Төрде ілінін тұрған теледидардан соңғы рет қашан сериал көрдіңіз? Жоқ, интернет платформадан емес, телеарнадан көрсетілетін телесериалды меңзеп тұрмыз. Бәлкім, жеңіл сұрақ, бірақ жауап беру қиын. Себебі бүгінде кинематографияның дәстүрлі үлгілерінен ерекшеленетін веб сериалдарға сұраныс артқан. Қара-ақ түстен басталған кино саласында қысқа эпизодтар хит болатынын кім білді? Ал ойдағы сауал: қызығушылықтың артуына не себеп? Веб-сериалдардың біз білмейтін ерекшелігі неде?
БҰЛ КІМ, ОЛ НЕ?
Веб-сериал – арнайы интернет-платформаларда көрсетілетін телесериал. Деректерге сүйенсек, ол алғаш 1947 жылы көрсетіле бастаған. Кей ақпаратта мұның бастауын АҚШ-пен байланыстырады. Ал мұндай формат сандық медиа құралдардың дамуының арқасында өз аудиториясын қалыптастырып үлгерді. Медиа кеңістікте жайлы орынға жайғасқан бұл жанрдың басты ерекшелігі – оның хронометражы. Әдетте эпизодтардың ұзақтығы 15-30 минуттан аспайды. Себебі қазіргі аудитория ақпараттың ықшам әрі түсінікті болғанын қалайды һәм талап етеді. Ал веб-сериалдың форматы осы сұранысқа сай келеді.
Актер, продюсер Ерболат Әлқожа «Веб-сериал көрерменнің уақытын «ұрламайды» десе, Перизат Мырзахмет бұл форматты негізінен жастар көретінін айтады. Сонымен қатар салыстырмалы түрде веб-сериалдардың өндіріс шығындары да төмен. Мәселен, дәстүрлі телесериалдардың түсірілімі үшін арнайы павильон салу немесе қымбат локацияларды жалға алу қалыпты жағдай. Ал мұнда керісінше түсірілімді жеңілдету үшін көбіне ашық дала, табиғат аясы немесе қоғамдық орындар қолданылады.
2012 жылы әлемдік киноиндустриядағы туындылардың тізіміне 200-ге жуық веб-сериал қосылды. Ал қазақстандық кино мамандары мен көрермендер бұл форматқа шамамен пандемия тұсында бет бұрды. Алғашқы отандық туындылар қатарына «Трезвоз» бен «Құдіретті» атты авторлық жобаларды жатқызуға болады. 2019 жылы шыққан «Трезвоздың» режиссері Елдар Шибанов ішімдікке тәуелді, үнемі жолы болмайтын сценаристің өмірін баяндайтын фильм ұсынды. Ал «Құдіретті» веб-сериалы продюсерлер мен жарнама берушілерді қызықтырған алғашқы туынды ретінде танылған.
«Salem Social Media» – отандық веб-сериалдардың дамуына үлес қосқан медиакомпания. Оның қоржынындағы алғашқы туынды − «Suikimdi Stories». 5 жыл бұрын көк жәшіктен көрерменге жол тартқан интернет сериалдың алғашқы бөлімін 2,3 миллион адам тамашаласа, соңғы бөлімдерінің қаралымы миллионнан асады. Жастардың өмірі, күнделікті мәселелер мен махаббат хикаясын бейнелеу арқылы сериалдың тұрақты аудиториясы қалыптасты. Әр эпизодқа жеке тақырып қойылған, ал бір бөлімнің ұзақтығы 23 минут, кейде тіпті 18 минутты құрады. Келесі ерекшелігі «дорама» форматына ұқсас болуында. Сол арқылы да жастардың сүйікті контентіне айналды.
– Веб-сериал мен үшін қызық әрі қолжетімді контент. Мысалы, «Suikimdi Stories» маған жақын сериалдың бірі. Кейіпкерлердің өмірі, олардың қиындықтары мен армандары шынайы өмірге ұқсайды. Әр эпизодта жаңа дүние үйреніп, кейде өзімнің де сондай жағдайларға тап болғанымды байқаймын. Қысқа эпизодтар арқылы уақытты тиімді пайдаланып, қызық оқиғаларды жылдам көре аламыз. Сондай-ақ ресми сөйлеу жоқ. Сценарий ауызекі стильге жақын жазылған, – деді студент Аружан Бекжанқызы.
Десе де хронометраж бойынша наразылық тудырғандар да бар. Пікір білдірушілердің айтуынша, 20 минутта эпизодтың мәні толық ашылмайды. Бұл ретте сценарийдің де рөлі зор. Ал веб-сериалға арналған сценарийде қандай ерекшелік бар? Маманның пікірін білдік.
– Веб-сериалдардың телесериал мен толықметрлі фильмдерден айырмашылығы айтарлықтай көп. Біріншіден, веб-сериалдардың бюджеті басқа кинотуындыларға қарағанда 4-5 есе аз. Телесериалдар мен толықметрлі фильмдерге қомақты қаржы жұмсалады, ал тарихи киноларда костюм мен реквизиттердің өзіне ғана 300-400 мың доллар қажет болуы мүмкін.
Әдетте веб-сериалдар жасөспірімдер мен жастардың өмірін көрсетеді. Дегенмен бюджеттің аздығына қарамастан, жоғары бағаланатын жобалар жасауға болады. Мұнда сценарийдің сапасы мен оқиғаның тартымдылығы маңызды. Егер сюжет көрермендерді қызықтырса, ол міндетті түрде өз аудиториясын табады. Сценарий жазу кезінде қаржылық мүмкіндіктерді ескеру қажет, бірақ аудиторияны баурап алу үшін оқиғаның тың әрі жаңашыл болуы маңызды, – деді режиссер әрі сценарист Қанағат Мұстафин.
Оның айтуынша, қазір стандартты, яғни полиция, жедел жәрдем туралы сериал көп. Бірақ бүгінгі аудитория «Netflix» сияқты платформалардың өнімдерін көреді. Сол үшін тың идеялар мен жаңа актерлі құраммен жұмыс істеу керек.
Веб-сериал туралы кинотанушы, киносыншы Дана Әмірбековамен әңгіме өрбіттік. Сала маманы веб-сериал мен қысқаметрлі киноның айырмашылығын, ерекшелігін сараптап берді. Мұнан бөлек экран өнеріндегі сценарий мен драматургияға тоқталды.
– Кез келген туындының басты құралы – сценарий. Бас аяғы жұмыр, тақырыбы толық ашылған, идеясы түсінікті жоба болса жақсы туынды шығады. Ал қазір бізде веб-сериалдардың алғашқы бөлімі немесе пилоттық нұсқалары ғана жоғары деңгейде жасалып, кейінгі эпизодтарында сюжеттік линия үзіледі, түпкі тақырып ашылмайды. Сериалға тақырыптық тұрғыдан назар аударғанмен, мәселені көркемдік жағынан ашуға біліктілігі жетпейтін режиссерлер бар. Кино – экрандық өнер. Ол айту емес, көрсету, ойды визуалды элементтер арқылы жеткізу. Ойды диалог арқылы жеткізу, актердің аузына сөз салу біздегі кино деңгейінің төмендеуіне әсер етеді, – дейді ол.
Ал жалпы киноиндустрияның қарқыны қандай?
– Қазақ киносына жанрлық түрлену жетіспейді. Драма, мелодрамадан асып кете алмаймыз. Жанрды драматургтер, сценаристер жасайды. Бүгінде қазақ киносында драматург тапшылығы байқалады. Ал жақсы драматургия мен мықты сценарий болмаған жерде жанр да, кино да дамымайды. Жастар веб-сериалды соңына дейін көре алмайтындарын жиі айтады. Себебі сюжеттің басы болғанымен, ортасы бұлыңғыр, ал нүктесі мүлдем болмайды. Сонымен қатар режиссуралық шешімдер жоқ. Операторлардың жұмысы әлі де өсуді, тәжірибені қажет етеді. Актерлер өкінішке қарай нанымсыз, тым пафосқа толы ойын ұсынады. Өнер шынайылықтан алшақ болғанда, әрине, көрерменді тек шок тақырып аясында ұстай алмайды. Веб-сериалдардың арасында да толыққанды мықты өнім аз. Кейінгі жылдары көрерменнің лайықты назарын аударды деп «5:32» веб-сериалын айта аламын. Әр бөлімінің драматургиялық тұрғыда мықты жазылғаны байқалады. Костюмдер мен декорация, актерлік құрам да сәтті таңдалған. Бастысы жанрлық тұрғыдан ерекше, – деді киносыншы.
ВЕБ-СЕРИАЛ: ҮЛГІ МЕ, ҚАУІП ПЕ?
Интернет сериал жастардың назарын аударып ғана қоймай, әлеуметтік мәселелерді көтеретін алаңға айналды. Мәселен, 2021 жылы Томирис, Перизат және Сымбат есімді үш кейіпкердің оқиғасы туралы «Мыстан» веб-сериалы жарыққа шықты. Онда жыныстық зорлық-зомбылық, харассмент сияқты мәселелер ашық көрсетілген. Ал «Пацанские истории» сериалы криминал әлемін сипаттаса, «Сержан братта» рэкеттік өмірді бейнелейді. Кино мамандары қоғамдағы өзекті мәселелерге әлі де басымдық беруде. Мәселен 3 жыл бұрын көрермендерді таңқалдырған «Эскорт» сериалының жалғасы биыл шығып жатыр. Мұнан бөлек еңбек құлдығы тақырыбына да барған авторлар бар. Иә, бұл – «1286». Ал қазақстандықтар үшін «The Rocket Stories» пен Алишер Утев бірге түсірген «5:32» сериалының орны ерекше. Сюжет желісі айтпасақ та белгілі. Сондай-ақ авторлар туысқандарды түгендеп «Аппақ келін» мен «Бажаны» түсірді, алаяқтардың жұмысын көрсететін «Мошенникиді» де ұмытпады. Мамандар веб-сериал жанрының икемді тәсілдерін ерекше атап өтеді. Олар мұндай әдістерді авторға идеясын ашық және еркін жеткізуге мүмкіндік береді деп есептейді. Шынымен де, веб-сериал шығармашылық тәжірибе жасауға қолайлы. Мәселен, ондағы оқиға шынайы өмірге негізделеді және жастардың тіліне икемделген қарапайым диалогтармен беріледі. Бұл туралы көрермендер де айрықша айтады.
Біз жазған тізім тек бергі бөлігі. Әлеуметтік мәселелерді айқындайтын веб-сериалдар да бар. Әзіл арқылы қоғамның ащы шындығын жеткізгендер болғанымен, тым еркінсігендер де бар. Хош. Сөз бостандығы, шығармашылық еркіндік те бар делік. Дегенмен таяқтың екі ұшы болатыны секілді, «әттеген-айы» да жоқ емес. Үңілсек.
Веб-сериалдардың танымалдылығы артқанымен, бұл жанрдың бірқатар көлеңкелі тұсы бар. Тізімде цензура көш бастап тұр. Олар біршама бейәдеп сөздер, зорлық-зомбылық элементтері, сондай-ақ ашық көріністерді еркін қолданады. Контенттің жасөспірімдер мен жастарға қолжетімді екенін ескерсек, олардың психикалық дамуына кері әсер етуі мүмкін. Мәселен есірткі тасымалдау арқылы оңай ақша таппақ болған Алдияр есімді студенттің өмірін бейнелейтін «Шекер» веб-cериалында ашық сахналар, синтетикалық өнімнің зияны айдан анық көрсетілген. Веб-сериалдың бірінші маусымы 24 миллионнан астам қаралым жинады. Әр серияны орта есеппен екі миллион адам тамашалаған. Жастарға, жасөспірімдерге, жалпы қоғамға барды бар деп айтып, ушыққан мәселені ашық көрсеткен дұрыс. Бала осы бастан ақ пен қараны, оң сен солды ажырата білу керек екеніне шүбә жоқ. Бірақ оның салдары туралы да айту керек. Жақында «Шекерде» Алдиярдың кейіпкерін сомдаған Азат Жұмәділ телеарнаға сұхбат берді. Онда әрине, веб-сериал талқыланды. Актер сериалдан кейін әлеуметтік желідегі парақшасына 17-18 жастағы қыздардың есірткі сұрап жазатын айтты. Сериалдың мақсаты нашақорлықтың түбі қиындыққа, қателікке әкелетінін түсіндіру, көрсету болса да, сериалдан көріп жеңіл ақшаның артынан кеткендер де бар екен.
Жасөспірімдер үшін үздік веб-сериалдың бір «Черный двор» болды. Онда 16 жастағы балалардың бұзақыларға еліктеп, «мықты» көрінуді қалағандары көрсетіледі. Кейіпкерлер соңында ғана қателіктерін байқайды, бірақ тым кеш. Бұл ретте де әлдегіндегідей мәселе ғой… Еліктеу. Біздің де жастардың соларды қайталамасына кім кепіл? Мейлі, нақ бұл контентті айтпағанның өзінде қазір «Сыныптастар» веб-сериалының жұлдызы жанды. Оқушылардың қарапайым өмірі дерсіз. Бірақ әр эпизодта төбелесу, әлімжеттік бар. Онымен қоса барысында «старшактар» оқушылардан миллиондаған қаржы талап етеді. Мақсаты жасөспірімдерді ерсі қылыққа баулу болмаса да, кім қалай қабылдайды?
Осы жылы жарыққа шыққан «Эскорт: Новый вызовтың» сюжетіне қызыққандар көп. Әлеуметтік желідегі белсенділіктен-ақ аңғару қиын емес. Бір мәселеден құтыламын деп, қалай қисық ізге түскенін байқамаған қыздардың өмірі баяндалады. Онда адам өлтіру, қылмыс, ашық сахналар, зорлық-зомбылық та бар. Сценарийдегі мәтіні цензурадан аттап кеткен. Әрине, экран өнері адамды қисық жолға үгіттемейді, әйтсе де…
– Интернет платформалардағы контенттер жасөспірімдер мен жастардың санасына, психикасы мен мінез-құлқына ықпал ететін күшті құралға айналды. Бейәдеп қылықтар мен жаргон сөздердің, сондай-ақ ашық көріністердің жиі қолданылуы көрерменге әсер етпей қоймайды.
Түйіткілді проблеманы ашық көтеру мен оны дұрыс көрсетудің арасында айырмашылық бар. Мәселені көрсету көбіне оны терең талдап, сын тұрғысынан бағалауды талап етеді. Егер бұлар ескерілмесе, керісінше, жастар сол көрініске еліктеп, жаман әдетке үйір болуы мүмкін. Сонымен қатар веб-сериал өндірушілері де жауапкершілікті сезіну керек. Өйткені олардың туындылары жастардың мәдениеті мен сана- сезімін қалыптастыруда рөл ойнайтынын әсте естен шығармаған абзал, − дейді психолог Әсел Асылбаева.
Цензураның болмауы көбіне шығармашылық еркіндік ретінде қарастырылады. Алайда бұл ұстанымның шегі болу керек. Бейәдеп және моральдық құндылықтарды бұзатын элементтер шынайылықты көрсетуге бағытталғанымен, жағымсыз үлгіге айналуы ықтимал. Жоғарыда айтқанымыздай веб-сериалдар еркіндіктің арқасында әлеуметтік мәселелерді ашық көрсетеді.
– «YouTube» арқылы ұсынылатын бүгінгі веб-сериалдарға көркемдік, мағыналық тұрғыдан сұрақ туындайды. Өкінішке қарай мұндай дүниелер қоғамға тез тарап, өзіндік ойы, өмірге көзқарасы толық қалыптаспаған жас буынның сана-сезімін улауға септігін тигізіп жатыр. Себебі экран өнері алға шыққан, көш басындағы өнердің бірі. Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін экран алдында отырады. Жас буынға, көрерменге не ұсынып жатырмыз? Қандай мәселені қозғап, оны қалай, қай тұсынан ашып жатқанымызға үлкен мән беруіміз қажет. Бірақ қазір сөз еркіндігі, ой еркіндігі бар. Осыған байланысты кей мәселелер бойынша заң жүзінде тыйым салу да мүмкін емес. Мұны біле тұра, хайп үшін «шок контент «жасайтын студиялар да бар. Бірақ оның нәтижесін ешкім ойлап жатқан жоқ. Егер шетелдік пен отандық веб-сериалдарды салыстырсақ біздің контенттің деңгейі, сапасы, драматургиялық шиелінісі мен тақырыптың ашылуы әлі де жұмыс істеуді қажет ететінін айқындайды. Себебі біздің мамандар тек идеяны алады. Мысалы наркомания, зорлық-зомбылық. Яғни адамның назарын тартатын тақырыптарды қозғап, бірақ оны ашуда драматургиялық кәсіби біліктіліктері жетпейді, – деді Дана Әмірбекова.
Бірақ мәселенің шешімін көрсетпей, тек айналшықтаған қаншалықты дұрыс? Мәселені ашып көрсетеміз деп, керісінше теріс жолға үйір қылмаймыз ба? Жастардың өзі не дейді?
Жастар мен веб контенттің байланысын зерттеу мақсатында онлайн сауалнама ұйымдастырдық. Сауалнамаға 18-21 жас аралығындағы 62 адам қатысты. Олардың 40,3%-ы веб- сериалдарды жиі қарайды, 33,9%-ы орташа қызығушылық танытады екен. 25,8%-ы мүлдем қарамайтынын атап өтті. Ал «веб-сериалдағы бейәдеп сөздер сізге әсер ете ме?» деген сауалға 71% адам «жоқ» деген жауапты белгіледі. Сауалнамаға қатысқандардың 74,2%-ы веб-сериал жастардың мінезіне, құндылықтарға әсер етеді дейді. Тек 25,8%-ы бұл пікірге қарсы болды.
Сұраныс пен қызығушылық бар жерде сапа мен бәсекелестік қатар жүреді. Біз тізбектеген веб-сериалдардан бөлек «Шеше», «60кг», «Asau» сынды туындылар да бар. Бастысы еркіндік пен ашықтықтың шегінен аспаса дейміз. Біздегі мақсат қаралау емес, сараптау. Себебі экран өнерін құрал десек, ондағы контент һәм туындының мән- мағынасына жауапкершілікпен қараған жөн.
Әлия ТӘЖІБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!