Әлеуметтік желіде «Баспана хит», «7-20-25» бағдарламасы тоқтайды, мемлекеттік қолдау ретінде бөлінген қаржы аяқталуға жақын» деген хабар тараған күннен бастап халықтың үрейі артты. Себебі бұл бағдарламаның тиімді тұсы көп. Ал ақпараттың рас-өтірігін білу мақсатында Ұлттық банктың ресми парақшасын қарадық.
Ұлттық банк пен 2021-2023 жылдарға арналған макроэкономикалық саясат жөніндегі шараларды үйлестіру агенттігі Ұлттық Банктің 2023 жылдан бастап мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландырудан шығуын көздеп отыр. Себебі, 600 миллиард теңге көлемінде бекітілген лимит игерілді. Ал «7-20-25» бағдарламасы мерзімі шектеусіз 1 триллион теңге шегіндегі лимитке жеткенге дейін жүзеге асырылады.
Көрсетілгендей, жеңілдетілген несие беру, «Баспана хит» бағдарламасын қаржыландыру 2021 жылы аяқталады, ал келер жылы «7-20-25» бағдарламасын қаржыландыру тоқтайды. Сондықтан баспаналы болуға асығу қажет. Себебі, қазір бағдарлама аясында өтініштер екінші деңгейлі банктердің кейбіреуінде ғана қабылдануда. Нақтырақ айтсақ, аталған банктен айлық алсаңыз немесе тұрақты клиенті болсаңыз, сізге алдын-ала несиені рәсімдеуге рұқсат алуға болады. Банк мақұлдаса, пәтер таңдау мүмкіндігіңіз болады. Өйткені алдын ала мақұлданып қойған өтініштердің бәріне аталмыш банк ипотека рәсімдеуге тырысады.
– Бағдарлама талабына сай 20 пайыздық бастапқы жарнаны жинақтаймын дегенше бағдарлама аяқталады деген ақпаратты естігенде төбемнен жай түскендей болды. Содан не керек, айлық алып отырған «Халық» банкке барғанда «бізге берілген лимит бітті» деп кеңесшілер шығарып салды. Қайткенде де баспана алу қажет деп банктердің барлығына баруға шешім қабылдадым. «Банкцентркредит» банкінде ғана берілген лимит аяқталмаған екен. Қатты қуанып кеттім. Төлем қабілетімді растап, алдын ала несие алуға өтінішім мақұлданды. Енді пәтер таңдауға кірісіп жатырмын, – дейді қала тұрғыны Меруерт Әлиева.
Бағдарлама іске қосылған күннен бастап тұрғындар ең алдымен пәтер таңдаған соң ғана банкке жүгінетін. Енді бәрі керісінше жүзеге асуда. Аталмыш бағдарламаның жабылуы тұрғын үй нарығына қаншалықты әсер ететінін мамандардан сұрастырдық.
– «Баспана хит» бағдарламасына өтініш қабылдау тоқтатылды» деген ақпарат тарағаны рас. Бірақ бұл бағдарлама толық тоқтағанын білдірмейді. Тек белгілі бір уақыт аралығында алдын-ала берілген өтініштердің есебін құрастырып, лимитке қанша қалғанын анықтау мақсатында жасалған шара. Мысалы, «Халық» банк өтініш қабылдауды тоқтатыпты» деген әңгіме естісеңіз, ол «Халық банкте» толығымен жабылып қалды дегенді білдірмейді. Тек өтініштердің есебін жасап, лимитті есептеп, тағы да сумма қалса, соның барлығын қамтуға әрекет етеді, – дейді экономист сарапшы Ұлан Дәулетқали.
Егер «Баспана хит» бағдарламасымен баспаналы бола алмасаңыз, шарты осыған ұқсас «Орда», «Ұмай» ипотекалық бағдарламасына жүгінуге болады. Бірақ бұл екі бағдарламада да бастапқы жарна 20 пайыздан жоғары және үстемақы 12 пайыз екенін естен шығармаңыз.
Нарықта ипотекалық бағдарламаның артуынан тұрғын үй бағасы шарықтады. Оған дәлел Қазақстанның құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының мамандары ұсынған мәліметке сәйкес, 2021 жылдың қаңтарында жаңа баспана нарығында пәтердің бір шаршы метрі 319 мың теңгеге, екінші нарықтағы баспана үшін бір шаршы метрі 245 мың теңгеге бағаланды. Ал Қазақстанның жылжымайтын мүлік федерациясының президенті Ермек Мүсірепов сұраныстағы екі бағдарлама нарықтан шықса, бірінші нарықтағы жылжымайтын мүлік құны 10 пайызға дейін, екінші нарықта 15 пайызға дейін төмендеуі мүмкін екенін айтты.
– Ипотекасын мемлекет субсидиялайтын жалғыз оператор түрінде орталықтандыру жүреді деп күтеміз. Бұл – «Отбасы банк». Жылжымайтын мүлікті бөліп төлеу арқылы сатып алу, сатып алу құқығымен жалға алу үшін жеңілдігі бар кредиттеудің барлық бағдарламасы осы банк арқылы өтеді, – дейді Жылжымайтын мүлік федерациясының президенті Ермек Мүсірепов.
– Кез келген мемлекеттік бағдарлама әлеуметтік мәселелерді шешуге немесе экономиканың жекелеген салаларын ынталандыруға арналған. «7-20-25» және «Баспана хит» бағдарламасына да осы екі мақсат қойылды. Ол мақсат орындалды. Бұл бағдарламаның іске қосылуы ипотекалық несиелендіруді екі есеге арттырды. Енді банктер өз клиенттері үшін осындай ұсыныс әзірлей бастайды да, осылайша Ұлттық банк өзіне тән емес қызметтен арылады. Бұл бірінші кезекте мемлекеттік бағдарлама операторы емес – Орталық банк. Банктердің ипотекалық несие нарығының дамуын өз бетімен іске асырып жатқанын Ұлттық банктің 2020 жылға арналған статистикасы дәлелдейді. Былтыр 2,3 трлн теңге көлемінде ипотекалық несие берілген. Оның ішінде «7-20-25» және «Баспана хит» бағдарламалары бойынша 349,7 млрд болып отыр. Сонымен бағдарламалардың аяқталуы ипотека нарығының жағдайына ешқандай әсер етпейді, – дейді экономист Эльдар Шамсутдинов.
Жалпы сарапшылардың пікірі әртүрлі. Бірі, тұрғын үй арзандайды десе, енді бірі, пайыздық мөлшерлеменің жоғарылауынан баға шарықтайды деген пікірде.
P.S. Ипотекалық бағдарламалардың жабылуы жылжымайтын мүлік нарығына екі бағытта әсер етуі мүмкін. Біріншіден, бәсекелестік ортаның болмауынан екінші нарықтағы тұрғын үй бағасы 10 пайызға арзандауы мүмкін. Себебі, тұрғындар екінші нарықтағы үйлерге тек қана екінші деңгейлі банктер арқылы бастапқы 20 пайыздық жарнамен қол жеткізген болатын. Енді ол бағдарлама аяқталса, халық бір оператор арқылы яғни «Отбасы банкке» жүгінеді. Ал бұл банкте екінші нарықтағы үйді алу үшін сізге баспана құнының 50 пайызын жинақтау міндеттеледі. Сол себепті екінші нарықтағы үйлерге сұраныс төмендеуі әсерінен баға түседі. Екіншіден, екінші деңгейлі банктер 12-15 пайыздық ипотекалық бағдарламалар шығаруы мүмкін. Яғни банктер ипотекалық өнімін қымбаттатады. Ал мұндай өнімдерді халықтың қалтасы көтермеуі мүмкін. Сондықтан екінші нарықтағы үйлерге сұраныс төмендейді. Ал керісінше, бірінші нарықтағы үйлер ішкі сұраныстың артуына байланысты қымбаттауы мүмкін.
Айгүл ӘлішеровА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!