек, – деді саясаттанушы Расул Жұмалы.
Шынында, ресейлік БАҚ-тың хабарлауынша, ғарышқа Ресей, Оңтүстік Корея, Жапония, Сауд Арабиясы, БАӘ, Израиль, Тайланд, Канада, Бразилия, Германия, Нидерланды, Италия, Аргентина, Венгрия, Тунис, Ұлыбритания, Испания және Словакия елдерінің спутниктері жіберіледі. Байқоңыр – қазақ жері, оған иелік ететін Ресей, ғарышқа ұшатын әлемнің түрлі елдері. Бұдан бөлек, Ресей биыл наурыз айынан бастап, Байқоңырдан 18 елдің 40-қа жуық шағын жер серігін ұшыруды жоспарлауда. Мұның барлығы қанша қаражат екенінің бағамдай берсеңіз болады. Пайда көретін – басқалар, зиян тартатын – біз.
- Деректерге сүйенсек, 600 тонналық гептилмен ұшатын «Протонның» Қазақстан жеріне 32-сі құлапты. Ал қазір «Роскосмос» ғарышқа қатысты маңызды жобаларда «Протонның» орнына «Союзды» пайдаланып жүр дегенімізбен, бұл да әлем алдында мықтылығымен мақтана қоятын техника емес. Себебі «Союз» тобына жататын «Союз-2.1а» зымыранының да құлаған кезі туралы ақпарат көп. Мәселен, 2000-2018 жылдар аралығында «Союз» тобына жататын Ресей зымыран тасығышы 8 рет құлады.
Жер кіндігін кім тапқан?
Әлемдегі алғашқы ғарыш айлағы біздің кең байтақ даламызда салынған Байқоңыр – әлемдік ғарыш айлағының бесігі. Мұнда ұшатын әрбір ракета кедергісіз көкте самғайды. Өзге айлақта сәтсіздікке ұшыраған жобалар осы Байқоңырда сәтімен жүзеге асады. Мұның себебін ғалымдар жердің қақ ортасы – Байқоңыр. Яғни жер кіндігі осы жерде деген пікірде. Ал ата-бабамыз сан ғасыр бұрын-ақ жер кіндігі Сырдың бойында деген. Оған Қорқыт бабамыз жайлы айтылған аңыздар дәлел. Мысалы, Қорқыт ата бір күні түсінде өзіне көр қазып жатқан адамдарды көреді. Оянғаннан кейін өлімнен қашып құтылмақ болады. Дегенмен қайда барса да, алдынан қазылған көр шыға береді. Дүниенің төрт бұрышын аралаған абыз бабамыз соңында Сырдың жағасына қайта келеді. Сонда оған «Жердің ортасы – Сырдың жағасы екен» деген аян беріледі. Бұл жер қазіргі Қармақшы ауданының аумағында жатыр. Абыз бабамыздың жамбасы жерге тиген жер Байқоңыр қаласына жақын орналасқан.
Өткен ғасырдың басында ғалымдар ғарыш айлағын қай жерде орналастыру туралы ойланғаны анық. Сонда «Байқоңыр» кімнің ойына келді екен? Бәлкім, космонавтика ғылымына негіз салған ғалымдар Қорқыт ата туралы аңыздан хабардар болды ма, деген ой келеді. Орыс ғалымы Г.Потанин аңыз жайында айта келе: «Бұл хикаяттың негізінде түрлі сыр жатуы мүмкін. Мүмкін ол астрономиялық болуы да ғажап емес. Онымен жердің немесе мұхит ортасының байланысы болуы ықтимал. Яғни жер кіндігі жайында», – дейді. Ал ғылыми дәлелге сүйенсек, ғарыш алаңын салу үшін Байқоңырды таңдап алу кезінде бұл жердің елді мекендерден қашық болуы, экватор жазықтығына жақындығы, ракета ұшырудың қауіпсіздігі, қайтып оралатын ғарыштық объектілер үшін қолайлы қону аймақтарының болуы ескерілген.
Ескі мен жаңа
Еліміздің аэроғарыш саласын бүгінде ғарышта топтастырылған отандық спутниктер, жердегі ғарыштық байланыс жүйесі, спутниктерді құрастырумен және Байқоңырда перспективалық жобаларды іске асырумен айналысатын кәсіпорындар құрайды. Бүгінде спутниктердің 3 тобы штаттық режимде жұмыс істейді. KazSat ғарыштық байланыс жүйесі – Қазақстанның спутниктік байланыс пен телехабар таратуда жетекші рөл атқарады. 2024 жылы «KazSat-2» спутнигін жоспарлы ауыстыру үшін «KazSat-2R» спутнигін құру жоспарлануда. Жерді қашықтықтан зондтаудың қос спутникті жүйесі (KazEOSat-1 және KazEOSat-2) елімізді қажетті деректерімен толық қамтамасыз етуде. Нәтижесінде еліміздің жер ресурстары 100 пайызға «цифрланған » және ауыл шаруашылығы, ТЖ, жер пайдалану және экология саласындағы салалық міндеттер шешімін табуда. Келешекте қазақстандық спутниктердің оптикалық және радар аспаптарының кең спектрін пайдаланатын ЖҚЗ нарығында әлемдік ойыншылардың қатарына енуі күтілуде. Бұл пайдалы қазбаларды цифрлау және мониторингілеу, атмосфера мен топырақты талдау дәлдігін арттыруға мүмкіндік береді.
Ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенінің (ҒА ҚСК) құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Өндірістік пайдалануға беру 2022 жылға жоспарланған. Кешен 1 млрд. теңгеден астам сомаға алғашқы тапсырысын алды. KazSat–2R және ЖҚЗ спутниктік топтарының жобаларын іске асыру ҒА ҚСК жүктемесіне қарай жүзеге асырылады. Қазақстанның «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы іс-әрекетін кеңейту үшін Ресеймен бірлесіп «Союз-5» зымыран тасығышының базасында «Бәйтерек»ғарыш зымыран кешенін құру жобасын іске асыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ коммерциялық ұшуды жүзеге асыру мақсатында «Союз-2» зымыран тасығышының базасында Ресеймен және БАӘ-мен бірлесіп «Гагарин стартын» жаңғырту жөніндегі инвестициялық жоба пысықталуда.
P.S. Байқоңырдың пайдасынан зияны дегенімізбен, Байқоңырдан бас тарта алмаймыз. Американдық басылымдар ресейлік зымыран тасығыштардың тозығы жеткен деп жарыса жазуда. Оған себеп те бар. Өйткені жуырда Илон Маск қайта пайдалануға болатын зымырантасығышты жарыққа шығарды. Мұның нәтижесінде американдық зымыран қалдығы мен зымыран жанармайы жерге төгіліп-шашылмайды. Шығын да азаяды. Алайда, Ресейдің бұндай жаңа зымырандарды зерттеп, жасап жатқаны туралы дерек жоқ. Жасаған күннің өзінде сынақтан өткізіп болғанша бірнеше жыл кететіні белгілі. Сондықтан бұндай рекаталарды Байқоңырда пайдалану әзірше арман.
Айгүл ӘЛІШЕРОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!