Оңтүстіктегі халықтың Солтүстікке бет бұра бастағанына биыл – 6 жыл. Әрине, халық өздігінен қоныс аударып жатқан жоқ. Жәрдемақы, жұмыспен қамту, баспана беру факторлары қарапайым халықты қызықтырғаны жасырын емес. Алдымен тұрғындар «Жұмыспен қамту – 2020» бағдардарламасымен бағыт алса, одан кейін «Еңбек» бағдарламасы іске қосылып, өткен жылы тоқтағаны белгілі. Ал биылдан бастап «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» жалпыұлттық жобасы аясында жалғасын табуда.

Осы бағдарламалар негізінде бір ғана Солтүстік Қазақстан облысына оңтүстіктен 2700 отбасы, яғни 9 120 адам қоныс аударған. Десек те шикілік әлі басым. Теріскейден теріс кеткендер саны жыл санап көбейген. Солтүстікте қуатты боламыз деген тұрғындар жылға жетпей ескі мекеніне қайта оралды. Не себеп?

КӨМЕК БАР…

Сыр өңірінен солтүстік облыстарға баруға ниет білдірген азаматтар қатары жыл санап көбейе түскен. Статистикаға сүйенсек, біздің өңір халқының дені Павлодар мен Қостанай облыстарына қоныс аударған. Мысалы, биылғы жылдың 1 мамырына дейінгі мәліметті ақтарсақ, 47 отбасы қоныс аудару квотасына енгізілген. Отбасы құрамында 80 адам бар. Оның ішінде 20 отбасы Қостанай, 27 отбасы Павлодар облысына көшуге ынталы. Жалпы жоғарыда сөз еткен нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асқанына биыл бесінші жылға жуықтады. Осы кезге дейін Сырдан Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласына 6 отбасы (құрамында 22 адам) қоныс аударса, солтүстік өңірлерге 735 қызылордалық отбасы қоныстанған. Олардың құрамында барлығы 1977 адам бар.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Жанар Дәулетбаевадан солтүстікке көшуге ынтасы бар тұрғындарға қандай көмек көрсетілетінін білдік.

– Қоныс аударушыларға мемлекет тарапынан көмек көрсетіледі. Көшуге байланысты субсидия бір рет отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (222 600 теңге) мөлшерінде беріледі. Ал тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстар жыл бойына ай сайын беріледі. Мәселен, қалалық жерлерге қоныс аударғандар бір адам үшін 20 АЕК (63600 теңге) мөлшерінде қаржы берілсе, ол отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болса, 25 АЕК (79500 теңге) мөлшерінде болады. Сондай-ақ, отбасы мүшелерінің саны бесеу және одан көп болған кезде 30 АЕК (95400 теңге) мөлшерінде төленеді. Ауылдық жерлерге қоныс аударған бір адам үшін 15 АЕК (47700 теңге) мөлшерінде берілсе, отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болған кезде 18 АЕК (57240 теңге) қаржыны құрайды. Отбасы мүшелерінің саны бесеу және одан көп болған кезде 21 АЕК (66780 теңге) мөлшерінде төленеді. Ерікті өңіраралық қоныс аударуға қатысушының келісімімен тұрғын үйді меншігіне сатып алу үшін аудандық, қалалық комиссияның ұсынымдары негізінде отбасына жылына есептелген сома шегінде өтеу сомасын біржолғы төлеуге жол беріледі, – дейді маман.

«ҚАЙТҚАНДАР» НЕ ДЕЙДІ?

– Әр баспананың тұрғызылуына 7 млн теңге бөлінген. Бірақ баспананың жағдайына қарап қаражат толыққанды жұмсалды деп айта алмайсың. Әрі кетсе 4 млн теңгесіне тұрғызылған. Қиындықты қыста көрдік. Алған баспананың  қабырғалары сөгіле бастады. Бірінші іргелері, едендері дымданып, ісінді. Кейін бұрышқа көтерілді. Бұрыштан қабырғаға жайыла бастады. Балалар қайта-қайта тұмауратып көп сырқаттанды. Кей жерлерінің, тіпті, сылағы түсіп қалды. Мұндай жағдайда өмір сүру мүмкін болмады, – дейді Дүйсебай Құсманұлы.

Ал Гүлшат Дүйсенбаеваның кері қайтуына жолдасының денсаулығы себеп болыпты. Қыс мезгіліндегі күн-райына төзу мүмкін болмады дейді.

– 2019 жылы 19 шілдеде Павлодар облысы, Май ауданына бағдарламамен қоныс аудардық. 3,5 млн теңгенің баспанасын 19 жылға бөліп төлеуге мүкіндік алдық. Мамандығым – бастауыш пәнінің мұғалімі. Туған жерден қызмет бұйырмаған соң Солтүстікке көштік. Жағдайымыз о баста жақсы болды. Мамандығыммен мектепке жұмысқа орналастым. Жалақысы мардымды болды. Күн суыта бастағанда берекеміз кетті. Үйдің ішін жылыту мүмкін болмады. Жолдасым көлік жөндеумен айналысты. Қыста жылу болмағандықтан жолдасымды сырқаты мазалады. Тіпті жүруден қалды. Жылы өңірден келгендіктен ауа-райына бейімделе алмадық. Содан денсаулық жағдайымызға байланысты Қызылордаға қайта оралуға мәжбүр болдық. Қазір жолдасымның денсаулығы қалыпты жағдайға келді. Бірақ Солтүстікке қайта көшкісі келмейді дейді, – Гүлшат Дүйсенбаева.

БАСПАНА – БАСТЫ МӘСЕЛЕ

«Еңбек» бағдарламасы аясында Қостанай облысы, Тобыл станциясына қоныс аударған, жерлесіміз Айсұлтан Шаңғытбай 2 жылдан бері баспанасыз, пәтер жағалап келеді. Жұмыспен куантқан жоба баспана мәселесін шешіп бере алмапты.

– 2020 жылы Қазалыдан Қостанайға көшіп бардым. Жағдайым жаман емес. Пәтер жалдасақ та, ел қатарлы өмір сүріп келе жатырмыз. Бастысы, мамандығым бойынша қызметім бар. Қостанай облысының темір жолында «машинист» қызметін атқарамын. Бағдарлама баспанамен қамтамасыз етпесе, ипотекамен пәтер алуға қамданамын. Болашағымды Қостанаймен байланыстырамын. Бұл жаққа тез бейімделіп кеттім. Қазірдің өзінде мұнда 100-ден аса жерлесім бар. Туған жерді сағынсақ, айына бір мәрте бас қосып, сағынышымызды басамыз, – дейді Айсұлтан Шаңғытбай.

Ерасыл ШӘРІБЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!