Санкцияның алғашқы әсері Қазақстанның экспорт-импорт әлеуетінен байқалды. Шетелдегі қазақстандық жүктер кідіріп, сырттан тасымалданатын тауарлардың бағасында айтарлықтай айырма пайда болғаны бар. Отандық экспорттық тауардың 50 проценттен астамы Еуроодақ, Швейцария, Украина мен Ресейге жөнелтілетінін ескерсек, бұл қалыпты реакция еді. Оған қоса негізгі табыс көзіне айналған мұнай, газ және металл өнімдері РФ аумағы мен порттары арқылы ғана шетел асатыны тағы бар. Сол себепті қаржыдан қағылып, тұралаған тұс – осы сектор. Ал қалған салада санкцияның зардабы қауіпті деңгейге көтерілмеді. Жалпы Ресейге жасалған саяси қысымын сөз еткенде ел экономикасының осал тұсын айта кеткен жөн. Себебі Қазақстанда өндірілетін тауарлар мен қызметтің дені импорттық жабдықтарға, материалға тәуелді. Осы орайда импорттың 45 проценті Ресейден тасымалданатынын айтпағанда шетелден келетін тауардың төрттен үш бөлігі РФ шекарасы арқылы келетінін білеміз. Міне, сондықтан көршіге жасалған қысымның негізгі бізге келер зияны – тасымал кедергісі..
Бүгінде ғалымдар Ресейге салған санкцияны екі тарапқа бөлуді ұсынуда. Алғашқысы тікелей қысым жасайтын санкция болса, кейінгісі экономиканы бірден құрдымға кетіретін бұғаттаулар екен. Екінші тарапқа ғаламдағы РФ активтерін бұғаттауға қатысты шаралар жатады. Сонымен қатар алдағы уақытта Батыс елдері Ресейдің мұнайы мен газынан бас тартса, Қазақстанға да оңайға түспейтінін айтуда.
Алайда апта басында Ұлттық экономика министрі ахуалдың асқынбайтынын айтып, тіпті елдегі валюта нарығындағы жағдайдың тұрақталғанын жеткізген болатын. Министр сөзіне сүйенсек, теңгенің құнын жоғалту ықтималдығы төмендегенге ұқсайды.
«Доллар бағамын қайта қарастырамыз. Қазір бағам бір долларға 500 теңгеден төмен екенін көріп отырмыз. Тиісінше, жыл бойынша төмен болады. Қазір бағам тұрақталып келеді, ревальвация басталды. Менің ойымша, оң өзгерістер болады», – дейді Әлібек Қуантыров.
Министр мұнай мәселесіне қатысты да маңызды мәлімдеме жасап, Каспий құбыр желісі консорциумындағы апатқа қатысты да пікір білдіріп үлгерді. Тіпті КТҚ-ның жекелеген техникалық қуаттарының тоқтауы өтелетінін атай келе «мұнай бағасының жоғары болуы есебінен қосымша пайда табатынымызды» да тілге тиек етті.
«Барреліне 60 доллардан жоғары, бірақ 120 доллардан төмен болатыны анық. Болашаққа қорымыз болуы үшін біз үнемі консервативті көзқараспен қараймыз. Егер баға бюджетте жоспарлағаннан жоғары болса, тиісінше қосымша түсім түседі. Бұл болжамды асыра сілтеп, кейін аз түсім алғаннан әлдеқайда жақсы» – деді министр.
Тапшы тауар,
қымбат құн
Қазақстандық кәсіпкерлер мен қарапайым тұрғындар антиресейлік санкция алғашқы әсерін сезініп үлгергені жасырын емес. Мәселен, рубль құлдырағанда ізінше ұлттық валютамыз да теңселе түсті. Бұл экономикалық тұрғыда РФ-мен қаншалықты байланыста екенімізді тағы бір дәлелдей түссе керек.
Артынша импорттық тауарлардың құны өсіп, шетел валютасына тәуелді өнімдер күрт қымбаттады. Кейбір азық-түлік тапшылығы да орын алды. Мысалы, қант тапшылығын алайық. Мұның өзі көрші елден келетін қант көлеміне байланысты өзгергені анықталды. РФ-ға қанттың 73 процентін экспорттайтын Беларусь қант экспортына шектеу қойған. Салдарынан Ресейдің Қазақстанға экспорттайтын қант көлемі азайды. Сондай-ақ Кедендік комиссия тамыздың соңына дейін дәнді-дақылдарды ЕАЭО кеңістігіне және қант пен қант шикізатын үшінші елдерге шығаруға тыйым салғанын білеміз. Мұның барлығы нарықтағы баға көрсеткіші мен тапшылықты тудыруда.
Аймақтағы базар бағасы мен азық-түлік бағамында да өзгеріс орын алды. Мәселен, өңірдегі азық-түлік бағасы жыл басындағы жағдаймен салыстырғанда 2 есе көтерілген. Сәбіз – 260, орамжапырақ – 500, пияз – 250 теңгеден сатылса, нан – 75-150 теңге, жұмыртқа бағасы 35-45 теңге тұрады.
Нарықтағы дүрбелең автоөндіріс саласын айналып өтпеді. Бүгінде көлік бағасы шарықтап, сатып алушыны тығырыққа тіреуде. Ірі шетелдік компаниялардың нарықтан кетуі Ресейдің өз ішкі өндірісін шектеуге мәжбүр етті. Мәселен, импорттық құрауыштардың тапшылығынан қазірдің өзінде РФ-дағы автомобиль зауыттарының жартысынан астамы тоқтап қалды. Сол себепті оның Қазақстандағы сатылымы күрт кеміді. Бұл біздің автоөндірісшілерге де теріс ықпалын тигізді.
Жақында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мәселені шешу жолын ұсынып, жағдайға баға берген еді. Министрдің сөзінше дағдарыс қиындықпен қатар жаңа мүмкіндік көзін де ашатын болады. Сондай-ақ қазақстандық автокөліктердің бағасының өсу жоспарда жоқ екенін жеткізген.
«Біз өзіміздің автоөнеркәсібімізге ерекше назар аудара бастадық. Отандық автокөліктердің бағасы тұрақты болуы үшін барлық шараларды қабылдап жатырмыз. Жеңілдетілген автонесиелеу бойынша құны 10 млн теңгеге дейінгі көлікті несиеге алуға болады. Одан да қымбат машина сатып алу құқығы бар, бірақ айырмашылығын несиені алған адам өз қаражатынан төлейді. Сәуір айының соңына дейін бұл мәселе шешімін тауып, көліктер 4% жеңілдікпен несиелендірілетін болады деп ойлаймын.
Бірақ бағалар әлі де тұрақсыз екенін айта кету керек. Бағалар күн сайын өзгереді. Сондықтан ертең қандай баға болатынын айту қиын. Бірқатар позициялар бойынша тіпті төмендеу үрдісі де байқалады», – деді министр.
Берен ШАҒЫРОВ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!