Құдай бетін әрі қылсын, ешкімге обалдық тілемейміз. Бірақ бүгінгі қоғам арасында, әсіресе жастар қатарында әлеуметтік тұрғыдан әлеуетін көтере алмай жүргендер жетерлік. Ол келешекке кері әсерін беруі әбден мүмкін. «Қыс шанаңды – жаз сайла» деген тәмсіл ертеңге дайындықты бүгіннен баста дегеннен хабар береді. Ал елдің ертеңіне дайындық бар ма, ол сұрақтың жауабы уақытқа аян. Десе де, жастардың әлеуметтік дамуы, еңбекке жарамдылығы, жұмысқа орналасу көрсеткіші мен олардың қызығушылығына байланысты түрлі зерттеулер мен талдаулар болашақты болжауға септеседі. Оған көз жүгіртсек, көңілді көншіту қиын. Сөздің тігісін жатқызып жеткізгендегі келбеті осы. Түсінікті тілмен айтсақ, бәсекеге қабілетті буын азайып барады. Ал оның зардабын болашақ тартқалы тұр. Сонымен жастарға арналған зерттеулер не дейді? Ізденіс жасап көрдік.
«Ғылым таппай мақтанба…»
Ұлы Абай қос ғасырға таяу уақыт бұрын мына сөзді қалай дәл айтқан дейсің ғой. Өйткені бұрын да, қазір де, келешекте де елді білім мен ғылым басқарады. Ақыл-ой санаға сәуле бергенмен, ол сәуленің ғұмырын ұзартатын сол – ғылым. Ал білім беру ісінде Қазақстан жастары қандай көрсеткіш көрсетіп жүр? Мұны Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (OECD) «Жастар әл- ауқатын бақылау платформасы» атты 2024 жылғы деректерінен іздеп көрдік, әрі көршілес елдермен салыстырып, көштің бағытына көз тастап, дамыған һәм дамушы мемлекеттердегі цифрлармен салыстырып қараған едік.
Шынын айтсақ, Оңтүстік Корея әлемдегі ең білімді халықтың бірі. Елде жастардың жоғары білім алу көрсеткіші рекордтық деңгейде, яғни университеттерге жалпы қамту коэффициенті 100%-дан асады (2022 жылы 103%). Яғни, колледж-жоғары оқу орындарында жасы ресми студенттік жастан асқан азаматтарды қоса есептегенде, іс жүзінде әрбір жас корейлік жоғары білім алуда. Бұл көрсеткіш бойынша Корея OECD елдері ішінде көш бастап тұр. Мысалы, 25-34 жас аралығындағы оңтүстік кореялықтардың 69%-ында жоғары оқу орнының дипломы бар, ал OECD орташа көрсеткіші 46% шамасында. Сондай-ақ корей оқушыларының білім сапасы халықаралық PISA тесті бойынша ең жоғары деңгейде, олар математика мен жаратылыстанудан әлем бойынша үздіктер қатарында.
Дегенмен біздегі көш те ілгері. Қазақстандағы жастардың білім алу мүмкіндіктері кейінгі жылдары айтарлықтай кеңейді. Елімізде орта білімнен кейін жоғары оқу орнына түсушілер үлесі 2022 жылы 59%-ға жетіп, әлемдік орташа көрсеткіштен жоғары болды. 2023 жылдың өзінде бұл көрсеткіш сәл өсіп 59% шамасында қалды. Яғни, Қазақстанда мектеп бітірген әрбір екі жастың біреуі ЖОО-ға түседі. Бұл Орталық Азия аймағы бойынша жоғары көрсеткіш әрі көптеген дамушы елден ілгері. Дегенмен білім сапасының мәселесіне тоқталсақ, Қазақстан оқушылары PISA- 2022 зерттеуінде математикадан 425 балл жинап, 81 елдің ішінде 46-орын алды. Ал оқу сауаттылығы көрсеткіші 386 баллмен математикадан төмен орынға жайғасты. Яғни 61-орын. Бұл дерек қазақстандық білім беру жүйесінде меңгерілген білімнің тереңдігі ОЭСР елдерінен әлі де едәуір төмен екенін көрсетеді. Өзбекстан мемлекеті болса, кейінгі жылдары білім беру саласында реформалар жүргізіп, жоғары білімге қолжетімділікті арттыруда. 2016 жылға дейін өзбек жастарының небәрі 10%-ы жоғары білім алса, бүгінде университетке түсу қарқыны еселеп өсті. 2023 жылы Өзбекстандағы жоғарғы оқу орындарына жалпы қамту коэффициенті 45,8%-ға жетті – бұл 2022 жылғы 31,3%-дан күрт өскен нәтиже. Яғни, Өзбекстан жоғары білімге қабылдау көрсеткішін бір жылда 15 пайызға арттырған.
Ғылым саласы арқылы мақтанатын тұстарымыз көп емес, дегенмен әлемдік зерттеулер көш соңында емес екенімізді аңғартты. Қазіргі ҚР Оқу-ағарту министрлігін басқарған, бүгінде сенатор Асхат Аймағамбетов 2025 жылға дейін білім саласының өзекті күрделі мәселелерін шешуге бағытталған мемлекеттік бағдарлама жасап, көлемді жоспар құрды. Биыл жыл соңында жоспарлардың орындалып, орындалмағаны туралы нақты деректерге шолу жасай жатармыз, бірақ атқарылуы тиіс тірлік кезек күтіп тұрғаны ақиқат. Демек, мақтануға әлі ерте…
ЕҢБЕКСІЗ ЕРКІНДІК
Ресми статистика бойынша, Қазақстанда жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі өте төмен, былтыр 15-24 жас аралығындағы жұмыссыздық 3,8% болды. Бұл көрсеткіш Германиядағыдан да төмен (Германияда жастар жұмыссыздығы 2024 жылы шамамен 6,7%) және Үндістандағыдан бірнеше есе аз (Үндістанда 2024 жылы жастар жұмыссыздығы 16%). Бір қарағанда, Қазақстанның көрсеткіші үлкен жетістік сияқты көрінеді. OECD елдерінде де 2024 жылы жастардың жұмыспен қамтылуы пандемиядан кейін жақсарып, жұмыссыздық тарихи минимумға жақындады. Германияда да жалпы жұмыссыздық 5%-дан төмен деңгейде ұсталып, жастар жұмыссыздығы салыстырмалы түрде төмен деңгейде. Ресми деректің өзі күмән тудыруы мүмкін. Осы оймен, елдегі еңбекке араласпаған буынның бағасы туралы дерекке шағын анализ жасап көруді ұйғардық. Біріншіден, есептеу тәсілі ерекшеленуі мүмкін, мәселен, Қазақстанда көптеген жас оқуын жалғастырып жүр немесе түрлі бейресми жұмыс істейді. Сол себепті олар «жұмыс күші» құрамына кіре ме?» деген сұрақ бар. Сонымен бірге, елдегі жастардың едәуір бөлігі өзін-өзі жұмыспен қамтып немесе уақытша жұмыстармен айналысуы ықтимал. ILO әдістемесі бойынша да Қазақстанда 2023 жылы жастар жұмыссыздығы 3,8% шамасында деп көрсетілген, бірақ бұл әлемдік орташа көрсеткіштен әлдеқайда төмен. Салыстырып қарасақ, Үндістанда жастар арасында жұмыс табу қиын екенін байқаймыз, яғни экономиканың өсуі жоғары болғанымен, жұмыс орындарының жетіспеуінен 15-24 жастағылардың 18%-ы жұмыссыз жүруге мәжбүр. Ал Германияда жастардың жұмыссыздық деңгейі Еуроодақтағы ең төмендердің бірі (6-7% төңірегінде), мемлекеттегі дуальді білім беру және шәкірттік бағдарлама арқасында жас мамандар жұмыс нарығына жақсы бейімделеді. Сондай-ақ соңғы онжылдықта Қазақстанда жастардың ұзақ мерзімді жұмыссыздығы екі есеге қысқарғаны байқалады, бұл экономикада жастарға арналған мүмкіндіктердің артқанын көрсетеді. Дегенмен, осындай төмен көрсеткіштің көлеңкелі жақтарын да ескеру керек, жасырын жұмыссыздық пен тұрақсыз жұмыспен қамту әлі де бар. Көптеген жас қазақстандық өз мамандығы бойынша жұмыс таба алмауы немесе бейресми секторда еңбектенуі мүмкін. БҰҰ Даму бағдарламасы деректеріне сүйенсек, Қазақстан жастарының шамамен NEET үлесі белгілі бір дәрежеде бар, яғни кейбір жастар не оқымай, не жұмыс істемей отыр. Бұл Үндістанда да бар проблема, онда жастардың көбі, әсіресе қыздар NEET санатына кіреді. Ал Германияда NEET деңгейі өте төмен, жастардың қоғамдағы белсенділігі жоғары. Қазақстанда жұмыскерге қойылатын талап жұмыс сапасы мен тұрақтылыққа кеп тіреледі. Жастарды өнімді еңбекке тарту, ауыл-аймақтардағы жас жұмыссыздардың көшуіне бейімделу және төртінші өнеркәсіптік революция заманында жаңа дағдыларға үйрету – жұмыссыздықтың ресми төмен деңгейінің аржағында тұрған мәселелер. Көрсеткіштерге көз жүгірткендегі күйттегеніміз осы, бәлкім шындыққа жанасатын да шығар…
ТАБЫС ТЕҢДІГІНЕ ТАЛПЫНЫС ТӨМЕН
Негізінен, кірістер теңсіздігі қоғамда табыстың жоғары және төмен топтар арасындағы бөлінісін сипаттайды. Gini коэффициенті неғұрлым жоғары болса, теңсіздік соғұрлым көп. Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша салыстырмалы түрде тең қоғам саналады. Соңғы деректер бойынша Қазақстанның Gini индексі 29,2 құрайды. Германия мен Үндістанда кіріс теңсіздігі бұдан сәл жоғары – Германияда 32,4, ал Үндістанда 32,8 шамасында. Бұл сандар Қазақстанда табыс бөлуде теңдік деңгейі біршама жоғары екенін, ал Үндістанда және тіпті кейбір дамыған елдерде әлеуметтік жіктеліс күштірек екенін көрсетеді. OECD есебінде де Қазақстан халықтың орташа әл-ауқаты жағынан «бұрынғы кеңестік кеңістіктегі» теңсіздігі төмен елдер қатарында аталады. Қазақстандағы баға бірегейлігі теңсіздігінің төмен болуының тарихына тоқталсақ. Кеңес дәуірінен бастап халыққа білім мен медицина тегін болуы, сондай-ақ тұрғын үйдің жаппай жекешелендірілуі нәтижесінде әлеуметтік базалық теңдік қалыптасты. Расында, Қазақстан үй иелену деңгейі жөнінен әлемде алдыңғы қатарда, ол дегеніміз тұрғындардың шамамен 95%-ы өз үй-жайында тұрады. Зерттеу осылай дейді, ал шынтуайтында ол жарты қазақстандық өз үйінде емес, пәтер жағалап жүр, ал оның дені жастар. Ал зерттеу көрсеткен 95 пайыз – халық көшпен қатар, бір толқында дегенді аңғартса керек, түсінгеніміз осы. Ал бұл көрсеткіш Германиядан әлдеқайда жоғары, онда халықтың тек 47%-ы үй иесі, қалғаны жалға алады. Ал Үндістан халқымен шамалас, өйткені экваторға жақын елдің де шамамен 86% отбасы өз баспанасы бар деп саналады, бірақ оның сапасы әркелкі.
Жаппай үй иелену орта таптың жинақ капиталын арттырып, табыс теңсіздігінің шамадан тыс өршуіне жол бермейді. Дүниежүзілік Банктің бағалауы бойынша 2010-2020 жылдары Қазақстанда Gini индексі 30-дан 27-ге дейін төмендеген, яғни табысы төмен топтардың жағдайы сәл де болса жақсарған. Оны билік басындағылар да өз есебінде мәлімдеп жүр. Дамыған және дамушы елдермен салыстырсақ, Германияда кірістер теңсіздігі көптеген Батыс елдеріндегідей орташа деңгейде – нарықтық экономика заңдылықтары бойынша байлар мен орташалардың арақашықтығы бар, бірақ мемлекет салық-бюджет саясаты арқылы оны жұмсартып отырады. Мысалы, әлеуметтік трансферттер есебінен Германиядағы түпкі (қайта бөлінгеннен кейінгі) Gini 0,29 шамасында, бұл АҚШ сияқты елдерден едәуір төмен (АҚШ-та 0,41). Үндістанда табыс теңсіздігі соңғы онжылдықта өсе түсті, ресми Gini 0,33 болғанымен, бейресми есептеулер байлық шоғырлануы өте жоғары екенін көрсетеді. Өйткені әлемдегі долларлық миллиардерлер саны бойынша Үндістан алдыңғы қатарда. Freedom House дерегінше, Үндістанда қоғамның кейбір бөлігі, әсіресе мұсылмандар мен касталық жүйеде төмен саналатын топтар әлі күнге дейін кедейлікте өмір сүріп жатыр. Олар әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан шеттетілген. Осындай теңсіздік пен әділетсіз жағдайлар жастар арасында наразылық пен әлеуметтік шиеленісті күшейтіп, қылмыстың көбеюіне және көлеңкелі экономиканың өршуіне себеп болып отыр.
МӘСЕЛЕ БАСТАУЫ – БАСПАНА
Қазақстан халқының басым бөлігі өз баспанасына иелік етеді, бұл – үлкен әлеуметтік жеңілдік. Ол туралы жоғарыда да айтып өттік. Статистикаға сәйкес, Қазақстанда тұрғын үй иелену коэффициенті 95–98% аралығында, яғни отбасылардың көпшілігі жеке пәтері не үйі бар. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан әлемде алғашқы бестікте тұр. Мұндай жағдай Кеңес Одағы құлағаннан кейін тұрғын үйдің жаппай жекешелендірілуі арқасында мүмкін болды. Салыстыру үшін, Германияда халықтың тек жартысы ғана үй иесі, қалған бөлігі жалдамалы пәтерде тұрады. Германияда тұрғын үйді жалдау мәдениеті қалыптасқан әрі нарық реттелген. Жалға алу ақысы кіріске сай және заңнамамен қорғалады. Ал Үндістанда ресми дерек бойынша үй иелену үлесі 86% көрінгенімен, бұл негізінен ауылдық жерлердегі қарапайым баспаналарды да қамтиды. Үндістанның қалаларында миллиондаған адам заңсыз салынған лашық аудандарда тұрады. Баспана сапасы турасында сөз қозғасақ, тек үй иесі болу жеткіліксіз. Яғни тұрғын үйдің сапасы мен қолайлылығы маңызды. Бұл тұрғыда Қазақстан Германиядан артта, бірақ Үндістаннан озық. OECD «How’s Life 2024» деректеріне қарағанда, қазақстандықтардың тұрғын үй сапасы жақсарып келгенімен, әлі де табысқа қатысты қолжетімділік мәселелері бар. Қазақстан қалаларында соңғы жылдары жылжымайтын мүлік бағасы күрт өсті, нәтижесінде жас отбасылардың баспана сатып алу мүмкіндігі төмендеді. Аренда нарығы да жеткілікті дамымаған, бұл жастарды көбіне ата-анасымен бірге тұруға мәжбүрлейді. Дегенмен, Қазақстанда тұрғын үй тым тар немесе бейқалыпты жағдайдағы халық үлесі айтарлықтай аз. Тұрғындардың тек 1%-ы ғана қалалық күйбең тірліктің «трущоба» деп сипатталатын сапасыз үйлерінде өмір сүреді. Ал Үндістанда 2020 жылғы БҰҰ-Хабитат есебіне сүйенсек, қалалық халықтың 45–50%-ы «трущобаларда» тұрады. Бұл – Үндістанның урбанизациясы барысында баспана салуын үлгере алмай, миллиондаған жастардың санитарлық жағдайы нашар, жарық, су, кәріз жүйесі дұрыс жүргізілмеген аудандарда ғұмыр кешіп жатқанын білдіреді. Германияда керісінше, сапасыз тұрғын үй мәселесі іс жүзінде жоқ. Халықтың 1%-ға жуығы ғана ресми түрде «нашар баспана жағдайында» деп есептеледі. Немістердің тұрғын үйі кең, жайлы. Орташа есеппен бір адамға 2 бөлме не одан көп келеді. Орталық жылыту, сумен жабдықтау секілді инфрақұрылым толық қамтылған. Тұрғын үйдің қолжетімділігіне келсек, үйдің болуы бір бөлек те, оны ұстау шығындары басқа мәселе. Қазақстанда баспана көпшілікте жеке меншікте болғанымен, урбанизация күшейген сайын жас отбасылар қалада үй сатып алу үшін ұзақ жыл ақша жинауы не ипотекаға кіруі қажет. Орташа жалақының үй бағасына қатынасы Қазақстанда соңғы жылдары нашарлап, тұрғын үй қолжетімділігі төмендеді, әсіресе Астана мен Алматы қалаларында. OECD деректері бойынша, Қазақстанда табысы төмен отбасылардың 20%-ға жуығы тұрғын үй шығындарынан қиналып жүр. Германияда тұрғын үйге жұмсалатын шығын жоғары болғанымен, мемлекет тұрғын үй жәрдемақысы, әлеуметтік баспана салу арқылы қолдау көрсетеді. 2024 жылы Германияның ірі қалаларында жастардың 13%-ының жалдау ақысы табысының 40%-ынан көбін құрап, «шығын ауыртпалығы» саналған. Үндістанда ресми саясат болмағандықтан, қалаларда тұрғын үй бағасы шарықтап, кедей жастар амалсыздан қызметтік жатақханаларда, уақытша лашықтарда немесе бірнеше отбасы бір үйді бөлісуге мәжбүр.
Қазақстан баспана мәселесінде белгілі бір артықшылыққа ие, ол – халықты тұрғын үймен қамту үлесі жоғары, жас кезінде ата-анасынан үй мұралану мүмкіндігі де бар. Алайда урбанизациямен бірге «жасөспірімдердің тұрғын үйі» проблемасы туындауда. Жұмыс іздеп қалаға келген жас буынға баспана табу да қиынға соғады. Мемлекет «7-20-25», «Бақытты отбасы», жастарға жалдамалы пәтер бағдарламалары секілді шаралар енгізгенімен, сұранысты толық өтей алған жоқ. 2023 жылы Қазақстанда тұрғын үй кезегінде 600 мыңнан астам адам тұрғанының өзі мәселенің өзектілігін көрсетеді. Сондай-ақ ауылдан қалаға көшкен жастар көбінесе ипотекалық несиелеу талаптарына сай келе бермейді, өйткені тұрақты жоғары табысы жоқ. Яғни, Қазақстанның тұрғын үй саласындағы басты міндет – жастар үшін қолжетімді және сапалы тұрғын үй құрылысының қарқынын арттыру. Бұл Германияның тәжірибесіне сүйеніп, жеке нарық пен мемлекеттік қолдауды ұштастыруды талап етеді. Ал Үндістан үшін ең негізгі басымдық – трущобаларды жою, қала кедейлерін негізгі инфрақұрылымы бар арзан тұрғын үймен қамтамасыз ету болып отыр.
СЕН ДЕ ШЕШІМ ҚАБЫЛДАЙ АЛАСЫҢ!
«Шешім қабылдай алу» дегенде, жастардың өз қоғамының әлеуметтік-саяси өміріне араласу дәрежесі менмұндалайды. Бұл сайлауға қатысу, еріктілік, қауымдастықтарға мүшелік, азаматтық бастамалар көтеру секілді өлшемдермен бағаланады. «OECD» және «Commonwealth Youth Index» деректері әлем бойынша соңғы жылдары жастардың саяси және азаматтық қатысуында алаңдататын үрдістер байқалғанын көрсетеді. Мысалы, Жаһандық Жастар Даму Индексі 2020 бойынша «Саяси және азаматтық қатысу» домені бүкіл әлемде нашарлаған жалғыз бағыт болды. 2010-2018 жылдар аралығында оның көрсеткіші орта есеппен 0,18%-ға төмендеген. Орташа алғанда, әлемдегі әр елде жастардың тек 20%-ы ғана соңғы бір айда волонтерлікпен айналысқан, ал тек 16,2%-ы мемлекеттік ресми тұлғаларға өз пікірін білдірген екен. Яғни, жастардың басым көбі қоғам мәселелерін шешуге тікелей араласпайды. Германия – азаматтық қоғамы дамыған мемлекет. Мұнда жастардың айтарлықтай бөлігі жас кезінен қоғамдық ұйымдарға, спорт клубтарына мүше, түрлі еріктілер қозғалысына қатысады. Мәселен, Eurostat дерегіне сүйенсек, 2023 жылы Германияда 15–29 жас аралығындағы жастардың 36%-ы кем дегенде айына бір рет қоғамға пайдасы тиетін шараға қатысқан. Бұл ЕС орташа көрсеткішінен жоғары. Сайлауға қатысу көрсеткішінде Германияда жастардың белсенділігі ересектерден сәл төмен болғанымен, сонда да 18-24 жас аралығында 68% дауыс берген. Бұл демократиялық елдер арасындағы жоғары көрсеткіштердің бірі. Жастардың экологиялық, әлеуметтік әділдік тақырыптарында қозғалыстар құрып, саяси үні шығуы Германияда жолға қойылған.
Ал елдегі жағдайға оралсақ, Қазақстанда жастардың қоғам өміріне араласуы шектеулі. Зерттеулерге қарағанда, қазақстандық жастардың ұйымдасқан қоғамдық қозғалыстарға қатысуы төмен деңгейде – 10%-дан да аз жастың жергілікті қауымдастық проблемаларын шешу үшін волонтер болғаны анықталған. Дегенмен кейінгі жылдары волонтерлік мәдениет енді-енді қалыптасып келеді, «Волонтер жылы 2020» аясында және пандемия кезінде көптеген жас азамат қайырымдылық акцияларына тартылды. Социологиялық сауалнамалар жастардың 70%-ы елде өзгерістер керектігін айтса да, олардың көпшілігі оны интернеттегі пікір білдірумен шектейді. Ресми дерекке жүгінсек, Қазақстанда 2021 жылы парламент сайлауында 18-25 жас аралығындағы сайлаушылардың қатысуы 50% шамасында болған, бұл орта көрсеткіштен төмен.
Тілші түйіні. Жастар – ел болашағы деген ұран көп айтылғанымен, нақты әрекет пен жүйелі саясатсыз ол жай ғана сөз күйінде қалады. Жоғарыда талданған білім беру сапасы, жұмысқа орналасу, табыс теңдігі, баспана, азаматтық белсенділік пен сенім деңгейі секілді көрсеткіштер Қазақстанда біршама ілгерілеу болғанымен, шешімін күткен мәселе аз емес екенін көрсетіп отыр. Білімге қолжетімділік бар, бірақ сапа ақсап тұр. Жастар жұмыссыз емес, бірақ тұрақты әрі лайықты жалақы алатын жұмысы жоқ. Үйі бар деуге болады, бірақ баспана қолжетімділігі жылдан жылға қиындап барады. Жастар пікірін білдіре алады, бірақ оны еститін жүйе әлі толық қалыптаспаған. Міне, осының бәрі ертеңгі елдің тағдырын айқындайды. Сондықтан бүгінгі буынның бағасын дұрыс беріп, нақты шешім қабылдау тек билікке емес, қоғамның әр мүшесіне жүктелетін жауапкершілік. Обал – үнсіздікте, әрекетсіздікте. Ал болашақ – бүгінгі таңдауда.
Ердәулет ҚАЛИ, тілші
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!