Коучка сенесіз бе, әлде психологқа бағынасыз ба? Өмірде жолын таппай, шешім қабылдай алмай жүргендер үшін кез келген психолог пен коуч бағдаршам секілді.
Бірақ бұл мамандарға қатысты арнайы заң жобасы ұсынылды. Енді кім көрінген психолог бола алмайды. Депутаттар не дейді? Неге мұндай бастама көтерілді? Қарастырайық.
Мұндай теңеуге ешкім ренжімес, өйткені мамандардың жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақ секілді едәуір көбейгені рас. Неге көбейді? Себебі сұраныс жоғары емес пе?! Әрі коучпен жұмыс істеу кейінгі жылдары трендке айналды. Ай, қап-ай…
Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің мәліметінше, 2024 жылы білім саласындағы сапасыз курстарға қатысты 877 шағым түскен. Тұтынушылар негізінен оқытушылардың дайындығының нашарлығына, оқыту курстары үшін төленген ақшаны қайтарудан бас тартқанына шағымданған.
Ал 2025 жылдың тек 3 айында Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне мотивациялық коуч-сессиялар мен психологиялық тренингтердің оқыту қызметтеріне көңілдері толмаған тұтынушылардан 357 өтініш түсті.
ЕСКІ ДЕРТ ЕКЕН
Өтірік мамандардың беріде ғана пайда болмағаны қынжылтады. Құр сөзбен байытып, қалтаңызды тонайтындар бұрыннан бар. Көбеймесе, азамайғаны анық. 2024 жылы депутат Жарқынбек Амантай: «Байқап қарасақ, әлеуметтік желілерде «бақытқа жету жолын көрсетемін, жылдам баюды үйретемін, күйзелістен құтқарамын, түпсанаңды түзетемін, бір айда жұлдызға айналдырамын, тез арықтатамын, шет тілінде сайратып жіберемін» деген секілді сан түрлі курс, вебинар, тренинг сататындардың жарнамасы желдей есіп, сауданың көрігін қыздыруда. «Аңқау елге арамза молда» демекші олардың арасында елге танымал шоу-бизнес өкілдері, айтыскерлер де бар. Оларды ауызекі тілде «инфосығандар» деп атайды. Олардың жүздеген мың теңгеге бағаланған сабақтарын жұрт тіпті несие рәсімдеп сатып алып, кейін қарызға белшесінен батып қалғаны да жасырын емес. Елдің еңсемді көтерсем деген адал үмітін арам жолмен пайдаға айналдырғандарды қалай атауға болады, – деп дабыл қақты.
Сол шақта мәжілісмен ең алдымен инфобизнес платформаларының мазмұны мен идеологиясын және заңдылығына, оны жүргізушілердің деректеріне мониторингті күшейтіп, бизнес-тренерлер мен коучтер үшін арнайы, кәсіби стандарттар бекітілуі тиіс деп ұсыныс айтты.
ИНФОБИЗНЕСКЕ ТЕЖЕУ
Өткен жылға оралсақ, «Онлайн платформалар және онлайн жарнама туралы» заңның 16-бабын толықтыру ұсынылды. Заң жобасында «Оқыту материалдарын орналастыру кезінде автордың білімі туралы мәліметтер көрсетілуге тиіс» деп анық жазылған. Егер бұл талап орындалмаса, жарияланған материал заңбұзушылық ретінде саналады. Мұнан соң Үкімет коучинг қызметін реттеуге мүмкіндік беретін кәсіби стандарттарды бекітуді қолға алды. Бұл арқылы кәсіби маман мен инфосығандарды ажыратамыз дедік. Сол уақытта Олжас Бектенов те коучинг қызметінің кәсіби стандарты бекітілетінін хабарлады. Стандарт ресми түрде бекітілгеннен кейін коуч ретінде қызмет көрсеткісі келетін қазақстандықтар ICF халықаралық коучинг федерациясынан сертификат алуы тиіс болады.
ICF халықаралық коучинг федерациясымен бірге «Коучинг қызметі» кәсіби стандарты әзірленді. Қазіргі таңда ол Ғылым және жоғары білім министрлігінде бекітілу сатысында, – делінген еді жауапта. Кәсіби стандарт 9 бағытты қамтиды. Тізімде бизнес-коуч, мансаптық коуч, лайф-коуч, командалық коуч, көшбасшылық коуч, денсаулық және сауықтыру коучі, кәсіпкерлерге арналған коуч, білім беру коучі, спорттық дайындық коучі бар. Осы стандарт негізінде Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасында, яғни career. enbek.kz сайтында сертификатталған коучтардың тізімі жасақталады.
Заңнамаға қайта оралсақ, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңға түзетулер әзірленіп, Мәжілісте бірінші оқылымнан өткен еді. Өзгеріске сәйкес, коуч өз кәсіби біліктілігін растайтын сертификатқа ие болуы және оны тұтынушыға көрсетуі міндетті, тұтынушыны жаңылыстыратын ақпарат беру немесе жалған жарнаманы таратуға тыйым салынады, егер тұтынушылардың құқықтары бұзылуы жаппай сипатта болса немесе үлкен залал келтірсе, бұл әрекет Қылмыстық кодекстің 190-бабына, яғни алаяқтық ретінде бағаланады. Қарасаңыз, бірқатар өзгеріс қолға алынған. Бұған не себеп? Мамандар қай жерген шалыс қадам басты?
Кінә сол жылтырағанның ізін қуған псевдо-мамандарда. Өз әмияны жұқа болса да, жұртқа тез баюды, психосоматикамен жұмыс істеуді үйрететін, өз ата-анаңмен қалай араласуға жөн сілтейтін, үйлесімді, кино секілді өмір сүруді көрсетеді-мыс. Мұндайға бірі сенбесе де, бесеуі арбалады. Қанша жерден заңмен шегелесең де, алдануды жаны сүйетіндер әлі көп. Ал алдануға өз аяғымен келгендерге, псевдо-коуч кет демейді ғой.
− Заң қажет. Бірақ қоғамның сыни ойлауы одан да маңызды. Егер адамдар «жылдам байыту», «бір айда өмірді өзгерту» сияқты уәделерге сенуді тоқтатпаса, жалған коучтер жоғалмайды. Ұсыныс сұраныстан туады, − дейді қала тұрғыны Мерей Орынбасар.
Иә, кез келген терапияны тек лицензиясы бар, кәсіби психологтар ғана өткізу керек. Өйткені бұл жерде адамның өмірі мен болашағы бар. Ал 3-5 айлық курс оқыған, өзін өзі түсінбегендер, жұртты не деп түсінеді?
Былтыр Амангелді Есбай осы мәселе жөнінде: «Кейінгі жылдары көптеген азамат психолог немесе коуч қызметін көрсететін, бірақ кәсіби біліктілігі жоқ тұлғалардан зардап шеккені туралы жиі шағымдануда. Мұндай жағдайларда жеке өмірге қол сұғушылық, құпия ақпараттың таралуы, эмоционалды және отбасылық күйзеліс сияқты салдарлар орын алып отырғаны белгілі. Бұл халықтың әл-ауқатына ғана емес, отбасы институтына және Ұлттық қауіпсіздікке де кері әсер етуі мүмкін», − деп, «Психологиялық және коучингтік қызметтер туралы» заң қабылдау, лицензиялау және кәсіби тіркеу тетігін енгізу, психолог-коуч атауларын кәсіби білімі бар мамандарға ғана қолдануға құқық беру керек деген ұсыныс айтты.
Биыл қандай өзгеріс бар? Ақпанда өткен мәжіліс отырысында дәл осы коуч пен психологтардың жайы да бар. «Психологиялық қызмет туралы» заң жобасы қаралып жатыр. Бұл психологтардың қызметін заңнамалық деңгейде реттейтін алғашқы заң. Заң жобасы бойынша маманнан білім, тәжірибе мен жауапкершілік талап етіледі.
ЖҰМЫС ТОБЫ ІСКЕ КІРІСТІ
Ал өткен аптада «Психологиялық қызмет туралы» заң жобасы бойынша жұмыс тобының бірінші отырысы өтті. Депутат, жұмыс тобының жетекшісі Айна Мысырәлімованың төрағалығымен өткен отырысқа Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Әділет, Оқу-ағарту министрліктерінің өкілдері қатысты.
− Мәжіліс депутаттары бастамашы болған заң жобасы бұл екі жыл бойы жүргізілген жүйелі әрі жан-жақты еңбектің нәтижесі. Бұл құжат психологиялық қызметті жүзеге асырудың бірыңғай құқықтық негізін қалайды. Онда осы саладағы қызметтің принциптері мен түрлері айқындалып, психологиялық көмектің шеңбері белгіленге, – деді Айна Мысырәлімова.
Мұнан бөлек мектеп психологтарының біліктілік деңгейін арттыру үшін қандай нақты шаралар қарастырылғаны, психологиялық анкеталар мен тестілерді кім әзірлейтіні және оларды дайындауға кімнің жеке жауапты екені, сондай-ақ республика бойынша жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары жыл сайын психология мамандығы бойынша қанша маман даярлап шығаратыны туралы мәселелер көтерілді. Ал «AMANAT» партиясы Әйелдер қанатының төрағасы Шолпан Каринова «Психологиялық қызмет ұғымы – құқықтық тұрғыдан да кең әрі кешенді категория. Ол психологтардың кәсіби іс-әрекетінің барлық саласын қамтиды» деп сөз бастады. Оның айтуынша, диагностика жүргізуден бастап, психологиялық оңалту, консультация беру, психологиялық профилактика және қолдау, оқу-тәрбие жұмыстары мен ғылыми зерттеулер және тағы басқаларын қамтиды. Ал психологиялық көмек – жұмыстың бір ғана бағыты. Яғни, нақты қолдау көрсетумен және кеңес беруді ғана қамтитын бөлім. Сондықтан заң жобасының атауы «Психологиялық қызмет» деп белгіленуі дұрыс және заңнамалық тәжірибеге сәйкес келеді.
Білімі мен білігі жеткілікті, кәсіби деңгейі жоғары маман ешқашан жұмыссыз қалмайды. Заң мен ар алдында да таза. Ал тек құжаты бар, бірақ іс жүзінде қабілеті мен тәжірибесі жеткіліксіз мамандардың жағдайы қиын-ақ. Қалай болғанда да, құр сөзбен байытып, қалтаңызды тонайтындардан абай болыңыз!
Ә.ЖАНӘБІЛҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!