Қазір бүлдіршіндер телефон мен теледидардағы контенттің күнделікті көрермені. Соның салдарынан сөйлеу қабілеті дұрыс қалыптаспай жатқан бала көп. Бала тәрбиесіндегі ең басты міндеттердің бірі – оның айналасындағы ақпарат пен контентті сүзгіден өткізіп, сапалы білім мен тәрбиенің берілуін қамтамасыз ету. Ал бұл критерийге қазіргі ата-ана қаншалықты сай?

БАЛАНЫ ЖАСТАН…

Баланы ғаламтордан тыйып тастау қиын, бірақ онсыз баланы ырқыңа көндіру де оңай емес. Әсіресе, бала әлі кішкентай болса. Міне, осы сәттен бастап баланың сөйлеу қабілеті де, оның әлемді қабылдау түсінігі де өзгеріске ұшырайды. Ағаттық жасаған ата-ана мұны кеш түсінеді. Статистикаға көз жүгіртсек, қазір Қазақстандағы әрбір төртінші бала күніне 3-4 сағат уақытын телефон немесе планшет алдында өткізеді. Бұл үрейлі дерек, себебі мұндай ұзақ уақыт экран алдында отыру баланың сөйлеу қабілетіне тікелей әсер етеді.

Ең алдымен мына сауалға жауап ізделік: «балалар контенті туралы не білеміз?». Ғаламторда, әлеуметтік желілерде сан алуан материал бар. Бірақ оның көпшілігі дерлік тек ойын-сауыққа бағытталған, тәрбиелік тұрғыда беретіні аз. Жан- жақты дамып, өзіндік көзқарасы қалыптасуы тиіс бүлдіршіннің ой-өрісі сол көрген дүниеге сай болып қалыптасады. Балаға немқұрайлылық танытқан жағдайлар салдары бүгінде көз алдымызда көрініс тауып жүр. Дәрігер есігін торуылдап, «баламды қайтсем сөйлетемін?» деп маңдайы тасқа тиген әке мен шешенің мұңы жүректі қынжылтпай қоймайды.

Педагог-психолог Айтолқын Ақынбаева балалардың сөйлеу қабілетіне әсер ететін басты фактор ретінде ғаламтордағы контентті атады. Оның пікірінше, ата-аналар ғаламторды еркін қолдануға мүмкіндік берген кезде бала шынайы өмірден шет қалады.

– Иә, қазір өкінішке қарай, сөйлеу қабілеті кеш дамыған балалардың саны артпаса, кемімей тұр. Оның бірден бір себебі ретінде гаджеттің шектен тыс көп қолданыста болуын, ұзақ уақыт баланың теледидар алдында отыруын айта аламыз.

Қалыпты жағдайда бала 1 жастан асқанда кемінде 10 сөзді айта білуі керек. Алайда қазір бұл сөздік қор тек 2-3 жастағы балаларда жиі кездеседі. Соған сәйкес баланың ойлау қабілеті де баяу дамиды.

Әлеуметтік желі толыққанды дамуға кедергі болмаса, балаға әсте қажетті құрал емес. Бүлдіршіннің дұрыс өсуіне шынайы қарым- қатынас негізгі құрал. Мейілінше оның тамашалайтын контентін саралап, жас ерекшелігіне сай аз әрі шектеулі уақытпен бергеніңіз дұрыс.

Баланың дұрыс дамуы үшін ең маңызды дүние – оның қоршаған ортасы мен қарым- қатынасы. Әр түрлі жас кезеңдерінде балалардың негізгі іс-әрекеті ойын болғандықтан, олардың қарым-қатынасын ойын арқылы орнату ең тиімді әдіс. Ата-ана баламен байланыс жасағанда, оған барлығын ерте жастан толық түсіндіріп, қажет болған жағдайда көрсете білу керек. Дұрыс коммуникациялық байланыс орнатуға дағдыландыру маңызды. Бұл әрекеттердің барлығы болашақта ата-ана мен баланың арасындағы қарым-қатынастың берік әрі дұрыс қалыптасуына кепіл болады, – дейді маман.

ABC емес, «А,Ә,Б»!

Бала түрлі бейнероликтерді тамашалайды.Бүлдіршіндердің «a,b,c,d,e,f,g,…» деп әріп тізбектерін әндете айтқан көріністің талай рет куәгері болған шығарсыз. Әсіресе ғаламтордағы шетелдік контент қазақ тіліне қарағанда орыс тілінде немесе ағылшын тілінде көбірек таралатындықтан, қазақ тілінде сөйлеу қиындық туғызады. Қазақ тілді контент әлі күнге дейін аз болғандықтан, салдарынан сәбидің ана тілін еркін меңгеріп кетуі екіталай. Тіпті қазақ тілді туындыны тамашалағанның өзінде, отандық материалдардың да кемшін тұстары жеткілікті.

Бір жағынан бұл үлкен артықшылық, себебі қос тілді немесе көптілді балалардың миы белсенді жұмыс істейді. Алайда егер тілдік балансты сақтамаса, келешекте қиындық туғызбасына кепіл жоқ.

– Баланың екі тілді ерте жастан меңгеруі өте пайдалы. Десек те ата-ана келесі мәселеге назар аударуы қажет: бала сол тілді қарым-қатынаста қолдана ала ма, оның танымдық процестері жас ерекшелігіне сай дамып келе ме? Мәселен, қабылдау, зейін, түсіну секілді процестердің қалыптасуына аса мән беру маңызды.

Қазіргі кезде көптеген балалар тілді жаттанды түрде меңгереді. Бірақ оны күнделікті өмірде, қарапайым қарым-қатынаста қолдануға қиналады. Осы тұрғыда ата-аналар балалардың тілді меңгеруі танымдық процестермен бірге дамып жатқанын басты назарда ұстауы керек, – дейді педагог-психолог Айтолқын Болатбекқызы.

Иә, тілге қатысты мәселе өзекті. Себебі мұнымен күресуге көп ата-ана ынталы еместей көрінеді. Баланы дағдыландырудың орнына, оның ығына көніп, орыс мектебіне беруді жөн көретін «еріншек» ата-ананың көбеюі қазақ тілінің тарихына сызат түсіретінін естен шығармайық. Сондай-ақ ғаламтордағы балалар контенті қаншалықты цензураланған? Осы сауал бойынша мұғалім, сондай-ақ Қызылорда қалалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының «ITiMAQORDA балалар технопаркі» бөлімінің меңгерушісі Мақсат Серікбаевпен тілдескен едік.

– Кезінде «Балапан» телеарнасында балаларға арналған контент жүйелі қолға алынып, біршама жұмыс атқарылды. Кейіннен гаджет қолданысқа еніп, бүлдіршіндер ағылшын, орыс тіліндегі контенттің көреремені бола бастады. Ерте тілі шыққан баланың алғаш айтқан сөзі ана тілінде емес, осы шетел тілінің сөзі бола бастады.

Әуеліде «Балапан» телеарнасының көріп өскен балалардың алды бүгінде 8-11 сыныпта оқып жатса, оларды таза әрі сауатты қазақ тілінде сөйлей алады деп нақты айта аламыз. Себебі «Балапан» телеарнасының мақсаты сол еді.

Әрине, телефонға телміріп өскен баланың басқа тілде сөйлейтіні бесенеден белгілі. Мұны тілдік құлдырау деп қабылдай алмаспыз. Кейбір ата-ананың түсінігі бойынша бұл қуантарлық жағдай. Дегенмен өз ана тіліміздің шұбарлануына әкеліп жатқанын ескере бермейміз. Сол себепті қазақша контентті қолға алсақ, тіліміздің мәртебесін көтереміз. Өз басым қазақ балаларының тілі шетел тілінде шыққанын қаламаймын.

Цензураға қатысты айтатын болсақ, ата- ана көбіне баласына өзінің ұялы байланыс құрылғысын ұстата салады. Ал ондағы әлеуметтік желіде түрлі материалдың бары рас. Бейәдеп лексикон қолданылған бейнеролик, фильмдерден үзінді видеолар баланың жадында сақталып қалады. Ересек адам ақпаратты саралай алатын болса, бүлдіршін ақ-қарасын ажырата алмайды. Сол себепті қадағалау маңызды. Кейбір жарнамалар балалардың жас ерекшелігін елемейді. Әрине, сананы нарық билеп тұрған шақта кейбір дүниелерге тоқтау бола алмаймыз. Десек те балалар тамашалайтын телеарнаға, ресми сайттар мен әлеуметтік желідегі парақшаларға мемлекет тарапынан бақылау мықты болу керек, – дейді Мақсат Ерланұлы.

Балалар телефонға тәуелді болып өссе, бұл оның психикасынан да айқын көрініс табады. Жасқаншақ, ынжық, коммуникациялық қабілеті мен әлеуметтік дағдылары нашар болады. Ана мен әкенің ақылына құлақ аспай, ашушаң болмасына да еш кепілдік жоқ.

Қорытындылай келе, қазақтың «баланы бес жасқа дейін патшаңдай күт, бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса. Ал он бес жастан асқан соң досыңдай сырлас» деген нақыл сөзін мысалға келтірсек, бүгінгі жас ата-ана осы асыл сөздердің құндылығын ұмыт қалдырған секілді. Біз тоқталған балалар контенті, шектеулер мен ескертулердің бала тәрбиесінде ойнайтын рөлі басым.

Психолог айтып өткендей, бүлдіршінге шынайы қарым-қатынас керек. Ал ғаламтордағы ақпарат шынайы өмірдегі тәжірибені алмастыра алмайды.

Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!