Соңғы кезде көпбалалы отбасылардағы бала тәрбиесі қоғам тарапынан жиі талқыға түсіп жүр. Оған себеп жоқ емес. Біріншіден, баланың әлеуметтік-материалдық жағдайы үйдегі бала санына байланысты. Екіншіден, мұндай отбасыларда үйдің тұңғышы өзінен кейінгі бауырларын бағып, өсіретін «көмекші» рөліне енеді де, балалық шағы тез аяқталуы мүмкін. Үшіншіден, қыз – қонақ, ұл – ұрпақ деп білетін кей отбасында ұлға «жету» үшін бірнеше қызды дүниеге әкеліп жатады. Нәтижесінде қоғамда өз құнын білмейтін қыз бен қалағанына «жалғыз ұл» болғаны үшін ғана оңай қол жеткізіп үйренген ұл көбейеді. Таразыға қай-қайсысын салсақ та, көпбалалы отбасыдағы бала тәрбиесіне толық көңіл бөлетін ата-ана аз.
«Капернаум» немесе әр баланың өз несібесі бар
Әрине, бала – бақыт, бала – байлық, мемлекеттің құнды қазынасы. Бірақ әңгіме сан емес сапа туралы болып отыр. «Алтын құрсақ» әжелердің ізін жалғап, көпбалалы ана ретінде қазақтың санын көбейтіп жүрген аналар қаншама?! Дегенмен бақытты отбасында, бақытты анадан туып-өскен бала ғана қоғамға да бақыт сыйлап, өзін де, өмірді де жақсы көретінін ескерсек, баланы алдын ала жоспарлау қалыпты дүние секілді. Бұл туралы қазақстандық репродуктолог Салтанат Байқошқарова: «Еліміздегі 1000 жүкті әйелдің 23-і 15-19 жас аралығындағы жасөспірім қыз болса, оның 15 пайызы кездейсоқ жүкті болып қалған соң түсік жасатады немесе жетімдер үйіне өткізеді. Яғни, әр алтыншы жүктіліктің соңы абортпен аяқталады… Бұл – жүктілікті жоспарламағанның нәтижесі.
Баланы жоспарлап дүние әкелу десең, көпшілік «әр баланың өз несібесі бар», «бір қозы туса, бір жусан артық шығады» деп мақалдатып кетеді. Адамды малмен салыстыруға болмайды. Малда сана жоқ, ол жүктілігін жоспарлай алмайды. Біздің малдан айырмашылығымыздың өзі санамыздың барында емес пе… Оның үстіне малға тек жем, шөп, жайлы жер болса жеткілікті. Ал адам баласының қажеттілігі жоғары. Мысалы, тамақ, киім, баспана, білім. Әйелдер бала керек деп денсаулығына қарамай туып жатады. Ондай жағдайлардың көбі ана немесе бала өлімімен аяқталады. Балалардың арасы кем дегенде 2 жыл болу керек. Бір жыл баланы емізсе, екінші жылда әйел денсаулығын түзеу керек», – дейді. Иә, саннан сапаның маңызды болуының мәнісі осында жатыр.
Аталған мәселе көрініс тапқан, өмірде болған оқиғаға құрылған «Капернаум» фильмін көрмеген адам кемде-кем шығар. Басты кейіпкер Зейін деген 10 жасар баланың ата-анасы материалдық жағдайының мәз емес екендігіне қарамастан, бірінен соң бірін кезекпен дүниеге әкеле береді. Оларды тәрбиелеуге уақыты жоқ. Нәтижесінде Зейін де, басқа бауырлары да оқымайды, мектеп жасынан-ақ жұмыс істейді. Орын алған түрлі жағдайдан соң ол өзінің туған әке-шешесін сотқа береді. «Мені дүниеге алып келгені үшін ата-анамды соттағым келеді. Енді бала тумаса екен. Мен мына өмірде қорлықтан басқа нәрсе көрген жоқпын» дейді. Яғни ата-ана баланы, бала ата-ананы таңдай алмайды. Ал дүниеге келген әр бала – бүтін бір бөлек жауапкершілік, бөлек өмір.
«Алтын алқа» үшін
ана атану…
2022 жылы көпбалалы отбасыларға берілетін жалпы сомасы 346,8 млрд теңге мемлекеттік жәрдемақыны орта есеппен 501,2 мың отбасы алды. Демек, 501 мың көпбалалы отбасы бар деген сөз. Аталған мемлекеттік жәрдемақыға 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады.
Жасыратыны жоқ, қоғамда 3 баланы дүниеге әкелген соң 4-іншісіне ұмтылып, «көпбалалы» статусына иелену үшін ғана бала туатындар бар. Әрине, 2000 жылдан бері қарайғы буынның ата-аналары үшін бұл қалыпты нәрсе болуы мүмкін. Себебі олардың өздеріне ата-анасы жеке уақыт бөліп, әр баланы махаббатпен тәрбиелеген жоқ. 10 шақты бала болу да қалыпты дүние еді. Солайша, бір-біріне сүйеніп ересек өмірге аттанып кетті. Балалық шағы болмаған адамға өз сәбиінің «балалығы» болмауы да – норма. Әрине, өткенді електен өткізіп, бүгінді бағамдайтын саналы азаматтар бала мен оның болашағына бейжай қарамас.
Көпбалалы отбасылардың барлығында тәрбие ақсап тұр десек айыптау болар. Өйткені құндылықтан қашықтамай, ұлт пен ұятты, адалдық пен адамдықты үйретуді басты мақсат етіп, бала тәрбиесіне барын салатын ата-аналар баршылық. Дегенмен баланы қалай тәрбиелеу керек? Бұл сұрақтың жауабын көп іздемей, айналып келіп өзіміздің Абай-ұстазымыздан табамыз. «Біреулер құдайдан бала тілейді. Ол баланы не қылады?» дей келіп, «Артымнан құран оқысын деп тілейді» дейді. «Артымнан балам құран оқысын десең, тірлікте өзіңнің жақсылық қылған кісің көп болса, өлген соң кім құран оқымайды? Егер жаманшылықты көп қылған болсаң, балаңның оқыған құраны сені неге жеткізеді? Тірлікте өзіңе-өзің қылмаған істі өлген соң саған балаң кәсіп қылып бере ала ма?» дейді. Демек, баланы тәрбиелеп, баланы өмірге дайындамас бұрын, алдымен өзің жақсы болуың керек. Сонда балаң өзі-ақ жақсы болады. Бірінші өзіңді тәрбиеле. Абайдың бала тәрбиесіндегі ұстанымы осындай.
Арулардың айтары бар
Аталған тақырып «батыстан» келген болмашы ой деп қабылдағысы келмейтіндер бар болғанымен қоғамда маңызға ие. Оны түрлі әлеуметтік желілерде талқыға түсуінен-ақ байқаймыз. Мәселен, фейсбук желісіндегі топтардың бірінен Гүлдана Жетпісбайқызы есімді тіркелуішінің пікірін оқып қалдым. «Қазақтың санын көбейту туралы пікірдің бәрі орынды. Бірақ кей жастардың басында үйі жоқ, қолында жұмысы жоқ. Өмірге келген баланың несібесі болады деу артықтау. Бір жолғы жөргекпұлдан басқа айына он мың береді, оны да бір жасқа дейін, ол қай жыртығын жамайды?
Бұрынғыны айту артық. Ол кезде пәтерақы жоқ болған, қорада малы болған, ауылда отырып-ақ асырауға болатын. Қазір бәрі басқаша, нан табудың өзі қиын болып тұр. Заманына қарай амалы демекші, көп бала тауып, олардың қажеттіліктерін өтеуге қиналып жатқанда, кедей санын көбейтіп керегі жоқ», – дейді ол.
«6 қыздың үлкенімін. Ата-анам соңына дейін ұл баланы қалаған секілді. Дегенмен ұл бұйырмапты. Бірақ қыз бала бар жерде береке бар. Өзім тұрмысқа шыққан соң ұл-қыз деп бөле-жара қарағым келмейді. Себебі ол қолыңда барға риза болмай, жоқ нәрсені сұрау сияқты.
Мені өзіммен бірге оқитын топтастарым «группаның мамасы» дейді. Бастапқыда солай атаса, ұялатынмын. Бірақ өзімнен кейінгі балаларды бағып-өсірем деп, бәрінің жағдайын жасайтын, көбірек көңіл бөлетін, еркелететін ана рөліне қалай кіріп кеткенімді білмеймін. Мен үшін қалыпты нәрсеге айналды», – дейді көпбалалы үйдің тұңғышы, ақтөбелік Әсел Омарова.
Саясаттың ықпалы
Осыған дейін «Бір отбасы – бір бала» саясаты бойынша қытайлық ерлі-зайыптылар 1 ғана сәби сүюге міндетті еді. Қысқасы жалғыз бала есейіп, үйленгенше оның әке-шешесі қартайып үлгереді. Ата-анадан бөлек үйде ата-әжесі бар. 1 бала 4 зейнеткерді асырауға тиіс болады. Нәтижесінде ата-анасын қарттар үйіне қуғандар көбейді. «Бір баласы бардың шығар шықпас жаны бар». Бетінен қақпай, белінен буып өсірген үйінің жалғыздары қатігез буынға айналды.
Қытай билігі «Бір баланың» осындай кесірге әкеп соққанын көрген соң, екіншіге рұқсат бермеске амалы қалмады. Тууды шектеу саясаты тек ата-ана мен баланың арасындағы қатынасқа әсер етіп қоймай, әйел мен еркектің тепе-теңдігіне әсер етті. «Жалғыз» деп шектеген соң жұрт тек «ұл тусам» дейтін. Енді ұл мен қыздың саны теңесіп, шетелден қыз іздейтін жігіттер азайды. Мұнда жаңа туған 100 қызға 250 ұл баладан келеді. Енді осыны миллиардқа есептеп көріңіз. Шамамен 18-20 жылдан соң 24 миллион еркек қалыңдыққа зәру болады. Отбасы құрмаған жігіт айналып келіп, қолда барын ойын-сауыққа жұмсайды, маскүнемдікке салынады. Оның-соңы төбелес, ұрлық-қарлық, қылмыс. Өткен жылы ғана қытайлық отбасыларға 3 бала тууға рұқсат етілді.
Саясатқа да, санға да қарамастан әр бала қамсыз балалығын өткеруге лайықты екенін ұмытпайық. Сәбидің бәрі бақытты болу үшін ғана жаралған.
Дина БӨКЕБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!