Жасыратыны жоқ, көбісі кәсіподақ ұйымының немен айналысатыны, құзыретіне не кіретінін бағамдай бермейді. Ары кетсе, мереке өткізуге қолдау көрсететін, шипажайға жолдама беретін немесе театрға билет бөлетін ұжым деп ұғары анық. Ал шын мәнінде кәсіптік одақтар қызметкердің құқығын қорғап, мүддесін ескеруде басты рөл атқаратыны ескерусіз қалуда. Бұл ұйым жұмысының салғырттығынан туған ұғым ба, әлде жұмысшылардың аталған бағытқа қызығушылық танытпауының салдары ма? Неліктен кәсіподақ ұйымының беделі заман талабына ілесе алмады? Осы сауалдарға жауап іздеп көрелік.

Батыс елдерінде кез келген жұмысшының талап-тілегін заң аясында қорғауға атсалысатын кәсіподақ ұйымы бар. Артық жүктеме, басшылықтың негізсіз талабын көре қалса, шағым түсіріп, өтемақы өндіруге ықпал жасау арқылы жұмысшының жағында болады. Тіпті, бейтарап дейгейде қадам жасап, объективті баға беруде де шеберлік көрсетуде. Жұмысшының талабы қандай болғанын, оның қайсысы орындалып, қай талаптың шешім таппағанын ашық жариялап отырады. Ереуілдер мен қарсылық акцияларындағы ұйым мүшелерінің белсенділігі тіпті бөлек әңгіме. Содан болар, Еуропа елдері мен АҚШ-та жұмысшылардың күнара ереуілі мен толассыз талап-тілегі қалыпты құбылысқа айналған. Әлемдік алпауыт компаниялардың миллиондаған жұмысшыны қажет ететін өндірісті Қытай мен Үндістанда салу үрдісінің белең алуы да осыдан туған еді. Яғни, қит ет­се, заңды желеу етіп, қиыс кеткен тұсты көзге шұқып көрсететін кәсіподақ ұйымы мен «білгіш» жұмысшылардан аулақ кету амалы.
Ал Қазақстандағы ахуал қалай? Кейбірі кәсіподақ ұйымы кысастық көрген, шеттетілген жұмысшы лайықты қорғай алады дегенге сенбейді. Ұйымның абырой-беделі, функциясының өз деңгейінде болмауына наразы жұрт та бар. Әсіресе, кейінгі кезде мұғалімдер арасында кәсіподақ жұмысына шағымданатындар көбейді. Ұйымның ұстаз пікірімен санаспай одаққа тіркейтінін, жарна ұстайтыны жиі айтылады. Ең өкініштісі, кәсіподақтың құқықтың көмек берудегі дәрменсіз әрекеті сынға ұшырауда.
Әрине, кәсіподақ ұйым ретінде нық бекіген. Арнайы Кәсіподақтар федерациясы құрылған. Оған қоса, 3 ірі салалық кәсіподақ пен аудан мен қала, ауылда бастауыш ұйымдар өзіне жүктелген міндетті атқаруда. Олар Еңбек туралы заңнамалардың орындалуына қоғамдық бақылау жасап, Келісім және өндірістегі келеңсіз жағдайларды тексеру жөніндегі комиссиялар арқылы кәсіподақ мүшелерінің мүддесін қорғайды.
Жалпы, қазіргі таңда кәсіподақтарға 2 миллионнан астам адам мүше екен. Өткен ғасырдың соңында бұл көрсеткіш 7 миллионнан астам еді. Демек, ұйым жұмысына көңіл толмайтындардың қатары артқан немесе кәсіподақ жұмысында расында шикілік бар деуге келетіндей. Оған қоса азаматтық қоғамда әрбір адамның құқық қорғау қолжетімділігі артуы да мәселеге жаңа сипат беруде.
Бүгінде кәсіподақ айналысатын мәселенің дені жалақы жайы, жұмыс уақытының мөлшері, еңбек демалысы мен жұмыстан босатылу, еңбек шарттары аясында қалғандай. Содан болар, 2014 жылы «Кәсіподақтар туралы» заң қабылданғанымен, ұйымның қажеттілігіне күмәнмен қарайтын топ әлі бар.
– Кәсіподақ ұйымының қажеті жоқ деп санаймын. Себебі, қызмет істеген жылдар ішінде жұмысшылардың құқығын қорғаған сүбелі үлесін көре алмадым. Ұйым пайдасына ай сайын алынатын жарна да тым орынсыз. Кәсіподақ ай сайын әрбір медицина маманынан 2000 теңге жуық қаржы алады. Мәселен, өзім еңбек ететін Қазалы ауданын алайық. Аудандағы медициналық мекемелердегі маман саны 3 мың адамға жуық. Ай сайын әрбір жұмысшының жалақысынан қаржы ұстап отырса, жыл соңында 50-60 млн теңге пайда түспек. Мұндай қомақты қаржы кімге керек? Қай бағытта жұмсалады? Ашықтық жоқ. Ұйым жақсылығы Жаңа жыл мерекесінде шағын сыйлықпен шектеледі. Кәсіподақ беретін шипажай жолдамасының 70 процентін де өзіміз төлеуге мәжбүрміз. Сондықтан, кәсіподақ ұйымының құзырет аясын тарылтып, қаржылық саясатын қайта қарау керек деген пікірдемін, – дейді Қазалы аудандық көпбейінді аурухана дәрігері Нұғман Бердібаев.
Мәселеге біржақты қарау орынсыз екені рас. Тегінде, ұйымның құқық саласындағы салмағын танып, қажетіне сенім білдірушілер де бар. Олардың пікірінше, басшылықтан немесе қызмет барысында заңсыздық құрбаны болған әрбір жұмысшының маңдай тіреп барар жері кәсіподақ болу керек. Сондай-ақ, ұжымды біріктіру, ортақ мақсатқа жұмылдыру бағытында ұйымның көмегі зор екен.
– Ерте ме, кеш пе, кез келген азамат еңбек дауына кезігеді. Жұмыстан мәселе туындап, әділдік іздері анық. Сол жағдайда көмек жолы – кәсіподақ ұйымы. Ұйым әр жұмысшының құқын қорғап, әлеуметтік қысымды бәсеңдетуге, азаматтық қоғамды қалыптастыруға күш салады. Маңызды әлеуметтік институт ретіндегі салмағы қарапайым жұмысшыға демеу.
Әрине, ұйымда көптеген мәселе барын жасырмаймын. Жаңару, өзгеріске бет алуға, жұмысшылардың талабына сай болуға икемделу қажет. Кәсіподақ өкілдері ұйым мүшелерімен кездесуді көбейтіп, жұмысшылардың құқығын білуіне арналған жобалар әзірлеуі пайда әкелер еді, – дейді медиа-маман Е.Оразханұлы.
P.S. Кәсіподақ ұйымының қаншалықты қажет екенін бағамдау әзірге қиын. Дегенмен, азаматтарды құқық тұрғысынан қорғау, ұжымдық келеңсіздікті шешу турасында белгілі бір дережеде көмегі бар секілді. Ал қаржылық ашықтық пен түсіндірме жұмысының олқылығы әлі де болса салаға жаңарту жүргізу қажетін дәлелдей түсуде.

Берен ШАҒЫРОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!