Коллаж: Информбюро

Шетелдіктер ескерткішке көркемтуынды ретінде қарайды. Көрсең көзің тояды һәм үлкен ойға жетелейді. Ерекшелігі сондай көптеген турист сол мінсіз мүсінге махаббатпен қарап, қыруар қаржысын құйып, тамашалау үшін барады. Ал біздегілер ше… Биыл өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы қазақ қоғамында қатты белең алып бара жатқан жағымсыз тенденцияларға қатысты пікірін білдіргенде дәл осы мәселені де назардан тыс қалдырмады.

– Әрбір қазақ ата-бабасын құрметтейді, рухына тағзым етеді. Сондықтан шежіре біздің мәдени кодымыздың ажырамас бөлігіне айналған. Бірақ біз тек қана осы түсінікпен шектеліп қалмауымыз қажет. Ең бастысы, бұл мәселені ешқашан саясатпен араластыруға болмайды.

Соңғы кезде ата-бабасының, жерлесінің есімін ұлықтауды сұрап, ұжымдық хат жазу әдетке айналып барады. Атасына ескерткіш қоюды, көшеге атын беруді өтінетіндер көбейді. Бұл – жағымсыз жағдай. Мұндай ұстанымдар еліміздің біртұтас идеологиялық кеңістігіне зиян келтіреді. Ұрпақ тәрбиесіне кесірін тигізеді. Тіпті шетелде бізді көне заманға және кеңестік кезеңге қатысты монументтер қаптаған «Ескерткіштер елі» деп айтатын болды. Ономастика саласында белгілі тарихи тұлғалармен қатар, жалпыұлттық құндылықтар да назардан тыс қалмауға тиіс. Тәуелсіздік, Республика, Бірлік сияқты мемлекеттілігіміздің басты тұғыры саналатын негізгі ұғымдарға баса мән беру керек. Елдігімізді сақтаймыз, мықты мемлекет боламыз десек, осының бәрін естен шығармаған абзал, – дейді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Облыстық «Сыр бойы» газетінде Президент қозғаған мәселеге орай жазылған Мәдениет қайраткері Аманкелді Кененбаевтың мақаласы қоғамға қозғау салғандай. Елдің іші-сыртын тастұғырларға толтырып тастағанымыз турасында ішкі қыжылын жеткізген автордың пікірі өз өзектілігін көрсетті.

Онда ескерткіш қою дәстүрі ерте заманнан-ақ бары, бірақ, бұл үрдіс ХІХ ғасырда Еуропа мен Америкада өрістеп, ХХ ғасырда ұлт-азаттық қозғалысының тұлғаларына, ақын-жазушыларға, өнер адамдарына ескерткіш қою жиілегені айтылады. Сондай-ақ, Қазақстанда ескерткіш қою өткен ғасырдың қырқыншы жылдарынан басталғаны, кейін Ұлы Отан соғысына қатысты ескерткіштер орнату ісі етек алғаны жазылыпты.

Мамандар ортақ типологиялық белгілері бойынша ескерткіштерді негізгі 4 түрге бөледі: археологиялық, тарихи, сәулет өнері, монументтік, яғни, мүсін өнері ескерткіштері. Осы арқылы ұлы тұлғаларды, белгілі қайраткерлерді немесе елеулі тарихи оқиғаларды есте қалдыру көзделеді.

– Қазақстан қалаларында халқының ынтымақ- бірлігін ойлаған үш биге, ұлт ұстазы Абайға, елін, жерін қорғаған батырларға, еңбек ерлеріне, өнер қайраткерлеріне қойылған тамаша ескерткіштер бар. Олардың кескін-келбеті өткен тарихымызды еске түсіріп, ұрпаққа рух беретін мән-мазмұн иеленген.

Алайда кейінгі жылдары бой көтерген көптеген ескерткіш көрген көзге суық тас бейненің ғана әсерін қалдыратын шалағай жұмыстар нәтижесінде өмірге келген. Мұндай ескерткіштердің көбі халық қазынасы бюджет есебінен салынатынын ескерсек, есіл ақшаның есік алдына төккен судай болып жатқанына жаның ашиды. Бұл – бір. Екіншіден, әркім өз руына, өз атасына тартып, әр жерге ескерткіш орнату ісі ортақ дертімізге айналып барады, – дейді Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Аманкелді Кененбаев.

Жүйе бойынша, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жанында ескерткіштер мен монументтерді орнату жөніндегі мемлекеттік комиссия бар. Ескерткіштер мен монументтерді орнату жөніндегі облыстық комиссияда қаралып, іріктелген эскиздер Мемлекеттік комиссияға ұсынылады.

– Біздің облыс көлемінде комиссияның келісімінсіз қойылған жұмыстар бұрынырақ некен-саяқ еді. Осы жағдайды болдырмау мақсатында оншақты жыл бұрын арнайы комиссия қажетсіз, сапасыз деп санаған мүсіндерді алдыртып, жөнге қойған болатын. Жалпы, біздің облыста жасалатын мүсіндік жұмыстар алдын ала комиссия мүшелерінің және Мәдениет министрлігінің келісімімен талқыланып, рұқсатын алған соң ғана конкурс жариялайды.

Әрине, ескерткіш жасау оңай жұмыс емес. Ескерткіш бейнесінде әр деңгейдегі адам үшін тарихи оқиғаның, не тұлғаның образы оқылып тұруы шарт. Оның эстетикалық, яғни, қала көшесіне көрік қосып тұратын қызметі өз алдына, терең тәрбиелік мәніне баса назар аударылады. Осы мақсатқа жету жолында мүсінші мың ойланып, жүз толғанып, ауыр жұмыс үдерісінен өтеді. Модельдік шығарманы жасау жолы өз алдына, оны комиссияның бекітуі бір бөлек машақат. Конкурста жеңімпаз мүсіншіні кәсіпкерлерге ұқсатып тендер жариялайды. Бұл – енді басқа әңгіме тақырыбы.

Сонымен бірге Мемлекет басшысы айтқандай, ойдан құрастырылған өмірбаяндар тұғырда тұруға тиіс емес. Ақиқаттан айнымай, ар ісімен айналысайық, – дейді А.Кененбаев.

Иә, тұғырлы тұлғаларға ескерткіш орнату әрбір ұлттың басты міндеті. Бұл жөнінен ешбір елден кенде емеспіз. Еліміздің қай бөлігіне барсаңыз да, алдыңыздан сан алуан ескерткіштер кезігеді. Өткен өмір өрімінде елге, халыққа, туған жерге өлшеусіз еңбек сіңірген елеулі жандарды осылайша ұмыт қалдырмай жүргеніміз қуантады. Ол біздің тарихымызды бағалайтын зиялы ұрпақ екенімізді көрсетеді. Дегенмен осы тұрғыда кейде асығыстық жасап алатын әдетіміз де бар. Белгілі бір тұлғаның мерейтойы қарсаңында асығыс-үсігіс ескерткіш орнатқан боламыз. Өкінішке қарай, сол тастұғыр үстіндегі бейне кейбір жағдайда атаулы тұлғаның кескін-келбетінен алшақ кетіп жатады. Бір қызығы, қазір осындай олқылықтар көбейіп кетті. Сонда бұл көз алдау ма? Әлде мүсіншілердің қабілет-қарымы соған ғана жете ме? Сауал көп. Жауап жоқ.

– Есіме авар халқының ақыны Расул Гамзатовтың «Журавли» әні түсіп отыр. Кезінде бұл ән Кеңес одағының гимніндей болған еді-ау. Жас кезімізде гитарамен өзіміз де айттық. Тыңдаған жанды бей-жай қалдырмайтын. Тарихын көпшілік біледі.

Р.Гамзатов СССР мәдениет қайраткерлері делегациясы құрамында Жапонияға барған сапарында Хиросима құрбандарына орнатылған ескерткішті көріп, ерекше әсер алады. Атом бомбасы жарылысынан айықпас дертке ұшырап ауруханада жатқан қаршадай қыз Садако айығып кетемін деп жапон ырымына сәйкес қағаздан мың тырна жасауға жанын салған. Бірақ үкілі үміті соңғы тырнаға келгенде үзілген. Орталық алаңда қойылған ескерткіште осы оқиға көрініс тапқаны авар ақынының айықпас дерттей жан азабына айналған. Елге келген соң қызметтік іссапарында Газдановтар отбасына орнатылған ескерткішті көріп, толқыныстан кейін 1965 жылы «Журавли» әні өмірге келеді. Әннің тууына Солтүстік Осетияның шағын селосындағы соғыста жеті ұлынан «қара қағаз» алған ананың жеті тырнаны өз қолымен көкке ұшырып тұрған ескерткіші себеп болған.

Шындығында, ауылдың көнекөз қариялары айтқандай, қарт әке мен ананың соғысқа аттанған жеті ұлынан бірінен соң бірі «қара қағаз» келе бастайды. Бесінші ұлының қазасынан соң қайғыны көтере алмай анасы өмірден өтеді. Ал жетінші ұлының қайғылы хабарын әкеле жатқан пошташыны көрген қарт әке басқышта немересін құшақтап отырған күйі көз жұмған. Осы ескерткішке арналған «Журавли» әні Кеңес одағы ыдыраса да өз құндылығын жойған жоқ, – деп келетін, көзге жас үйіретін әңгімені жазушы Әлімжан Қияс «Жақсы сөз» атты кітабына жазған еді. Нағыз ескерткіш осындай болса керек-ті.

Ескерткіштер елдің еңсесін тіктеп, рухын оятуға, сана-сезімін серпілтуге септігін тигізіп жатса, одан ұтылмасымыз анық.

Айта кеткен жөн, облыс көлемінде 567 тарихи-мәдени мұра нысандары мемлекет қорғауына алынған, оның ішінде 31-і республикалық, 256-сы жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген болса, 280 ескерткіш алдын ала есепке алынған тарихи-мәдени мұра нысандарының тізімінде тұр.

Биыл облыс әкімдігінің қолдауымен бірқатар жоба жүзеге асырылады. Мәдениет және ақпарат министрлігінің жоспарына сәйкес 2024 жылы республикалық бюджет есебінен Қызылорда облысында бірқатар ескерткішке реставрациялық жұмыстарды жүргізу жоспарланыпты.

Мүсіннің мұңы мұнымен бітпесі хақ. Суретшілер мен мүсіншілердің жанайқайы тіптен бөлек. Арзан дүниенің сорпасы татымайтыны секілді, аз қаржы бөлінген ескерткіш те еңселі болмайтыны айтылады. Оған дәлел «Сыр бойының батырлары» ескерткіші. Ол әуел баста 15 метр болуы керек деп жоспарланған. Қаржының қысқаруына байланысты батырлардың бойы да үш есеге дейін аласарған. Ендігі кезекте саланың сайыпқыран мамандары арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей жүйелі жоспар құрса дейміз.

Айдар САЙЛАУОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!