Есепке сүйенсек, қала бойынша ыза судан пайда болған жеке меншіктегі 24 көлшік бар. Көлшік деген аты болмаса, ол жерлердің  қоқыс пен құрт-құмырсқаның алаңы екені рас. Биыл сәуір айында кәсіпкерлердің қолдауымен бес көлшікке топырақ төселіп, шұңқыр көмілген. Қалғаны… Қалғанының жайын білмекке Сәулет, Саяхат мөлтек аудандарына арнайы бардық.

DCIM\100MEDIA\DJI_0625.JPG

«Бүркеген жерден бит шығатынын» билік басындағылар жақсы біледі. Солай бола тұра халықтың көп мәселесі әлі күнге «бүркемеленіп» келе жатқаны жасырын емес. Бүгін біз қозғағалы отырған түйткіл де – көрер көзге сүйелдей, естір құлаққа жауыр болған тақырып. Алайда әлі күнге өзекті.

Өткенде сырттан келген құрбымның «Қызылорда – «француз үйіне» ұқсайды. Мұнда неше түрлі иіс бар. Көп көшенің иісі қолқаңды қабады» дегені… Мысқылсыз айтылған мысалға ойланып қалдым. Расында қаланың орталығында жүрген біз мөлтек аудандардағы жағымсыз иісті байқай бермейді екенбіз…

«Бұл жерге келгенде неге бейқам отыр?»

Сәулет мөлтек ауданындағы 31 көшенің тұрғыны Жазира Мирзашованың осы жерге көшіп келгеніне биыл ‒ 11 жыл. Содан бері ыза судың әсерінен пайда болған сасық көлшіктердің зардабын көппен бірге көріп келеді. Жаз болса қолаңса иіс қолқаны қабады, жел тұрса жиналған қоқыс ауланы ластайды.  Балалар шұңқырға түсіп кетеді деген қауіп тағы бар. Айта кетейік, сәуір айында көмілген бес көлшік те осы Сәулетке тиесілі, алайда үй маңындағы осы бір лас аймаққа әлі ешкім ат ізін салмапты.

 Жазира Мирзашова, Сәулет мөлтек ауданы, 31 көшенің тұрғыны:

‒ Біз осы жаққа 2009 жылы көшіп келгенде, бұл жердің жол болу керек екенін білдік. Гугл-картадан қарасаңыз да, бұл жер жол деп көрсетілген. Сәулет 31 көшесі, жанында көл бар (ред, ‒ қазір жабылған), одан кейін жолдың жобасы жасалған. Осы көлшік орнына Қ.Сұлтанбаев көшесі жалғасып кету керек. 10 жыл бұрын осылай болу керек жоба белгісіз себептермен лас алаңға айналып кеткен. Қарама-қарсы беттегі көлшік жеке меншіктегі жер болған соң кәсіпкерлер қолдауымен  жабылды. Бертінге дейін үлкен әрі сасық иісті  көл болған, қазір үстіне құм төселіп, үй салынуда.

Енді мына көлшікке адамдар қоқыс тастайды. Одан қалды лас заттарды жел ұшырып әкеледі. Арғы жақтағы үйдің қорасында малы бар, олар да осы жерге келіп көң тастайды. Арасында көршілермен бірігіп, қоқыстарды өртеп, жинап қоямыз. Бірақ қайсыбірін қадағалап, қайсы адамды аңдып отырасыз?! Жазда иіспен қоса көлшікке жиналған маса да мазамызды алады. Балалардың ойнауына да қорқынышты. Далаға жіберсең осы көлшік орнына түсіп кете ме деп қорқасың.  Өзімнің үйімде контейнер бар, сыртқа бірде-бір қоқыс тастамаймын, ‒ дейді ол.

 Тұрғынның айтуынша, бұл аумақ та жеке меншіктегі жер. Бірақ иесі әлі күнге жерді игермеген. Салдарынан сасық көлшік күн өткен сайын ластанып барады.

‒ Осы мәселені көтеріп,  Facebook әлеуметтік желісіндегі «Qyzylorda open» парақшасына мән-жайды түсіндіріп жаздық. Екі ай бұрын «бұл аумақ біреудің жеке меншігіндегі жері, шара қолданамыз» деген жауап берілді. Бірақ содан бері ешқандай қозғалыс болмады, ешкім тексеріп келген жоқ. Әдетте заң бойынша  мемлекет игерілмеген жерді иесінен алып қояды, ал бұл жерге келгенде неге бейқам отырғанын түсінбеймін?! ‒ дейді тұрғын.   

Биыл дарияда су көлемі аз болған соң, көлшіктегі ыза су деңгейі де көтеріле қоймапты. Алайда «күз айындағы жаңбыр суымен-ақ шұңқыр толып шыға келеді» дейді тұрғындар. Ал жиналған қоқысты тазартуға көршілердің шамасы жетпейтіні белгілі. Сөз соңында көше тұрғындары «осы жер тезірек игеріліп, иесі көшіп келсе немесе жол салынса екен» деген тілегін жеткізді. «Тіпті балалар үшін  ойын алаңын салып берсе де, нұр үстіне нұр болар еді» дейді сәулеттіктер.

“Жаман” ауданда тұрып жатырмыз

Ал Саяхат мөлтек ауданындағы 16 көшенің жайы тіпті күрделі. Кеңес Одағы кезінде бұл маңда кірпіш зауыты болған дейді тұрғындар. Зауыт құрылысқа қажетті топырақты осы жерден алған. Кейін келе қазылған шұңқырға жер асты суы толы бастаған. Оған қоса құрылыстың барлық қалдық-қоқысы осы жерге тасталып, тау болып үйіле берген. Қазір барып қарасаңыз, «экологиялық апатты су айдынын» қиналмай табуға болады…

 Қозыбай Аяпов, Саяхат мөлтек ауданы, 16-көшенің тұрғыны:

‒  Осы жаққа Қазалы ауданы, Өркендеу елді мекенінен көшіп келдім. Мемлекеттің «орталыққа көшіңдер, шағын бизнес жүргізіңдер» деген бастамасымен қалаға қоныс аударғанымызбен не пайда?! Кескініміз ‒ мынау. Жарықты былтыр берді, енді газды жүргізді де, ол да жартылай қалып қойды. Құжат бойынша барлық көшеге газ жүргізілді деп көрсетілген, бірақ бізде газ жоқ. Оны қойшы,  мөлтек ауданға орналасқан 11 жылдан бері сасық иіспен бірге өмір сүріп келеміз. Кішкентай немеремнің үстіне жара шығып, жиі ауырады. Жазда балалар үй маңына ойнай алмайды, көшеге де шығуға мүмкіндік жоқ. Жел болса, жағымсыз иіс үйді алып кетеді.  Облыс, қала әкімдігіне де талай рет арыз жазып апардық. «Саяхаттағы 16-22  көшелер арасындағы көлшіктен ескерткіш» деп  суретке де түсіріп бердік . Ешқандай нәтиже болмады. Олар «әр жердің заңды иесі бар, өздері құммен көміп алсын» дегенді айтады. Енді соның иесін заңмен анықтау керек қой. Ана жердің егесі бар, мына жердің егесі жоқ. Екі жердің арасы  ‒ 25 метр. Егесі жоқ жер мемлекетке тиесілі болған соң, көму керек емес пе?! Бұл жерді Кеңес одағы кезінде мемлекет бүлдірген, халық соның зардабын көріп отыр.

Өткенде көлшіктің тереңдігін қайықпен келіп өлшеп, дронмен суретке түсіріп алып кеткен екен. Бірақ әлі хабар жоқ. Мынау шұңқыр терең ғой.  Шындығына келгенде, әкімдіктің халыққа істеп отырғаны ‒ қиянат. Бұл шұңқырды халық көміп үлгере алмайды. Осы уақытқа дейін мына жердің иесі 200-300 машина топырақ төккен шығар. Топырақты қашанғы төгеді енді?! Көлшікті жердің иесі өзі жабу керек дейді, ол топырақты шамасы келгенше үйіп жатыр. Онда да әлі келген кезде әкеліп тастайды. Сонда біз топырақты тасып біткенше сорлап отыра береміз бе?! Мемлекет тым болмаса судың бетін жауып берсе екен. Қалғанын халық өзі реттеп алады. Жағдайымыз қиын, жылай-жылай шаршадық. Қазір коронавирус деп бәрі дабыл қағып жатыр ғой, бұл жердегі  шыбын-маса толы сасық ауаның зияны содан кем емес. Осында көшіп келгелі бері көлшіктің жартысы көмілді. Енді тоғыз жылда қалғаны көміліп қалар, ‒ дейді  тұрғын.

Көлшік маңындағы ауа тыныстауға жағымсыз болса да, Қозыбай ағаның сөзін бөлмей тыңдадық. Айтуынша, жер астынан көтерілген су аязды күні де қатпайды. Себебі су құрамына зауыттан шыққан химиялық заттар араласқан. Жыл сайын қоқысқа толған судың түсі бөлек, алабөтен қызарып тұр. Ал енді сол ауамен тыныстаған тұрғындардың жайын бағамдай беріңіз…

 ‒ Намысың келеді кейде. Осы сөзімді жазшы, айналайын. Әнеу жерге шығып қарасаң, облыс әкімдігінің туы желбіреп тұр. Ал мына жерде біз қоқысқа батып отырмыз. Ұят емес пе?! Тек орталық көшелерді әдемілей береді. Ал шеттегі халықтың демалатын орны да жоқ қой. Айта берсең, халықта мәселе көп. Өзің білесің, қалалық жерде ауылдағыдай көп тірлік болмайды. Кешкісін немеремізді қыдыртқымыз келеді. Ол үшін анау орталыққа бару қажет. Ал осы Саяхат сияқты мөлтек аудандарға бір-екі спорттық, ойын алаңдарын жасап берсе болады ғой. Бес қабатты үйлердің ауласына қарасаң, ол жақтың бар жағдайы жасаулы. Мұнда халық үйді өз еңбегіне тұрғызды, мемлекеттен үй сұрап жатқан жоқ қой. Тек осы мәселелерді реттеп берсе болғаны. Анау жылу құбырының ар жағы Саяхат 25 көшесінде мүлде инфрақұрылым жоқ. Ауылдан келген жұртқа газ, су, жарығын қамтып бермеген соң одан тіршілік бола ма? ‒ дейді жағдайға шамданған тұрғын.

Осы арада сөзге Саяхаттың жеті жылдан бергі тұрғыны, ардагер-ұстаз Сәлима апай араласты.

 Сәлима, ардагер-ұстаз:

‒ Осы жаққа көшіп келгелі мәселені көршілермен бірге көтеріп келеміз. Өзімнің «Алтын белгіге» бітірген оқушым Айдос Файзуллаев  ‒ қазір қала әкімдігінде бас маман.  Сол балама да бірнеше рет айттым.  «Апай, көлшікті қазан айында жауып тастайды екен» деп сүйіншілеген. Бірақ әлі нәтиже жоқ.  Көлшіктің жырын айтып жүргенімізге бес жылдан асты. Бұл жерді реттеп алуға халықтың күші жетпейді.

Жағымсыз иіс қанша адамның денсаулығына зиян екені айтпаса да белгілі. Енді соған экологтардың ықпалы болмай ма? Айыппұл салып, бақыламай ма? Өткенде дарияның ішін тазалапты. Сол жерден қазылып алынған топырақты осы көлшікке әкелуге болмай ма? Шынымды айтсам, біз жаман ауданда тұрып жатырмыз. Анау асфальт зауыттың қара  түтіні де бізге келеді. Мемлекет жерді осы жерден берген соң көнбеске амал жоқ, ‒ дейді ардагер-ұстаз. 

Кемал ЖАЙМАҒАМБЕТОВ, Саяхат мөлтек ауданы, 20-көшенің тұрғыны:

‒ Әкімдікке былтыр арыз жазғанбыз. Ол кезде жарық, көше жоқ еді. Бірінші көтерген мәселеміз мына шұңқырды жабу болды. Қалғандары реттелсе де, осы мәселе қалып қойды. Біреулер «жерді кім алды, сол көмсін» дегенді айтады. 

Мұнда одан өзге де мәселе көп. Осы шағын ауданға мектеп керек деп айтып келе жатқанымызға үш жылдан асты.

Қоғамдық көліктен 6 бағыттағы маршрут қатынайды. Қанша халыққа бір ғана қоғамдық көлік беру обал емес пе? Мына көшеден арғы бетке өту де оңай емес. Жаяу жүргіншілер жолағы болмаған соң балалар үшін уайымдаймыз. Өткенде бір-екі жүк көлігі балаларды абайсызда қағып кетті. Енді соны ескеріп, С.Бейбарыс көшесіндегі “соңғы проход” аялдамасының жанынан жаяу жүргіншілер жолағын салып берсе болады ғой, – дейді тұрғын.

Жер учаскелері сот өндірісінде

Мөлтек аудандағы мән-жайды білген соң, қала әкімдігіндегі жауапты мамандарға хабарластық. Олар қала бойынша Сәулет, Саяхат, Қорқыт ата, КБИ және Арай мөлтек аудандарында ыза судан пайда болған жеке меншіктегі барлығы 24 көлшік (оның ішінде 34 жер учаскесі) анықталып, меншік иелеріне жер учаскесін мерзімінде игеру жөнінде бірнеше мәрте ескертпе берілгенін айтады. 

‒ Мемлекеттік меншіктегі жер учаскесінде барлығы 13 көлшік орналасқан (Қорқыт ата ‒ 2, Саяхат ‒ 2, Сәулет ‒ 1, Арай ‒ 1, КБИ ‒ 2, Шанхай ‒ 1 және Қызылорда Белкөл С. Бейбарыс көшесі ‒ 4). Қызылорда қаласы бойынша Сәулет, Саяхат, Қорқыт ата, КБИ және Арай мөлтек аудандарында ыза судан пайда болған көлшіктер орналасқан жер учаскелері мақсатына сәйкес игерілмеуіне байланысты меншік иелерін ҚР Жер кодексінің 93-бабы, 3-тармағы негізінде сот органына міндеттеу туралы талап арыздар берілді. 2020 жылға дейін дейін Саяхат мөлтек ауданынан 17 көлшік (31 жер учаскесі), Сәулет мөлтек ауданынан 1 көлшік (1 жер учаскесі) барлығы 18 көлшік (32 жер учаскесі) көмілді.

Қалған 19-көлшік (оның ішінде 29 жер учаскесі) нысаналы мақсаты бойынша игерілмеуіне байланысты Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 93-бабы, 3-тармағы негізінде сот органына міндеттеу туралы талап арыздар берілді. Нәтижесінде 3 азаматқа тиесілі жер учаскесі сот шешіміне сәйкес өз есебінен көмілсе, ал 4 азаматқа көму туралы сот шешімі қабылданды. Өзге жер учаскелері сот өндірісінде, ‒ дейді қала әкімдігінің мамандары.

Бәлкім, жуық арада сот өндірісіндегі мәселе шешімін тауып қалар деген үмітпен экология департаментіне де хабарластық. Алайда нағыз экологиялық ахуалдың ушыққан ауданына бұл мекеме жауапты емес екенін  алға тартты. Енді қайтпек керек?!

Тақырыптың тоқетері:  Жауапты мамандар қашанда «мәселені қарап жатырмыз, жұмыс істейміз» деп құрғақ уәде беретіні жасырын емес. Бірақ қашанда «тас түскен жеріне ауыр». Не мәселе болса да, алдымен халық қиналады. Бір анығы, қалдықтан шыққан «хош» иіспен тыныстау оңай болмай тұр…

Гүлдана ЖҰМАДИНОВА,

Суреттер: Н.Нұржаубай

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!