Әлем халқының үштен бір бөлігі бейнеойындармен таң атырып, күн батырып жүр. Көпшілік арасында компьютерлік ойындарды тек жасөспірімдер, мектеп жасындағы балалар ойнайды деген пікір қалыптасқан, алайда статистика басқаша «сөйлейді». Бүгінде геймердің орташа жасы – 35-те. Көпшілігі мектепте компьютерлерде және ойын клубтарында бірнеше сағатын өткізіп геймерлік жолға келген дейді мамандар. Ал оларды тәуелділікке душар еткен ойындардың үштігін Pubg, CS-go, дота құрап тұр. Әсіресе алғашқысы қоғамда кең белең алған.
Ел арасында Pubg деп танылған бұл ойынның толық атауы – «Playerunknown’s Battlegrounds». 2017 жылы 23 наурыз күні Steam алаңында пайда болған бұл ойын бірден сұранысқа ие болды. Әр апта сайын рекорд жаңартып отырған ойынның қазіргі таңда 20 миллионға жуық көшірмесі сатылған. Ал онлайн ойнайтындардың саны 4 миллион қолданушыдан асып жығылады. Бұл ойынның мұншалықты танымалдылыққа ие болатын қандай құпиясы бар деген сауал туындауы мүмкін. Брендан Грин жапониялық «Корольдік шайқас» деп аталатын фильмді көргеннен соң ойын шығаруды қолға алған. Ерекшелігі – 100 ойыншы бір үлкен алаңда өмір үшін айқасады. Өзіңе қажетті қару-жарақ пен оқ-дәрілерді тауып, өмір үшін өзгелермен күресесің. PUBG ерекшелігі – миыңа салмақ салатын ешқандай тапсырма орындамайсың. Тек сенен бөлек 99 адам онлайн түрде өмір үшін күреседі. Бар болғаны осы. Дегенмен ойынды жасаушылар оны барынша дамытуға тырысып жатыр. Түрлі локациялар мен жанрлар. Қару-жарақтың сан түрі мен неше түрлі көліктер. Жалғыз өзің немесе командаңды жинап, атыс алаңына шығып кетсең болады. Ойын үстінде бір-біріңмен еш қиындықсыз сөйлесуге мүмкіндік бар. Компьютерге арналған PUBG ойынына сұраныстың артқаны соншалық араға бір жыл салып телефонға арналған PUBG Mobile нұсқасын жасап шығарды. Міне, дәл қәзір PUBG пен оның Mobile нұсқасы нарықтағы ең сұранысқа ие.
Тәуелділіктің түрлі кезеңі бар
Зерттеу бойынша ойынға тәуелділіктің өзіндік даму кезеңдері бар. Нақтырақ айтқанда психологтар қоғамның үлкен дертін 5 кезеңге бөліп қарастырған.
Дайындық кезеңі. Бұл кезде ойындарға деген сезімталдықтың жоғарылауы дамиды. Өзін-өзі бағалаудың төмендігі, эмоцияны басқара алмау, қабылдауға құлықсыздық, агрессия, импульсивтілік және гиперактивтілік, алаңдаушылық, депрессия мен стресс деңгейінің жоғарылауы, қиял әлеміне ену үрдісі ересектер мен балаларда құмар ойынға тәуелділіктің дамуына ықпал етеді.
Жеңіс кезеңі. Бұл кезеңде өзін-өзі танудың, кейде материалдық пайда алудың тәсілі ретінде қабылданады. Ақыл бұлыңғыр бола бастайды, тіпті аз пайда да қызығушылық тудырады. Адам басқаларға өзінің артықшылығын ойын арқылы дәлелдеуге тырысады.
Шығын кезеңі. Геймер белгілі бір оқиғалардың жабық циклында болады. Олар қолда бар ақшаны жұмсайды, тіпті, қарыз алуға бейім. Біраз уақыт шығындар тізбегінен кейін ойнауға деген ұмтылыс жоғалады. Алайда, кейбір арандатушы факторлар болған кезде адам қайтадан өзінің қалауымен жүреді және оқиға қайталанады.
Үміт үзу кезеңі. Көп уақытын ойынға арнауына байланысты адам барлық нәрсеге қызығушылығын жоғалтады. Мектепте немесе жұмыста қиындықтар туындайды, қарым-қатынас шеңбері өзгереді, психологиялық жағдайы оның отбасында қалыпты өмір сүруіне мүмкіндік бермейді. Жақын адамдары үнемі алдаудан, қарыздан шаршайды және біртіндеп алыстай бастайды. Ойыншы мұның бәрінің себебі тәуелділік екенін түсінеді, алайда өзін-өзі басқаруға деген барлық әрекеті оң нәтиже бермейді.
Үмітсіздік кезеңі. Аталған кезеңде геймер өзінің тәуелділігін түсінеді, соған қарамастан ойнауды жалғастырады.
Геймер болғысы келетіндер көп
Ойындардың барлығын жіті меңгеріп, жоғары деңгейде ойнайтын болсаң, көпшілік саған геймер деген атақ береді. Яғни, бұл кәсіби спортшы дегенге саяды. Нұржан Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде білім алған. Бірақ мамандығы бойынша емес, біз айтқан, өзі әуестенетін рubg, CS-go «дота» компьютерлік ойындарының арқасында ақша табамын дейді. Киберспортпен айналысатын команда мүшесі таңдаулы геймерлер қатарынан көрінгісі келеді.
– Аптасына бір рет, екі рет компьютер клубтарына барып ойнайтынмын. Көп ойнаған соң шеберлене түстім. Ойыннан тәжірибе жинақтаған соң турнирлерге қатысып көрейін деп көбірек ойнай бастадым. Компьютер клубында шеберлігімді байқаған геймерлер командаға шақырды. Жақында турнирлерге қатысамыз, – дейді Нұржан.
Байқағанымыздай, өздерін «геймер» деп атайтын компьютерлік ойынға құмартушылар арасында сайыс өткізу сәнге айналған. Бәске қомақты қаражат тігіледі. Қаладағы танымал ойынхананың әкімгері Әлішер Дүйсеков 4 рет чемпионат ұйымдастырыпты.
– Компьютерлік ойынмен әуестенетіндердің нақты санын айта алмаймын. Статистикалық мәліметтер платформасынан байқағаным, Қазақстанда жүз мыңдаған адам ойнайды. Аудитория өте үлкен, сондықтан біз сайыс ұйымдастырамыз. Киберспорт олимпиада ойынына қосылғандықтан сұраныс одан әрі ұлғаюда, – дейді Әлішер.
«Баланың көңілі далада емес»
Соңғы жылдары әлемдік бейнеойындар нарығында өсім байқалады. 2020 жылы дүниежүзі бойынша видеоойындар нарығы 91,3 млрд доллар болса, 2021 жылы 101,6 млрд долларға жетті. Newzoo компаниясының зерттеулеріне қарағанда, 2022 жылға қарай компьютерлік ойындар нарығы 118 млрд долларға жетуі мүмкін. Белоруссияда құрылған Wargaming.net компаниясының бір ойынына әлем бойынша 150 млн адам тіркелген. Компания 2020 жылы тек World of Tanks ойыны арқылы 590 млн доллар пайда тапқан. Тізбектей берсек, әлемде компьютерлік және мобильдік ойындар арқылы мол табысқа кенеліп жатқандар аз емес.
Иә, компьютерлік және мобильдік ойындардың қызығына еніп, өмір мен виртуалды әлем арасындағы шекараны жоғалтқандары да қаншама. Әрине, гаджетте ойын ойнайтындардың бәрін «ауру» деп айтуға болмайды. Елімізде ойындардан зардап шегіп, психиатрлық орталықтарда тіркеуде тұрған адамдардың нақты бір тізімі жоқ. Мамандардың сөзінше, мұнымен ешкім айналыспайды. Көбіне отбасының өз ішіндегі түйткілі сияқты қарастырылатын дерт енді әлеуметтік сипатқа ие.
«Заманына қарай адамы» демекші бүгінгі балалардың ойыны да виртуалды болып тұр. Бізді ойландыратыны осы. БҰҰ жанындағы Unicef балалар қоры өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында: «Егер біз, ересектер балалардың белгілі бір жетістікке жеткенін қаласақ, оны солармен бірге жасауымыз керек» деп жазыпты. Көңіл қойып оқымаса, қарапайым мораль секілді қабылдануы мүмкін. Бірақ жаны бар сөз. Өйткені әрбір ойын – бала үшін нағыз өмір. Ойында жеңген, өскен, дамыған бала өмірде де биікті бағындырады. Ендеше, оның өміріне жауапты адам, мейлі ата-ана, мейлі мұғалім немесе кез келген ересек баламен бірге ойнауы қажет сияқты. Ал бізде «баланың ойынына араласпаған абзал» деген қасаң көзқарас бары жасырын емес.
Ерасыл ШӘРІБЕК
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!