Жер-ана түгел түлеп, тіршілік жанданатын мезгілде жәндіктер де жанды жерге тие бастайды. Әсіресе қорегін қаннан тапқан кене адамға кесел, малға кесір боп жабысады. Тілі жоқ төрт түліктің кенеден көрген теперішін көзінен-ақ байқауға болады. Құжынаған жәндік малдың құтын қашырып, шаруаның да берекесін алды. Бүгінде көбі кенеден құтылудың жолын іздеп әлек. Өйткені Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының сойқанды салдары бірін ажал апанына тастаса, мал жанын да мең-зең күйге ұшыратып тұр. Жеміне дейін баптап беретін қожайындар төрт түлігінің дәрменсіз халін көріп дал болуда. Қорадағы малынан көз жазып қалатын ұрлықты айтпағанда, көз алдында жанары жәутіңдеп өлгенін көру кімге оңай дейсіз? Ал кенеден көз жұмған адам саны күресті күшейту керектігін көрсетті. Жүйкені жүндей түткен жайттан соң шыр-пыр болып шырқырағандар көп. Себілген удың сапасына сын тағып, әсерсіз екенін де жарыса жазуда. Жоқ, бұл әсірелеу емес! Шынында солай. Әйтпесе кенеге төтеп бере алсақ, көрсеткіш күрт көбеймес еді. Адам мен мал жанын сақтауда салғырттық танытпаған ләзім.

Сала басшылығы тиісті жұмыстардың жүргізілгендігі жөнінде түсіндіруде. Десе де ерте қамданбағанына қамыққан жұрт қауіптің сейілеріне күмәнмен қарайды. Қазақ үшін киелі жануарды титімдей жәндіктің талағаны жайында хабарлар күн сайын таралуда. Бұған бөгет болар жол қайсы? Ауыз толтырып айтқан жұмыстың нәтижесі қане?
– Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қолайсыз деп танылған 106 елді мекен анықталды. Жыл сайын облыстық бюджет есебінен тиісті қаражат бөлініп келеді. Биыл да кенеге қарсы күрес шаралары жоспарға сәйкес орындалуда. Қазіргі таңда қолайсыз елді мекендердегі тұрғын үй аумақтары мен мал қораларына кенеге қарсы «Креолин Х» ерітіндісі қолданылуда. Облыс бойынша көктемгі залалсыздандыру жұмыстарының орташа тиімділік көрсеткіші 97,2 пайызды құрады, – деді Қызылорда облысы әкімі аппаратының «Жұмылдыру және шұғыл жұмыстар орталығы» КММ дирек­торы­ның мін­детін атқару­шы Бауыржан Садықов.
– Биыл залалсыз­дандыру жұмыстарына жұмсалатын препа­раттар көле­мін жоспарға сәйкес алдыр­тып, ке­зең-кезе­ңімен аудандарға жөнелтіп жатырмыз. Жалпы қолайсыз елді мекендерде 556 мың мал басы бар. Оның 117 мыңына арнайы препарат егіліп, қауіпті ауруға қарсы залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Бүгінде ауру ошақтары анықталған елді мекендер қатаң бақылауда, – деді облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Әнуарбек Дәрмағамбетов.
Өлуге шақ қалған малды иесі әупірімдеп жүріп аурудан азат етуде. Ерітіндінің емес, екпенің көмегі­мен. Себі­летін уды місе тұтып яки «күрес қалай жалғасады?» деп қолқусырып отырса малдың қырылып тынатынын біледі. «Түйені жел шайқаса, ешкіні көктен ізде» деген. Кененің кеселі адам өмірін жалмағанда, мал жанына да тыныштық бермейтіні ақиқат. Сөздің ашығы, іс насырға шапқаннан кейін тыпыршымас үшін уақытында қозғалған жөн.
– Бүгінде облыста Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына күдікті 29 науқас тіркелді. Оның ішінде 10 жағдай нақтыланып, өкінішке қарай 3 адам қаза тапты. Қазіргі сәтте қолайсыз деп танылған елді мекендерден бөлек, басқа аумақтарда да қауіпті аурудың алдын алу шаралары тұрақты түрде жүргізілуде. Адамның ауруды жұқтыруы кене шаққан жағдайларда және қанында вирусы бар жануарларды сою кезінде, сондай-ақ науқас адамға күтім жасау кезінде немесе мәйіттің қанымен, ластанған медициналық құралдар арқылы да жұғуы мүмкін. Сондықтан облыс тұрғындарын барынша сақтануға шақырамыз, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жангелді Шайымбетов.
Иә, жұрт жанын жегідей жеген мұңды жасырмай айтқанда, басшылықтың дабыл қаққаны орынды. Себебі бәрі даурыққаннан емес, алаңдағаннан күйіп-пісіп отыр. Қайткен күнде де «қап» деп қапы қалып, «әттеген-ай» дейтін өкініш болмау керек. Ауру белгісін байқағаннан кейін өз бетімен әрекет етпей, дер кезінде дәрігерге қаралу да маңызды. Тіпті таңып алатын жараға да ақ халаттылардың кеңесі әбден қажет. Әйтпесе бейқамдықтың соңы сан соқтырады. Кене кеселімен ойнамау керектігі айтпаса да түсінікті шығар.
– Жалпы біздің өңір Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағында орналасқан. Сол себепті қала және барлық ауданда кенеге қарсы көктемгі жұмыстар 2 кезеңмен жүргізілуде. Өздеріңіз білетіндей, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы өте қауіпті аурулардың біріне жатады. Аталмыш аурудың ең алғашқы белгілері: адамның басы айналады, жүрегі айниды, дене температурасы көтеріледі, әлсіздік пайда болады, іші ауырады. Егер адам өзінен осындай белгілерді байқаса міндетті түрде медициналық көмекке жүгінуі керек. Сондай-ақ, жаз мезгілінде табиғат аясына шыққанда және далалық жерлерде кенеден сақтанып, үй аумағында тазалық жұмыстарын жиі жүргізіп тұрған абзал, – деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.
– Көк шықса кенемен алыса бастаймыз. Шаруашылықтың жұмысынан шашау шығармай жүргенде, кенеттен келетін кесір аяққа тұсау салады. Күнкөріс көзі мал болғандықтан жылдап баптаған еңбегіміздің еш кеткенін қаламаймыз ғой. Тіпті кейде көбейгені соншалық сырт киімімізге дейін жабысып, үйге кіреді. Ол өзімізге қауіп төнеді деген сөз. Сондықтан үйге кіріп-шыққан сайын қағып-сілкіп жүреміз. Негізі жалаң сөзге жан бермей, іске көшу қажет тәрізді. Залалсыздандыру, улау жұмысы айтылған кезеңімен жүзеге асса жанымызды шүберекке түйіп отырмас едік, – дейді ауыл тұрғыны Марат.
Түйіндей келе, кененің көптігі күн тәртібіндегі маңызды мәселеге айналды. Адам өміріне байланысты болғандықтан алаңдамасқа болмайды. Кене денеге дендеп, дегбірі қашқан науқастың қорқынышын басатын дәрігер. Олай болса ақ халаттылар жұмысы ақсаңдамаса игі. Сосын жауапты сала мамандары мал жанына да мойын бұрып қараса жақсы болар еді.


Нәзік АХМЕТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!