2002 жылы көк жәшіктен көрерменге жол тартқан америкалық «Звонок» фильмі бүгінде шындыққа айналғандай. Бұлай деуге толық негіз бар. Қазіргі қауіпті қоңырау, сымсыз байланыстың арғы жағынан естілетін түнек үн, әрине елес емес. Ол – «Қарыз төленбесе, сотқа өтеді» деген сөзімен әңгіме бастап, борышкердің санасына қара бұлт үйіретін «коллекторлар». Есігіңді құлыптап, телефоныңды өшіргенмен қашып құтылудың жалғыз жолы – қарызыңды өтеу. Бірақ коллекторлық агенттіктер заң аясында жүйелі жұмыс жүргізе ме? Құқығы тапталған азаматтар қайтпек?

Әлқиссада тілге тиек еткен шетелдік кино мақаланың жүгін жеңілдетпек емес, керісінше нақ осы мәселеге нағыз теңеу болғандай. Өйткені қалай болса да қарызды өндіріп алуды көздейтін міз бақпаз сарбаздар халықтың берекетін алып бітті. Хош. Төтесінен мұны қозғамай, алдымен елдегі қарызды жиып, терсек.

Қарыздың құны қанша?

Деректер сөйлесін. Қазақстанда екі деңгейлі банк жүйесі бар екенін білеміз. Бізде екінші деңгейдегі 21 банк бар. Оның 11-і шетел қатысатын, ал 8-і еншілес банк. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қазақстандықтардың банк алдындағы қарызы 18 триллион теңгеден асқанын мәлімдеген еді. Бұл шамамен 37,5 миллиард долларға жуық. Бұл сандардың арасында еш кепілсіз берілетін, бірақ пайыздық мөлшерлемесі жоғары тұтынушылық кредиттердің сомасы басым. Жалпы есеппен оларға 11 триллион теңгеден астам қаржы тиесілі. Ал пәтерді кепілге алған ипотеканың үлесі 5,5 триллион теңге. Бұл көрсеткішке көз түскенде банкке деген тәуелділіктің уақыт өткен сайын артып жатқанын аңғару қиын емес.

Биыл жыл басында 18 бен 20 жас аралығындағы 480 мың адамның иығында «несие» деген жүк болды. Ал кей деректерде шағын несиеге көбіне 26-30 жастағы қазақстандықтардың жүгінетіні айтылған.

– Қазір адамдар несиеге психологиялық тұрғыдан да тәуелді болып барады. Бұл қаржылық сауаттылықтың төмендігіне байланысты. Несие алу арқылы адамдар өздерін қанағаттандырып, уақытша тыныштық сезімін алады. Бірақ мұндай қадам ұзақмерзімді қаржылық мәселелерге әкелуі мүмкін. Себебі жоспарсыз алынған қарыздар адамды қыспаққа түсіреді, – деді психолог маман Сырым Елжас.

Тақырыпқа тұздық ретінде елдегі қарыздарды сәл болса да талқыладық. Бар қарызды айтып яки жаза бергенмен 18 триллионның азаймасы анық. Борышкерлердің көбеюі жұмыссыздыққа, айлық мөлшерінің аздығына тірелетінін де білеміз. Бірақ қаржылық сауаттылықтан да аттап кете алмаспыз. Қазақстанда қаржылық білімнің жеткіліксіздігі азаматтардың жиі кредит алып, қарыздық қысымға түсуіне себеп болып отыр. Мәселен 27 жастағы қала тұрғыны Ерік Исмайлұлы негізгі 3 кредитінен бөлек микроқаржы ұйымдарында да азын-аулақ қарызы бар екенін айтты.

– Kaspi мен Halyq Bank-те 3 несием бар. Мұнан бөлек жылдам несиелермен де «доспын». Айлығым отбасымды асырауға, кейін қыдыруымызға да жетеді. Бірақ қаражатты оңтайлы басқара алмаған соң банктегі қызметтерге жүгінемін. Басында су тегінге алғандай қуанасың, ал төлем күні жақындағанда тағы да ақша іздеп кетемін, – деді ол.

КӨЛЕҢКЕДЕГІ КОЛЛЕКТОРЛАР КІМДЕР?

Қарызға тоқталдық, ендеше тақырыпқа арқау болған коллекторларға ойыссақ. Бауырыңнан артық іздеп, «жанашыр жақыныңа» айналған қарызды өндірушілер шын мәнінде кім?

Коллекторлар қарызды сотқа дейін немесе сот арқылы өндіріп алатын жеке агенттіктердегі қызметкерлер. Олар агенттіктегі басты «қару» тәрізді. Әрбір банк пен микроқаржы ұйымы проблемалық қарыздармен бетпе-бет келеді. Ал қарыз алушы берешегін уақытылы өтемеген кезде, банк әрине, коллекторларға жүгінеді. Қаржы ұйымдары үшін бұл жүктемені азайтып, қарызды қайтарудың соңғы амалдарының бірі.

– 2017 жылы «Коллекторлық қызмет туралы» заң қабылданды. Бұл заңда агенттік қызметкерлеріне қойылатын талаптар, олардың құқықтары мен міндеттері анықталып, азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған ережелер бекітілген. Коллекторлардың заңсыз әрекеттеріне жол бермеу мақсатында олардың борышкерлермен байланысуы да регламенттелген, – деді заңгер Даниал Ибрагимов.

Қазақстанда коллекторлық агенттік өз қызметін тек ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде есептік тіркеуден өткеннен кейін ғана жүзеге асыра алады. Ал әр агенттіктің заңды түрде қызмет атқарып жатқанын анықтау үшін www.gov.kz сайтында «Қаржы нарықтары» бөлімінде тексеруге болады. Ал агенттіктер мен банк қалай жұмыс істейді?

– Клиент 90 күн ішінде төлемді кешіктірсе, алдымен «soft collection» бөлімі іске қосылады. Егер бұл кезеңде нәтиже болмаса, іс «hard collection » бөлімшесіне өтеді. Бұл әрекеттерден де нәтиже шықпаса, материал сотқа немесе коллекторлық агенттікке жолданады. Қарызды агенттікке сату туралы шешімді банк басшылығы қабылдайды. Борыш коллекторлық агенттікке өткен соң, барлық өндіріп алу міндеті агенттікке жүктеледі. Осы кезеңде борышкерге қарыздың басқа компанияға өткені туралы хабарлама жіберілуі тиіс. Коллекторлардың талап ету мерзімі 3 жылды құрайды. Егер осы уақыт аралығында қарызды өндіріп ала алмаса, іс сотқа берілуі мүмкін, – деп түсіндірді банк қызметкері.

Коллектор мен банк екі нұсқа бойынша жұмыс істейді. Банк агенттікке проблемалық кредитті жеңілдікпен сатып, борышкерден талап ету құқығын толығымен коллекторларға тапсырады. Яғни борышкер банкке емес, енді агенттікке қарыз болады. Коллекторларға кем дегенде 90 күнге кешіктірілген кредиттер мен микрокредиттерді сатып алуға рұқсат етіледі. Ал ипотека жағдайында төлем мерзімі екі есеге артады. Кейде қызмет көрсету шарты арқылы коллекторлар банктің мүддесі үшін делдал ретінде әрекет етеді . Өндіріп алу қызметтері үшін олар комиссия алады. Банк кредитор болып қала береді, ал қарыз төленсе, өз ақшасын қайтарады. Егер коллекторлар комиссия жөніндегі шарт бойынша жұмыс істесе, олар сотқа бара алмайды. Себебі мұндай құзыреттілік тек кредиторға тиесілі.

«Коллекторлық қызмет туралы» заңның 5-бабына сәйкес, агенттіктер борышкермен бірнеше тәсіл арқылы байланысқа шыға алады. Мысалы ресми нөмірден хабарласу, жеке кездесу ұйымдастыру, тұрғылықты мекенжай бойынша пошта арқылы хабарлама жіберу, мәтіндік, дыбыстық және басқа да хабарламаларды ұялы байланыс арқылы жіберу. Сонымен қатар коллекторлар борышкермен байланыс кезінде бірқатар ақпаратты ұсынуға міндетті. Олардың қатарына агенттіктің атауы, есептік тіркеу нөмірі,орналасқан жері, қызметкердің аты-жөні және лауазымы кіреді. Сондай-ақ олар кредитордың атауын, берешек сомасын, өсімпұлдың мерзімі мен көлемін нақты көрсетуі қажет. Қарыз қайтарылмаған жағдайда туындайтын жауапкершілікті де түсіндіруге міндетті.

Коллекторлық агенттіктердің қызметі заңмен қатаң шектелген.

– Коллекторлар телефонмен байланысқа тек жұмыс күндері сағат 8:00-ден 21:00-ге дейін шыға алады және бір күнде 3 реттен артық қоңырау шала алмайды. Борышкермен жеке кездесу тек жұмыс күндері сағат 8:00-ден 21:00 аралығында жүзеге асырылуы тиіс. Аптасына үш реттен, ал күніне бір реттен артық кездесу өткізуге болмайды.Коллекторлар борышкерден алынған ақпаратты, соның ішінде банк құпиясы мен жеке деректерді қорғауға міндетті.

«Коллекторлық қызмет туралы» заң коллекторлардың құқықтары мен міндеттерін айқындағанымен, барлық агенттік заң аясында жұмыс істейді деуге келмейді. Кейбіреулері заң талаптарын бұзып, борышкердің ғана емес, туыс- таныстарының мазасын алады, – дейді Даниал Ибрагимов.

Cондай-ақ коллекторлық агенттікте шоттарды «бұғаттау» құқығы жоқ. Борышкерлердің банк шоттарына жеке сот орындаушылары атқарушылық іс жүргізу шеңберінде ғана шектеу қоя алады. Егер агенттік заң шеңберінен тыс әрекет етсе Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне шағымдануға әрбір азамат толық құқылы.

ЕНДІ ДЕМАЛЫС КҮНДЕРІ ХАБАРЛАСПАЙДЫ

Жуырда Мәжілісте қаржы секторы бойынша заң жобасы қаралды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова баяндамасында коллекторларға тоқталды.

– Коллекторлық агенттіктердің демалыс күндері хабарласуға құқықтары жоқ. Бұл енді заңмен реттеледі. Екіншіден, жұмыс күндері тек үш рет ғана хабарласуларына болады. Одан аспауы тиіс. Егер бұдан артық мазалап жатса, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің колл-орталығына мәлімет беріңіздер. Шара қабылдаймыз, – деді Мәдина Әбілқасымова.

Жыл ортасындағы өзгерістерге тоқталсақ. Биыл 9 маусымда Мемлекет басшысы «кредит берукезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеуді және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру» жөніндегі заңға қол қойды. Нәтижесінде қазақстандықтардың проблемалық тұтынушылық кредиттерін коллекторларға сатуға 2026 жылдың 1 мамырына дейін толық тыйым салынды. Осы ретте Ranking.kz мониторинг порталы тыйым салынған алғашқы айларда банктердің қалай жұмыс істеп жатқанына шолу жасады. Олар төлем мерзімін 7 күннен көп, бірақ бір айдан аз уақыт өткізіп алу мәселесіне тоқталды. Төлем мерзімі аз ғана уақыт өтіп кеткен кредиттер мәселесін уақытылы шешу бойынша 45,1 млрд теңгемен Отбасы банкі көш бастаса, екінші орынға Bereke Bank тұрақтады. Сондай-ақ Halyk Bank және Банк Центр Кредит бір айда кешіктірілген кредиттер көлемін 3,2% және 2,6%-ға қысқартқан.

ЖАУАПТАН ЖАЛТАРҒАН ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ АГЕНТТІКТЕР

Қазір Қазақстанда 200-ге жуық коллекторлық агенттік заңды түрде жұмыс істейді. Қызылорда да аз емес. Олардың жұмыс барысымен танысып, сауалымызға жауап алу мақсатында алдымен онлайн байланысуға тырыстық. Өздеріне қажет уақта борышкердің туысқандарын түгендеп кететін коллекторлардың «Алло» дегеніне шынында зар болдық. Мұнымыздан нәтиже болмайтынын байқап, бетпе бет жолығуға тырыстық. Қаланың әр бұрышындағы агенттіктерді аралап, есігін қақтық. Жұмысқа уақытылы келіп, түскі үзілістің 1 минутын да текке жібермейді екен. Қаз-қатар тізілген есіктер. Жөн сұрауға мұрша бермей, жауап қатуға қиналып отырған коллекторлар. Ғимараттағы атмосфераны осылай ғана сипаттай аламыз. Сұрақ қоюға ниет білдіргенімізбен, кез келген ақпаратты құпия ұстап, тіс жармаған қызметкерлермен бетпе-бет келдік. Біз сөйлескен 10-ға жуық коллектор мен агенттік директорларының айтқаны бір: «Біз келісім-шартқа қол қойғанбыз. Ешқандай мәлімет айта алмаймыз». Егер жұмыстары заң аясында атқарылып, құқық бұзушылық болмаса жауаптан жалтаруға не себеп?

Бірақ санада қалған толассыз сауалдың бір-екеуіне жауап айтқандар болды.

– Коллектордың негізгі міндеті – борышкерге қарызы бар екенін ескертіп, төлем жасау жолдарын түсіндіру. Кей адамдар өз қарызы туралы да білмейді. Біз оларға бөліп төлеу мүмкіндіктері, төлем графигі және кешіктірілсе туындайтын салдарлар туралы кеңес береміз. Біз борышкерлермен ресми түрде байланысып, олардың жағдайын ескереміз. Көбі графикпен төлеуді сұрайды немесе біржола жабуға дайын екенін айтады. Егер төлем жасалмаса, жағдай жеке сот орындаушысына өтеді. Ол борышкердің шоттарын бұғаттайды. Бірақ бұл жерде коллекторлардың мүлікке арест салу құқығы жоқ екенін түсіну маңызды. Біз тек ескерту жасаймыз.

Жұмысымыз қатаң тәртіппен жүреді. Борышкерлерге күніне үш реттен артық хабарласуға құқығымыз жоқ. Ал байланыс уақыты тек таңғы 8:00-ден кешкі 21:00-ге дейін шектелген. Егер телефон тұтқасын көтермесе, туыстары немесе жақындарына хабарласып, қарыз туралы ескертуімізге болады, – деп пікір білдірді есімін өзгертуді сұраған Мақсат.

Ал бұл қызметте кімдер жұмыс істей алады?

– Агенттікте қызметкер болу үшін арнайы білім мен оқудың қажеті жоқ. Адамдармен мәдениетті сөйлесуді білсеңіз жеткілікті. Әрі қарай тәжірибе жинап үйренуге болады. Коллекторлық қызметте жалақы мен бонус жүйесі қатар жүреді, – дейді ол.

Байқағанымыздай, коллектор болу үшін заң саласында тәжірибенің болуы міндетті емес. Яғни борышкерлерге хабарласып, қысым көрсететін агенттік қызметкерлері құқықтық тұрғыдан толық сауатты болмауы мүмкін. Бұл қызметте коммуникациялық дағдыларға назар аударылады: адамдармен сөйлесу, дұрыс жауап беру және сатып алынған қарыздарды қайтарудың жолдарын іздеу. Бірақ мәселенің екінші жағы борышкерлердің жауапсыздығына тіреледі. Банк пен коллекторлардан қашып, сот орындаушыларға да ұстатпайтындар бар. Рас. Тегін дүние секілді үсті-үстіне алынған несиенің өтемі де келеді емес пе? Қоғамдық көліктегі орта жастағы ер кісі телефонның ар жағындағы адамға «Төлемеймін. Қанша рет хабарласса да өздері білсін. Көрмегенім банк болсын» деді ашулы үнмен. Дәл осындай қарсылық агенттіктердің «ашулы» коллекторларын қалыптастырады. Жақында такси жүргізушісінен естіген әңгіме еске түсті.

− Өте сабырлы, момын досым бар еді. Университеттен кейін мамандығы бойынша жұмыс таба алмай, коллекторлық агенттікке кірді. Жұмысы қарбалас, тіпті сыртқа шығып демалуға да уақыты болмайтын. Дәл осындай кестемен жүріп, 1 жылдан кейін ашушаң, қызба жігіт болып шыға келді. Сөйтсек 1 күнде 50-ден астам адаммен байланысып, айтатыны қарыз екен. Соның кесірінен өзі де шаршаған. Бірақ жұмыстан шығып кете алмады. Себебі айлығы жақсы болды, − деді жүргізуші.

КӨЗ КӨРІП, ҚҰЛАҚ ЕСТІГЕН ОҚИҒАЛАР

Ернұр (есімі өзгертілген): Ең бастысы өз құқығыңды білу

«Бірнеше жыл бұрын жұмысымнан айырылып, табыссыз қалдым. Үйде отбасым бар, ал шығындарды жабу үшін алған несиемді төлей алмай қалдым. Алдымен банк хабарласып, төлемдерді ескертіп отырды. Үш ай өткен соң, іс коллекторларға тапсырылды. Олардың алғашқы қоңыраулары маған үлкен ауыртпалық болды. Әрине, олар қарызды дереу толық төлеуімді талап етті. Ал сол сәтте менде ешқандай мүмкіндік болмады. Олардың қысымы әлсін-әлсін жалғаса берді. «Үйіңе барамыз» деген сөздерін де естідім. Туысқандарыма да жиі хабарласып, мазаларын алуды әдетке айналдырды. Жағдайымды барынша түсіндіргенімнен пайда болмады. Жаңа жұмысқа орналасып, тұрақты табыс көзі пайда болғаннан кейін борышымнан барынша тез құтылуға тырыстым. Себебі коллекторлардың қысымынан күнделікті өмірімнен мән кетті. Ол кезде заңды білмейтінмін. Олардың бар айтқанына сеніп, иланып жүре бергенмін. Құқығыңды білмесең жерде қаласың деген осы ма?»

Айгүл (есімі өзгертілген): Қиындықтан қашпай, мәселемен бетпе-бет келу – дұрыс шешім

«Күтпеген жерден медициналық шығындарым көбейіп, несиемді уақытында төлей алмай қалдым. Бастапқыда коллекторлар сыпайы сөйлесіп жүрді. Бірақ уақыт өте қысым күшейе түсті. Олар туыстарыма қоңырау шалып, менің қарызымды айтып, мазалаған кездері мен үшін шынымен қиын болды. Қатты уайымдадым. Бірақ таныстарымнан, заңгерлерден сұрастырып, өзімнің құқығымды зерттедім. Кейін қоңырауларға жауап беруден қашпай, сөйлесуді жалғастырдым. Сөйлесудің ең дұрыс шешім екенін түсіндім. Агенттікпен бөліп төлеу кестесі туралы келісімге келіп, қарыздан құтылу мүмкіндігін алдым».

Бұл тақырып аясында құқықтық сауаттылықтың да ақсап тұрғанына көзіміз жетті. Көз көріп, құлақ естіген жағдайлар көп. Мысалдарды заңмен шегелейтін болсақ, борышкерге қатысты мәліметтің өзге біреуге жеткізілуі заңға қайшы әрекет. Коллектор борышкерге немесе үшінші тұлғаларға телефон арқылы болсын қандай бір қысым көрсетіп, тіл тигізіп немесе қарызды басқа да бір мүлік түрімен өтеуін талап еткен жағдайда ол қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Ал заң бойынша борышкер коллекторға жауап беруден бас тарта алмайды. Бірақ үшінші тұлғаларда ондай құқық бар.

Қорытындылай келе, қарыз алу дәл сол сәтте жеңілдік бергенімен, кейін ауыр жүкке айналады. Салдары салмақты мәселе туындамас үшін әр адам өз құқығын біліп, заңға сүйене отырып әрекет етуі қажет. Өмірдегі қаржылық жауапкершілік пен құқықтық білім ғана адамды қарыздан және оның психологиялық қыспағынан босата алады.

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!