Өткен жылы елордалық депутат Мирас Шекенов барлық бұқаралық кітапханаларды жабуды ұсынды. Халық қалаулысының пайымынша, бұл мекемелер анахронизм қатарына көшкен, оларды ұстап тұруға бюджет қаражатын шығындау енді орынсыз екен.
Депутаттың бұл пікірі қоғамда үлкен резонанс тудырды. Расында еңбегі еленбейтін, мәртебесі техникалық персоналға тең кітапханашылардың қоғамда беделі төмендеген. Көзқарасты жақсарту мақсатында мәдениет министрі Дәурен Абаев «Кітапханашы күні» мерекесін тойлауды ұсынды. Министрдың ұсынысы Үкімет тарапынан мақұлданып, 24-қазан кітапханашылардың кәсіби мерекесі ретінде бекітілді. Кәсіби мереке қарсаңында сансыз сұрақтың жауабын табуға болатын сиқырлы мекеннің жай-жапсарына тоқталдық.
Сырлы әлем саналатын кітапхана қызметкерлерінің еңбегі елене бермейтіні анық. Байқасақ, бұл саладағы мамандардың 99 пайызы қыздар қауымы. Яғни, ер азаматтар кітапхана ісіне бет бұрмайтыны байқалып тұр. Бұған бір ғана себепті байланыстырсақ болады. Бұл – жалақы мәселесі. Айына 70-120 мың теңге аралығындағы жалақымен баға шарықтаған сәтте отбасын асырау қиындыққа соғады. Салдарынан ерлер кітапханада қызмет етуден қашады. Сондықтан кітапханашы – әйелдердің кәсібіне айналып барады. Қынжылтатыны сол, тағылымы мол тәрбие ошағына беттемейтіндер көбейген. Яғни қазақ – кітап оқымайтын ұлтқа айналып барады. Қазір кез келген кітапханаға кірсеңіз, оқырманың жоққа тән. Ірі қалаларда кітапханалар ұзақ жыл студенттердің арқасында залын толтырып келді. Ал заманауи шәкірттер бар білімді интернеттен табуға немесе ақылы тапсырыс беруге үйренді. Жуырда өңірдегі Қорқыт ата атындағы университет жанынан «Open spaсе» заманауи кітапханасы іске қосылды. Университет ректоры Бейбіткүл Кәрімова жаңа кітапхана қоғамның ойын дұрыстауға септігізін тигізетінін жеткізді. «Қай кезде, қай заманда болмасын кітап құндылығын жоғалтпайды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бүгінгі заманда кітапсыз, сондай-ақ кітапханасыз адамның ойдағыдай дамуы мүмкін емес. Бүкіл әлемдегі кітапханалар – білім мен мәдениеттің ошағы, жаңа ойлар мен тың пікірлердің мекені. Электронды форматтың қарқынды дамып жатқанына қарамастан дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөлі ешқашан мәнін жоғалтпайды», – дейді.
Шындығында жаңа ғасырда батысқа қарап бой түзеу әдетке айналды. Біздің ел бұл салада дамыған елдердің тәжірибесіне жүгінгені жөн. Сонда университеттегідей заманауи кітапхана бөлімшелері көбейеді. Сондай-ақ батыстағыдай барлық кітаптар цифрландырылуы керек. Кітапханалар оқырманның іздеген кітабын тауып берумен шектелмей, ғылыми-зерттеу орталықтарына айналып отыр. Жаппай компьютер қойылған, аудиокітаптарға басымдық берілген. АҚШ кітапханалары үстел-парталардан алшақтап, диван, кресло, пуфқа ден қоюда. Жерге жұмсақ ковролин не кілем төселеді. Климат-контроль жүйесі қолайлы температураны ұстап тұрады. Кітап оқумен бірге тынығу үшін барынша жағдай жасалғандықтан, жанына маза іздеген жұрт өзі-ақ келеді. Тіпті, кітап оқығысы келмейтіндер жаңа журналдарды парақтап, жұмсақ пуфикте тынығу, компьютерде жұмыс істеу не тегін интернетті пайдалану үшін бас сұғады. Осының арқасында АҚШ әлемдегі ең көп оқитын ұлт саналады. Тағы бір жайт, елдегі кітапханаларда «оқырман билеті» жоқтар ішке кіре алмайды. Ал АҚШ-та бұқаралық кітапханалардың барлық адамға есігі ашық. Тек кітап, журнал, компакт-дискіні үйге алып кеткіңіз келсе ғана кітапхана карточкасын ашу талап етіледі, маңыздысы сол, ол карта көбіне өзге кітапханаларға және букмобильдерге (көліктегі кітапханаға) жарай береді. Бұл ретте шектеу жоқ. 100 кітап алсаңыз да рұқсат. Ал Қазақстанда қолға берілетін кітап саны шектеледі. Демек, елімізде кітапханалар жүйесін түбегейлі реформалану қажет болады. Әйтпесе, олар оқырмансыз қаңырап бос қалуы ықтимал.
Зере ӘДІЛЕТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!