Бүгінгі бас мақала баспахана жайында болмақ… Кітап пен газет-журналға жаны құмар жандар дайын дүниенің қолына қалай жеткеніне мән бере бермейді. Жусан иісіндей бұрқырап шыққан газет пен ақылына ақы сұрамайтын кітаптың перзентханасы – баспа үйлері!
Республикадағы баспа үйлерінің тарихы жүз жылдан тамыр тартады. Әйткенмен Сыр өңіріндегі баспа машиналары сыр бере бастағандай. Аймақтағы баспаханалар саусақпен санарлық. Оның тек екеуі ғана газет басып шығара алады. Кітапты тап-тұйнақтай етіп қолыңа ұстататын мамандар саны да аз. Сондықтан ба еліміздегі кітап сөрелеріндегі басылымдардың басым көпшілігін шетелдік өнімдер құрайды. Тек соңғы жылдары ғана қазақ тіліндегі кітаптар саны көбейіп келеді. Әлем әдебиетінің ең үздік үлгілерін аударып, басумен айналысатындардың көбі тәуелсіз баспагерлер. Жалпы, баспа нарығына қандай реформалар қажет екенін саралап көрдік.
Мыңнан астам баспа тіркелген
– «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады. Балалар мен жастарды тәрбиелеп, олардың бойына осы озық құндылықтарды сіңіруге айрықша көңіл бөлінуі керек. Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Соңғы жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр, – деп Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев атап өтті.
Бұл әрекетке былтыр қозғау салынды. Түркістан төрінде өткен алқалы жиында баяндама жасаған Ұлттық құрылтай мүшесі Жұлдыз Сүлейменова елдегі кітап нарығын реттеуді ұсынған еді. Мәжіліс депутатының айтуынша, тәуелсіз баспагерлер өздерінің басып шығарған өнімін қалада ғана болмаса, ауылды жерде өткізе алмайды. Себебі сатылым нүктелері заңмен бекітілмеген. Соның салдарынан ауыл балаларының шетел жазушыларының озық шығармаларымен танысып, сусындап өсуіне мүмкіндіктері жоқ. Сол себепті Ұлттық құрылтай мүшесі тәуелсіз баспагерлерге субсидия беруді заңмен бекіту қажет екенін ұсынған болатын.
– Соңғы 3 жылда қала мен ауыл мектептеріндегі білім сапасының алшақтығын азайтуға байланысты міндет қойылғанын білеміз. Сол міндетті орындауда осы кітап нарығын реттеу, әлемдегі ең үздік балалар әдебиетін ауылдарға дейін жеткізу, ауыл баласына қолжетімді етуде біз тәуелсіз баспагерлерге субсидия бөлу, оларға жеңілдетілген несиелер қарастыру және салықта жеңілдік қарастыру қажет деп ойлаймыз. Үкіметпен бұл мәселені аяғына дейін жүзеге асыруға әзірміз, – деген еді Парламент Мәжілісінің депутаты Ж.Сүлейменова.
Қазір қазақстандық баспалар мен баспаханалардың көпшілігі Астана мен Алматы қалаларында орналасқан. Кітап палатасында тіркелген мыңнан астам баспаның барлығы бірдей кітап шығарумен айналыспайды. Отандық нарықта санаулы баспалардың ғана өнімдері сұранысқа ие. Ал кітап нарығының 90 пайызға жуығын шетелде шыққан өнімдер қамтамасыз етеді.
– Идеология жұмысындағы басты бағыттың бірі – кітап басып шығару ісі. Қазақстан нарығында шетел өнімдері басым екені жасырын емес. Әдеби кітаптардың 90 пайызға жуығы сырттан келеді. Бұл үрдістің салдары қандай болатыны айтпаса да түсінікті. Ұлттық мүддеге сай келетін кітаптарды көптеп басып шығару өте маңызды, – деді Мемлекет басшысы.
Таралым аз болған сайын баға қымбаттайды
Қазақстандағы баспа нарығының дамымауына саладағы бәселестіктің аздығы да себеп. Өйткені әлі күнге дейін көптеген ірі баспа тек мемлекеттік тапсырыспен күн көреді. Дизайны бірдей, аудитория сұранысын зерттемей басылған кітаптар шалғайдағы кітапханалардың сөресінде шаң басқан күйі тұратыны жасырын емес.
– Кітап оқушылардың бүгінгі қарқыны мені қуантады. Бұған көбіне кітап саудасының оң әсер беріп жатқанын бағамдауға болады. Кітап саудасымен айналысатындардың жаңа жұмыс тәсілдері, әлеуметтік желілердегі таргет, қызықты стористер түсіру – бәрі де оқушының кітапқа қызығушылығын арттыруға үлкен үлес қосуда. Бұл – жақсы тенденция.
Дүкендердегі кітаптың бағасы арзан емес. Өйткені қағаз бен бояудың бағасы қымбат. Білесіз, бұған дейін еліміздегі қағаздың басым бөлігі Ресейден тасылған. Қазір Ресейдің өзінде қағаз өндіру көлемінде айтарлықтай құлдырау бар, өйткені қағаз шикізатын ағартатын химиялық қоспаларды бұрынғыдай Батыс Еуропадан емін-еркін таси алмайды. Жалпы, баспа өндірісінде соғыс пен санкцияның салқыны сезіледі.
Кітапты Астана мен Алматыдан онлайн тапсырыс беріп алдырсаңыз, жеткізу қызметінің құнын қосады. Бұл бізге кітап жазбауға, оны басып шығармауға немесе сатып алмауға себеп бола алмайды деп есептеймін. Кітап бізге бәрібір керек. Ең бастысы – сіз үшін маңызды және керек кітап болуы.
Бірде Мәриям Әбсаттардың «Алаш зиялыларының соңғы сөзі» деген кітабына тапсырыс бердім, 5-6 күнде келді. Кітапты алып үлгердім. Өйткені бізде кітаптардың тиражы тым аз шығатынын да ұмытпауымыз керек. Қызықты деген кітаптардың таралымы жекелеген адамдар тұрмақ, Қазақстанның жалпы кітапханасының санына да жетпейді. Бұл бір жағынан кітаптың бағасына да әсер етеді. Өйткені кітаптың таралымы аз болған сайын, бағасы қымбат, – деді «Сыр медиа» ЖШС бас директорының орынбасары А.Абдуллаева.
Ал баспагердің пікірінше, көп адамдар баспа тек мемлекеттің тапсырысымен күн көреді деп ойлайды. Бірақ Steppe and World баспа үйі мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істемегенін жариялапты.
– Мемлекет кітап шығаруға шығармашылық еркіндік берсе. Ауыл-аймақтағы, ірі қалалардағы кітапханалар өз таңдауларымен қалаған баспаларынан кітап сатып алуы қажет. Құжат бойынша өтірік кітап сатып алатындар өте көп. Ол кітаптардың кітапханада бар-жоғын да ешкім білмейді. Ешкім мониторинг жасап жатқан жоқ. Сондықтан баспаны қолдаудың тағы бір жолы кітапханадағы кітап сатып алу жүйесін реттеу, – дейді баспа басшысы Р.Қадыр.
Айта кету керек осыдан бес жыл бұрын ірі кітап дүкендерінде қазақша кітаптар жоқтың қасы еді. Бүгінде көбейіп келе жатқаны көз қуантады.
– Шындығында кітап басу ісіне ешқандай кедергі жоқ. Тек оқырмандардың аздығы мен халықтың басым бөлігінің қазақша кітап оқымайтыны ғана кедергі. Сонымен қатар аз оқырман еліміздің әртүрлі территориясында орналасқан. Сол жағынан оларға санаулы кітапты жеткізу қиынға соғады, – дейді А.Әлменбет.
Жасырып жабатыны жоқ, шалғайдағы аудандарда әлі күнге дейін кітап дүкендері жоқ. Халық шетелдік шығармалардың қазақша аударылғанын естісе де, қолы жетпей қиналып отыр. Себебі мұндай кітаптар аудандық кітапханаларға жетпейді. Осы мәселені шешу үшін облыс, аудан әкімдеріне кітап сататын дүкендер желісін дамытуға арнайы тапсырма беріліп, электронды, аудио кітаптар нарығына да көңіл бөлінуі керек.
Шикізат мәселесіндегі шикілік
Бүгінде қазақстандық баспагерлер үшін шикізат мәселесі де өзекті. Себебі қағаз негізінен Ресей мен Қытайдан тасымалданатындықтан, баспахана шығындары, кітап бағасы қымбаттай түседі. Соңғы уақытта баспахана шығыны үш есеге дейін өскен. Мұның сыртында логистикалық, кедендік шығындар бар. Ал бұған дейін ең сапалы қағаздар Ресей арқылы Финляндиядан да жеткізілетін. Қазіргі геосаяси жағдайларға байланысты баспагерлер амалсыз ресейлік өнімдерді тұтынуға мәжбүр. Сапасы жағынан бұл өнімдер Финляндиядан тасымалданатын қағаздан әлдеқайда төмен.
– Соңғы бес жылдың ішінде қағаз, сия сияқты шикізат үш есе қымбаттады. Бұған инфляция да әсер етті. Кітапты шығару шығындары артты. Ол қымбаттады екен деп кітаптың бағасын қымбаттатсақ, оқырмандар кітап алмай қояды. Шикізаттың барлығы Қытай, Ресей, Финляндиядан келеді. Бірақ Финляндия қағаздарын Ресейге беруден бас тартты. Сол себепті қазіргі кітаптар тек Қытай мен Ресейдің қағаздарынан шығарылып жатыр, – дейді «Мұқаба» баспасының директоры Арман Әлменбет.
Кітап қоры қанша?
Кітап – идеологиялық қару. Ендеше рухани кемелденген орта қалыптастырудың басты жолы – баспа нарығын реформалау. Ол үшін нарыққа арнайы бағдарлама енгізіп, шағын баспа үйлеріне қолдау ауадай қажет.
– Кітапқұмарлық – жақсы қасиет. Мысалы, көптеген мемлекет Ұлттық кітап күнін атап өтеді. Бөріхан Нұрмұхамедов, Айдос Сарым, Данияр Әшімбаев бастаған құрылтай мүшелері осындай бастама көтерді. Мен олардың Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы ұсынысын қолдаймын. Бірақ оны мазмұнды етіп өткізу керек. Мысалы, түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, арнайы жәрмеңкелер өткізу қажет. Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу, – деді Мемлекет басшысы.
Қазір республикадағы мектеп кітапханаларында 130 миллионнан астам кітап бар. Бірақ ондағы көркем әдебиеттің үлесі мардымсыз. Шын мәнінде, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады.
Өңірге оралсақ, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы мамандарының айтуынша, аймақтағы 209 кітапханада 4528759 кітап қоры бар. Осынша кітаптың оқырманға берілімі 352433 ғана. Ал кітапханаға келушілер саны 143025 болса, тіркелген оқырман саны 27053 екен.
Қызылорда қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты 21 кітапхана бар. Мұнда 645684 кітап қоры жинақталған. Бүгінде оқырмандар саны 3760-қа жеткен. ОКЖ директорының орынбасары Ақнұр Қыдырәліқызының айтуынша, 603500 кітап берілімі тіркелген, яғни, бұл кітап оқуды жанына серік еткен жандар сиремеген деген сөз.
Айдар САЙЛАУОВ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!