Шаһардан шанхай түсте шу шықты. Мәселенің байыбы – электр жарығының шамадан тыс қымбат болуы. Асылы, тарифтың құны бәз баяғы. Бірақ тұрғындардың жанайқайы ай сайынғы төлемақының күрт өсуі. Бір айға 5-6 мың теңгенің жарығын жағатын жұрт қазір 20 мыңның үстіндегі ақшаны электр жарығы үшін жұмсауда. Бағаның былайша бет қаратпауының  бірнеше себебі бар көрінеді.

Махамбетов ауылының тұрғыны Серікхан Жүзеев жаңа электр есептегішінің қызметіне көңілі толмайды. Өйткені құрылғы орнағалы қалтасынан қаражат еселеп шығуда екен.

 – 2020 жылдың ақпан айынан бастап Маханбетов ауылының көшелеріндегі электр бағаналарынажаңа электр есептегішін жаппай орналастырыла бастады. Осы құрылғы іске қосылғанға  дейін көнесімен айына шамамен 6-8 мың теңге төлем жасайтын болсақ, жаңашылдық жүйемен айына 20-25 мыңға жуық төлем жасауға мәжбүрміз. Тіпті ауыл тұрғындары арасында да бұл мәселе ушығып, наразылық туындатуда. Қара халықтың жанайқайы орынды. Биылдан бастап ауызсудың бағасы да адам шошырлық өсіп кетті. Электр жарығы болса мынау. Сонда біз қашанғы жеке компаниялардың қалтасын толтыра бермекпіз?Осы мәселенің шешімін және себебін таппақ болып бірнеше мекеме табалдырығын тоздырудамын. Бағанадағы есептегіш құралын шешіп, Желтоқсан көшесі бойындағы «Гостандарт» мекемесіне бардым. Жауапты мамандар аталған құралды тексере алмайтынын айтты. Содан қалалық электр торабы мекемесінің көмегіне жүгініп, тексерттім. Нәтижесінде еш ақаусыз жұмыс жасап тұр деген анықтама шығарды. Тексертпейін десең төлем күн өткен сайын ұлғайып барады. Мысалы, өткен айдың 28 күніне 20479 теңге төлесем, артынша 16 күнге тағы 16025 теңге төледім, – дейді Серікхан Жүзеев.

Иә, бұл тек Серікханның жан басындағы жағдай емес. Тұтас халық бұл мәселенің мәнісін сұрауда. Электр мамандарының айтуынша, бұрынғысы – мехникалық құрылғы болса, қазіргісі орталықтандырылған есептегіш құрал екен. Ал бұл мәселеге қалалық электр торабының жауабы өзгеше.

– Коммуналдық қызмет түрлерінің тарифтері ҚР Энергетика министрлігі, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі және Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу Комитетімен және Комитеттің аймақтық департаменттерімен бекітіліп, бақылау жүргізіледі.Жалпы электр энергиясының тарифтері электр энергиясын өндіруші және тасымалдаушы ұйымдардың тарифтеріне тікелей байланысты.Қазіргі таңда, энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың тарифтері орташа есеппен жеке тұлғалар үшін – 15,66 заңды тұлғалар үшін – 23,09 теңге (ҚҚС-сыз).

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 12.12.2017 жылғы №827 қаулысымен бекітілген «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында AS100 типті есептегіш құрылғы Қызылорда қаласының Махамбет, Наурыз, Талдыарал елді мекендері және Заря, Каржыгер, Обводнитель, Мелиоратор, Енбек, Орбита, Эдельвейс, Связист, Раушан, Автомобилист, Победа, Обувщик, Проектировщик, Водхоз, Швейник бау – бақша серіктестіктерінен бөлек, Қызылорда қаласының Шанхай, Гагарин шет аймақтарында және Шиелі кентінің тұтынушыларына орнатылды.Бүгінге дейін Ақжарма ауылдық округіндегі тұтынушылылардың наразылығы бойынша тұтынуышылардың қатысуымен есептегіш құрылғыларын метрологиялық зертханада салыстырып – тексеру жұмыстары жүргізіліп, жаңа есептегіштердің еш ауытқусыз өз дәлдігінде жұмыс істейтіні анықталған, – дейді жауаптылар.

Жауапты мекеменің сөзінше, жаңа қондырғыларда ақау жоқ. Халықтың жиі электр жарығын пайдалануы ақысының ұлғаюна әкеп соқтыруда екен. Дегенмен бұл мәселенің мәні белгісіз. Нақты жауап парламент мәжілісінің төрағасы Балайым Кесебаевадан болмақ. Өйткені халық қалаулысы Сыр еліне келіп, халықтың аманатын Елордаға арқалып кетті.

Зере ӘДІЛЕТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!