Энергетикалық тәуелсіздік – мемлекет экономикасының күретамыры. Өндіріс көлемінен бастап өңірлердегі әлеуметтік ахуал көрсеткішіне дейінгі аралықты қамтитын сала қай мемлекеттің болмасын басты назарында. Қазақстанда аталған бағытта ілгерілеу байқалғанымен, мәселе аз емес. Мыласы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев болашақта электр тапшылығы орын алуы ықтимал екенін мәлімдеп, бірнеше рет сала басшыларына тапсырма берген болатын. Оған қоса жыл басындағы газ бағасына қатысты келеңсіздік, кей аймақтағы мұнай қорының азаюы, жылу стансаларының ахауы мәселеге бей-жай қарамау қажетін аңғартқан еді.
Тақырыпты Орталық Азия елдерінің «бас ауруына» айналған электр ахауынан бастайық. Неліктен Орталық Азия елдеріне ортақ мәселе десеңіз, көршілес елдердегі электр тарату жолы мен қуат көзі кеңестік кезеңнен келе жатқан электр тарату жүйесіне негізделген. Баламалы электр көзінің қуатының аздығы, ауқымды жобалардың болмау ұзаққа дейін бұл олқылықты күн тәртібінен түсірмеді.
Бір ғана мысал, жыл сайын қыс айларында Қырғызстандағы тозығы жеткен электр жүйесіндегі ақау саладарынан Өзбекстан Республикасы мен Қазақстанның оңтүстік өңірінде электр мәселесі орын алады. Ал тәуліктеп электр көзінің болмауы экономикаға аз шығын әкелмесі белгілі. Оған қоса кеңес электр станциялары кеңес кезеңінен қалған тозығы жеткен қондырғылармен жұмыс істеуде. Сол себепті Қазақстан тарапы жағдайды қалыпқа келтіру мақсатында ауқымды бастамаларды қолға алып келеді. Олардың қатарында электр жүйелерін жаңарту, жасыл энергияға бет бұру, АЭС салу секілді шешімдер бар.

ЭЛЕКТР ТАПШЫЛЫҒЫ ТУЫНДАУЫ МҮМКІН
Шынында Қазақстандағы электр энергиясының сұранысы күн санап өсуде. Мамандардың болжамынша, 2030 жылға қарай сұраныс 136 млрд кВт/сағ, ал 2050 жылы 172 млрд кВт/сағ-қа дейін өседі екен. Сол себепті электр стансаларының жұмысын жандандыру, маңызға ие болды. Оған себеп те жоқ емес. Мысалы, елде 2030 жылға қарай 11-12 ГВт тоқ тарата алатын жаңа қондырғылар қажет болса, 2050 жылға қарай 32-36 ГВт ток тарататын жаңа қондырғылар қажет болмақ.
Қазіргі таңда елде электр энергиясын өндіретін 214 электр стансасы бар. Электр стансаларының қолда бар қуаты 20,1 ГВт құрайды екен. Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың БАҚ-та жарияланған ресми мәліметіне сүйенсек, электр тапшылығын болдырмау үшін электр стансаларының жұмысы назарға алынбақ.
«11 ақпандағы жағдай бойынша жұмыс қуаты шамамен 15 ГВт құрайды. қолда бар және жұмыс қуаты арасындағы айырмашылық елдің моральдық тұрғыдан ескірген энергия көздеріндегі жоспарлы және авариялық жөндеу жұмыстарына және теңгерімге ЖЭК объектілерінің қатыспауына байланысты. 2021 жылы электр энергиясын тұтынудың күрт өсуі байқалды. Ол 113,89 млрд кВт/сағ. құрады. Бұл 2020 жылдың көрсеткіштерінен 6,1%-ға жоғары. 2021 жылдың қорытындысы бойынша электр энергиясын өндіру көлемі 114,4 млрд кВт сағ немесе 2020 жылдың көлеміне 105,89% құрады. 2021 жылдың қорытындысы бойынша өндіру құрылымындағы отын түрлері бойынша генерациялайтын көздердің үлесі мынадай: көмірде – 69%; газбен – 20%; гидроэлектр станциялары (шағын ГЭС-сіз) – 7,4%; ЖЭК (КЭС, ЖЭС, шағын ГЭС, БГҚ) – 3,6%», – деді энергетика министрі.
Расында, электр тапшылығының алдын алу үшін саладағы жүйені оңтайландыру маңызды. Соның бірі – электр энергетика өндірісінің өңірлерге бөліну ахуалы. Себебі электр энергиясын көп тұтынатын өңірлерде электр стансасы аз, даму процесі баяу жүріп жатқан солтүстік өңірде электр стансасы көп. Нақтырақ айтсақ, Қазақстандағы электр энергетика өндірісі басымдықты солтүстік, батыс және оңтүстік өңірлерге берген. Елдегі электр энергетика өндірісінің 79,2%-ы солтүстік аймаққа, 10,8%-ы батыс аймаққа, 10%-ы оңтүстік аймаққа тиесілі. Жылу электр энергиясы қазақстандық энергетикалық жүйеде басым орынды ұстап, оның ішінде көмір энергиясымен электр өндіру 75%, табиғи газбен өндіру 10,1%, мазутпен өндіру 4,9%, ал гидроэнергетиканың ұстайтын бөлігі 9%-ды құрайды. Мұның өзі жүйені қайта қарауға итермелейтіндей.

ЦИФРЛЫ МАЙНИНГ – ТАСАДАҒЫ ҚАУІП
Жалпы электр тапшлылығының көлеңкелі тұсы – цифрлы майнинг. Олай дейтініміз, криптовалюта өндіру – ауқымды энергияны қажет ететін процесс. Қандай да бір цифрлық валюта түрінде табыс алу мақсатында қосылған жабдық тәулік бойы жұмыс істейді. Бұл ретте жабдықтың жекелеген модельдері шамамен 2,5 – 3 кВт/сағ. тұтынады.
Бұл – бір жабдықтың айлық тұтынуына тең, яғни үш бөлмелі пәтердің тұтынуынан 8 есе артық. Жақында сала министрінің өзі электр тапшылығының бір ұшы майнинг субъектілерінің қызметіне қатысты болуы мүмкін екенін айқан болатын.
«Энергетика министрлігі электр энергетикасы саласындағы кейбір нормативтік құқықтық актілерге түзетулер енгізді. 2022 жылғы 8 ақпанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысы барысында Мемлекет басшысы Цифрлық майнингтің заңсыз жұмыс істейтін субъектілерін анықтау және оларға қатысты тексеру іс-шараларын жүргізу бойынша шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Қазіргі уақытта мүдделі мемлекеттік және құқық қорғау органдары электр энергиясы нарығын «көлеңкелі» цифрлық майнинг субъектілерінен тазартуға бағытталған тиісті іс-шараларды жүзеге асыруда», – деді энергетика министрі.
Аталған уәж орынсыз емес секілді. Себебі Қытай нарығындағы майнинг компаниялар елге келгелі, Қазақстан майнинг саласында әлемдік көшбасшы қатарында. Тиімділік пен пайда тұрғысын дөп басу қиын, алайды әзірге нәтиже осы.

АТОМ ЭНЕРГЕТИКАСЫ МӘСЕЛЕГЕ НҮКТЕ
ҚОЯ АЛА МА?
Қоғамда қызу талқы тудырған атом электр стансасын салу бастамасы саладағы соңғы жаңалық санатында екені даусыз. Чернобыль апатының куәсі болған қоғам үшін мұндай реакция заңды екені белгілі, алайда энергетикалық тәуелсіздік үшін бастаманың берері мол. Элект қуаты үшін көрші елге жалтақтамау, қуаттылығы мен мөлшерін бекіту секілді артықшылықтар атом энергетикасының бағасын арттыра түседі. Оған қоса, дамыған елдердің бәрінде дерлік атом электр стансасы барын назарда ұстаған жөн. Содан болар билік аталған шешімнің дұрыстығын халыққа насихаттауда.
Президент Ресейде өткен Шығыс экономика форумының пленарлық отырысында Қазақстан үшін атом электр стансасының маңызын тап өткен еді. Тиімділік пен артықшылықты айта келе аталған шешімнің ел дамуына септесерін үндеді. Белсенділердің кейінгі аргументі де ақылға қонымды.
Қазақстанның жасыл энергетиканы қолдайтынын әлемге айтып келе жатқанымызға қанша жыл?!. Түрлі форумдарды қоспағанда, EXPO-ның басты тақырыбы да баламалы энергияға айналды емес пе? Себебі экологиялық зияны аз, қуаттылығы мол энергетика бағыты ғаламдық сұанысқа енгелі көп уақыт болды. Осы аралықта Қазақстан атом энергетикасының техникалық және экономикалық талаптарына жауап беретін дәрежеге жетті. Мысалы, атом энергетикасының «жүрегі» – мемлекет уран өндірісінде алдыңғы қатардан көрінді. Бұл саладағы бізде тәжірибе де аз емес. Тіпті Ақтауда электр энергиясын өндіруге, тұрғын үйлерді жылытуға және теңіз суын тұшытуға қолданып келген ядролық реактор ауқымды мақсаттағы алғашқы қадам болды. Яғни, бұл технология Қазақстан үшін жаңа сала емес дегенді білдіреді.
Тағы бір мысал ретінде, өткен жылы Үлбі металлургия зауытының базасында Қытайдың атом электр стансасы үшін дайын ядролық отын шығаратын зауыт ашылуын айтуға болады. Бұл – атом энергетикасында жиған тәжірибенің жемісі. Демек, атом энегретикасы саласыда шикізатқа ие мемлекеттің өз өндірісі болмауы абсурд емесс пе? Содан болар, Үкімет аталған мәселені күн тәртібінен түсірген емес. Ресейге салынған санкция салдарынан жоба кешеуілдегенімен, жуырда бастау алары анық.
Кадрлық әлеует те жетерлік. Бүгінде Қазақстанның атом өнеркәсібі мен ғылымы саласында 24 000-ға жуық адам еңбек етуде. Соңғы 10 жылда елдегі жоғары оқу орындарында ядролық және техникалық физика бағыттары бойынша 3000-ге жуық кадр даярланған екен. Бұл аз көрсетікіш емес екені даусыз. Оған қоса жақында Ресей мен Қазақстан арасында жаңа келісім күшіне еніп, еліміз ресейлік жоғары оқу орындарында аталған саланың кадрын даярлауға мүмкіндік алды.
Жалпы әлемдік экология, болашақтағы электр энергиясының тапшылығын қаперге алсақ, АЭС салу тиімді шешім екеніне күмән жоқ.Оған қоса, табиғи уран көлемі, ядролық отын компоненттерін өндіру мен уранды изотопты байыту бойынша жұмыстар салаға салқын қарауды талап етуде.

СЫР БОЙЫНДАҒЫ ЭНЕРГЕТИКА
Сыр бойында энергетика саласына қатысты жаңалық көп. Мәселен, жылу-электр орталығын салу, күн электр стансаларының санын арттыру, газбен қамту секілді бастамалар саланың ілгерілеті жолындағы негізгі қадам саналады. Жақында Қызылорда облысына арнайы сапармен келген Энергетика министрі Болат Ақшолақов та атқарылған жұмыстармен танысып, алдағы жобалармен бөліскен еді. Солардың қатарында Қызылорда қаласында 2025 жылға дейін электр қуаты 240 МВт болатын бу-газ қондырғысын салу жобасы ерекше назарға ілікті.
Министрдің айтуынша, кейінгі 3 жылға жүргізілген талдау бойынша жылу-электр орталығын жөндеу науқанына қаражат біркелкі бөлінбеген. Мысалы, 2019 жылы Қызылорда жылу-электр орталығында негізгі жабдықтарға күрделі жөндеу жүргізілмеген екен. 2020 жылы жөндеуге бөлінген қаржы 1,4 млрд теңгені құраса, өткен жылы 50 процентке төмендеген.
«Биылғы шілде айында Қызылорда облысында электр қуаты 240 МВт болатын бу-газ қондырғысын салуды көздейтін жоба бойынша инвесторларды іріктеу жоспарлануда. Ол аукциондық сауда-саттықты өткізудің бекітілген графигіне сәйкес жүргізіледі. Оны іске асырудың болжамды құны 215,1 млрд теңгені құрайды. Пайдалануға берудің болжамды мерзімі – 2025 жыл. Осы жобаны іске асыру 700 млн кВт көлеміндегі қазіргі тапшылықты жабуға мүмкіндік береді», – деді министр.
Бүгінде Сыр бойында 9 күн электр станса жұмыс істеп тұр. Экологиялық тұрғыда тиімді жобаның жалғасы да бар. Министрлік жыл сайын жаңартылатын энергия көздері жобаларын іріктеу бойынша аукциондар өткізуде. Биыл да аукциондық сауда-саттыққа Жаңақорған, Шиелі және Арал аудандарында 20 МВт-тан күн электр станциясының 3 лоты жоспарланған көрінеді.
Әрине, салада кемшілік жоқ емес. Елдегі энергетикалық кәсіпорындарының мәселесі бір. Қызылорда облысында да негізгі олқылық – жабдықтың тозуы, Сырдария өзеніндегі су деңгейінің төмендеуі, материалдар мен жабдықтар қымбаттауы. Мысалы, Қызылорда қаласындағы орталықтандырылған жылумен жабдық­тау мекеме­лерінде 20 аудан­дық қа­зан­дық жы­лу энер­гиясын береді. Сол стан­саның негізгі жабдықтарының 82 проценті тозған. Ал облыстағы «Қызылорда» Өңірлік электр желілік компаниясында» 10 056 км кабель және әуе электр беру желілері арқылы жұмыс істейді. Мұнда электр желілерінің 69 проценті ескірген.
Министрдің облысқа сапары кезінде аймақ тұрғындары естіген тағы бір оң хабар – газдандыру. Министр өткен жылы Қызылорда облысын газдандыру бағытында 4 жоба жүзеге асқанын айта келе, биыл тағы 3 жоба аяқталғанын жеткізді. Олар – Қазалы қаласы, Жалағаш кенті және Шиелі ауданындағы Бекежанов елді мекенін газдандыру ісі. Ал 2022 жылы 1 жоба жалғасын тауып, жаңа 6 жобаны қаржыландыру үшін қаржы бөлінбек.

P.S. Энергетикалық тәуелсіздік – экономикалық тұрақтылық көзі ғана емес, дамудың бастауы. Кәсіпкерліктің тоқтаусыз өрістеуі, өндірістің кедергісіз да электр қуатының маңызы зор. Ал қажетті ресурсының тең жартысы көршіге тәуелді ел қашан да экономикалық еркіндікті толық сезінген емес. Сол себепті саладағы өзгерісті бастап, жаңа жобаларға ұмтылу өзекті тақырып болып қала берері сөзсіз.

Ерген ЯКУДАЕВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!