Ресми мерекелер қатарында мамыр айының соңғы жексенбісі Химия өнеркәсібі қызметкерлері күні деп бекітілген. Осы орайда күрделі ғылым саласының бүгінгі жетістігі мен мәселелерін сала мамандарымен бірге талқыладық.

Ғылымға жаңалық әкелеген зерттеулерді айтпағанда, күнделікті тұрмыста пайдаланатын әрбір заттың құрамы химиямен байланысты. Әлем бойынша осы сала қарқынды дамып келеді десек те, еліміздегі химия өнеркәсібінің дамуы баяу екенін байқауға болады. Сөзімізге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтқан мына сөзі дәлел: «Қазақстанның батыс өңірлері мұнай-химия кешендерін салып, жоғары дең­гей­дегі қайта өңдеу ісінің жаңа өн­діріс­тік циклдарын құру үшін инвестиция тартатын орталыққа айналуы тиіс. Бізде бүгінге дейін мұнай химиясы мен газды қайта өңдеу жүйесінің жоқтығы – ақылға қон­байтын қисынсыз нәрсе». Қазақстандағы мұнайлы аймақтың бірі − Сыр өңірі. Ел бүгінге дейін мұнайдың игілігін көргенмен әлі күнге мұнай химиясы жолға қойылмаған. Егер осы бағытты дамытсақ, аймақ халқы үшін ғана емес, тұтас ел экономикасына үлкен серпін болар еді дейді мамандар.  

      Нұрбол АППАЗОВ, Қорқыт ата атындағы ҚМУ инженерлік бейіндегі зертханасының бас ғылыми қызметкері, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының корреспондент мүшесі:

Мұнай эрасы бітеді, бірақ…

− Әлемде химия өнеркәсібі жылдан-жылға дамып келеді. Негізі химияның қай саласын алып қарасақ та, қоршаған ортаға міндетті түрде кері әсері болады. Бірақ қазір жер жүзінде жасыл химияны дамыту қолға алынуда. Жасыл химия қоршаған ортаға зиянды қалдықтарды барынша өңдеуді, тез жүретін процестерді пайдалануды, көп сатылы процестерді аз сатылы режимге ауыстыруды мақсат еткен 12 қағидадан тұрады.

    Ал мұнай және газ химиясына келер болсақ, Қазақстанның  қара алтынға бай екенін білесіздер. Бірақ мұнай-газ химиясы дамымаған. Бүгінде біз қолданып жүрген органикалық заттардың 95 пайызы мұнайдан алынады. Бірақ біздің елде мұнайдан тек отын алынады, яғни бензин. Ол жерде де мұнай-химиялық процестер жүргізіледі. Алайда оның бәрі отын алу бағытындағы, яғни жағу үшін жүргізілетін жұмыстар. Ал мұнай химиясы арқылы полимерлер, киіміміздегі синтетикалық талшықтар, бояғыштар, дәрі-дәрмектер, аяқ киім, айта берсек, мұнайдан өте көп зат алуға болады. Өкінішке қарай, мұның бәрі бізге сырттан әкелінеді. Егер осы бағытты дамытатын болсақ, біздің болашағымыз зор болады. Неге? Себебі қазір мұнайдың эрасы бітті деп жиі айтылады. Иә мұнайдың отын ретінде пайдалану эрасы бітеді, өйткені оның орнын электромобильдер алмастыруда. Бірақ мұнай химиясы жылдан-жылға дами береді. Өйткені қазір шығарылып жатқан мұнайдың 0,1 пайызының өзі мұнай химиясы үшін жеткілікті. Оны өндіріс үшін ұзаққа пайдалануға болады. Қазір мұнай отын ретінде жанып кетіп жатыр. Сол себепті алдағы уақытта мұнайды отын ретінде емес, химия өнеркәсібі үшін шикізат түрінде пайдалану өте маңызды, – дейді ол.

   Тарихқа сүйенсек, 1990 жылдары Қызылордада химия саласы бойынша екі зауыт іске қосылған. Бірі  − қамыстан қағаз алуды жоспарлаған қатырма қағаз зауыты. Бірақ өңірде қамыс мөлшері аз болған соң, ағашты тайгадан тасыған. Кеңес үкіметі құлаған тұста, көп ұзамай  комбинат есігіне құлып салынған. Екіншісі − мұнай материалдарын өңдеу фабрикасы. Бұл нағыз мұнай-газ химиясының өзекті саласы болған. Бірақ сол тұста фабриканы дұрыс пайдалану, шикізатты игеру жолға қойылмаған. Кеңес үкіметі мұнайлы аймақты тек  шикізат көзі ретінде қараған соң, химия өнеркәсібі айтарлықтай дамымаған.

 − Химия өнеркәсібін біртіндеп емес, өте жоғары қарқынмен дамытпасақ, экономиканы дамыту қиынға соғады. Өйткені, шикізатта өңдеудің барлығы химияға келіп тіреледі. Біздің аймақта уран өндіріледі, бірақ ол да шикізат ретінде ғана пайдаланылады. Цемент, күкірт қышқылы ол да −  тауарлы заттар. Оларды өндіру өте жақсы көрсеткішке ие. Себебі бұл екеуі де химия өнеркәсібінің өнімі болып табылады. Өкінішке қарай, өндіріс орындары бізбен байланыс орнатқысы келмейді. Өйткені олар көбіне трансфертпен айналысады. Трансферт дегеніміз −  шетелде бар технологияны бізге әкеліп пайдалану. Ал біз ұсынып отырған жетістіктердің дамыту көрсеткіштерін айтсақ, олар аса қатты қызыға қоймайды. Бірақ қазіргі таңда біз үздіксіз зерттеулер нәтижесінде мұнай қалдықтарын өңдеу арқылы қайтадан мұнай алу технологиясын жасап шығардық. Өткен жылы пандемия басталған тұста антисептик шығардық. Қызылордада дәретхана қағазын шығаратын цех бар екенін білесіздер. Бүгінде цех қызметкерлерімен бірігіп, сабаннан дәретхана қағазын шығаруды қолға алып жатырмыз. Әрине мұның бәрі ұсақ-түйек дүниелер. Сондықтан экономикаға айтарлықтай қарқын алып келмейді. Одан бөлек, зертханада жасалған маңызы жоғары ғылыми жұмыстарымыз бар, егер кәсіпкерлік және мемлекет тарапынан қолдау болып жатса, өндіріске қосар үлесіміз көбейері анық. Мысалы, біз жасаған гидрогельді топыраққа қосу арқылы жерді суармай-ақ, өсімдіктерді өсіруге болады. Одан бөлек желімдеу заттары (клей), сірке қышқылын алудамыз. Осы бағытты дамыту үшін үлкен зауыт болмаса да, шағын цех ашса пайдасы көп. Ал өсімдік өсуін реттеуіштер себілген тұқымның толығымен өніп шығуына жағдай жасайды. Қазір күріш қалдықтарын термотез арқылы өңдеп, белсендірілген көмір алуды да жолға қойдық. Оны медицинада астан уланғанда, одан бөлек суды, ауаны тазартуда және кен орындарында асыл металдарды бөліп алуға, жеке қорғаныс құралдарын (противогаз, респиратор) дайындауда пайдалануға болады, − дейді Н.Аппазов .

Жаңа өнімді өндіріске енгізу қиын, себебі…

    Химия саласындағы тағы бір маңызды мәселе − кадр тапшылығы. Әрі осы сала бойынша ғылыми қызметкерлер мен өндіріс орындарының арасында байланыс жоқтығы жиі айтылады. Жастардың химия ғылымдарына қызығушылығы мен оларға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау көңіл көншіте ме? Мәселенің мәнісін мамандардан сұрадық.

 

    Гүлбану ЖАҚСЫЛЫҚҚЫЗЫ, химия ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Физикалық химия, катализ және мұнай химиясы» кафедрасының доценті:

− Қазір ғылымға бет бұрған жастарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау жоғары. Осы бағытта 2021-2023 жылдарға есептеліп, 9 млрд теңге қаржы бөлінген. Осындай мүмкіндіктің арқасында жастар ғылым саласында тәжірибе жинап, шетел университеттерімен тығыз байланыста білім алуда. Зертханаларда да қызу жұмыс жүргізілуде. Соңғы бес жылмен салыстырғанда химия саласына көрсетілетін қолдау деңгейі, жастардың зерттеу нәтижелері әлдеқайда жақсы. 

 Алайда зерттеу жүргізіліп, синтезделіп алынған жаңа өнімдерді өндіріске енгізу химиктер үшін біршама қиындық туғызады. Өйткені мұның бәрі қаржы мәселесіне келіп тіреледі. Біз ғалым ретінде жаңа зерттеу нәтижесін Үкіметке ұсынамыз, жобаларға қатысып, қаржыландыруын сұраймыз. Бірақ қолдау жоғары деңгейде болады деп айта алмаймын. Жалпы жаңа өнімді өндіріске енгізу өте қиын. Оны қаржыландыруды ғалымдардың қалтасы көтермейді, ал Үкімет қолдай қоймайды. Осы мәселеде химия саласы ақсап тұр.  

    Жастардың ғылымға деген оң көзқарасы қалыптасып келе жатқанын химия ғылымдарының кандидаты, профессор Нұрбол Аппазов та растайды. Бірақ ғылым саласында жалақының мардымсыз болуы олардың басқа салаға ауысына басты себеп екен:

− Осы мамандықта білім алып жүген жастардың арасында ғылымға ден қойған жастар бар. Олар бізбен бірге зерттеулер жүргізіп, Scopus, Web of Science сынды әлемдік деректер базасына енген ғылыми журналдарға мақала шығарып жатқан жайы бар. Бұл − біздің шәкірттеріміздің жетістіктері. Сол себепті жастар химия саласына қызығады деп айта аламын. Алайда ғылым саласында жалақы аз болғандықтан олар басқа салаға ауысып кетіп жатады. Өкінішке қарай, ғылымнан бір кеткен адамның қайтып келуі қиын. Сол мәселе бізді алаңдатады.

    Жалпы кадр тапшылығы кез келген салада кездеседі. Мұндай мәселе болмас үшін біз жастарды ғылымға тәрбиелеп жатырмыз. Ғылымнан тәрбиеленіп шыққан жастар өндірісте өте жоғары сұранысқа ие. Өйткені, өзіңіз білесіз, қазір жұмыс табу қиын. Бірақ зертханада менің жетекшілігіммен тәрбиеленген студенттер еңбек нарығында абыройлы қызмет атқаруда. Жыл сайын химиялық технология саласына мемлекеттік грант жақсы бөлінеді. Алайда бұл мамандық үшін таңдау пәндері химия және физика болған соң, көп жағдайда түлектер келе бермейді. Жылына бар болғаны 2-4 студент қана түседі. Бұл көрсеткіш республика бойынша да көңіл көншітпейді. Бұл мәселені біз БАҚ беттерінде, интернет желісінде жиі айтуымыз қажет. Өйткені бұл саланың болашақтағы әлеуеті өте зор. Жоғарыда айтып өткенімдей, барлық шикізатты өңдеу кезінде химиялық процесс жүреді. Оның бәріне химик қажет. Сол себепті химия саласының мамандары еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие, −  дейді ол.

Нұргүл МЕҢДІБАЕВА, Назарбаев зияткерлік мектебіндегі химия ӘБ жетекшісі, химия пәнінің мұғалім-модераторы:                                        

− Қазіргі таңда әлем бойынша ғылым күн сайын емес сағат сайын қарқынды даму үстінде десек қателеспейміз. Себебі халықтың сұранысына сәйкес әрбір саланың өзіндік дамуы, алға қойған мақсаты бар. Соның ішінде өзіміздің мамандығымызға сай химия саласы бірқатар жаңалықтарға толы. Әсіресе заттарды синтездеу үшін оларды өте ұсақ деңгейде зерттейтін нанотехнология саласы – жаңа ғылыми бағыт алды. Генетика, медицина, клондау, микроағзалардағы бактерияларға әсер ету және машина жасау, электроника, т.б. өндірістерге арналған жаңа материалдар алу, техника мен өндірістің барлық түрлерін жаңа сапа деңгейіне көтеру мәселелерін нанотехнологияны дамыту арқылы ғана шешуге болады. Қазақстанда наноқұрылымдарды зерттеу ҚР Білім және ғылым министрлігінің іргелі ғылыми-зерттеулер бағдарламасы бойынша 2003 жылдан бастап жүргізіле бастады.

Нанотүтікше – диаметрі бірнеше нанометр, ал ұзындығы оншақты микрон болаты милиондаған көміртегі атомынан тұратын молекула. Адамның шашының қалыңдығынан 100 мың есе аз нанотүтікшелер сирек кездесетін өте берік материал болып шықты. Олар болаттан 50-100 есе берік, әрі тығыздығы алты есе аз. Нанотүтікшелерден косманавттар, өрт сөндірушілерге арналған ыңғайлы киімдер тігу үшін, өте берік және жеңіл композиттік материал, микроскопқа зонд жасауға болады. Олар өзінің салмағынан бірнеше тонна артық жүкке шыдайды. Мысалы, Жапония нанотүтікшелерден космосқа лифт салуды және оны 2030 жылы іске қосуды жоспарлап отыр. Ғалымдар бұл лифт өз кезегінде 100 тоннаға дейінгі салмақты көтере алады деген болжамдар жасауда.

Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі айтарлықтай ерекшелік – жаңаша үлгіде жабдықталған нанотехнология кабинетінің болуы. Кабинетте  жоғарғы сынып оқушылары жаңа ғылым  бойынша түсінік қалыптастырып, шағын зерттеулерді жүргізе алады. Атап айтсақ, «Металдардың есте сақтау қабілеті», «Саусақ іздерін тану» атты қызықты эксперименттерді жасау мүмкіндіктері қарастырылған.

Назарбаев зияткерлік мектебіндегі нанотехнология кабинеті

 Мектебіміздегі химия кафедрасының мұғалімдері оқушыларға білім беріп қана қоймай, оларды ғылымға баулумен де айналысады. Әр жыл сайын зерттеу жұмысын жүргізетін оқушылар мектепті бітіріп кеткен оқушының ғылыми жұмысын жалғастырып, жаңа мәселелер, жаңа зерттеулер немесе толықтырулар енгізіп, зерттеу жұмыстарын жүргізеді.

.

Тарих сөйлейді…

Қазақстандағы химия өнеркәсібінің қа­лыптасу кезеңі өткен ғасырмен байланысты. 1884 жылы ел ішінде екі кәсіпорын бол­ған: Шымкент сантонин зауыты және Риддер байыту фабрикасындағы кү­кірт қышқылы цехы. Ал 1928-1930 жылдары Қазақстанның химияландыру комитеті құ­рылған. Сол тұста химияландыру комитеті жанынан минералдық және органикалық шикізат, ауыл шаруашылығы, химия-фармацевтикалық, әскери-химиялық сек­циялар ашылған. Ауқымды зерттеулер де сол уақытта қолға алынып, нәтижесінде республикадағы бай кен орын­да­ры игеріле бастаған.

Ғалымдардың сөзіне сүйенсек, Қазақстанның химия өнеркәсібінің Кеңес өкіметі тарихындағы дамуы екі кезеңнен тұрады.  Бірінші кезеңде (1917-1957 жылдар) Қазақ­­станда химия өнеркәсібі құрылды, рес­публиканың жер қойнауы зерттеліп, 11 зауыт пен фабрика салынды. Осы жылдар аралығында химия ғылымындағы алғашқы жетістіктер кө­бей­ді. Екінші кезеңде (1955-1991 жыл­­дар) химия өнеркәсібін дамытуда ірі ауқымды құрылыстар салына бастады. 17 ірі химия кәсіпорыны ашылып, онда шығарылатын өнім түрлері ке­ңей­­тілді. 1990 жылдың басындағы көр­сет­кіш бойынша Қазақстандағы химия өнеркәсібі өнімдерінің жалпы ішкі өнімдегі үлесі – 7,6%-ды құраған. Алай­да Кеңес Одағының ыдырауы, эконо­ми­калық қарым-қатынастарының үзіл­уі салдарынан 1991-2000 жылдары Қазақ­стан­дағы химия өнеркәсібі құлдырай бастаған.

Гүлдана Жұмадинова

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!