Туған күн кештерінде жиі айтылатын Happy Birthday to you әнін сіз де білесіз ғой, иә?! Әлем бойынша көп тыңдалып,  жоғары көрсеткішпен танылған осы әннің Гиннестің рекордтар кітабына да енгенінен хабардар боларсыз. Тілге жеңіл, өзі көңілді әнді 1893 жылы апалы-сіңлілі Пэтти мен Милдред Хиллдер жазған. Бір қызығы, арада 42 жыл өткен соң ғана әннің авторлық құқығы бекітілген. Америка заңына сәйкес ол құқықтың қызмет ету мерзімі 2030 жылға дейін жалғасады. АҚШтың құқық қорғау органдары тек осы әннен жылына 2 миллион доллар табыс табады екен.

Бұл авторлық құқық тақырыбындағы бір ғана мысал. Осы жерде АҚШ-тағы құқықты қоя тұрып, елдегі шығармашылық туындылардың қалай қорғалатынын жазуды жөн көрдік.

Заң тілімен сөйлесек…

Қазір ғылым, ақпараттық технология, сонымен қатар зияткерлік және шығармашылық жұмыстардың жыл сайын жаңарып, көбейе түскенін ескерсек, оларды қорғаудың да маңызы арта түседі. Осы мақсатта 1996 жылдың 10 маусымында ҚР-ның «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар» туралы заңы қабылданған. Аталған құжатқа сүйенсек, авторлық құқық объектілері болып әдебиет, драма, сценарийлік немесе аудио-визуалды туындылар, декоративтік және қолданбалы өнер туындылары, жинақтар және басқа да декоративтік туындылар есептеледі. Ал авторлық құқық мақсатына, мазмұны мен маңызына, сондай-ақ берiлу әдiсi мен нысанына қарамастан, шығармашылық еңбектiң нәтижесi болып саналатын ғылым, әдебиет және өнер туындыларына қолданылады.

Зәуреш Қанапина, Қызылорда облысының Әділет департаментінің зияткерлік меншік құқықтар бөлімінің бас маманы:

Билік жүрмейтін жеке меншік
Зәуреш Қанапина

‒ Құқықтық қатынастардың объектілері бар, ендеше осы құқықтық қатынастарға ие субъектілер де болуы керек. Осыған сәйкес авторлық құқық субъектілері туындының авторлары, ұжымдық негізде мүліктік құқықтарды басқарушы мұрагерлер және құқықтық мұрагерлер немесе ұйымдар бола алады. Авторлық құқық идеяның, тұжырымдаманың, әдiстердiң, жүйелердiң, процестердiң, жаңалықтардың, фактiлердiң өзiне қолданылмайды. Ғылым, әдебиет және өнер туындысына авторлық құқық оның жасалу фактiсiне қарай туындайды. Авторлық құқықтың пайда болуы мен жүзеге асырылуы үшiн туындыны тiркеу, туындыны өзге де арнайы рәсiмдеу немесе қандай да болсын шарттылықты сақтау талап етiлмейдi.

        Маманның сөзіне сүйенсек, автордың өз туындысына қатысты мүліктік және мүлiктiк емес жеке құқықтары болады. Олар авторлық құқық, есiмi аталу құқығы, автордың беделiн қорғау құқығы, халыққа жария ету құқығы болып бөлінеді: 

1) туындының авторы деп танылу құқығы және оны тануды, соның iшiнде, егер iс жүзiнде мүмкiн болса, туынды кез келген жария пайдаланылған жағдайда оған автордың есiмiн тиiстi түрде көрсету арқылы тануды талап ету құқығы (авторлық құқық);

2) туынды пайдаланылған кез келген жағдайда оған автордың шын есiмiнiң орнына лақап есiмiн (бүркеншiк есiмiн) көрсету және соны талап ету немесе есiмiн көрсетуден бас тарту құқығы, яғни жасырындық (есiмi аталу құқығы);

 3) туындының атауымен қоса, оған қол сұғылмаушылық құқығы, туындыны кез-келген жолмен бүлдiруге, бұрмалауға немесе өзге жолмен өзгертуге, сондай-ақ автордың абыройына немесе беделiне нұқсан келтiре алатын басқа кез-келген қол сұғушылыққа қарсы әрекет ету құқығы (автордың беделiн қорғау құқығы).

4) қызметтік міндеттерді немесе жұмыс берушінің қызметтік тапсырмасын орындау тәртібімен жасалған туындыларды қоспағанда, туындыға белгiсiз адамдар тобының қол жеткiзуiне жол ашу құқығы (халыққа жария ету құқығы).

        Сондай-ақ автордың немесе өзге құқық иеленушiнiң сол туындыны кез келген нысанда және кез келген әдiспен пайдалануға мүлiктiк (айрықша) құқығы бap. Айталық, автордың туындысын қайта шығару, тарату, жария көрсету, эфирде жариялау, кабель арқылы хабарлау, аудару, жалпы жұрттың назарына жеткізуге құқығы бар.

Авторлық құқық ғұмыр бойы сақталады

Автордың немесе өзге құқық иеленушiнiң туындыны пайдаланудың әрбiр түрi үшiн сыйақы алуға құқығы бар. Сыйақы мөлшерi мен есептелу тәртiбi авторлық шартпен, сондай-ақ авторлардың мүлiктiк құқықтарын ұжымдық негiзде басқаратын ұйымдармен жасасатын шарттармен белгiленедi. Тағы бір маңызды жайт, авторлық құқық ғұмыр бойы сақталады. Ал  автор  қайтыс болған жағдайда жетпiс жыл бойы күшiн жоймайды.

Осы орайда білікті маманнан облыс көлемінде авторлық құқық алған шығармашылық иелерінің құқығын қорғауда қандай жұмыстар жүргізілетінін сұрадық.

‒ 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа Қылмыстық және Әкімшілік кодекстердің қабылдануына орай қазіргі таңда Әділет органдарының құзіретінде тауар таңбаларын заңсыз пайдалану фактілері бойынша (ҚР ӘҚБтК-тің 158 бабы) әкімшілік іс жүргізулерді қозғау бойынша өкілеттіктер қалды. Облыстық Әділет департаментінің қызметінде зияткерлік меншік құқықтары бөліміне зияткерлік меншік құқықтарын қорғаудағы мемлекеттік саясатты жүргізіп, жүзеге асыру міндеттері жүктелген. Ол үшін құқықтарды түсіндіру және құқықтық насихат шараларын атқарып, заңды және жеке тұлғалардың зияткерлік меншік саласындағы қолданылып жүрген заңнамаларды бұлжытпауын қадағалаймыз, ‒ дейді З.Абдуллақызы.

Интернет: құқығыңызды қорғаудың екі жолы

Қазір интернетте немесе әлеуметтік желіде жарияланған ақпаратты, кез келген шығармашылық туындыны толықтай көшіріп алу әдетке айналып барады. Бұл жағдайда автор шығармашылық туындысын қалай қорғау қажет?

 ‒ Интернетте мазмұнды ұрлаудан толық қорғау мүмкін емес. Алайда тәуекелдерді азайту үшін алдын-алу  шараларын қабылдауға болады:

Біріншілен, пайдаланушыларды ескертіңіз. Мазмұнды жариялау кезінде нақты атыңызды көрсеткен дұрыс. Сондықтан дау туындаған жағдайда авторлықты дәлелдеу оңайырақ болады. Авторлық құқықты қорғау белгісін қою пайдалы болады (копирайт деп аталады). Ол қосымша құқықтық қорғаныс бермейді, бірақ заң бұзушылар үшін ойлануға себеп болуы мүмкін. Егер сіздің жеке сайтыңыз болса, онда материалдарды қайта басып шығару ережелерін орналастырыңыз.

Екіншіден, егер сіз фотографиямен айналысатын болсаңыз, камераны метадеректерде сіз туралы ақпарат сақталатын етіп орнатыңыз және бастапқы файлдарды ешкімге бермеңіз. Бұл кеңес электронды түрде жасалған және сақталатын барлық материалдарға қолданылады. Фотосуреттер мен бейнелерде су белгілерін қолданыңыз. Бейненің басында немесе соңында, егер бірнеше автор болса, барлық авторды және егер ол авторлардың бірі болмаса, құқық иеленушіні көрсеткен дұрыс. Кейінгі құқықтарды қорғау үшін туындының жасалған күнін белгілеу өте маңызды. Бұл үшін бірнеше жол бар: нотариуста авторлық мәтіні бар құжатты куәландырыңыз немесе оны USB флэш-дискісіне сақтаңыз.

Құқық иеленушіде қорғанудың қандай тәсілдері бар? Құқық иеленушінің құқық бұзушыға авторлықты тану немесе автордың атын көрсету; мазмұнды жою; авторлық құқықты бұзу фактісі анықталған сот шешімін жариялау; бұзушыдан ерекше құқықтарды бұзғаны үшін залалдарды немесе өтемақыны өндіріп алу сынды талаптарды қоя алады, ‒ дейді З.Қанапина.

Алдымен ескертпе, содан кейін…

Әдеттеақын-жазушы немесе басқа да шығармашылық иесі әрбір туындының құқығын өздігінше қорғай алмайды. Сол үшін авторлық құқықты қорғайтын арнайы мекеменің көмегіне жүгінеді. Осылайша туындыны алдын-ала қорғаудың пайдасы көп. Бұл жөнінде бізге заңгер Айгүл Жетпісбайқызы келесідей оқиғаны баяндап берді.  

        Айгүл ШЕГЕРОВА, заңгер:

Билік жүрмейтін жеке меншік
Айгүл ШЕГЕРОВА

‒ Егер авторлық құқықбұзушылық орын алса, ең алдымен заң бойынша ескертпе беріледі. Содан кейін барып қана автордың құқығын қорғайтын қоғамдық бірлестік сотқа жүгіне алады.

Бірде мен авторлық құқықты қорғайтын қоғамдық бірлестікпен дауластым. Анығын айтқанда, менің адамым жауапкер болды. Оқиға келесідей басталды, «Гәкку» және «Той думан» телеарнасынан көрсетіліп жүрген Бейбіт Қошқалиевтың «Аяқты қимылдат» әні бір кафеде автордың рұқсатынсыз орындалған. Істің мән-жайын білген қоғамдық бірлестік әншінің құқығын қорғау мақсатында кафе иесіне ескертпе берген. Бірақ істің соңы ушыққан жоқ. Біз медиация тәртібімен екі жақты келісімге келдік. Сол жерде әнді заңсыз пайдаланғаны үшін кафе иесі қоғамдық бірлестікке 200 мың теңге көлемінде өтемақы төлеп берді, ‒ дейді заңгер.

Гүлдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!