Қазақтың қанына сіңген кәсіп – мал шаруашылығы. Тірліктің тірегіне айналған төрт-түлік күнделікті қажеттілікті өтеп, жесе – азық, кисе – киім, мінсе– көлік болған. Тиісінше, мал жайының жайлылығын ойлаған шаруа азық-жеммен қамтамасыз етіп, аяқ асты келер аурудан сақтап, өріске жібергенде де көзінен таса қылмайды. Содан болар есен-саулық сұрасқанда «мал жаның аман ба?» деп түліктің де халін біледі. Дегенмен мал ұрлығы – шаруаны сергелдеңге салып, жағдайды мүшкіл етіп отыр. Қыстың қаһарлы бораны мен жаздың аптап ыстығына қарамастан асыраған малынан қапияда айырылса қапа болмағанда қайтеді? Ұртын майлауға асыққан ұрылар да соғым еттен дәмеленіп, қораға көз тігуін қояр емес. Шамасы жетсе жұттай тонап, жұрдай етуге даяр. Сондықтан айласы асқан баукеспеге бөгет болу бәрінен маңызды. Ендеше облыста мал ұрлығының тіркелуі мен қылмыстың құрықталуы қай деңгейде? Осы жайында тарқатып көрелік.

Әккі ұрылар шаруаның қадамын қалт жібермей, қора жайын қадағалап, өрістегі малды да сүйрелейтін көрінеді. Екі көзі төрт болып тағатсыздана тосқан түлігі жоғалғанын естіген қожайынның қамығатыны сол. Күнкөріс көзі мал болғандықтан, құқық саласы қызметкерлерінің қылмысты анықтап, шаруаға жәрдем бергені жанға медет. Әйтпесе малының қай мекенде екенін балгерге барып болжам жасататындар да бар. Өрістен қораға дейін жолдан жаңылмай келетін малды жетектеп кету – ұрының ұстанымы секілді. Сондықтан көпшілікті «тосқауылға тыйылып жүргендер бар ма?», «Ұрының уысында кеткен мал қанша?» деген сұрақ толғандыратын болар. Аймағымызда мал ұрлығы азайып, көрсеткіш кеміген көрінеді. Дерекке сүйенсек, 2023 жылдың 5 айында облыс аумағында мал ұрлығының тіркелуі -53,8% (78-ден 36-ға) төмендеп, ашылу көрсеткіші +35,2% (42,1-ден 77,3-ке) жақсарған. Есепті мерзімде облыс аумағында 36 мал ұрлығы тіркеліп, ұрланған малдардың жалпы саны 128 басты құраған. Оның ішінде, мүйізді ірі қара 39, жылқы 9, уақ мал 80 бас. Мал ұрлығының 24 дерегі қараусыз өрістен, 12 дерегі қорадан ұрланған. Жыл басынан  ветеринариялық бақылау қызметінің өкілдерімен бірлесіп, малдарды құжатсыз тасымалдаған тұлғаларға ӘҚБтК-нің 406-бабымен 30 хаттама, сондай-ақ белгіленбеген орындарда қараусыз жүрген мал иелеріне ӘҚБтК-нің 408-бабымен 396 әкімшілік шара көрілген екен.

Расында да өзгенің еңбегіп жеп, асын тартып ішпекші болғандар жазасын алуы тиіс. Осы ретте, құқық саласы қызметкерлері қол қусырып отырмай, мал ұрлығының алдын-алуға тырысуы көңіл қуантады. Яғни жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, мал ұрлықтарының алдын алу мақсатында бақташымен бақтыру, малын құжаттандыру, таңбалау, чиптеу жұмыстарының тиімділігі жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.Әйтпегенде көрші ауылдан келіп ұрлыққа түсетіндер қылмысты үдетіп, әдісін әдетке айналдырып алған.

– «Мал ұрлығы» іс-шарасы барысында жыл басынан облыс  көлемінде Сырдария АПб бойынша 3 топтық қылмыскер ұсталып, күдікті 10 тұлға анықталып, 9-ы қамаққа алынды. Шиелідегі бөлім мамыр айында мал ұрлығымен 3 күдіктіні ұстады.

Мысалы, жуырда  Шиелі ауданында еркін жайылымнан бірнеше ауыл тұрғындарының сиырларын  белгісіз адамдар ұрлап әкеткен.  Қаскүнемдердің бірі ұрланған малды көрші ауылға жеткізіп, танысынан сиырды біраз уақытқа қораға қоюын өтінді. Алайда, үй иесі бұл туралы жақын маңдағы ауылдардың тұрғындарын хабардар етті, тиісінше полицияға да хабар берілді.Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкер­лері  күдікті 24 жəне 31 жастағы үш ауыл тұрғынын айғақ заттарымен қолға түсірді. Бүгінгі күні ұсталғандар мал ұрлығының бес дерегіне қатысы бар деп  күдіктелуде. Жәбірленушілерге келтірілген жалпы материалдық шығын 1 млн теңгеден асты.

Ұрланған 6 сиыр айғақ зат ретінде тәркіленіп, иелеріне қайтарылды. Күдіктілер қалған малды сойып, етін сатып үлгерген. Тергеу барысында күдіктілердің ұрланған малды тасымалдау үшін автокөлікті жалға алғаны анықталды. Ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 188-1-бабының 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру əрекеттері жүргізілуде, – деді Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Ілияс Жұмағұлов.

Ақшаға көзсіз құнығып, біреудің малын меншіктеп майшелпекке бату қаншалықты орынды? Соғымдап сатқандар сот алдында тұратынын білсе де бас қатырмай­ды-ау. Жоғалғаны табылған шаруаның сүйінші сұрап кететінін білеміз. Малдың маңызы айтпасақ та түсінікті.

– Ауылда тұратын ағайын түсінеді. Саусақпен санарлық мал басы болса да, береке. Екі үйдің біреуінде ірі қара болмаса да, төрт  тұяқтының бар екені анық.  Мінсең – көлік, жесең – азық, сатсаң – ақша, кәсіп бастаймын десең – ағарғанның көзі. Сондықтан малда береке бар.

Ауылдық жерде мал ұрлығы жиі болып тұрады. Сонда шіліңгір шілденің ыстығы мен қыстың қара суығында бабын тауып, баққанның маңдай тері не болмақ? Ізін суытып, сол күйі ұрлықтың дымын білдірмейтін тәжірибелі ұрлықшылар болуы мүмкін. Әрі не көп, мал көп. Ауыл ішінде жүре беретін болған соң қашан, қалай ұрланғанын анықтау да қиын. Осы орайда елдімекендерде орын алатын мал ұрлығына тікелей жауапкершілік танытып, қылмыскерді анықтап жүрген полицейлерге алғыс айтқым келеді. Өзімнің малым ұрланбапты, ірі қара жоқ. Дегенмен ауылдағы ағайынның  сала мамандарына алғысы шексіз, –  деді ауыл тұрғыны А.Нариман.

Тайлақты нардай етіп көрсетіп отырғанымыз жоқ. Тек ұрлықтың ауылды алатайдай бүлдіріп отырғаны қиын-ақ. Қанша дегенмен қорадағы малын тастап, алысқа аттап баспайтын шаруаның жатқа жем болмағаны жөн. Шырпы басын сындырмағанның дайын асқа тік қасық боп, жұрт иелігін иемденуі орынсыз. Жүйелі жұмыс нәтижесінде мал ұрлығы әлі де азаяды деп сенеміз. Сонда шаруаның да берекесі қашпас.

Замира ДАСТАНҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!