Қазақ қоғамында бала тәрбиесіне қатысты терең тамыр жайған түсінік өте көп. Соның бірі – ата-ананың балаға жасаған еңбегі мен қамқорлығы үшін баланың «қарыз» болуы. «Балам ертең мені бағады», «баламыз ертең бізді асырайды» деген сөздер көпшілікке таныс. Бұл түсінік ғасырлар бойы қалыптасқанымен, қазіргі қоғамда оның дұрыс-бұрысы жөнінде дау-дамай жиі туындайтыны жасырын емес. Бала ата-анасына қарыздар болып өсуі керек пе, әлде ата-ана мен бала арасындағы қатынас мүлде басқа ұстанымға негізделуі тиіс пе?
Қазақы дүниетанымда ата-анаға құрмет – ең биік құндылықтардың бірі. «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді», «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің» деген мақал-мәтелдер соның дәлелі. Дәстүрлі қоғамда бала ата-ананың қамқорлығын, тәрбиесін, еңбегін өтеуі тиіс деген түсінік бар.
Қазақ қоғамында бұл түсініктің әлеуметтік негізі де қалыптасқан. Үлкен отбасы, ортақ шаруашылық, бір-біріне тәуелді өмір салты балалардың ата-анасына қамқор болуын табиғи міндетке айналдырды. Қартайған ата-ананы бағу баланың ғана емес, жалпы әулеттің парызы саналатын. Яғни ерте жастан балаға «ата-анаға қарызсың» деген сөз көбіне тәрбиелік мәнде айтылып, құрмет пен жауапкершілікке үйретудің бір тәсілі ретінде қолданылып келді.
Алайда бүгінгі қоғамда бұл түсініктің екінші қыры ашық айтылып жүр. Кейде ата-ана балаға жасаған жақсылығын міндетсініп, оны өмір бойы еске салып отырады. Мұндай жағдайда бала ата-анасына деген шынайы сүйіспеншіліктен емес, кінә сезімінен немесе моральдық қысымнан әрекет етуі мүмкін.
Психологияда мұны «қарыз сезімі арқылы тәрбиелеу» деп атайды. Мұндай тәсілдің бірнеше салдары болуы ықтимал. Мәселен бала өміріндегі маңызды шешімді де, кез келген қалауында да еркін таңдай алмайды, ата-ананың үмітін ақтау үшін өз армандарынан бас тартады және ата-анаға деген махаббат пен құрметтің орнына міндет пен ауыр жауапкершілік сезімі қалыптасады. Нәтижесінде бала өзін жеке тұлға ретінде емес, ата-ананың үмітін ақтауға тиіс борышкер ретінде сезінуі мүмкін.
Жантану мен дін не дейді?
Қазіргі педагогика мен психологияда бала ата-ананың қарыздары емес, керісінше ата-анаға аманат деген ұстаным жиі айтылады. Яғни ата-ана баланы дүниеге әкелген соң, оны өсіру оның табиғи міндеті. Бала бұл үшін ата-анасына қарыз болмауы керек деген пікір бар.
Шын мәнінде бұл мәселені ақ-қараға жіктеу аса қиын. Қазақ қоғамындағы дәстүрлі һәм діни тәрбие де, қазіргі психологиялық көзқарас та белгілі бір деңгейде дұрыс саналады.
Бір жағынан, ата-ананы құрметтеу адамгершіліктің белгісі. Қартайған ата-анасына қарамайтын, оларды ұмыт қалдыратын қоғамда моральдық құндылықтар әлсірейді. Екінші жағынан, баланы үнемі «қарыздарсың» деп өсіру оның психологиялық еркіндігіне кері әсер етуі мүмкін.
Сондықтан мамандар мұндай қарым-қатынаста қос тарапқа «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмейтін» тепе-теңдікті ұсынады. Ата-ана балаға жақсылығын міндет қылып емес, махаббатпен жасауы керек, ал бала ата-анасына қамқорлықты қарыз ретінде емес, ризашылық пен құрмет ретінде көрсетуі тиіс.
– «Ешкім ешкімге ештеңе міндетті емес» деген принциппен өмір сүрген жөн. Мен ата-ана ретінде қазіргі таңда шамам жеткенше балаларымның жағдайын жасаймын, бере алғанымша беремін. Бірақ «маған қайтарасың, қарайсың, мені бағасың, асырайсың. Қара, мен сен үшін осыншалықты қиналдым. Сен үшін осылай жұмыс істеп жүрмін. Ақ сүтімді, еңбегімді ақтауың керек» деген міндеттеулер қажет емес. Бұл нәрсенің бәрі ата-ананың міндеті.
Илон Масктың сөзі бар, «Мен балаларымды дүниеге әкелу үшін олардың рұқсатын, қалауын сұраған жоқпын» дейді. Балалы болуды мен қаладым. Демек заңды тұрғыда 18 жасқа дейін немесе ЖОО тәмамдап жұмысқа орналасып, өз қолы өз аузына жеткенше әке ретінде менің міндетім қандай болса, соның бәрін орындаймын. Бірақ ол үшін қайтарым талап етпеймін, ештеңе күтпеймін, – дейді отбасылық психолог Ержан Мырзабай.
Қазіргі жастар арасында бұл мәселе жиі талқыланады. Кейбірі «ата-анаға өмір бойы қарызбыз» десе, енді бірі «ата-ана баланы өз еркімен дүниеге әкеледі, сондықтан ол үшін баланы қарыз сезіндіру дұрыс емес» дейді. Бұл пікірталас қоғамдағы құндылықтардың өзгеріп жатқанын көрсетеді. Қала мәдениеті, жеке тұлға еркіндігі, психология ғылымының дамуы сияқты факторлар ата-ана мен бала арасындағы қатынасқа жаңа көзқарас әкеліп отыр. Десе де дін өкілдері мұндай құбылысты құптамайтынын ашық жеткізіп келеді.
– Өмірдегі шын жанашырымыз – ата-анамыз ғана. Ата-ана он баланы қарай алады, өкінішке қарай сол он бала бір ата-ананы қарай алмайтын жағдайлар орын алып жатыр. Ата-ана баладан ештеңе сұрамайды.
Құранда «Аллаға құлшылық қыл, ата-анаңа жақсылық қыл» дейді. Анаң мен әкең екеуі немесе екеуінің біреуі қартайып, қасыңда тірі жүрсе оларға дөрекілік танытып, қатты сөз айтып, тіпті «уф» деп кейіс білдіріп, жүрегін ауыртпа. Ата-ананың разылығы – Алланың разылығы. Яки ата-анаң наразы болса, Алла да саған наразы, – дейді ҚМДБ сарапшылар кеңесінің мүшесі Қабылбек Әліпбайұлы.
Қамқорлық – тек парыз емес, заң талабы
Биылдан бастап кәмелетке толған, еңбекке қабілетті балалардың еңбекке жарамсыз ата-аналарына қамқорлық жасау міндеті жаңа Конституцияда бекітілуі мүмкін. Бұл туралы ҚР Мәжіліс депутаты, Конституциялық комиссия мүшесі Бақтығожа Ізмұхамбетов мәлімдеген болатын.
– Аға буын үшін маңызды тармақ – кәмелетке толған еңбекке қабілетті балалардың еңбекке жарамсыз ата-аналарына қамқорлық жасау міндетін Конституцияда бекіту ұрпақтар сабақтастығы мен отбасылық ынтымақтастықты күшейтеді, – деді депутат.
Жаңа Конституция жобасында қарастырылған 30-бапта кәмелетке толған, еңбекке қабілетті балалардың еңбекке жарамсыз ата-аналарына қамқорлық жасау міндеті көзделген. Сонымен қатар «Неке және отбасы туралы» кодекстің 145-бабында еңбекке жарамсыз ата-аналардың мәртебесі «көмекке мұқтаж» деген толықтырумен нақтыланады. Себебі еңбекке жарамсыз ата-аналардың барлығы бірдей сыртқы көмекке зәру болмауы мүмкін.
Аталған бапқа сәйкес, еңбекке қабілетті кәмелетке толған балалар өздерінің еңбекке жарамсыз әрі көмекке мұқтаж ата-аналарын асырауға және оларға қамқорлық жасауға міндетті. Егер алимент төлеу туралы өзара келісім жасалмаса, мұндай жағдайда алимент сот тәртібімен өндіріп алынуы мүмкін.
Дегенмен, заңда белгілі бір ерекшеліктер де қарастырылған. Егер сот ата-ананың балаға қатысты өз міндеттерін орындаудан бұрын жалтарғанын анықтаса, онда бала ата-анасын асырау міндетінен босатылуы мүмкін. Сондай-ақ ата-ана құқығынан айырылған тұлғаларға балалардың алимент төлеу міндеті жүктелмейді.
Жаңа Конституция жобасындағы аталған тармаққа қатысты Астана қаласы әкімдігінің «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы МКҚК директоры Ардақ Сеитова өз пікірін білдірді.
– Ата-анасы түгілі өзін баға алмайтын кәмелетке толған балалар да бар. Мәселен жұмыссыздық, әлеуметтік саладан өзінің орнын әлі таба алмай жүрген жастар бар. «Ата-анаға қамқорлық» дегенде өзімнің жеке ойым, бұл ата-анаға материалдық, моральдық, психологиялық тұрғыда көп көңіл бөлу. Кәмелетке толған бала «ата-анамды қарамаймын» деген ойда болмайтын шығар. Сол жағдайға алып келетін өмірілік факторлар болады. Соның салдарынан бүгінде қарттар үйіндегі қариялардың саны көбейіп барады, – дейді орталық директоры.
Бұл мәселенің бір ғана дұрыс немесе бұрыс жауабы жоқ. Ата-ана мен бала арасындағы қатынас – заңмен ғана өлшенбейтін, әрі тек моральмен де шектелмейтін күрделі құбылыс. Баланы қарыздар сезіммен тәрбиелеу кей жағдайда жауапкершілік пен құрметті қалыптастыруы мүмкін, алайда ол шамадан тыс міндетке айналған кезде адам еркіндігі мен жеке таңдауына салмақ түсіруі ықтимал. Сол сияқты, ата-ананы қарау мәселесін тек заңға немесе сезімге сүйеніп шешу де толық жауап бола алмайды.
Қорытындылай келе, ең маңыздысы, бұл қатынастың негізінде мәжбүрлік емес, өзара түсіністік пен адамгершілік тұруы. Ата-ана балаға өмір сыйлап, тәрбие берсе, бала да өскенде сол қамқорлықты бағалап, мүмкіндігіне қарай жауапкершілік танытады. Бірақ бұл байланыс қарыз бен талапқа ғана емес, жүректегі құрмет пен ниетке сүйенгенде ғана берік болады.
Қазақ қоғамында бала тәрбиесінде «қарыз» ұғымы ғасырлар бойы қалыптасқанымен, бүгінде оны қайта ой елегінен өткізу қажеттілігі туындайды. Бала ата-анасына құрметпен қарап, қамқор болуы маңызды құндылық. Бірақ бұл қарым-қатынас қарыз бен міндетке емес, сүйіспеншілік пен ризашылыққа негізделгенде ғана шынайы болады.
Аружан ОРАЛБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
