Адам құқығының қорғалуы, құқықтық, жыныстық теңдік – өркениетті елдердегі қалыпты, тіпті, қажетті жағдай. Бұл жағынан келгенде біздің қоғамда әйелдер мен балалар құқығының жиі тапталуы, физикалық, психикалық зорлық көруі, әлімжеттік айтпай-ақ көзге көрінетін ашық мәселеге айналды. Статистиканы сөйлетсек, елімізде 11-15 жастағы әр бесінші қазақстандық жеткіншек ай сайын буллингтің құрбаны немесе қатысушысы болады екен. Буллинг дегеніміз сөзбен, яғни психологиялық қысым көрсету немесе күш көрсету арқылы адамның өзгені кемсітуі, қорлауы. Оның салдары суицидке әкелетін жағдайлар да аз емес.

Қазақстанда өткен жылдың қыркүйегіне дейін балалар мен жасөспірімдер арасында 137 суицид оқиғасы тіркелген. Себеп түрліше болғанымен балалар арасындағы қайғылы оқиға  көбіне зорлық-зомбылық пен алалаудың нәтижесінде орын алады екен. Сонда ата-ана мен ұстаздар баланың буллингке ұшырамауы үшін не істеуі керек? Буллингті тек балалар жасай ма? Балаларға өз құқығын қорғап, өзгенікіне қол сұқпау керегін ұғындыра алмауымыздың себебі неде? Осы сұрақтардың жауабын бірге талқылайық.

Соңғы жылдары ақпаратқа қолжетімділік артып, әлеуметтік желі қоғамдағы түйткілді мәселелерді талқыға салатын, халық пен Үкіметті байланыстыратын құралға айналды. Оған көпшіліктің қызу талқысына түсіп жататын күнделікті жаңалықтар дәлел. ЮНИСЕФ деректеріне сүйенсек, бүкіл әлемде 150 миллионнан астам бала мектеп қабырғасында және одан тыс жерде құрдастары тарапынан зорлық көріп, қудалауға ұшырайды. Баланың баладан таяқ жегенін құптай алмаймыз, дегенмен мектеп, жоғары оқу орнындағы құқықбұзушылықтарды қойғанда, кішкентайларға әлімжеттік көрсетіп, психикалық, физикалық зәбір көрсету бақытты балалық шақтың көрінісі болуға тиіс балабақшаларда да кездеседі. Сонымен әлеуметтік желілер мен интернет арқылы балаларға көрсетілетін зорлық-зомбылықтың түр-түріне көзіміз жете бастады. Өкінішке қарай бұған қатысты статистика мен санын тізіп, сапасыз мамандардан қол үзіп жатқандардан хабарымыз жоқ. Мәселен, 2-3 апта бұрын елордадағы ерекше мұқтаждығы бар балаларға арналған «Сати» инклюзивті балабақшасында бүлдіршіндерді ұрып-соққан тәрбиешіге қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Instagram желісінде жарияланған ата-ананың шағымында балабақшада тәрбиешінің балаларға жиі қол көтеріп, айғайлап ұрсатыны, тіпті, бейәдеп сөздер айтылатыны қозғалған. «Мынау не деген сұмдық!», «Тілі бар баланың өзі балабақшада қажетін сұрап, сөйлеуге, қоғамға үйренісе бастайды ғой. Ал мұндай инклюзивті балабақшаға сөйлей алмайтын, дамуы кешеуілдеген балалар келеді. Сонда ұстаз емес, адам ретінде жаны ашымағаны ма?!», «Періштелердің не жазығы бар еді…бұлар ата-анасына мені ұрды деп те айта алмайды ғой» деген сынды пікірлер қаптап кетті.

Бұл – бір ғана балабақшада орын алған, онда да қоғам талқысына түсіп, көзге ілінген оқиға. Алғашқысы емес, соңы болуы да күмәнді. Балаға қысым көрсетуден тайынбайтындар жазалануы тиіс. Бірақ одан не өзгереді? Тәрбиеші жұмыстан шығады немесе жазаланады, ал балалардың ішкі қорқынышы, психикалық жарақаты жазылып кете ме? Болашақ тұлға ретінде қалыптасуында бір реттік физикалық не психикалық соққының өзі өмір бойы әсер етуші фактор ретінде қалып кетуі ғажап емес. Сондықтан балаларға көрсетілетін буллингтің мектеп пен отбасылық жағдайда ғана емес, балабақшадан басталатынын ескеріп, бұл жүйені өзгерту керек сынды.

Харассменттің басты кейіпкерлері

Әйелдерге ғана емес, балаларға да жасалатын ауыр қылмыстың бірі – жыныстық зорлық-зомбылық көрсету, жыныстық әлімжеттік. Немесе харрасмент деп атауға да болады. Бұған қатысты заң болғанымен, өткен жылы оған да өзгеріс енгізіліп,қатаң жаза қатары артты. «2021 жылдың 11 қаңтарынан бастап бұл өзгерістер заңды күшіне енді. Осылайша балаларға қарсы жасалатын жыныстық сипаттағы қылмыстың кез келген түріне жауапкершілік қатаңдатылды. Кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық қылмыс жасағаны үшін санкциялар күшейтілді. Нақты айтқанда, Қылмыстық кодекстің 120-бабы «зорлау» қылмысы бойынша қылмыстық топ құрамында әрекет жасағандар үшін жазаның ең төменгі шегі – 15 жылдан 17 жылға дейін бас бостандығынан айыру мерзіміне көбейтілді»,– деді ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз.

Ата-анасының, өгей әкесінің, педагогтің «зорлық» қылмысын жасағаны үшін санкция 17 жылдан 20 жылға дейін ұлғайтылды. Бұрын бұл норма бойынша жаза 12 мен 17 жылға дейін бекітілетін. Осы сипатты өзгерістер Қылмыстық кодекстің 121, 122, 123, 124, 134, 144, 312-баптарына да енгізілді. Соған қарамастан жыныстық зорлық-зомбылық саны артпаса, кемімей тұр. Бұл адамгершілік заңына да қарсы қылмыс. Кез келген қателікті ақтап алуға болады, бірақ қылмыста кінәлі – қылмыскер ғана, ол жазалануы тиіс. Алайда жиырма жылдап сотталудың өзі жыныстық зорлықты тоқтата алмай тұрғанда, бұл мәселенің басқа шешімін тауып, бел шешіп кірісетін уақыт жеткендей.

Мәселен, осы жылдың өзінде жаңалықтардан естіген жағымсыз ақпарат қаншама. Ең сорақысы – өз қызын, ұлына жыныстық зорлық көрсеткен «әке» деуге келмейтіндердің қатары көп. Атырауда бір жыл бойы өз қызын қорлап келген ер адам өз жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеу үшін 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ өмір бойына ұстаздық қызмет атқаруға және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге тыйым салынды. Дегенмен байқағанымыздай, жаза қылмысты азайтар емес. Харассменттің кейіпкерлеріне айналған балалардың болашағы қалай болмақ? Оларға психологиялық көмек беріліп, қолдау көрсетіле ме? Психологиялық көмектің өзі әсер ете ме? Бұл сұрақтарға жауап таппас бұрын ойланудың өзі ауыр.

Буллингті болдырмау үшін…

Психологтардың пікірінше, жасөспірім буллингке қатыспауы һәм ұшырамауы үшін алдымен кез келген ата-ана баласымен ашық және жиі сөйлесіп тұруы шарт. Қарапайым мектептегі күні қалай өткенін, интернетті қандай мақсатта пайдаланғанын, үзіліс кезінде мектептене істейтінін сұраған жөн. Сабақ үлгерімі ғана емес, сезімі, достарымен қарым-қатынасы жайлы да сөйлесуді әдетке айналдыру керек.Ал баланың қатарластары тарапынан қысымға ұшырағанын қалай анықтаймыз? Әдетте буллингке ұшыраған балалар орын алып жатқан жайттарды ата-анасына айтуға батылы жетпейді. Сондықтан баланың қысым көргенін дер кезінде байқай білудің маңызы зор. Мәселен, басқа біреудің тарапынан қысымға ұшыраған баланың мінез-құлқында мынадай өзгерістер орын алуы мүмкін: өзінен кішілерге агрессиямен қарау, ұйқы немесе тамақтану режимінің бұзылуы, концентрацияның жоғалуы, тыныштықта көп болу, реніш, өзгеден оқшаулану.

 «Шынымен де мектепте адам құқықтары тек теориялық тұрғыда үйретіледі. Балалар арызды қалай жазуға болатынын, көшеде полиция тоқтатса, мектеп жүргенде қалтаңды, сөмкеңді көрсетуді сұраса, не істеу керек екенін білмейді. Мұның бәрі – баланың құқығы және ол жиі бұзылады. Өйткені балалар өзін қалай қорғау керек екенін білмейді. Балалар алдымен өз құқығын білсе, құқықбұзушылық та азаяр еді.

Бәріміздің білуіміз керек бір нәрсе бар: буллинг пен кибербуллингте тек агрессор кінәлі. Жапа шеккен адамның ешқандай кінәсі жоқ. Себебі, тек агрессордың ғана әлімжеттік көрсету не көрсетпеуде таңдау құқығы бар», – деді заңгер, «Адам құқықтары, инклюзия және азаматтық қоғамды зерттеу» орталығының директоры Халида Әжіғұлова

Буллингті қалай тоқтатамыз?Егер бала сыныпта қысым көрген болса, алдымен сыныптастарының ата-анасымен сөйлесу керек. Бала құқығы – талқыға түсуге міндетті тақырып. Сондықтан ортақ жиналыста емес, әр ата-анамен жеке-жеке сөйлесу маңызды. Әрекетіңіз нәтижесіз болса, онда сынып жетекшісі, мектеп директоры, психолог, учаскелік полиция қызметкерін де бұған араластыру керек.

Заң бар, әрекет ше?

Балалар арасындағы буллинг бұрынан бері талқыға түсіп, көптің көкейінде жүрген мәселенің бірі. Адам құқығы жасқа, жынысқа қарамайтынын ескерсек, бұл туралы жалпылама заңнамалар жеткілікті. Дегенмен осы жылы 14 сәуірдегі сенат депутаттарының отырысынан кейін «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» заңға «Баланы жәбірлеу» (буллинг) түсінігі енгізілмек.Мұндай түсінік мектеп оқушылары арасында өткізілген әлеуметтік анкеталарды толтыру нәтижесінде заң жүзінде алғаш рет енгізіліп отыр, әрі 18 жасқа толмағандардың ортасында зорлық-зомбылық, кемсіту, қысым көрсетудің алдын алудың, ересектердің балаға қарым-қатынасының маңызды тармағы ретінде саналатын болады.

Буллингтің түрі көп, шешімі жоқ. Қысым көрмей, бақытты балалық шағын өткеріп, анасы мен әкесіне еркелей алатын, достарымен емін-еркін, сау қарым-қатынас құра алған бала ғана еркін ойлайтын, саналы, сапалы тұлға болмақ. Ендеше, заңды әрекетке, санды сапаға ауыстыратын уақыт жетті. Бір бала – бүтін елмен тең. Сондықтан балаға өз құқығын қорғап, өзгенің құқығын таптамауды үйретіп, еркін, қауіпсіз қоғамды өзіміз қалыптастыруымыз керек. Ал заң мен әрекеттің таразыда тең түсуі үшін мемлекет тарапынан арнайы жобалар қолға алынса екен.

Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!