Дүниеге келген әр сәби ананың құшағында, туған әкенің алақанында, жайлы баспанада, тәттіге толы дастарханда өскенін армандаймыз. Әттең, көп жағдайда бұл жай ғана арман болып қалады. Себебі отбасылық дағдарысты шешудің жалғыз жолы екіге кету деп түсінгендер ертең жалғыз қалмайтынына, өз бақытын табатынына сенімді. Ал сол тапқан жартысы ұл-қызына туғанның орнын баса ала ма?

Қазақстандықтардың 25 проценті азаматтық некені қолдайды

Соңғы 10 жылдың статистикасын парақтасақ, ер адамдардың 68%-ы, әйелдердің 27%-ы екінші рет отбасын құрады. Көп жағдайда бірінші мен екінші некенің арасы – 5,5 жыл. Осы уақыт ішінде адам өзінің моральдық құндылықтарын ой елегінен өткізеді. Жаңа өмірлік серігін қайта іздеуге кіріседі. Бұған ажырасқан жағдайда балалар көбіне анасында қалатынын қосыңыз. Ал екінші рет отбасын құрған кезде немесе азаматтық некеге қадам басқанда көптеген қиындық баламен тікелей байланысты. Психологтардың пайымынша, азаматтық некенің бала үшін зардабы ауыр. Олардың көпшілігі өгей әкесімен бірге тұратын қыздардың тағдырына алаңдаулы. Кәсіби психолог, Қазақ психологиялық қоғамының мүшесі, «Жан дүнием» кітабының авторы Балжан Қанапияева мұндай некеде бала физиологиялық зорлыққа ұшырауы мүмкін екенін айтты.
– Қазақстандық қоғамдық даму институты жүргізген сауалнама да барлық жастағы қазақстандықтардың шамамен 25%-ы азаматтық некеге оң көзқарас танытқан. Бірақ бұл қарым-қатынас – шынайы махаббатпен емес, уақытша қолдауға құрылған екі жұптың қарым-қатынасы. Азаматтық некенің артында жасырын психологиялық соққы тұрады. Тек әлеуметтік жағдай жасап алған соң ғана жүрміз деп айтатын әйелдер де бар. Ал осындай қарым-қатынасты көрген баланың жай-күйін айтпасам да түсінікті. Егер де ажырасқан әйелдің баласы болса, бұл атмосфера балаға да кері әсерін береді. Біз шетелге еліктеуді доғаруымыз керек. Бала өгей әкесінен қандай да бір психологиялық қысым көп көрсе, анасы ойлану керек. Бұл жерде баланы алып кеткен дұрыс. Бірінші некеден кейін «мен жалғыз қалмауым керек» деп екі ортада шалыс басатын әйел көп. Ол жан рақаты үшін өмір сүруді таңдады делік, ал бала сол үйде өзін өгей сезініп жүр, сонда бұл қандай махаббат?, – дейді маман.

Қылмыс түрленіп, адам шошырлық деңгейге жетті

Шынында қазір «Қалған өмірді бірге өткереміз. Екі жарты бір бүтін боламыз. Сенің балаң – менің балам» деп бас қосқандардың кейбірі өгейлігін жасап отыр. Жаға ұстатарлық фактілер соған дәлел. Жақында Алматы облысы «Береке» саяжайында өртке оранған үйден 7 мен 13 жастағы баланың анасымен бірге мәйіті табылды. Мұндай қастандыққа азаматтық некедегі күйеуі барған болып шықты. Қыркүйек айының соңында орын алған 4 жасар баланың өліміне қатысты да тың дерек пайда болды. Көршілер баланың анасы студентімен азаматтық некеде болғанын айтқан. Алматылық келіншек бірге тұрған студентіне ұлын тапсырып, жұмысқа кеткен. Бірақ жас жігіт мазасызданған баланың қылығын көтере алмай, оны өлімші етіп сабаған. Бет-аузы көгеріп-бозарып кеткен баланың жағдайы бөбекжайда күрт нашарлапты. Ішкі ағзасы қаңсырап кеткен бала бірнеше күн ауруханада ес-түссіз жатып, ақыры жансақтау бөлімінде көз жұмды. Қазір тергеу жүруде.
Павлодар қаласының тұрғыны өгей қызын алты жылдан бері зорлап келгені де жұртшылықты дүр сілкіндірді. Қырық жастағы еркек зұлым әрекетін үйде әйелі жоқ кезде жүзеге асырып келген. Ол бірінші рет қызын сегіз жасында зәбірлеген. Өгей әке 15 жылын қатаң режимдегі түрмеде өтейтін болды. Алматы облысында да 14 жасар қызды өгей әкесі бір жыл бойы зорлап келген. Жас қыз құрсақ көтеріп қойған. Ал, Маңғыстауда 7 сынып оқушысы өгей әкесінен жүкті болған. Беріде Шымкентте жеті жыл бойы өгей қызын зорлап келген тағы бір азғын 17 жылға сотталды.
Балаға зәбір көрсеткен өгей шешелер де жоқ емес. Бір ғана мысалды алайық. Жетісайда өгей ана қыздарды қанша рет және қалай жазалағаны туралы жазбаша есеп жүргізген. Ол үш қыз үшін арнайы дәптер арнаған. Ең басты пункт: әрдайым жымиып жүру, қай жерің ауырса да, әкесі үйге келгенде ештеңе білдірмеу. Осы дәптерде өгей ана қыздарды қалай жазалау керектігін, қанша рет таяқ жегенін жазып отырған. Ол жазалау құралы ретінде шампур, ине, тістеуіш, пышақ және оқтауды қолданған. Сол себептен болар күйеуі өзі жоқта не болып жатқанын елестете де алмаған. Аталған жайтқа қатысты Жетісай ауданындағы полицейлер қылмыстық іс қозғады.
Әлем бойынша жылына 1 млрд-қа жуық кәмелетке толмаған бала эмоционалдық, сексуалдық, физикалық зорлық-зомбылыққа ұшырайды екен. Бұл сан жер бетіндегі екі жастан он сегіз жасқа дейінгі балалардың тең жартысынан көп. Елімізде де күннен күнге зорлық-зомбылық артып отыр. Іштегі зарын тарқатып, бас сауғалап, өзгеден көмек күтетін жандар жетіп артылады. Бәрінен бұрын жасалып жатқан қылмыстың күннен күнге түрленіп, күрделеніп, тіпті адам шошырлық деңгейге жеткенін аңғару қиын емес.

Өгей әкемен тұратын балалардың отбасылары тексеріледі

Осыған байланысты ІІМ іс-қимыл алгоритмін әзірледі. Министрдің орын­басары Игорь Лепеха балалардың құ­қығын қорғаудың және олардың қауіп­сіздігін қамтамасыз етудің маңызы жоғары екенін атап өтіп, өңірлерде ведомствоаралық мобильді топ құрылғанын хабарлады.
«Ведомствоаралық топ қазірдің өзінде балалармен бірге тұратын 28 мыңнан астам отбасын аралап көрді, олардың 5,7 мыңнан астамы өгей әкемен және 9 мыңнан астамы туған әкесімен бірге тұратын отбасылар. Балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді атқармайтын 1,5 мыңнан астам ата-ана анықталып, профилактикалық есепке қойылды», – деді хабарламасында И.Лепеха.
Бұдан бөлек, Бас прокуратура құқық бұзушылықтың алдын алу шараларының тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін «Е-превенция» жобасын таныстырды. Бағдарлама қиын жасөспірімдердің өмір сүру жағдайын, бос уақытын, білім алу мүмкіндіктерін, әлеуметтік мәселелерін зерттеуге мүмкіндік береді.
«Кәмелетке толмағандарға қарсы жыныстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін прокуратура қызметкерлері қолайсыз отбасыларға, көпбалалы отбасыларға және өгей әкесімен бірге тұратын отбасыларға барады», – деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Бұл ретте Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева зорлық-зомбылық, қатыгездік, балалардың терезеден құлауы, балалар мекемелерін лицензиялау және буллинг мәселелері бойынша 50-ден астам түзетуді қамтитын заңнамалық сипаттағы ұсыныс жасағанын айту керек.
P.S. Британ жазушысы Джеймс Гринвудтың «Өгей бала» романы – мұңға малынған шығарма. Мұнда басты кейіпкер Джимнің өгей шешеден көрген қысымы, қатыгез әкенің қорлығы, соның кесірінен үйінен қашып кеткені баяндалады. Жазушы жоқшылық пен кезбеліктің адамдарды қылмыс жасауға итермелейтінін анық көрсетеді. Ал бұл – бала үшін үй қауіпсіз мекен, ал отбасы қолдау мен ынтымақтың ұясы болу керек деген сөз.

А.СНАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!