Фото: ашық дереккөзден
Көктем шығып, наурыз айы соңына таяса да еліміздің кейбір өңірінде күн күркіреп, жаңбыр тіпті қар да жауды. Табиғаттың бұл тосын сыйын біреу күтсе, біреу күтпеген болар. Әдемілік пен сұлулықты паш ететін наурызша – көктемнің керемет көріністерінің бірі екені анық. Дегенмен жылбысқы қар мен жыл басындағы жауын- шашын тозығы жеткен электр тораптарының тағы да талапқа сай емес екенін көрсетті.
Облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаиннің айтуынша аймақтағы электр желісінің 66 пайызының тозығы жеткен. Солай бола тұра, сәл ақысын кешіктірсе, электр сымын қиып кететін шырақшылардың жұмысы табиғаттың тосын мінезіне төтеп бере алмады. Сапаға келгенде сәмсіреп, жарықты қиып кеткенде шалқаятын қызметкерлердің бетін Қызылорданың жаңбырлы желі-ақ ашып тастады.
Жарықсыз қалған халыққа жөнді ақпарат жетпей, абдыраған көпшілік не істерін білмеді. Аймақтың шалғай ауылдары, қаланың шеткі аудандары тіптен титықтап, тіршіліктің көзіне айналған электр қуатынсыз қиналып қалды. Қалпақ ұшырған желге шыдамаған жарық желісі дүлей дауыл мен қаһарлы құйын соқса қайтпек? Халық та осыны ойлайды! Ойланады да күрсінеді. Ішіндегісін әлеуметтік желіде шығарып, сыбап алады дерсің, басқа қолдан келер дәрмен жоқ.
Қаражат деген қанымды ішті,
Көтере алмайды-ау сорымды иық,
Аңғармағандар зарымды ішкі,
Кетіпті тағы тоғымды қиып.
Ай да тұтылып, қырсығып маған,
Жүр ме екен «жырдан талабыңды үз» – деп.
Шабытым келіп тұншығып барам,
Қараңғы жерде қаламымды іздеп.
Қайтарсам ба екен, сараңдар кегін,
Көтере алмайды-ау, сорымды иық.
Келеді кейбір адамдар менің,
Жолымды қиып, тоғымды қиып, – деп өрілетін Бағдат Мүбәрактың «Қараңғы» атты өлеңі де бірер күн бұрын Қызылорда да айна-қатесіз қайталанды.
Тәуелділікті тоқтату керек
Ділгір мәселені мінберде қозғап, жарыққа бөлінетін қаржының да көлемі артқан. Ол жайында сәлден соң толық тоқталамыз. Әуелі мемлекеттік деңгейде нендей шешімдер қабылданды. Президенттің тапсырмасы қандай? Басқармалардың жоспары бар ма? Сан сауалға жауап іздеп көрелік…
– Жалпы, Қазақстан электр энергиясымен қамтуда импортқа, көрші елдерге тәуелді болмауы тиіс. Қазір болып жатқан жағдайға барлық жағынан, ең алдымен мемлекеттің қауіпсіздігі тұрғысынан қайта қарау қажет.
Гидроэлектростанциялардың дамуына ерекше назар аудару керек. Энергиямен, жылумен және сумен жабдықтау – біртұтас технологиялық өзара байланысты жүйе. Оған экономиканың жеке маңызды саласы ретінде қарау керек. Қазіргі тәсіл ескірген. Енді жаңа шешімдер қажет, – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында. Сондай-ақ, Президент жаңартылатын энергетика жобаларын іске асыру жалғасатынын да айтқан болатын.
Мемлекет басшысының айтуынша, инфрақұрылымды дамытуға қатысты ұстанымдарды қайта қарау шарт.
– Биылғы қыстың қалай өткенін баршаңыз білесіздер. Қыстың көзі қырауда бірқатар аймақта қалалар мен елді мекендер жылусыз қалды.
Әбден тозған энергетика инфрақұрылымы әрең жұмыс істеп тұр. Менің тапсырмаммен электр энергетикасы нарығын дамытудың жаңа үлгісі дайындалып жатыр. Сол арқылы осы салаға қосымша инвестиция тарту көзделіп отыр. Сондай-ақ бұл құжат осы саланың барынша ашық болуын қамтамасыз етпек.
Ұлттық инфрақұрылым жоспарын қабылдауды ұсынамын. Құжатта осы саладағы басты мәселелер ашық көрсетілуге тиіс. Сонымен бірге 2029 жылға дейін іске асырылатын негізгі жобалар қамтылуы қажет, –деді өз сөзінде Мемлекет басшысы.
Шынымен, кеңестік кезеңде пайдалануға берілген коммуналдық желілер мен жылу станциялары өткен жылы жұртты біраз әбігерге салды. Риддер, Екібастұз және өзге де қалаларда жылу станциялары істен шығып, тұрғындар қиналды. Аталған жағдайға ел Президенті араласып, шұғыл шешімдердің арқасында жағдайдың уақытша болса да дұрысталғаны белгілі.
Тапшылық туындайды
Жау жағадан алғанда бөрі етектен… Себебі «Алдағы күзгі-қысқы кезеңге арналған болжамды баланстар 2024 жылғы қазаннан бастап, 2025 жылғы наурызға дейінгі аралықта электр энергиясы бойынша да, қуат бойынша да тапшылық болатынын көрсетіп отыр», – деді «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы Нәби Айтжанов ҚР Энергетика министрлігінің алқа отырысында.
Оның айтуынша, болжамды ең жоғары электр жүктемесі (17,4 ГВт) мен станциялардың 16,4 ГВт генерациялауы кезінде тапшылық шамамен 1,025 ГВт құрайды. Оны негізінен Ресей Федерациясынан импорттау немесе Қазақстан тұтынушыларын шектеу арқылы жабуға болады.
– Алдағы күз-қыс кезеңінде электр энергиясын тұтынудың өсу динамикасына сәйкес, оңтүстік аймақтың ең көп жүктемесі 4500 МВт-тан асуы мүмкін. Оңтүстік өңір тұтынушыларының қажеттіліктерін толық қамтамасыз ету және шектеулердің енгізілуіне жол бермеу үшін Жамбыл ГРЭС 5 блоктық режимде жұмыс істеуі қажет, – деді ол.
Жалпы «KEGOC» АҚ деректері бойынша 2024-2030 жылдарға арналған электр қуатының болжамды теңгерімі тапшылық болатынын көрсетеді, 2030 жылға қарай бұл жетіспеушілік 6,2 ГВт-қа дейін жетеді екен.
1970 жылдан бері ауыстырылмаған
Жарықтың жайына байланысты күрделі мәселелер көп. Бірақ, қозғалыс, бастама, Үкіметтік деңгейде мәміле барын да ұмытпаған жөн. Бір ғана мысал, бізде 1970 жылдан бері ауыстырылмаған электр бағаналары мен желілері бар. Бұған трансформаторларды да қоссақ болады. Бүгінге дейін ауыстырылмаған желі мен электр тоғын тарататын трансформаторлар күз бен көктемгі жауын шашын не қар еру кезінде жиі апаттық жағдайға ұшырайтыны да осыдан болса керек.
Сол үшін де соңғы уақытта өңірде жарықтың сөнуі жиілеп кетті. Жарқырап тұрған жарықтың беймезгіл уақытта жалп етіп өшуі көптің ренішін тудыруда. «Алдын ала ескерту керек қой» деген жұрттың өкпе-назын да құлағымыз шалып жүр. Күнделікті тіршілігімізді осы бір қуат көзінсіз елестете алмайтынымызды дәлелдедік. Оның үстіне заманауи құрылғыларға байланғалы электр қуатына деген тәуелділігіміз артып келе жатқаны жасырын емес. Қаланың жылу жүйесі де жарыққа байланған. Сол үшін «шырағың сөнбесін» деген тілектің қаншалықты қадірлі екенін ұғынамыз.
Қаз қалпында баяндар болсақ, былтыр да өңірде ауа райының қолайсыздығынан электр ақаулары туындап, қаланың кейбір аумағы мен бірқатар ауылдық елді мекенде электр жарығы уақытша өшіп, нөсер жауын салдарынан тұрғын үйлердің ауласына су толды. Облыс әкімінің тапсырмасы негізінде сала мамандары жедел әрекет етіп, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерге жарық қосып, арнайы техникалар қала аумағын судан тазартты. Ал аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев орын алған кемшіліктер бойынша шұғыл жиын өткізіп, мереке күндері тұрғындарға қолайсыздық тудырып, ақауларға жол берген жауапты сала басшыларының жұмысын сынға алып, бірқатар нақты тапсырмалар берген еді.
Сол кезде облыс әкімінің орынбасарлары электр желілерінің 70-85 пайызы ескіріп, тозығы жеткендіктен, кемшіліктер орын алғанын жеткізген-ді. Оған қоса, трансформаторлық қосалқы станцияларды жаңалау жұмыстарына қаржы қажеттігін тілге тиек етті.
– Халықтың күнделікті тіршілігіне жарық, жылу, су керек. Өкінішке қарай, мереке күндері бір күн жауған жауынның әсерінен қаланың және бірқатар аудандардың кейбір аумақтарында жарық тоқтап қалды. Бұл – барлығымызға сын! Мен бұған дейінгі жиналыстарда үнемі тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерінің тұрақты жұмыс істеу қажеттігін ескертіп келемін.
Электр жүйелерінің тозу деңгейі жоғары екенін үнемі алға тартып келесіз. Бәрімізге белгілі, тозу деңгейін 66%-дан 30%-ға төмендету үшін 153 млрд теңге қажет. Үкімет басшысының өңірге жұмыс сапары барысында да осы мәселені көтеріп, қаражат сұрадық. Оның ішінде мамандардың қаржы мәселесі де қамтылған. Бұл бір күнде шешілетін мәселе емес. Біз желілер тозды деп қол жайып отырмай, қолдағы бар ресурстарды пайдаланып, кез келген жағдайға дайын болуымыз қажет.
Кезінде қаладағы үлкен трансформаторлардың күрделі жөндеу жұмыстарына республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген 4 млрд теңге уақытылы игерілмей, кері қайтарылды. 2021 жылы аталған жұмыстар дұрыс жүргізілмей, зардабын қазір көріп отырмыз. Дегенмен, мәселенің өткір екенін ескеріп, шұғыл жөндеу жұмыстарына 500 млн теңге қаржы бөлдік, бірақ одан да нәтиже болмады. Әрбір қосалқы станцияның жағдайына талдау жасап, мамандардың күшімен ретке келтіру қажет. Керек болса, жанашыр демеушілерді біріктіре отырып, жұмысты үйлестіруге болады. Қала әкімі де, басқарма басшысы да бұл мәселенің өте өзекті екенін алдын ала айтуы тиіс, – деген еді облыс әкімі Н.Нәлібаев.
Өткен жылы облыс әкімі энергетика және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысы мен «Қызылорда электр тарату компаниясының» директорына және қала әкімінің орынбасары мен жауапты бөлім басшысына қатаң сөгіс жариялады. Халықты электр жарығы мен ауыз сумен қамту – кезек күттірмейтін мәселе екенін тілге тиек етті.
Ауқымды жұмыстар атқарылады
Сол сыннан соң биыл сәл болса ілгерілеу бар. Аймақтағы электр желілерінің тозу деңгейін төмендету мақсатында биыл 10 жоба жүзеге асырылмақ. Осының нәтижесінде, 418 шақырым электр желісі мен 73 дана қосалқы станция жаңғыртылмақ.
Сонымен қатар, жауапты басқарма арқылы қосымша 4 жобаның жоба-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Жоба аясында қала және бірнеше елді мекеннің электр бағаналары мен желілері қайта жөнделеді. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаин мәлімдеді.
– Облысымызда әр түрлі кернеудегі 10 мың шақырымнан асатын электр желілері мен 2 мыңға жуық қосалқы станция бар. Былтыр электр желілерімен қамтудың 6 жобасы жүзеге асырылып, 232 шақырым электр желісі мен 95 дана қосалқы станция қайта жаңартылды. Нәтижесінде электр желілерінің тозу деңгейі 66 пайызға төмендеді. 2025 жылы қосымша қуаттылығы 10 МВт құрайтын күн электр станциясын салу жоспарлануда, – деді Медет Усаин.
Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Сәйкесінше, 2023 жылы халықты тіршілік нәрімен қамту бойынша 23 жоба мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен орындалып, жүйелі жұмыстар жүргізілді. Биыл аталмыш салаға қатысты 14 жоба қолға алынбақ.
Ығыры шыққан жұрттың жанайқайын естіген жандар енді жүйелі жұмыс жасап, бәрін ретке келтірер деген үміттеміз. Шалғай жатқан елдің шамы сөнсе, шыдамы таусылады. Ал тозығы жеткен тораптар жөнделсе, көзіміз ашылар еді.
Шырағың сөнбесін, Сыр елі!
Айдар САЙЛАУОВ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!