Фото: gabor-juhasz, unsplash.com

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні. Көңілге көктем шуағындай сезім мен нұр құятын ерекше күн. Мереке қарсаңындағы гүл шоқтары – тіршілік атаулының оянуы мен жақсылыққа деген үкілі үміттің нышаны іспеттес.

Мереке қарсаңында гүл бағасы қымбаттайтыны рас. Кәсіпкерлер мейрамда сұраныс 5 есе өсіп, баға 30 %-ға қымбаттайды дейді. Елімізге жыл басынан бері 9,5 млн АҚШ долларына гүл әкелінген. Қазақстанға гүл 8 елден жеткізіледі. Раушан гүлі Латын Американың Эквадор елінен мұхит асып Еуропаға әкелінеді. Әрі қарай жүк көлігімен Голландия, Литва, Германия, Беларусь, Польша сынды 6 мемлекеттен өтіп Қазақстанға жетеді. Осылай шетел асып келетін гүлдің бағасы мың құбылады. Бұл гүл саудасын кәсіп еткендерге үлкен кедергі. Қала көшелерінде мереке жақындағаннан-ақ дүкен сөрелері әртүрлі гүлдерге тола бастайды. Сатып алушылардың көбі ер-азаматтар. Бірі анасына, бірі жұбайына, отбасындағы нәзік жандыларға гүл шоқтарын алып жатады. Қаламызда барлығына белгілі «Camellia», «Romantik_kyzylorda», «Margo_flowers_kzo» секілді дүкен желілері бар. Дүкен сөрелеріндегі гүл бағалары түрі мен сапасына қарай әртүрлі. Бір тал гүлдің бағасы 500-1000 теңге көлемінде. Гүл шоқтарының бағасы 3500 теңгеден басталып, жоғарылай береді. Қиялыңызға ерік берген сайын, бағасы да қымбаттай түседі. Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінде «Ең жоғары сұранысқа ие гүл – раушан. Биыл Қазақстанға жалпы салмағы 724 тонна, құны 6 млн доллар болатын раушан гүлі әкелінген. Екінші орында – хризантема гүлі (жалпы салмағы 97 тонна, құны 883 мың доллар), үшінші орында қалампыр гүлі (салмағы 28 тонна, құны 165 мың доллар) тұр», – деп жазылған. Өткен жылдың өзінде раушан (жалпы салмағы 3646 тонна, 28,2 млн доллар), хризантема (жалпы салмағы 714 тонна, құны 4,8 млн доллар), лалагүл (жалпы салмағы 240 тонна, құны 1,4 млн доллар) қалампыр (жалпы салмағы 197 тонна, құны 1,1 млн доллар) гүлдері елге жеткізілген. Гүлді түсіне қарап таңдаудың өзі талғампаздықты талап етеді: Сарғылт түс – шығыста тәкаппарлықтың, алып күштің, биліктің нышаны. Осыған байланысты сарғылт түсті гүл шоғын бастығыңызға сыйлағаныңыз дұрыс. Көк түс – батыста сағыныштың, адалдықтың белгісі екен және оны әскерге кетіп жатқан ерлерге сыйлайтын көрінеді. Ал бізде көк гүлдерді адамның ерекшелігін көрсету үшін тарту етеді. Сары түс – жарықтың және күннің нышаны, сары түсті гүлдер мейірім мен жылулық тілеген адамдарға сыйланады. Дегенмен, біздің мәдениетімізде сары гүл сенімсіздіктің, опасыздықтың, айырылысудың нышаны деп қабылданады. Сондықтан жүрегімнің бойтұмары деп есептейтін жаныңызға сары түсті гүлдерді сыйламағаныңыз дұрыс. Ақ гүл − нәзіктіктің, тазалықтың нышаны. Біздің түсінігімізде ақ түс − жастықтың, пәктіктің белгісі және оларды үйлену тойына сыйлау дәстүрге айналған. Дала гүлдері: түймедақ, қынжыгүл (ландыш), бәйшешекті кез келген әйел затына ешқандай себепсіз тарту етсеңіз болады. Ал қызыл түс − қарапайымдылық пен жастықтың белгісімен астасып жатыр. Қызыл түсті гүлдерді кез келген жастағы адамға, кез келген жағдайда сыйласаңыз болады. Қызыл түс − махаббат түсі. Бірақ қызыл түстің де әртүрлі реңдері бар, осы тұста қателесіп қалмаңыз! Ашық қызыл түсті гүлді ерекше жақсы көретін құрбыңызға немесе туысыңызға, ал қанық қызыл түсті гүлді тек сүйіктіңізге сыйлаған жөн.

М.ТӨЛЕГЕНҰЛЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!