Ақпараттық технология дамыған заманда бұқара интернетке қарық болмай отыр. Шалғайдағы ауыл тұрғындарының шекесі тырысса, қала орталықтарында да жағдай мәз емес. Әлсіз интернет әбігерге салып, талай адамның аузы күйді. Телефонмен көкке қол созып, желі шикілігінен ағаш басына яки шатырға шығудың дәурені өтті емес пе? Бірақ, карантиннің кезінде интернеттің жоқтығынан оқушы төбе кезіп кетті. Сонда «даму» де­ген даңғаза құр сөз боп қалды ма дерсің. Интернеттің сапасы мен жылдамдық деңгейі төмен. Жұрттың қызыл кеңірдек болатыны да сол. Бірақ соған қарамастан «әлемнің алпауыт мемлекетінен алға озып» кетіппіз. Пәлі, салыстырудың да салмағы болу керек шығар?! Бұл мәлімдемеге қоғам ара­сында қайшы пікір туын­дады. Өйткені, интернеттің игі­­лігін көрмей, сарсаңға түс­кен­дер бар.
Астанада да желі байланысы нашарлаған. Әлбетте жүйе қатып қалып, титық­қа тисе, жүйке де жұқарады. Десе де сапада сын жоқ екенін мәлімдеген басшылық шаң жуытқысы келмейді.

– Сіздер де «Speedtest» халықаралық рейтингіне сүйенсеңіздерші. Егер осы халықаралық рейтинг Астананың 35 позицияға көтерілгенін жазса, демек біз 35 қаланы озып кеттік. Тіпті, Токионы басып оздық. Сол рейтингті жасаған мен емес қой!? – деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.
Ғаламтордың жұмысына көңіл толмаушылық басым болғанда мұндай ақпарат ертегі секілді көрінді. «Бәрі бәлду-бәлду өтірік» демекші, анық-қанығын байыптағандар да табылды. Бұл сөздің қаншалықты шындыққа жанасатынын тексеріп көру үшін Press.kz тілшісі Жапония астанасында жүрген саясаттанушы Данат Жуминмен хабарласып көрген. Ол дереу интернет жылдамдығын тексеріп, Бағдат Мусиннің сөзін теріске шығарды. Яғни, Астанада сол сәтте интернет жылдамдығы секундына 15,8 мегабайтты көрсетсе, Токиода бұл көрсеткіш 192 мегабайтқа тең болған, яғни біздің елден 13,5 есе жылдам.
Министр Бағдат Мусин болса, халық бекерге ашуланады, одан да интернетті үнемдеп пайдалану керек деген ой айтады.
– Ақшаны үнемдеп, мобильді интернеттің қымбат екенін түсінейік. Үйге келгенде wi-fi желісіне ауысу керек. Экономика мәдениеті болу керек. Суды үнемдегендей мобильді интернетті де үнемдейік. Егер сізге техникалық білім беру бағдарламасын жүргізу қажет болса, мен дайынмын.
Интернет – шектеулі ресурс. Себебі, базалық станция мобильді құрылғылардың белгілі бір санын қосады. Белгілі бір саннан көп мобильді құрылғылар қосылған болса, оған сай байланыс нашарлай бастайды. Ал екінші базалық станцияны орнату үшін қомақты инвестиция қажет, – деп түйіндеді Б. Мусин.
Сайып келгенде, «сен тимесең, мен тиме, бадырақ көздің» кері. Әуел бастағы уәденің бәрі жалаң сөзге айналып, жұрттың жалтақтап отырғаны енді. Ең құрығанда ауыл-аймақтың желісін жүйелеп беруге шама келетін шығар. Әйтпесе, интернет те өзекті мәселеге айналып барады. Елдімекеннің жайы бір бөлек, мектеп, ЖОО-да кедергілер кездеседі. Студенттер табалдырықтан аттай бере «байланыс аясынан тыс жерде» қалады. Ал ондай күйдің күйігіне түспес үшін кабинет жағалауға тура келеді. Қашанғы ауызды қу шөппен сүртуге болады? Өзгелер 5G-ге дейін интернет көзін жақсартып жатқанда, біз «қайтсек жылдам­дықты арттырып, сапаға көңіл бөлеміз?» деп алаңбыз.
Хош. Ендігі мәселе – ұялы байланыс оператор­лары тариф бағасын көтеруде. Онда ақша желге ұшпас үшін интернеттің жұмысын жүйелеу керек. Алғаш­қыда 990 теңгеден басталған тариф бағасы қазір шарықтап кетті. Әр абоненттің ақысы әртүрлі.Бірақ әрбірінің сапасы сын көтер­мейді. Ал баға бағамын реттеу министр­лікке тиесі емес. Тариф­тер бағасы байланыс оператор­ларының құзырын­дағы мәселе көрінеді.
– Жүк­теме өсіп жатыр. Жалпы дүние­жүзілік рейтингтер бойынша салыс­тырсақ, Қазақ­станда адам басына шаққан кезде 15 гигабайтт­тан жоғары трафикті қолданып жатырмыз. Ал дамыған елдерді алатын болсақ, 9 гига­байтт­тан аспайды. Бұл дегеніміз не? Барлық адам интернет трафикті қолданып жа­тыр. Бұл бір жағынан цифровизация үшін өте жақсы көрсеткіш. Бірақ операторларға жүгінер болсақ, олардың да инфрақұрылымы ивестицияны талап етеді. Біздің министрлік тарифтерді реттеу механизмін қолданбайды. Өйткені ресми түрде тарифтерді бақылау функциясы бізге жүктелмеген, – деді министр.
Ал Tele2 және Altel тарифтердің өсуі экономикалық жағдайға байланысты екенін хабарлады.
– Біз тарифтік жоспарлар бағасын өзгерту туралы шешім қабылдауға мәжбүрміз. Бұл сіздің бюджетіңізге әсер етуі мүмкін екенін түсінеміз, сондықтан қосымша ресурстар мен қызметтер түрінде өтемақы ұсынамыз. Бұл өзгерістер инфрақұрылымға негізделген шығындардың өсуіне, жаңа технологиялардың іске қосылуы мен дамуына, жаһандық логистикалық тізбектердің бұзылуына, инфляцияға, электр энергиясының қымбаттауына, жаңа технологияны енгізу үшін жиіліктердің қымбаттауына және біздің компания үшін белгілі бір сын-қатерлер тудырған басқа да жағдайларға байланысты, – деді компания өкілдері.
– Телефонға тарифтің өсетіндігі туралы хабарлама келуде. Мейлі, қымбаттасын делік, бірақ неліктен соған сай сапа реттелмейді. Гигабайт, тіпті қоңырау шалатын минуты да көбейген жоқ. Бұрын ең болмаса қолданылу аясы бір ай еді, қазір 15 күнге дейін де қысқартап тастаған. Қымбатшылықтың кезеңінде бұл да қалтаға салмақ, – деді қала тұрғыны А.Әлібек.
– 15 тамыздан бастап бейне, әлеуметтік желілер және мессенджерлері бар науқан тарифтері аяқталады. Сондай-ақ, күнделікті топтама құны өзгереді. Осы күннен бастап YouTube, Instagram, Facebook әлеуметтік желілерінде шектеусіз трафик, TikTok, WhatsApp және басқа да танымал әлеуметтік желілері мен мессенджерлердегі «Жарқын 4990» және «Жарқын 5990» тарифтерінде шектеусіз трафик тоқтатылады. Гигабайттар негізгі пакеттен тарфик жоспарға сәйкес жұмсалады, – деп хабарлады BeeLine компаниясының өкілдері.
Қорыта келгенде, істі бір-біріне сілтегеннен гөрі бірауыздан шешкен түйінді тарқатады. Қамдану болғанымен жандану жоқ. Сондықтан сөзден іске көшкен абзал. Бәлкім, сонда Токиодан алға шығармыз…

Нәзік АХМЕТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!