Фото: Caravan.kz

Қазақта «Қыстың қамын жазда ойла» деген тәмсіл бар. Бұл – жай ғана сөз емес, өмір тәжірибесінен шыққан нақыл. Қыстың қақаған суығы келгенде көлігіңіз дайын болмаса, қалтаңызды қағып түсуі мүмкін. Сондықтан темір тұлпарыңыздың қысқа әзірлігін ертерек қолға алған жөн.

Қысқа уақытылы әрі дұрыс дайындалған көлік – бұл жайлылық пен қауіпсіздіктің кепілі. Ал жаздық дөңгелекті қай кезеңде қысқысына ауыстыру қажет?..

Автосарапшылардың айтуынша, қазақстандық жүргізушілердің басым бөлігі қар түскен соң ғана дөңгелек ауыстыруға асығады, бірақ бұл уақыт – ең қауіпті кезең.

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, 1 желтоқсаннан 1 наурызға дейін көлік міндетті түрде қысқы шинамен жүруі тиіс. Алайда маман пікірінше, бұл жерде басты бағдар – күнтізбе емес, термометр. Жазғы дөңгелек +5 °C төмен температурада серпімділігін жоғалтады. Мұндай жағдайда дөңгелектің қоспасы қатайып, жолмен ілінісі нашарлайды, ал ол тежеу жолын ұзартады. Сондықтан бірінші қар түскенін күтпей, орташа тәуліктік температура тұрақты түрде +5 °C шамасына түскенде, яғни 5-7 күн қатарынан салқын болса, көлікті «қысқы режимге» дайындаған жөн.

Маманның айтуынша, ең тиімді уақыт – қазан мен қараша айлары, яғни аймақтық климатқа байланысты. Мәселен солтүстік және шығыс өңірлер қазанның соңынан бастап ауысса, орталық аймақтар – қарашаның басы, оңтүстік өңір – қарашаның ортасында ауыстырғаны жөн. Басты ереже – қар жауғанға дейін емес, ауа салқындағанға дейін ауыстыру.

Қыс – көлікке де, жүргізушіге де сынақ кезеңі. Ал оған алдын ала дайындық жасау – тек темір тұлпарға қамқорлық қана емес, өз өміріңізге деген жауапкершілік.

Қосалқы бөлшектер мен дөңгелек бағасы қанша?

Көлікті қысқа дайындаудағы алғашқы әрі маңызды қадам – қысқы дөңгелектерді орнату. Олар жолмен жақсы ілінісуді қамтамасыз етіп, көктайғақтың салдарынан болатын апаттың алдын алады. Қыстың қақаған күнінде көлігіңіз сенімді серік болсын десеңіз, оны алдын ала дайындаған жөн. Дұрыс күтім тек қауіпсіздік кепілі ғана емес, сонымен қатар артық шығыннан да сақтайды.

Тайғақ жолда көліктің жолмен ілінісуі дөңгелек сапасына тікелей байланысты. Бүгінде «Kaspi» қосымшасында жаңа қысқы шинаның төрт бірдей жиынтығының бағасы 100 мыңнан басталса, «OLX» қосымшасында пайдаланылған шиналардың бағасы шамамен 50 000 теңге тұрады. Ал жаңа маусымаралық шиналар – 80 000 теңге, қолданылған жиынтықтар – 40 000 теңге шамасында.

OLX.kz платформасының деректері бойынша, 2023 жылы бір дөңгелектің орташа бағасы 29 900 теңгеден басталып, жыл соңында 40 675 теңгеге дейін көтерілген. Бұл – бір жылда 36%-ға қымбаттағанын көрсетеді. Ал 2024 жылы жаңа дөңгелектер бағасы 60 000-80 990 теңге аралығында. Яғни 2023 жылмен салыстырғанда 63%- ға жоғары. Ал қолданылған шиналар арзанырақ – орташа есеппен 50 000 теңге шамасында. Бірақ сатып аларда олардың жарамдылығын мұқият тексеру қажет.

Қысқы шиналармен бірге дискілерге де мән берген жөн. Қысқы дискілердің жалпақ шабақтары тежегіш жүйесінің салқындауын жеңілдетеді. Жаңа дискілердің бағасы 135 000 теңгеден басталса, қолданылғандары шамамен 80 000 теңге тұрады. Бұл – жаңа нұсқадан 40%-ға жуық арзан.

– Кейінгі жылдары бәрі қымбаттап кетті. Бұрын май ауыстыру, фильтр, тежегіш колодкалары қолжетімді болатын. Қазір бәрі 1,5-2 есе өскен. Кейде арзан баламасын іздеуге тура келеді, бірақ оның сапасы күмәнді. Ашық айтайын, әр көлік иесіне оңай емес. Бір комплект қысқы шина кемінде 120-150 мың теңге тұрады. Оған шиномонтаждың өз бағасы тағы қосылады. Сондықтан көбіміз жаздың соңында алдын ала жинап қоямыз, әйтпесе бәрін бір мезетте жасату қиын. Қазір бәрі қымбат, бірақ көліксіз де болмайды. Жұмыс, отбасы, ауылдағы шаруалардың бәріне көлік керек. Сол үшін уақытылы қарап, үнемдеп ұстауға тырысамыз, – дейді аймақ тұрғыны Ерлан Төлеубек.

Суықта көлікті жиі оталдыру аккумуляторға қосымша салмақ түсіреді. Сондықтан қуат деңгейін тексеріп, әлсіреген жағдайда жаңасына алмастырған дұрыс. 2024 жылы жаңа қозғалтқыш бөлшектерінің орташа бағасы 471 000 теңгеге, ал жақсы күйдегі қолданылғандарының бағасы 210000 теңгеге жеткен. Яғни салыстырмалы түрде шамамен 6%- ға өскен. Егер аккумулятор 3-4 жылдан ұзақ пайдаланылса, жаңасына ауыстырған жөн.

Қозғалтқышты суытудың негізгі элементі – радиатор. Оның істен шығуы көліктің қызып кетуіне әкеледі. OLX.kz дерегіне сәйкес, 2023 жылы жаңа радиатордың орташа бағасы 23000 теңгеге, ал қолданылғанының бағасы 19 000 теңгеге жеткен.

Тежегіш жүйесі – жүргізуші қауіпсіздігінің негізі. 2023 жылы жаңа тежегіш қалыптарының орташа бағасы 6 500 теңге болса, 2024 жылы 7 900 теңгеге дейін өскен. Ал қолданылғандарының бағасы биыл соңғы айларда 25 000 теңгеге дейін көтерілді. Автослесарь Самат Жантөреден қосалқы бөлшектер жөнінде кеңес сұрап көрдік.

өнінде кеңес сұрап көрдік. – Қолданылған бөлшектерді пайдалану арқылы едәуір қаражат үнемдеуге болады. Сатып алуды ерте жоспарлау қажет. Мысалы қысқы шиналар бағасы күзде көтеріледі, сондықтан ертерек сатып алу керек. Сондай-ақ бірнеше жөндеу түрін бір сервистен алу – уақыт пен қаражатты үнемдейді. Көптеген автосервис орталығы қазір кешенді қызметтер ұсынады. Диагностика, жөндеу және ауыстыру жұмыстары бір жерде жүргізіледі. Бұл әрі ыңғайлы, әрі үнемді тәсіл. Ірі шығындар болмасын десек майды, сұйықтықты және ұсақ бөлшектерді уақытылы ауыстырып отыру қажет. Шиналарды ауыстырып, аккумулятор мен радиаторды тексеру, тежегіш қалыптарын бақылау – бәрі жолдағы тыныштық пен сенімділіктің кепілі. Көлікті қысқа дайындау – бұл жай ғана техникалық күтім емес, қауіпсіздік пен сенімділікке салынған инвестиция, – дейді Самат.

Зерттеу нәтижелері бойынша, Қазақстанда көлікті қысқы маусымға дайындаудың орташа құны шамамен 150 000 теңгені құрайды. Дегенмен бұл көрсеткіш көліктің маркасына, тозуына және ауыстырылатын бөлшектерге байланысты өзгереді. Қыстың қаһарына ұрынбай, көлігіңізді бүгіннен қамдаңыз – ертеңгі күннің жайлы әрі қауіпсіз болуына бұл кепіл.

Жазғы дөңгелек үшін айыппұл

Қараша айы бастала сала Төтенше жағдайлар министрлігі қазақстандық көлік жүргізушілеріне жазғы шиналарын қысқы дөңгелектерге уақытылы ауыстыруды ескертті. Ведомствоның мәлімдеуінше, елдің бірқатар өңірінде ауа райының қолайсыздығына байланысты жолдарда көктайғақ жиілеген.

 – Жазғы шиналармен жолға шықпаңыздар! 1403 байланыс о р т а л ы ғ ы н а жүргізушілерден көктайғақ салдарынан жолдың шетіне шығып кеткені туралы хабарламалар жиі түсіп жатыр. Біздің жол қызметкерлері шұғыл түрде көмек көрсетуде. Қылышын сүйретіп қыс келді, енді жолға жазғы шиналармен шығу қауіпті. Тезірек қысқы дөңгелектерге ауыстырыңыздар. Бұл сіздердің және өзге жол пайдаланушылардың қауіпсіздігі үшін маңызды, – делінген министрлік хабарламасында.

Мамандардың айтуынша, 1403 байланыс орталығы тәулік бойы жұмыс істейді және төтенше жағдай туындаған сәтте жүргізушілерге көмек көрсетуге дайын.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік кодексінің 590-бабының 5-тармағына сәйкес, 1 желтоқсаннан 1 наурыз аралығында көлік қысқы шинамен жүруге міндетті. Бұл талапты елемеген жүргізушілерге 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады. 2025 жылы бұл шамамен 19 660 теңге. Егер заңбұзушылық жыл ішінде қайта тіркелсе, айыппұл көлемі 20 АЕК, яғни 78 640 теңге болады. Бұған қоса, жолкөлік оқиғасы болған жағдайда көлікте жазғы шина болғаны дәлелденсе сақтандыру төлемі төленбеуі мүмкін.

Инспекторлар тек шинаның түрін ғана емес, оның «M+S» немесе қар таңбасының болуын, сондайақ протектордың тозу деңгейін де тексереді.

Иә, айыппұл аз емес. Бірақ мәселе айыппұлда емес, қауіпсіздік маңызды. Дәл қазір ауа райы күрт өзгеріп тұр – таңертең мұз, түсте еріген жол. Мұндайда жаздық шинамен жүру – өзіңе де, өзгеге де қауіп.

Қысқы дөңгелек түрлері: шип пе, әлде фрикция ма?

Қысқы шинаны таңдау – жүргізушілер үшін маңызды тақырып. Бірі шипке сенсе, бірі жабыспалы дөңгелекті дұрыс көреді. Автосарапшының пікірінше, бәрі өңірдің климаты мен жүргізу ерекшелігіне байланысты. Әрқайсысының өзіндік артықшылығы мен қолдану аймағы бар.

Шипті шиналар мұзды және қарлы жолдарға арналған. Металл шиптер мұзда берік іліністі қамтамасыз етеді, тежеу жолын қысқартады, жолда тұрақтылықты арттырады. Бірақ шуы көп және жанармай шығынын сәл арттырады. Солтүстік өңірлер мен трассада жиі жүретіндер үшін таптырмас таңдау.

Фрикциялық (жабыспалы) шиналар – қалалық ортаға, асфальтты және жылы аймақтарға лайық. Олар тыныш, жолды бүлдірмейді, жұмсақ әрі басқаруға ыңғайлы. Бірақ мұзда шипті шинаға қарағанда қауіпсіздік тұрғысынан төмен.

Қысқы шинаға уақытылы ауысу – қауіпсіздік мәдениетінің маңызды бөлігі. Бұл – тек заң талабы емес, өз өміріңіз бен өзгенің өміріне жауапкершілік.

Аружан ОРАЛБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!