Алаш қозғалысы тұсында тебінгіден тер, қабырғадан қан жаудырған патшалық билікпен темір етіктен теңгедей, темір таяқтан тебендей қалғанша белдескен күрескердің бірі – Мұстафа Шоқай. Ер есімі ұзақ жылдар бойына ескерусіз қалып, тәуелсіздіктің арқасында ғана ел азаматын ардақтауға мүмкіндік туды.

Бірі ардақтылардың өмірін дәріптеп, дереккөздер жинап, қолжазбалары қолдарына түскен сәттен бастап бар дүниені біріктіріп кітап етіп шығарып жатса, енді бірі көше аттарын беріп құрмет көрсетуде. Ал қызылордалықтар өзінің қайсар қайраткеріне жеті жыл бұрын қоладан алып мүсін соғып берген болатын. Осы ескерткіш еңсе тіктегеннен бастап ел арасында түрлі көзқарастағы пікірлерге құлағымызды түріп жүрдік. Мүсінші мамандардың көзімен қарай алмасақ та, биіктігі тоғыз метр болатын тастұғырдың тұрпатына көзіміздің тоймағаны жасырын емес.

Қызылорда қаласында 2017 жылы 28 наурыз күні ашылған Мұстафа Шоқай ескерткіші жайында ел арасында түрлі алып қашпа әңгімелер шығып, пікір қайшылықтары туындаған еді. Соның бірі – мүсіннің көзін төмен салып, мұңайған бейнесі турасындағы әңгімелер. Оған қоса «мүсіннің бедерленуі Мұстафа Шоқайға ұқсаңқырамайды» деушілер де табылды.

Орталық көшеден өткен сайын көңілге үлкен ой салатын Алаш ардақтысы, елінің ең беделді ері, алып қайраткер М.Шоқайдың мүсіні өмірге қалай келді? Қаражаттың қалай игерілгені және су жаңа мүсіннің біз біле бермейтін қыр-сырларын білу мақсатына осы мүсіннің авторы, мүсінші Көшер Байғазиевпен әңгімелескен болатынбыз. Әдетте, бізде «ескерткішті сол жердің не жақын руының адамы қолға алу керек» деген түсінік бар. Себебі ол адам бәрін біледі, түсінеді. Ал К.Байғазиевтің М.Шоқайға түк қатысы жоқ.

– Мен 1957 жылы Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Жыңғылды ауылында дүниеге келгенмін. Негізгі мамандығым суретші, мүсінші. 1979 жылы Шымкент педагогикалық институтын бітіріп, сол жылдан бастап орта мектептерде мұғалімдік қызметті атқарып жүрдім. Қазіргі таңда тек мүсінмен ғана айналысамын, – дейді мүсінші.

Сонда сонау Ақтау қаласында жүріп, М.Шоқайдың мүсінін соғу батыстың азаматының ойына қалай келген? Ол сырды автор тарих қатпарынан сыр шерте отырып, әңгімеледі. Мұстафа Шоқай елден жыраққа кетер сәтінде Ақтау қаласында болыпты. Жан жары Мария да осы өңірдің топырағын басқан екен.

Мұстафаның маңғыстаулықтарға қандай қатысы бар? Бұл жаққа қалай келген? Көпшілік біле бермейтін бұл оқиғаны түпкілікті ашу үшін Ақтау мұрағаттарын ақтаруға тура келді. Мүсінші сөзін дәлелдеу үшін Мұстафа естеліктері мен мақалаларына көз жүгірттік. Тарихқа сенсек, 1918 жылы қаңтар айында Қызыл армия бөлімдері Қоқан қаласына жан-жақтан лап қойып, шабуылдар бастайды. Большевиктер қаланы басып алып, өрт құшағына орайды. Қоқан қаласы талқандалғаннан кейін М.Шоқай бастаған Түркістан автономиясының басшылары жан сақтаудан басқа амалы қалмай, бас сауғалай бастайды. Қаладан жасырын түрде, әрең сытылып шыққан М.Шоқай ауыр жол азабын артқа тастай отырып, Орынбор қаласына келеді. Осы жылдар тұсында Алаш автономиясы жарияланған Орынбордағы ІІ Жалпы қазақтық сьезге Мұстафа Шоқай да қатысады. Ол «Алашорда» қозғалысының төрағасы Әлихан Бөкейхан басқарған үкіметке мүше болып кіреді. Бұл кезде Кеңес үкіметі Мәскеуде, Петроградта және Түркістанда толық орнаған болатын. Алайда орыс буржуазиясы өкілдері бұратана халыққа автономияны да қимайтындықтарын айқындай түсіп, 1918 жылы 4 қарашада мемлекеттік кеңес «Алашорда» үкіметінің қызметін тоқтату туралы қаулы шығаруы соның нақты дәлелі болды.

Түркістаннан басталған сәтсіздік М.Шоқайға барар жер, басар тау қалдырмады. Айналаның бәрін большевиктер басып алып, кеңес үкіметін орнатып жатты. Осы кезде М.Шоқайдың басын әкелген адамға сыйақы тағайындалады. Мұндай күйге түскен Мұстафадай алыпқа шетел асудан басқа амал қалмайды. 1918 жылдың қақаған қысында ең әуелі Торғай жеріне келіп, сосын Орал қазақтарының арасында болып, Гурьев уезінің жері арқылы, соңында Маңғыстауға келеді. Оның Маңғыстауға келуінің бірнеше себебі болған. Соның бірі ол кезде Маңғыстау өлкесінде Түркістан және Алашорда үкіметтерінің төменгі буыны болып саналатын жергілікті, уездік «Уақытша Халықтық Кеңес» атты Шоқайдың кезінде өзі құрып, Маңғышылақ уезі құрамына кірген билік органының қарамағында болуы еді. Бұл өкімет уезде 1918 жылдың күзінде, дәлірек айтсақ, 20 қыркүйек күні Фортта құрылады. Яғни Мұстафа келер алдында аз-ақ бұрын құрылған. Басшы болып уездік қызметін О.Көбеев басқарған. Құрамына 7 адам енген басшылық органы сайлап алынады.

Осы кездері өлке аймағынан тыс жерде жүруіне байланысты Жалау Мыңбайұлы бұл өкіметке мүше бола алмайды. Енді М.Шоқайдың өлкеге келуінің тағы бір себебі, Маңғышылақ уезд билігі Кеңес өкіметін мойынсұнбаған күштердің қолында, яғни кезінде өздеріне идеялық жағынан жақын адамдардың басшылығында болуы. Кезінде Ж.Мыңбайұлы бас болып Қоқан қаласына келген Адай жұртының делегациясынан да ол хабардар, оның әлі ізі суи қоймаған, сондықтан ұмытыла қоятындай уақыт та өткен жоқ-ты. Мүмкін олармен жақын танысқан да шығар. Бізге жеткен бір деректің ұштығы «М.Шоқай Адайдың, оның ішінде Құнанорыс Айтыманның жиені» дегенді айтады. Бірақ та бұл туралы болашақта анықталып, әлде де зерттеуді қажет етеді. Сонымен М.Шоқайды Маңғыстаудың игі жақсылары О.Көбеев, Ж.Мыңбайұлы, Ш.Кендірбаев, Қ.Жаншуақов, Ш.Бекназаров, О.Иманғазиевтер қарсы алып, лайықты құрмет көрсетеді.

Бұл айғақты кейін 1937 жылы ОГПУ тергеушілеріне берген жауаптарында жергілікті азаматтар, сол күндердің куәлары Қ.Тәжиев, О.Шымыров және кезінде «Мұскеңестің» белсенді мүшелерінің бірі болған Ж.Молдабергенов те қуаттап, өздері берген айғақта былай көрсетеді: «1918 жылы Форт қаласына қашып бара жатып, М.Шоқай деген келіп, қаланың адамдарын жинап, жиналыс ашты. Мұның ішінде «Мұсылман кеңесінің» мүшелері болды. М.Шоқай Алашорданың құлайтынын, болшевиктердің өкіметі алатындығын және өзінің шетелге кетіп бара жатқанын айтты».

М.Шоқай Фортқа жаяу-жалпылап жалғыз келмепті. Өлкеге аяқ басқан кезде Мұстафаның қасында антибольшевиктік көзқарастағы Түркістан кезеңінен бері серіктес болған Вадим Чайкин бастаған 18 адам болған. М.Шоқайдың Маңғыстауға қашан келген, қай уақытта келді, қашан, қалай, қайда аттанып кетті деген мәселе төңірегінде бірізділік байқалмайды. Белгілі тарихшы-ғалым Т.Омарбеков «Мұстафа 1919 жылы Форттан әуелі Красноводскіге, содан теңіз арқылы Бакуге аттанып кетті» деген дерек айтса, жазушы, өлкетанушы Ә.Спан оны «Фортта бар болғаны 2-3 күн ғана аялдап, осы жерден Бакуге тікелей кетті» деген деректі алға тосады.

Журналистер Ж.Аупбаев, Ж.Нұрмаханова «Егемен Қазақстан» газетінде жариялаған «Порт-Артур шайқасына қатысқан қазақ» атты мақаласында осы пікірді қолдап,М.Шоқайды «өлкеге 1921 жылдың күзінде келіп кетті» деп жазған еді. Бірақ М.Шоқайдың өзі берген деректерге сүйенсек мұның бәрі басқаша. Бұл үшін Мұстафаның кейін эмиграцияда жүріп жазған естелік мақалаларын алға тартса жеткілікті. Париж қаласынан шығатын «Последние новости» аталатын газеттің 1921 жылғы 26 қарашадағы санында жарияланған «Қазақ жеріндегі ашаршылық» деген мақаласында ол большевиктік листовкалар, тұрғын халықтан алынған мүлік пен малды қайтару үшін берілген құжаттардың қазақ жерінде қаптап кеткенін айта келіп, былай дейді: «Мұндай құжатты мен (және серіктес орыстар) 1918-1919 жылдары қыста Маңғыстауда болғанда көп кезіктірдім…» Мұстафа Шоқайдың өз қолымен жазылған осы айғақтың өзі-ақ «оның Маңғыстауға 1918 жылғы қараша, желтоқсан айларында және 1919 жылдың көктеміне дейін болып кеткен» деген қорытынды жасауға болады. М.Шоқай теңіз арқылы шығу қауіпті болған соң, көктем шыға құрлық арқылы құпия түрде жолға қамданған.

М.Шоқайды шығарып салуға сенімді адамдар іріктеліп, іріктеу тағы Ж.Мыңбайұлына түседі. Қасына О.Иманғазиевті қосып, оларға қоса қорғау және қауіп-қатерден сақтану үшін жергілікті адай жігіттерінен жасақталған қарулы бөлім жібереді. М.Шоқайдың құрлық жолымен аттандырылғанын тағы да өз сөзіне жүгіне отырып дәлелдеп көрелік. Ол жоғарыдағы мақаласында: «1918 жылы бүкіл жаз бойы және 1918-1919 жылғы қыста Торғай, Орал және Сыртқы Каспий облыстарындағы қазақтардың ортасында болдым», – деп жазады. Бұл жерде Сыртқы Каспий облысындағы қазақтар деп отырғанына сөз жоқ. Красноводск уезіне таяу Жаңғақтың бойын жайлаған 4 және 5-адай болысының тұрғындары екеніне ешқандай шүбә келтіруге болмас. Ол сапар барысында елмен сұхбаттасып, жағдайларымен танысып, біліп отыруға тырысқандығы байқалады.

Тағы да айта кететін бір дерек, құландылық Теңел Төкенов ағамыз үлкендерден естігенім деп осы бір сапарда Мұстафа, Жалау мен Отарбай Шайхының демеуімен Үстірт үстіндегі Жүзадым жерінде жатқан нағашы атасы Айтыманның бейітінің басына барып, рухына бағыштап садақа берген деседі. «Алтын кездік қап түбінде жатпайды» демекші, Мұстафа мен Жалауға байланысты бұл деректі кім айтса да ойдан шығармағаны ақиқат. Жалау Мыңбайұлының азық-түлік тасымалдайтындықтан қолында карта болды. Жолдардың бағытын көрсететін құжат, сол кездегі азық-түлік бөлімінің бастығы Е.Краснодембский мен Ж.Мыңбайұлы қол қойып бекіткен 1917 жылы облыстық орталық статистика-есеп комитетіне жіберілген ақпар болатын. Ұзақ жолды артқа тастап, Красноводскіге келген жолаушылар қарулы жасақты қала маңына қалдырып, Жалау Мұстафамен серіктерін Ашхабат қаласына алып кетеді. Облыс орталығына аман-есен жеткен ол сол жерден М.Шоқайды Бакуге аттандырып жібереді. М.Шоқай зайыбы Мария Яковлевна ол жүрген жермен ілесе Фортқа келеді. Ол өзінің кейінгі жазған естеліктерінде «М.Шоқайдың хатын әскери киім киген қазақ адам берді» дейді. Ол сөз жоқ полковник О.Көбеев болатын. Ол ерімен мамыр айында Баку қаласына қашқанын жазады. Жалау Мыңбайұлы қайтар жолда ағылшындар интервенттерінің тұтқынына түсіп қалып, 14 күн абақты азабын тартады. Өзінің азық-түлік комитетінің қызметкері екенін дәлелдеп, өз дегендеріне көндіріп босап шығып, еліне қайтып келеді.

Бұл оқиғаның барлығы Көшер Байғазиевтің көңіл сүзгісінен өтіпті. Мүсіншіге шабыт беріп, М.Шоқай мүсінін Маңғыстауға орнатуға ниет қылады. Бұл ұсынысын сол кезде Маңғыстау облысының белді азаматтары да қолдай кетеді. Мүсінші толғанысынан туған туынды жөнінде өз әңгімесінде «көптеген ой-толғаныстың тоғысқан тұсы осы мүсіннің бейнесі» деген болатын.

Одан мүсіннің өмірге қалай келгенін толығырақ айтып беруін сұрағанымызда:

– Мұстафа Шоқай – қазақтың азаттығын тілеген текті тұлғаларымыздың ең елеулісі. Қайраткердің бейнесін сомдап шыққаныма қуанатыным да осы. Мүсінді дайындап шығу үшін менің 4-5 жыл уақытым кетті. Жылдар жылжып жатқан сайын көңілім де құбылғыш болып, көптеген ойым осы мүсіннің айналасына тоғысып жатты. Тоғыз рет өлшеп, бір мәрте кескен мүсінім болды бұл. Негізі мүсін мендегі дайын жұмыс болатын. Маңғыстау өңіріне орнатам деп жүргенде күтпеген қиындықтар кезігіп, бұл ойым жүзеге аспай қалды. Жығылғанға жұдырық, сол жылдары Қырымбек Көшербаев Сыр өңіріне әкімдікке ауысып кетті. Ал жасап шыққан еңбегім қолымда қалды. «Болмайтын дүние ғой» деп лақтырып тастауға да қимай алып қойғанмын. Құдай сәтін салды ма, уақыт өте келе Қызылорда қаласында Мұстафа Шоқай ескерткішіне конкурс жария- ланды. Ұмытпасам, бес-алты ұсыныс түскен болатын. Соның ішінде менің жұмысым жеңіп шығып, мүсінді орнатуға мүмкіндік алдым. Тұғырына қонған туындым көңілімнен шықты.

Менің Мұстафа Шоқай образында назары төмен, ойлы күйде таяғына сәл сүйене, жел серпіп кеткен сырт киімінің омырауына да мән бермей, ауыр ойда тұрған көрінісін таңдауымның мәні мынада: Ол – жалынды, саяси қайраткер, күрескер. Мұстафа әлеміне енген сайын оның көңіл күйін, аласапыран терең сезімін сезінуге болады. Мен сол кейіптегі кейіпкерді бергім келді. Тағдырдың сан түрлі соқпағында жүрген Мұстафа Шоқайдың мүсінін аңғарып қарасаңыз, назары төменге алынған, ойлы және де қабағы қатулы тұр. Бұл дегеніңіз өзінің армандаған ойына жете алмаған тұлғаның өкінішін ашу мақсатында алынған образ, – деп, мүсінші өзінің ойын бүкпесіз айтып берді.

Оған қоса Қызылорда қаласына орнатылған мүсінге мін тағушылардың ең көп айтатыны мүсіннің сыртқы киімі үйлесімсіз болып қалғанында. Тұғырдың да бітпей қалған жұмыстары көзге түрпідей тиеді. Алыстан қараған адам, мүсін Мұстафаға ұқсамайды деп жатқандар да кездесті. Бұл сөздерді мүсіншінің өзі де біліп жүрген көрінеді.

Көшер Байғазиевпен өрбіген әңгіме тарихтан сыр шерте отырып, тағылымды ой қалдырды. Бұл жұмысы үшін ол еңбекақысына 4,5 миллион теңге көлемінде қаржы алғанын да жасырмады. «Мүсінге бөлінген 49346000 теңгенің қалған бөлігі құрылыс жұмыстарына кетті» дейді. Мүсін тасын әкелу, құю, қашау, тасымалдау сынды жұмыстарға жұмсалыпты. Ал алдағы уақытта бұрынғы орындалмай қалған маңғаз Маңғыстауға Мұстафа Шоқайдың мүсінін орнату ойын қайта жаңғырту әлі де бар екен. Бірақ бұл жолы Мұстафа Шоқай жалғыз болмайды. Жоғарыда айтып өткендей, шетелге әуелі М.Шоқай соңынан Мария кеткен еді. Осы бір көріністі әсем мүсін етіп соғу, сомдау – мүсіншінің жоспарындағы келесі жоба.

Алаш ардақтыларын ұрпақтары бүгін қалай құрметтеймін десе де жарасады. Тек осы әдемі үрдістің легі үзіліп қалмаса игі. Мұстафаның «түйілген» қабағынан түйгеніміз – осы!

Айдар САЙЛАУОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!