Осыдан біраз уақыт бұрын ақын Ринат Зайытовтың бір өлеңінде «Басқа ұлттардың бәрінде баспана бар, Қазақ қана квартирант боп сорлап жүр» деген жолдар кезіккен еді. Ол өлеңді оқығаныма да он жылдан асып кетті. Десек те баспана мәселесі бас ауруына айналған талай қазақ әлі сол «баяғы жартас, бір жартастың» күйін кешіп жүр. Өткен жылы ресейліктердің жағдайын пайдаланып, сырттан келгендерді төрге оздырғандар теңгесін еселеп төлегендердің пайдасын көрді. Ал баяғы қамсыз қазақ тағы да көшеде қалды. Сайып келгенде пәтер мәселесінің «пәтуасын» шығаратын ешкім жоқ. Нарық бүйірден қысып, қыспаққа алғанда шымбайына батқан шаруаның баласы ғана. Өзінің меншікті баспанасына қолы жетпей, бәзбіреудің босағасынан сығалап жүр.

Иә, жарнама топтарының қайсыбірін ашсаңыз да ұзақ уақытқа пәтер іздеген жандарды көресіз. Тіпті, кей топтарда жалға пәтер берушілердің жазған бағасын көрсеңіз, жағаңызды ұстайсыз. Әлгіндей топтардың ішіндегі пәтер іздеушінің санында шек жоқ, тіпті, Құдай бетін әрі қылсын, бәрі ауылдан қалаға қашып, тентіреп кеткен бе дерсің?! Ұнжырғасы түскен жұртшылықтың жанайқайы қайдан шығатынын да түсінгендейсіз?! Өмірі жылжымайтын үй кезегінен үміт артып жүрген қалың бұқараның арасындағы «еті тірілері» орайын тауып үй алып алғанға ұқсайды. «Жыламаған балаға ештеңе жоқ». Сонда пәтер жалдайтын кім, оны жалға беретін кім?! «Әлеуметтік теңсіздік шиеленісіп барады» деп дабыл қағып жатқандардың әңгімесі рас сияқты ма, қалай?! Қош, әңгіменің түп төркініндегі бұл мәселеге алдағы уақытта қайта ораламыз. Бүгінгі нысанамыз – пәтердің жалдау құнының шарықтауы.


Таяуда пәтер іздеуші болып, Света есімді кісімен хабарластық. Оның айтуынша, қаланың бірнеше шағын ауданында пәтері бар. Оны жалға беру арқылы ипотеканың құнын өтейді. Бірақ ипотекалық несиеге осынша пәтерді қалай алдыңыз дегенде бір сәт үнсіз қалды да, әңгімесін жалғады. Атын жасыруымызды өтінді. Ағынан жарылған апай мұндағы көп мәселенің ұшын шығарған тәрізді.


– Кәсіп ашу керек, тірлік істеу керек. Амалсыз осыған көштік. Баламның, өзімнің, қызымның, келінімнің атынан алған пәтерлеріміз. Оны да оңай алмадық. Іздендік. Қазір енді пәтерді жалға беріп, несиесінің құнынан бөлек, үстінде де біраз табыс қалады. Қымбаттағаны бізге жақсы болды, бірақ пәтер жағалап шырылдап жүрген де өзіңнің қазағың. Не істейсің енді, күн көру керек. Пәтерді балалы отбасыларға да бере беремін. Көбісі үйдің тоз-тозын шығарады деп балалы отбасыларға бермейді. Үйлерімді алған отбасылар бірнеше жылдап тұрады. Өзіміз де үйреніп, араласып кетеміз. Тек басқа жаққа көшіп кетіп жатқанда ғана ауыстырып, жаңа пәтершілерді күтеміз. Осы салада жүріп, бірнеше отбасының үйлі болғанын көрдім. Әлі күнге хабарласып тұрамыз. Қуанышымызды бөлісеміз. Мен екі бөлмелі пәтерлерді таза, кең, жылы, жайлы үйлерден айына 90 мың мен 150 мың теңге арасында беремін. Оның үстіне орталықта», – дейді кейіпкеріміз.


Пәтер жалдаудың тағы бір түрі – делдалдық жүйе. Үй иесінен бір адам ұзақ мерзімге жалға алады. Мәселен, 150 мың теңгеге делік. Оны тәуліктік, сағаттық пәтерге айналдырады. Мысалы, олар екі сағаттан төменге бермейді. Бұл дегеніңіз ең арзаны 3-4 мың теңгеден 10-15 мың теңгеге дейінгі аралықта. Ал тәуліктік құнды өзіңіз есептей беріңіз. «Әсіресе, іссапарға келгендер алады» дейді қала жұртшылығы. Міне, ұзақ мерзімге айына төлейтін 150 мың теңгенің үстіне, тағы осындай екі көлемді табуға мүмкіндігі бар. Бірақ, күннің ыстығы, түннің салқыны демей, жұмыс істеуге тура келетін көрінеді. Айтпақшы, Өсербаев көшесіндегі жұртшылықтың жанайқайына «осыған дейін шағым жасаған халықтың мәселесін шештік» дегендер «Квартира бюросы» ғимаратын көрмеді ме екен?! Мәселенің шешілгені, осындағы жалдамалы пәтерлерді бір орталыққа шоғырландырумен шектелген секілді… Әлде басқа ма?! Бүгінде бюро барлық бағыттағы пәтерді жалға берумен айналысады. Бәлкім дұрыс, мүмкін жөн емес, кім білсін?!


– Пәтер жалдап жүргенімізге көп болды. Отбасын құрғалы бері пәтердеміз. Бұйыртса, жақын арада өз үйіміз болып қалатын шығар. Артық киім кимей, артық тамақ ішпей, қыдыруға бір барсақ, келесісінде бармай, азын-аулақ ақша жинадық. Бірақ осы уақыт аралығында, нақты айтқанда 8 жыл бойы пәтерде жүріп, талай адамды көрдік. Тіпті, ауласындағы сыртқы әжетханасында ұзақтау отырып қалсақ, сыртынан тас шөкелейтіндер де болды. Иә, кейде амалсыз біреудің ауласындағы көне сарайды да паналадық. Адамның басынан не өтпейді?! Қазір қаланың шет аймағында айына 35 мың теңгеге біреудің «времянкасында» тұрып жатырмыз. Үй иелерімен жақсы араласып кеттік. Мұнда тұрып жатқанымызға – 2 жыл. Ипотекаға алайын десең, үстіне қосатын ақшаңды ойлап, қынжыласың. Оның қасында пәтерде жүргенің арзанға шығады. Тағы бір қызығы, егер мемлекеттен көмек алайын десең, табысыңды есептеп, «жағдайың керемет» деп кетеді. Ал банкке барып, үй алғың келсе, айлық табысың жетпейді. Елімізде осы жағдайдың барлығы зерттеліп, бір мөлшермен бекітілсе деп ойлаймын, – дейді Әйгерім есімді қала тұрғыны.


Пәтердің машақатын көріп жүргендердің бірі – Ерсұлтан. Ол інісі, қарындасы үшеуі қаладағы жоғары оқу орнында білім алады. Күндіз білім алады, түнде пәтердің ақысын табу үшін жұмыс істейді. Бірақ пәтер жалдауды әбден меңгеріп алыпты.


– Пәтер жалдау үшін алдымен ақысына қарайсыз. Орталықта 130-150 мыңға дейін шарықтап кетті. Тәуірін айтқанда. Ал орта есеппен 70-80 мыңға табуға болады. Ал 40-50 мыңға шет аймақтан біреудің ауласындағы сарайын жалдай аласыз. Арзанға түседі әрине, бірақ ол жақтан орталыққа келіп-кету жолақың да бар. Қоғамдық көліктің жайын өзіңіз де білесіз. Сол себепті, пәтерді неғұрлым орталықтан алуға тырысамыз», – дейді ол.


Жеке-дара болып пәтер іздегендерге қазір үй иесімен бірге тұруға да болады. Ол былайғы бағадан арзанырақ. Бірақ қожайынның «отыр, тұры» таусылмайтыны тағы бар. Әлдекімнің қас-қабағына қарап өмір сүрген жанның көп ұзамай «Менен гөрі бақытты-ау, әркімдердің, итаяғын жалаған қара күшік» деп, қолын бір сілтері анық шығар…


Өсербаев көшесі… Осы маңды да шолып шығуды жөн санадық. Дүкенге кіріп, ішіп-жерге қажетті заттар алып қайта шықтық. Кісі күткендей түр жасап, айналадан жоқ іздегендей болдым. Мұны байқаған бір келіншек қайдан келгенін білмеймін, құлағымның түбінен «Пәтер керек пе?» деп сыбырлады… Ойыма ақын Серік Тұрғынбековтің Алматыдағы «Жетім бұрыш» жайлы өлеңі еске түсе кетті.


Бұл өзі қайдан шыққан
«жетім бұрыш»,
Болғанмен бағытың дөп,
бетің дұрыс.
Қазақтың өз жері емес,
Өз елі емес –
Келгендей басқа жақтан
секілдіміз.
Үй-жайсыз жаздың өзі
секілді қыс,
Маңдайға әжім түсіп,
кетілді тіс.
…Қай күні жер бетінен
жоғаларсың,
Қазақты қапа қылған
«жетім бұрыш»?!


Әйтсе де, «құлға да бір сөз» деген екен.

Иен байлықтың үстінде отырған елімізде мұқтаждардың мұңын тыңдап, бір-бір баспана берер күн туар ма екен?! Елдің көкейіндегісі осы. Бірақ «аспаннан шұға жауса да, кедейге ұлтарақ та бұйырмайды» дегендей, оны да қитұрқы жолмен баспанасы барлар иемденіп алып жатса, таңдануға болмайды ғой. Айтпақшы, ондай жағдайлар жетіп артылады. Тек оны көретін көз керек.

Дәулет ҚЫРДАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!