Қазақстанда интернет сапасына тағылар сын көп. Ауылдағы ағайынды былай қойғанда қалалықтардың өзі жылдамдығына жүйкесі жұқарады.
Ұялы байланыстың жоқтығы, жылдамдықтың төмендігі тұрғындардың әлеуметтік жағдайына, міндетін ойдағыдай атқаруына, жұмысын құлшына істеуіне, балаларының тиісті деңгейде білім алуына кедергі. Туризм, басқа да салалардың дамуына тұсау. «Қалтадағы» мобильді интернет жарық, жылу, су, газ секілді төлемдерді төлеуде де қолғабыс етеді. Тиісінше, мобильді интернеттің құны, басқа да қажетті ресурстар сияқты тұтынушылар үшін маңызды. Ал «айшылық алыс жерлерден көзді ашып-жұмғанша жылдам хабар алғызатын» ұялы байланыстың сапасына қатысты мобильді операторлардың жауабы көңіл көншітпейді. Дегенмен, Қазақстан ең арзан мобильді интернеті бар елдердің қатарында деген дерек бар.

Cable британдық аналитикалық ресурсының мәліметінше, мобильді байланыс деректерінің 1 Гб орташа құны бойынша 233 елдің ішінде бес ең арзан ел – Израиль (0,04 АҚШ доллары), Италия (0,12 АҚШ доллары), Сан-Марино (0,14 АҚШ доллары), Фиджи (0,15 АҚШ доллары) және Үндістан (0,17 АҚШ доллары). Қазақстанда да 1 Гб мобильді интернеттің орташа құны 0,37 АҚШ долларын құрады. Бірақ баға арзан деп көрсетілген, сапа сол баяғы күйінде. Оның үстіне бұған дейін «Қазақстандағы интернет Токиоға қарағанда жақсырақ» деген Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин жақында елде интернеттің баяу екенін мойындады.
– Қазақстанда сапа мәселесі бар екенін мойындаймын. Қазақстан азаматы ретінде мен де сіз сияқты интернетті пайдаланамын. Менде жеке интернет жоқ. Сондықтан біз операторларға нақты міндеттер қоямыз. Бірақ экономика мәдениеті болу керек. Суды үнемдегендей, мобильді интернетті де үнемдеу маңызды. Интернет – шектеулі ресурс. Себебі базалық станция мобильді құрылғылардың белгілі бір санын қосады. Белгілі бір саннан көп мобильді құрылғы қосылған болса, оған сай байланыс нашарлай бастайды. Ал екінші базалық станцияны орнату үшін қомақты инвестиция қажет, – деді Бағдат Мусин.
Мәліметтерді парақтасақ, елімізде әлі мыңнан астам елді мекен тұрғындары интернетке қол жеткізе алмай отырған көрінеді. Бірақ осы байланыс саласындағы жағдайды жақсарту үшін «Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасы әзірленген. Ол ірі қалалардағы интернетті ғана емес, дәл осы шағын ауылдарды да сапалы байланыспен қамтуды көздейді. Мысалы, халық саны 200 мыңнан асатын 1432 ауыл кең жолақты мобильді интернетпен қамтылмаған. Алайда осы ауылдарға оптикалық интернет тарту тәсілі өзгертілмек. «Автожолдағы интернет те жақсарады» деп сендіреді министрлік. Нәтижесінде 17 000 шақырым автожол мобильді интернетпен қамтамасыз етіледі. Биыл Астана, Алматы, Шымкент және кейбір облыс орталықтарында ұялы байланыстын жаңа буыны 5G енгізу мен дамыту жоспарланған.
Бұған қоса баға мәселесі бар. Бір қызығы, сектордағы баға логикасына сәйкес, ел неғұрлым үлкен болса, қамтуды қамтамасыз ету соғұрлым қымбат болады, бұл өз кезегінде пайдаланушылар үшін интернеттің жоғары түпкілікті құнына әсер етеді. Алайда Қазақстанда жағдай басқаша. Еліміздің кең аумағы, интернет жылдамдығы мен тұтынылатын трафиктің өсуіне байланысты абоненттер үшін түпкілікті баға төмен болып қалуда. Интернет сапасының төмен бағамен өсуі инфрақұрылымның дамуымен және секторға инвестицияның үлкен көлемімен байланысты. Мысалы, Beeline ұялы байланыс операторының күрделі шығындары 2022 жылдың тоғыз айында 33,6 млрд теңгеге жеткен. Бұл ретте Kcell-дің осы кезеңдегі шығыны 18,2 млрд теңгені құраған. Заң бойынша министрлік ұялы байланыс операторларының жеке нарығына араласпау керек. Алайда, жағдай жақсармаған соң мемлекеттік орган бақылауды күшейтуге мәжбүр. Президент те интернетпен тікелей байланысты ІТ саласын қарыштатып дамытуды тапсырды. Өзге салаларда негізгі тауарды құрылғылар өндіріп шығарса, ІТ саласында оны шығарушы – адам. Сондықтан маман дайындау мәселесі де алға шығып отыр. Ал бағаның шарықтауы бәсекелестіктің жоқтығында дейді мамандар. Яғни, бағаны тұрақтандыру үшін нарыққа тағы да бір желіні шығару керек. Бағдат Мусин де стансалар жеткіліксіз деген еді. Ал ол стансаларды операторлар салу керек. Соған қарағанда 5G-дің ауылы тіпті алыс сияқты. Бірақ бізде бағаның бірден өскені секілді интернет жылдамдығы да жақын арада жақсарады деген үміт өшпейді.

А.СНАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!