Темір көлік тізгіндегендердің көпшілігі өңірде «Ақ­қала» атымен танылған «Еkin Patrol» тәртіп сақшы­ларының автоматтандырылған көлігіне наразы. Бүгінде әлеумет­тік желіде де бұл тақырып жиі көтеріліп келеді. Елдің көкейіндегі мәселе – жылдамдықты арттырмаса да, арттырған етіп түсіріпті-міс. Десе де, бұл реттегі кей фактілер халықтың күмәнін айқындағандай.

Гүлжайна Алматова 20 жылдан бері автокөлік тізгіндеген. Оның айтуынша, осы уақыт аралығында бірде-бір рет жылдамдық арттырғаны үшін айыппұл арқаламапты. Дағдысы солай қалыптасса керек. Тіпті, достарының арасында өзінің жай жүретініне байланысты «Тасбақа» атанып кетіпті. Кейіпкеріміз «сағатына 74 шақырым жылдамдықпен жүруім мүмкін емес» деп отыр.
– Осы жылдың 17 ақпанында «Жайна» сауда үйінің тұсында төбесіндегіні жақпаған біреуі қарама-қарсы өтті, артынша 74 шақырым/сағ жылдамдықпен жүрдің деген айыппұл кеп тұр. Суретте көрініп тұрғандай алдымда, артымда, жанымда басқа да көліктер келе жатыр. Сол топты жарып, әлгіндей жылдамдықпен түсуім мүмкін емес. Өйткені, олармен қатарласып келе жатырмын. Оның үстіне көлікті тақымға басқан­дардың қайсыбірі болса да, бағдаршамнан өте сала жұлқына 74-тен бір-ақ шықпайтынын біледі ғой. Шағымдануға барғанымда, сырттан келген бір қызметкер «Көшедегілер сор болды» деп кейіп тұрғанын көрдім. Демек, мен секілді наразылығы бар жүргізушілер аз емес. Сондықтан бұл мәселені жоғары деңгейде жөндеп қарамасақ, қанша халықтың қалтасын қағары даусыз, – дейді Гүлжайна Алматова.
Аталған мәселені әлеуметтік желіге шығарған Алматова ханымды іздеушілер, онымен жекесіне шығып байланысқандар көбейген. Барлығының басындағы мәселе біреу. Ол жылдамдықты шамадан тыс асырғандарына сенбейді. Бұл ретте ол өзімен байланысқан азаматтың өз тәжірибесімен бөлісіп, істің өндірістен тоқта­тыл­ғанын айтыпты.
– Кешегі шығарған постыма сәйкес, шындық іздеп шырылдап жүрген қаншама азаматтар хабарласуда. Мына хаттама бойынша көлік егесі жылдамдықты асырмағандығы жөнінде арызданып, нәтижесінде «Erkin Patrol» G2 құрылғысынан қате кеткендігі жөнінде жауап алған. Яғни, жылдамдықты асырмағаны дәлелденген. Салынған айыппұл қайтарылған. Бірақ, әлгі патрульді көліктегі құрылғының 100 процент еш кедергісіз жұмыс істейтінін білгісі келген сұрағына жауап жоқ. Дәл осылай, арыз жазып өзінің ақ екенін дәлелдейтіндер қазіргідей уақыт тығыз заманда некен саяқ. Атына келіп тұрған айыппұлды төлей салады, себебі жүйке талшықтары одан да қымбат. Оған дәлел кешегі әлеуметтік желідегі жазбам, – дейді кейіпкеріміз.
Жұртшылық қазір түрлі ойда. Бірі «Тек жүрсең, тоқ жүресің» деп тәртіп бұзбауға шақырса, енді бірі әлгі автокөліктердің төбедегі жарықшам белгісін жағып, «тығылмай» жүруі керегін айтып, дабыл қағады. Бұл мәселеде тұрғындар түйткілді мәселелердің тарқауы керегін айтып, қоғам белсенділері мен журналистер қауымы облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Шамшидин Амитовпен жолықты.
– Төбедегі жарықшамды жағып жүру тоқты көп қажет етеді. Акумуляторды жылдам отырғызады. Бірақ, біз мұны халықтың өтініші ретінде қабылдаймыз. Алдағы уақытта олар жағып жүретін болады. Тапсырма береміз, – деді Ш.Амитов.
Жол белгілері бойынша да жүргізушілер наразылығы жеткілікті. Әсіресе, Белкөл кенті тұсындағы жылдамдықтың аражігін ажыратуды сұрағандар көп.
– Белкөлдегі «Қызылорда» деген белгіні көпірге апарып тастады. Қазір қаланың қақпасы мен көпірдің орталығында жүргізушілер ауға түскен балықтай болып, айыппұл арқалап келеді. Қалаға кіреберіс қақпа болған соң елді мекен белгісі қақпадан бері қарай болмай ма? Осы ақылға сыймайды. Өзім де бірнеше мәрте осы «қақпанға түстім», – дейді жүргізуші Мұхтар Дауылбайұлы.
Бұған қоса қала ішіндегі мектептер маңында сағатына 40 шақырым жол белгісі тұр. Тұрғындар бұл белгінің тек күндіз болу керегін сұрады. Өйткені, балалар түнгі мезгілде мектепке бармайды. Оған қоса, түнгі мезгілде қозғалыс аз. Халықтың бұл ұсынысын да ескеріп, құзырлы орган өкілдері жол белгілерінің қызмет етер уақытын белгіледі.
– Біз мектеп маңындағы жол белгілерінің таңертеңгі 7:00 мен кешкі 20:00 аралығында бекітілуіне ұсыныс бердік. Ол жол белгілері осы уақыт аралығында әрекет етеді. Қалған уақытта елді мекенге арналған шектеумен жүреді, – деді департамент бастығының бірінші орынбасары.
Десек те, халық көкейіндегі бұл мәселеге байланысты орынбасардың ойы мен көзқарасы күрмеуі қиын түйткілдің тарқауын табуға ықпал етеді деген ойдамыз. Әйтсе де, «біздің міндетіміз – халықтан айыппұл арқылы ақша алу емес, елдің қауіпсіздігін сақтау» деген Амитовтың айтқаны рас болса, тасада тұрып, олжасын нысанаға айналдырған аңшыдай жол сақшылары тығылып тұрып, жылдамдық атпаса игі. Ал халықты қауіпсіздікке шақыру үшін елдің алдында ашық, еңсені тік ұстап жүру керек сияқты.
Айта кетейік, аталған үлгідегі автокөліктердің 5 данасы облыс орталығында, 5 данасы трасса бойында жұмыс істейді. Олар тіпті арасында аудандарға да ат басын бұрып, халықты тәртіпке шақырып тұрады.
Айыппұлдан аулақ болыңыз, ағайын!

Дәулет ҚЫРДАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!