Цифрландыру – қазіргі заманда экономиканы дамытудың басты факторы болып, халық жағдайын жеңілдетуге және тиімділікті арттыру мақсатында кең көлемде дамып келеді. Бүгінде цифрлық жүйе денсаулық сақтау, білім беру, көлік және қаржы саласында кеңінен қолданыста. Бұрын қолма-қол ақша арқылы жасалатын есеп айырысулар қазір цифрлық жүйеге көшіп, банк карталары мен мобильді қосымша арқылы жүзеге асатындай деңгейге жетті.

Бұл жүйенің тиімділігіне ешкім күмән келтірмейді: жылдамдық, ыңғайлылық, қауіпсіздік. Десе де оның өзіне тән сын-қатерлері жеткілікті. Қазақстандағы мобильді аударымдар жүйесі бірқатар өзгеріске ұшырап, қаржылық қадағалау мен салық салудың нысанына айналды. Мақаламызда мобильді аударымдар жүйесін талдап көрдік.

Мобильді аударымдар мен банк қызметтері тығыз байланысты болғандықтан, банк жүйесінің деректерді қорғаудағы рөлі ерекше. Қазақстандағы банктер тұтынушыларға қауіпсіз және ыңғайлы мобильді банкинг қызметін ұсынуда басты рөл атқарады.

Қазақстанның ең ірі банктері – Halyk Bank, Kaspi.kz, ForteBank. Бұл қаржы институттары кейінгі жылдары заманауи мобильді қосымшаларды іске қосып, өз клиенттеріне жылдам әрі тиімді қызмет көрсетуге тырысады. Пайдаланушыларға қауіпсіздік шараларын сақтап, операцияларды бақылауға мүмкіндік беретін екі факторлы аутентификация, биометриялық деректермен растау секілді технологияларды ұсынады.

Halyk Bank пен Kaspi.kz мобильді банкинг қызметін халық арасында кеңінен танымал етіп, банк бөлімшесіне барудың қажеттілігін азайтты. Тіпті арнайы мемлекеттік құжатқа қол жеткізу мен коммуналды жұмыстардыатқару оңтайланды. Әсіресе Kaspi.kz өз экожүйесін дамытып, бірқатар қызметті (төлемдер, аударымдар, онлайн дүкендер және т.б.) біріктіріп, тұтынушыларға ыңғайлы жағдай жасауда. Kaspi.kz-тің басты артықшылығы – клиенттерге жеңіл интерфейспен жылдам қызмет көрсету, аударымды секундтар ішінде жүзеге асыру мүмкіндігі екені көбімізге мәлім. Сол себепті аталған банк қосымшасын қолданатындардың саны күннен күнге артып келеді.

Виртуалды аударымның кемшін тұсы

Мобильді аударымдар бастапқыда үлкен жеңілдікпен қабылданды. Банктегі кезек пен қағазбастылықтың орнына, бар-жоғы бірнеше батырманы басу арқылы қалаған адамға қаражат жіберуге мүмкіндік туды. Әсіресе Қазақстанда бұл қызмет түрі қарқынды дамып, қаладан ауылға, бір аймақтан екінші аймаққа тез әрі сенімді төлем жасау оңтайландырылған. Дегенмен технология дамыған сайын қауіп- қатердің қатар жүретіні белгілі. Оның үстіне қаражатымыздың көп бөлігі виртуалды форматта болғандықтан, оны тиімді жұмсау мәдениеті мен қаржылық сауаттылықты елемеуге бейімделіп келеміз.

Мобильді аударымның тағы бір кемшілігі ретінде бір банктен екінші банк картасына қаржы аудару операциясындағы комиссия көлемін атап өтуге болады. Мәселен, Halyk Bank-нен Kaspi.kz банкке аударым жасағанда 200 теңге көлемінде комиссия ұсталады. Бұдан бөлек, Kaspi.kz банкі жыл сайын өз тұтынушыларынан 1990 теңге көлемінде жылдық қызмет көрсету төлемін алады. Өкінішке орай, бұл төлем көпшіліктің наразылығын тудырады, себебі төлем алынатыны туралы алдын ала хабарландыру жіберілмейді. Аталған кемшіліктер қаржы институттарына деген сенімділікті төмендетіп, тұтынушылардың банк қызметіне қатысты түсінбеушілігін арттырған соң кемшіліктер түзетіліп, бүгінде алдын ала хабарлама жолдайтын болған.

Жеке дерек жіті бақылауда ма?

Қаржы мамандарының пікірі бойынша, басты қауіп – жеке деректердің қолжетімділігі. Қазірдің өзінде түрлі хакерлік шабуылдар арқылы банктік шоттардың бұзылуы, адамдардың қаржылық мәліметтерінің ұрлануы жиі кездеседі. Осыған орай мобильді банкинг жүйелері бойынша деректерді қорғау шараларын күшейтуге тапсырма берілді. Банк қосымшалары алаяқтан сақтануға шақыратын хабарламаны жиі жіберіп отырса да, көзсіз алданып жүргендерді де соншалықты жиі кездестіреміз. Бірақ қарапайым халықтың бұл мәселеге көп көңіл бөле бермейтіні өкінішті. Әлеуметтік желілерде қаржылық операциялар жүргізу кезіндегі немқұрайлылық пен ашықтық адамды күтпеген жағдайға әкелмесіне кім кепіл?

– Қаржылық аударымдардың толық ашықтығы, барлық инфрақұрылым деңгейлерінде тең түрде жүзеге асса, әрине, пайдалы әрі тиімді болар еді. Ашықтық қоғам мен мемлекеттің мүддесіне қызмет етеді деп санаймыз. Дегенмен қазіргі уақытта көптеген салада бұл мүмкіндіктердің толық іске аспай жатқаны байқалады. Әлемде жалпы ақша айналымының шамамен 50%-ы ашық түрде жүрсе де, қалған бөлігі офшорлар немесе блокчейн технологиясы арқылы көрінбейтін айналымда жүр деп айтуға болады.

Әлеуметтік аударымдар мен қаржы айналымының ашықтығын бағалағанда, бұл жүйені біржақты жақсы немесе біржақты жаман деп айту қиын. Өйткені әрбір азаматтың жеке дерегі мен қаржысы туралы ақпараттың ашық болуы – олардың құпиялылығын бұзуы мүмкін деген қауіп те бар. Бірақ сол уақытта, көлеңкелі жолмен бизнес жүргізіп жүрген кәсіпкерлердің заңсыз әрекеттерін анықтап, мемлекеттік қазынаны толықтыру да оң шешім болар еді. Мұндай шаралар әділеттілікті орнатуға және экономикадағы қаражатты тиімді пайдалануға септігін тигізері анық.

Алайда мәселенің екінші жағы да бар. Егер қазынаға түскен ақша кейіндұрыс пайдаланылмаса, тіпті қара нарыққа кетіп қалса ше? Сол кезде мемлекет қарапайым кәсіпкерлерге салықтық ауыртпалықты екі еселейді. Бұл өз кезегінде, онсыз да аз табыспен күн көріп отырған көптеген кәсіпкерді банкротқа ұшыратуы мүмкін. Олардың табыс көзі құлдырап, тіпті өмір сүру сапасы нашарлауы ықтимал.

Осылайша, қаржы айналымының барлық деңгейде ашық болуы, әрбір азаматқа ашық интернет арқылы қаржы ағымдарын бақылауға мүмкіндік берілсе, бұл тамаша шешім болар еді. Дегенмен Қазақстанның жемқорлық деңгейі бойынша 180 елдің ішінде 92-орында тұруын ескерсек, мұндай жүйенің дұрыс жұмыс істейтініне күмәнім бар.

Қорытындылай келе, қаржы ашықтығы мемлекет пен қоғам үшін оң әсерін тигізе алатын маңызды қадам бола тұра, оның жүзеге асырылуы кезінде бизнес пен азаматтардың құқығы сақталып, әділеттілікті қамтамасыз ету аса маңызды деп санаймын, – дейді қаржы маманы Заманбек Жақсылықов.

100 аударым: Көлеңкелі кәсіпке тоқтау

2025 жылдан бастап Қазақстанда мобильді аударымдарға қатысты заңнамалық өзгерістер күшіне енбек. Бұл өзгерістер негізінен салық саласына қатысты. Қаржы министрлігі мобильді аударымдарды бақылауға алып, азаматтар мен кәсіпкерлер арасында жүргізілетін төлемдерді қадағалауды жоспарлауда. Әсіресе шағын бизнес өкілдері бұл өзгерістердің басты нысаны болмақ.

2025 жылдан бастап енгізілетін ең негізгі өзгерістердің бірі – бір айда 100 мобильді аударым жасаған тұлғаға қатысты талаптар күшейетін болады. Бұл ереже салық саласын реттеуге және жеке тұлғалар мен кәсіпкерлер арасындағы қаржылық операцияларды қадағалауға бағытталған.

Қаржы министрлігінің жаңа талаптарына сәйкес, егер жеке тұлға бір ай ішінде 100 реттен артық аударым жасаса, яғни белгілі бір тұлғаның есепшотына 255 мың теңгеден артық қаражат түсетін болса, оның қаржылық әрекеттері автоматты түрде тексеріледі. Бұл тексеріс аударымдардың кәсіпкерлік мақсатта жасалғанын немесе жай ғана жеке қажеттіліктер үшін жүргізілгенін анықтауға бағытталған. Егер аударымдар кәсіпкерлік сипатта болса, онда салық органдары мұндай тұлғаларды бақылауға алып, сәйкес салықтарды есептейді.

Көптеген кәсіпкер көлеңкелі бизнеспен айналысып, мобильді аударымдарды заңды түрде ресми есепке алмайды. Олар салық төлеуден жалтарып, төлемдерді бейресми түрде жүргізеді. Мемлекет аталған заң бұзушылықты анықтау һәм тоқтау салу мақсатында аударымдарды осылайша бақылауға алмақ.

Мобильді аударым – қазіргі қоғамның маңызды бөлігі. Деcек те сақтық шараларын естен шығармай, өз қаражатыңызға сақ болғаныңыз абзал!

Қорлан САРЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!