Геодезияға «жер қыртысын зерттейтін ғылым» деп жалпы мағына беруге тырысқанымызбен, саланың жауапкершілігі біз ойлағаннан да ауқымды болып шықты. Тұтас есептеуді қажет ететін мамандық жайлы «ИнжГеоГиз» ЖШС компаниясының директоры Нұржан Тәжбеновтен сұрағанымызда, геодезияның қоғам үшін аса маңызды ғылым екеніне тағы бір мәрте көзіміз жетті.
Бүгінде дамыған мемлекеттердің барлық саласында қолданылатын геодезия негізгі үш топқа: аэрогеодезия, жер қыртысын және жер асты қыртысын зерттейтін геодезия болып бөлінеді. Аэрогеодезия әуеде ұшу арқылы жер бедерін ауқымды көлемде картаға түсіреді. Оған аэрогеодезия, аэросканер сынды арнайы құрылғылар қолданып, 1 м2 жерге 4 млн нүкте жіберу арқылы лазерлік бағытпен есептеу жүргізеді. Жердің беткі қабатын зерттейтін геодезия тау-тас, сай ішін, қазылған орындардың көлемін, жер бетіне орналасқан барлық құрылыстардың тереңдігін, биіктігін, тегістігін, қисықтығын, ұзындығын, енін түгел қамтып зерттейді. Ал жер астындағы туннель, шахта сынды арнайы құрылыстардың жобасын маркшейдерлер қарастырады. Олар ‒ таудың, жердің астында геодезияның бір саласын алып жүретін мамандар. Осы орайда ғарыштық геодезияның жұмысын да ерекше атап өтуге болады. Екі планетаның немесе күн мен жердің арасындағы арақашықты, траекторияны, координата мен жылдамдықты білуге арналған геодезияның бұл саласы өз алдына бір қызық. Айта кетейік, біздің күнделікті пайдаланып жүрген мобильді құрылғылар мен телевизияға байланысты спутниктердің бәрі геодезия арқылы есептелген қалыпты координатамен жүреді. Нұржан Фархадұлымен тілдескен бастапқы бірер минутта геодезия жайлы түсінік осылай қалыптасты.
‒ Геодезия барлық саламен тығыз байланысты. Мысалы, құрылыс саласында геодезист жер бедерін картаға түсіріп, алдын-ала жобалау жұмысын жүргізеді. Ғимарат құрылысы басталмас бұрын жер бедері тексеріледі, соған байланысты құрылыс сызбалары сызылады. Осыдан кейін геодезист жобаның бастапқы нүктесін тауып, сызбаны қайта құрылыс алаңына орналастырады. Мұның арнайы есептеулері мен әдістері жүйе координаттары арқылы жасалады. Координаттор халықаралық (ендік, бойлық) және жергілікті (Х, У, Z) болып бөлінеді.
Егер ғимарат апатты жағдайда тұрса, оған да геодезист жауапты болады. Өйткені ғимараттың қанша градусқа, қанша сантиметрге, тіпті қанша миллиметрге қисайғанын геодезия арқылы нақтылауға болады. Тек құрылыстағы ғимарат қана емес құбыр, газ, су жүйесіндегі негізгі көлемді, кемшіліктерді де осы сала көмегімен білуге болады, ‒ дейді Нұржан Тәжбенов.
Бір қызығы, мемлекетаралық теңіздер арқылы газ немесе мұнай таситын үлкен кемелердің командирінде арнайы геодезиялық карта болады екен. Онда кеменің жету нүктесіне дейінгі бұрылу бұрыштары көрсетіледі. Сондай-ақ ұшақ пен әскери мақсаттағы ракеталардың ұшу троекторияларын білу үшін осындай геодезиялық карталар дайындалады.
Бір өкініштісі, облыста әлі күнге дейін аэрогеодезия қолға алынбаған. Әзірге жер қыртысын және жер бедерін зерттейтін геодезия ғана даму үстінде.
‒ Аэрогеодезиялық құрылғының құны өте қымбат болған соң, екінің бірі қол жеткізе алмайды әрі оны түсіну де оңай емес. Сол үшін оған нағыз мамандар қажет. Ал жер қыртысын зерттейтін геодезияда арнайы құрылғының түрі көп. Әсіресе соңғы уақытта тахеометр мен GPS (Global Positioning System ‒ жаһандық позициялау жүйесі, ‒ ред) қабылдағыштары жиі қолданылады. GPS-ті пайдану барысында геодезист спутник көмегімен өзінің тұрған жерін, биіктігін, көлемін анықтай алады. Мысалы, геодезиске бір үйдің аумағын түсіру керек болса, GPS құрылғысы арқылы сол орынды жүріп өтеді. Ол күніне шамамен 20 немесе 30 км жол болуы мүмкін. Тапсырманы орындау барысында геодезист сол аумақты толық жүріп өтуге міндетті, ‒ дейді ол
Бұл сала жыл сайын дамып келеді десек те, геодезиске кедергі көп. Біріншіден, мемлекеттік деңгейде қолдау аз. Бірнеше жылдан бері осы салада еңбек етіп келе жатқан Нұржан Фархадұлы геодезистер жұмысын жеңілдету үшін спутниктерді басқа мемлекеттегідей тегін пайдалану біздің елде қарастырылмағанын айтады. Жоғарыда GPS спутниктері сигналды космостан жіберетінін және сол арқылы кез келген нүктеден ақпарат алуға болатыны жайлы қысқаша айттық. Бірақ Қазақстан аймағында спутник қызметін тұтыну әлі де қиын.
– KazSat спутниктерінде геодезиялық сигнал беретін арнайы құрылғы жоқ. Мемлекет бойынша геодезиялық жұмыстарды жасау үшін басқа мемлекеттердің (Қытай, Ресей, Америка) спутнигін пайдалануға мәжбүрміз және сол үшін үнемі төлем жасаймыз. Егер елдегі геодезия мен құрылыс саласын дамытамыз десек, құпия түрде жер қыртысын зерттейтін геоаймақтық жеке спутнигімізді ұшыруымыз керек. Сол кезде геодезистерге қиындық азаяды, қаржы үнемделеді және мұны елдегі барлық маман тегін қоса алады, ‒ дейді компания директоры.
Геодезиядағы келесі кедергіге мемлекеттің еш қатысы жоқ. Геодезист тауда, суда, батпақта да жер талғамай жүре беретін болған соң, ауа-райы, табиғат жағдайы көп жағдайда кері әсер етеді. Жауапты маманға күннің суығында 50 км батпақ жерді кешуге немесе аптап ыстықта шөлге шыдауға тура келуі мүмкін. Бұл енді мамандық таңдайтын адамның өз шешімі дегенге саяды.
Геодезия ‒ зерттеулер мен жаңалықты жақсы көретін, үнемі шығармашылық ізденісте жүретін адамдарға таптырмас мамандық. Өйткені сіз күнде бір нәрсені қайталамайсыз. Мысалы, құрылысқа барсаңыз жаңа бір дүниені, келесі бір жұмыс аймағына барсаңыз тағы бір тың дүниені көріп қайтасыз. Олар су, газ, электр, әуе саласымен де тығыз жұмыс істейтін болған соң, қосымша барлық мамандықты игеріп жүреді. Өзі тексеруге, жобалауға барған барлық саланы үйренеді. Жоғарыда сала мамандарын журналистерге теңегеніміз содан. Бұл ‒ мамандықтың пайдалы бір тұсы.
Геодезияның тағы бір артықшылығы, қолыңызда құрылғы болған соң, сіз тек өз біліміңізге сүйеніп жұмыс істейсіз. Ол үшін қосымша зат сатып алып әуре болудың қажеті жоқ.
‒ Геодезист болу үшін ең алдымен адамның математикалық ойлау жүйесі мықты болу керек. Екіншіден, геометрияны, физиканы және Пифагор теоремасын жақсы білумен қатар, қазіргі талапқа сай AutoCAD, CIVIL 3D бағдарламаларын үйренуге міндеттеледі. Себебі бұрын сызбаның бәрі қолмен сызылса, қазір компьютер арқылы дайындалады. Сондықтан бастапқы геометрия мен AutoCAD геодезист үшін өте маңызды. Тригонометриялық функциялар ‒ тангенс (tg), котангенс (ctg), синус (sin), кониусты (cos) жаттап алған дұрыс. Өйткені геодезист адамның қолы жетпейтін арақашықты құрылғы арқылы есептей алу керек. Мысалы, 50 қабатты үй қабырғасының қисайғанын білу үшін геодезист ғимарат төбесіне ұшып бара алмайды, сол себепті жерде отырып тангенс арқылы есептейді. Сондықтан геодезист үшін геометрияны білу ‒ бірінші талап, ‒ дейді Н.Тәжбенұлы.
Осы орайда компания директорының саладағы тәжірибесіне қызығушылықпен назар аудардық. Себебі Сырдың сол жағалауындағы барлық ғимарат құрылысында Нұржан Фархадұлының қолтаңбасы бар. Сызуды жақсы көрген ол мектеп қабырғасында бұл пәннен бірде-бір рет төрттік баға алып көрмепті. Бәрі бірдей үздік. Соның арқасында бірінші мамандығым инженер-механик болудан бас тартып, болашағымды геодезиямен байланыстырдым дейді өзі.
‒ Геодезистің қай салада да жауапкершілігі жоғары. Себебі геодезияның бір қателігі үшін қаншама тұрғын зардап шегуі мүмкін. Геодезист қателессе, ғимарат құрылысы қисық жүргізіліп, соңында құлауы да ғажап емес. Осындай үлкен жауапкершілікті ала отырып және білімімді қоғам игілігіне жұмсаймын деген шешіммен 2003 жылы геодезиялық компанияға жұмысқа орналасып, алғашқы жұмысымды бастадым. Негізі мен білімді болғанды, жаңа дүниені үйренгенді жақсы көремін. Осы мақсатта Ресейдің Краснодар қаласындағы «ИнжГеоГиз» АҚ компаниясының жеке институтына оқуға тапсырдым. Бұл ‒ әуе, жер, маркшрейдерлік геодезия түрлерін зерттейтін, 3-4 арнайы геодезиялық ұшақпен қамтамасыз етілген, жылына 5 млрд рубль табатын үлкен компания. Институтта «геодезия және аэрогеодезия» мамандығында білім алған соң, Қазақстанға оралдым. Қазір сол алған білімімді ел игілігіне жұмсап жүрген жайым бар. Осы уақытқа дейін сол жағалаудағы, Бәйтерек мөлтек ауданындағы тұрғын үй құрылыстары, басқа да ауылшаруашылық жұмыстары, емхана, мектеп сынды облыс төңірегіндегі құрылыстардың геодезиялық жұмысын жасадым. Бұл бағытта бізден де басқа геодезиялық компаниялар қызмет етті, бірақ қала төңірегендегі құрылыстарға барынша үлес қосуға тырыстым. Қазір геоздезияны таңдағаныма шынымен қуанамын. Ол ‒ таусылмайтын ғылым, ізденісте жүретін, жаңа дүниені үйренемін деген адамның таңдауы. Геодезист болу үшін алдымен жауапкершілік, сосын білім қажет. Қазір геодезистердің табысы өте жоғары. Бірақ маман жалақыға қызықпағаны дұрыс. Себебі бәрі білім деңгейіне байланысты. Мен геодезист боламын деген жастарды қолдаймын және үйренемін деген буынға әрдайым көмектесуге, Қызылордадағы геодезияны дамытуға барынша тырысамын, ‒ дейді компания директоры.
Тәжірибелі маманның сөзінен кейін аймақта «бұл мамандық арнайы оқытыла ма?» деген сауалға жауап іздедік. Бүгінде Әл-фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университеті және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «геодезия және картография» мамандығы ашылған. Ал облыстағы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде геодезия пәні техникалық мамандықтар құрамында оқытылады.
Лиза ЖҮСІПОВА, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы, ауылшаруашылығы ғылымдарының магистрі:
− Бұл өте күрделі мамандық, себебі қоғамның барлық саласында қолданылады. Сол үшін осы мамандықта білім алған жастар жоғары сұранысқа ие. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде геодезия әр мамандықтың құрамында тек пән ретінде бір немесе екі тоқсан бойы оқытылады. Бірақ осы уақытта алған геодезиялық білімі арқылы «Жер кадастры» және «Жерге орналастыру» мамандығын бітірген түлектеріміз қазір геодезия саласында қызмет атқаруда. Бұл мамандық көп жағдайда ер балаларға лайықты деп айта аламын. Өйткені олар далалық өлшеу жұмыстарын жиі жүргізеді және электронды жүйенің көмегімен план, карталарға өңдеу жасайды.
Қазір геодезия пәніне деген студенттердің қызығушылығы жоғары, өйткені бірінші курста оқытылатын басқа сабақтарға қарағанда бұл пәннің форматы басқаша, күрделі болғанмен қызықты. Жазғы тәжірибе алмасу кезінде студенттер теодолит, невелир, электронды тахометрмен жұмыс жасап үйренеді. Сондай-ақ теориямен ғана шектеліп қалмай, курстық жұмыстар орындайды, − дейді ол.
P.S. Жыл сайын заманауи, табысы жоғары мамандықтардың рейтингі жаңарып отырады. Соның ішінде геодезия көш бастамаса да, қоғам сұранысынан қалған емес. Жоғарыда саланың басты артықшылықтары мен кедергілерін атап өттік. Қиын сала дегенмен, есептеулері мен құрылғылары өз алдына бір қызық. Тек білімің мен біліктілігің жетсе болғаны…
Гүлдана ЖҰМАДИНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!