Жыл басындағы дерек бойынша, биыл Қазақстан халқының несиесі 20,7 триллион теңгеге жеткен. Осыған сәйкес, елдегі банктердің қаржылық жағдайы мүшкіл көрінеді. Ресми мінберлерде де, қаржы есептерінде «халық несиені қайтармай жатыр, тәуекел күшейді, сондықтан банк жүйесін қолдау қажет» деген бір уәж қайталанады.

Алайда осы уәжбен қаржы институттары мемлекеттен арзан, ұзақ мерзімді субсидиялар алып отырғанын білемісіз? Сол «қайтарылмай жатыр» делінген қарыздардың өзі бірнеше жыл ішінде айыппұл, өсімпұл, қайта құрылымдау мен коллекторлық тетіктер арқылы банктерге еселеп қайтып жатқаны жайлы ашық айтыла бермейді. Сонда сұрақ туындайды: егер банк өз ақшасын бірнеше есе өндіріп алатын болса, мемлекеттің ақшасы не болмақ?

Қарапайым қарыз алушы үшін бұл жүйе басқаша көрінеді. Жалақы өзгермейді, баға өседі, ал несие ауырлай береді. Бір төлем кешіксе болды, кейіннен өсімпұл қосылады, қоңыраулар көбейеді, қысым артады. Мемлекет банкті «құлатпау» үшін миллиардтаған қаржы бөледі, ал халық сол банктің алдындағы қарызын толық өтеуге міндетті. Осы арада қаржы жүйесіндегі әділет таразысы кімнің пайдасына ауып тұрғаны анық байқалады.

Ал кейінгі жылдары бұл көрініске тағы бір қауіпті құбылыс қосылды, бұл – банк атын жамылған алаяқтар. Олар қоңырау шалып, адамның қай банктің клиенті екенін, қандай несие алғанын, тіпті төлем күніне дейін дәл айтып береді. Бірақ олар мұнша ақпаратты қайдан біледі? «Біз банктен хабарласып отырмыз» деген сөзге сеніп қалған талай адам жеке дерегінен, ақшасынан айырылды. Ең алаңдататыны мына нәрсе: бұл мәліметтердің кездейсоқ емес, жүйелі түрде қолданылуы. Сонда халықтың жеке деректері қайдан шығып жатыр? Қаржы жүйесіндегі қауіпсіздікке кім жауап береді? Мақалада тарқатамыз.

Субсидиялау: не үшін және қалай?

Банктерді субсидиялау – бұл мемлекет немесе жеке қаржы институттары тарапынан көрсетілетін қаржылық қолдау. Мұндай қолдау банк шығындарының бір бөлігін немесе ала алмаған табысын өтеп, белгілі бір қарыз алушылар санатына (мысалы ипотека алушыларға, агросектор өкілдеріне немесе бизнеске) төмен пайыздық мөлшерлемемен несие ұсынуына мүмкіндік береді. Негізгі мақсат – экономиканы ынталандыру, жекелеген салаларды (Қазақстандағы аграрлық сектор секілді) қолдау және әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыру арқылы соңғы тұтынушы үшін несиенің құнын төмендету.

Бұл тетік келесідей жұмыс істейді: алдымен мемлекет немесе арнайы ұйым белгілі бір көлемде қаржы бөледі. Соның негізінде банк нарықтағы орташа мөлшерлемеден төмен пайызбен, мысалы 15%-дың орнына 7%-бен несие береді. Ал нарықтық және жеңілдетілген мөлшерлеме арасындағы айырманы субсидия жабады, яғни банктің жоғалтқан пайдасы өтеледі.

Банктерге байланысты субсидиялаудың негізгі мысалдарына жеңілдетілген ипотека бағдарламаларын жатқызуға болады. Мұнда мемлекет немесе құрылыс компаниялары пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялап, тұрғын үй несиесін халық үшін қолжетімді етеді. Сондай-ақ бизнесті қолдау аясында даму қорларының, соның ішінде Қазақстандағы «Даму» қорының бағдарламалары арқылы шағын және орта бизнеске берілетін несиелер субсидияланады. Ауыл шаруашылығы саласында дағы мамандарға арналған несиелерге мемлекеттік субсидия қарастырылған.

Нәтижесінде бірнеше тарап пайда көреді. Қарыз алушы төмен пайызбен несие алып, қаржылық жүктемесін жеңілдетеді. Банк өзіне тиесілі табыстан айырылып қалмайды, себебі ол субсидия арқылы өтеледі, сонымен қатар жалпы экономикада белгілі бір салаға серпін беріліп, оның дамуына жағдай жасалады.

Алайда субсидиялау тетігі қағаз жүзінде қаншалықты әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан тиімді көрінгенімен, оның нақты өмірдегі нәтижесі әрдайым осы мақсаттарға сай келе бермейді. Әсіресе тұтынушылық несиелер мен кепілсіз қарыздар сегментінде субсидияның кімге көбірек пайда әкеліп отырғаны ашық сұрақ. Банктер «халық несие төлемін кешіктіріп жатыр» деген сылтаумен тәуекелдің артқанын алға тартады. Осы тәуекелді азайту үшін мемлекет қаржы институттарына арзан әрі ұзақ мерзімді ресурстар ұсынады. Бірақ сол тәуекелдің негізгі салмағы шын мәнінде банкке емес, қарыз алушыға түсіп отырғаны жиі назардан тыс қалады.

Осыған байланысты мәселені Мәжіліс депутаты Марат Ергешбаев қозғаған еді.

– Жыл басында Мемлекет басшысы банк иелеріне нақты тапсырма берген еді. Яғни 2017 жылы қарыз секторын қолдау бағдарламасы арқылы алған ақшаларын мерзімінен бұрын қайтаруды талап етті. Бүгінде тек қана «Halyk bank», «Forte» және «Center credit» банк қаражатын мемлекетке толығымен қайтарған екен. Ал «RBK bank» 244 миллиард теңге, оның ішінде тек қана 48 миллиард теңгесі мерзімінен бұрын қайтарылған. Қазіргі таңда қайтарылмаған қарыздың қалдығы 196 миллиард теңге. «Еуразиялық банк» 150 миллиард теңге алды, 48 миллиардты қайта қайтарып берген. Ал қалған қарыздың бөлігін 2032 жылға қарай өтеуді жоспарлап отыр. «Nurbank» 47 миллиард теңге алды, «Alatau city bank» шамамен 1 триллион теңге алды. Оның 100 миллиард теңгесін ғана қайтарды. Қазіргі таңда 860 миллиард теңгені 2045 жылға дейін 0,1%-дық мөлшермен қайтаруды жоспарлап отыр. Яғни 1 триллион теңге 30 жылға дейін тегін беріліпті. Менің ойымша, бұл жағдайлар нарықты емес, мемлекет үшін өте тиімсіз. Банктер барлық сомманы бірден емес, кесте бойынша төлесе, оларға тиімді болар еді. Осыған байланысты, бақылау агенттігінің жұмысы қандай болып жатыр? Осы банктер бойынша қайтару мерзімі қайта қарала ма? Егер жоқ болса, онда бірінші кезек- те пайыздық мөлшерлеменің шарттары өзгертіле ме? – деді мәжіліс депутаты Марат Нәлқожаұлы.

Аталған дерек банктердің мемлекеттен алған қолдауы уақытша демеу емес, ондаған жылға созылатын арзан қаржы көзіне айналып кеткенін көрсетеді. Қарызды 2032, тіпті 2045 жылға дейін 0,1 пайызбен өтеу нарықтық экономика шарттарына мүлде сай келмейді. Мұндай жағдайда мемлекет қаржы институттарына серіктес емес, ұзақ мерзімді донор рөлін атқарып отырғандай әсер қалдырады. Ал бұл қаржының көзі салық төлеушілердің ақшасы екені жиі жасырын күйде қалады.

Экономистердің пікірінше, дәл осындай қолдау тетігі банктердің нарықтық тәртіпке бейімделуіне емес, керісінше, мемлекетке тәуелді болуына жол ашады. Егер банк арзан ресурсты ондаған жыл бойы қайтаруға мүмкіндік алса, оның қаржылық тәртібі мен тәуекелді басқару мәдениеті қалай қалыптасады? Бұл сұраққа әзірге нақты жауап жоқ.

Бұл жерде басты мәселе – жауапкершілік теңгерімі. Егер банк тәуекелге бармай-ақ, мемлекеттің қолдауына және қарыз алушыдан өндірілетін айыппұл тетіктеріне сүйене алса, қаржы институтының несиелік саясаты қаншалықты әділ әрі сақ болады? Нарық қағидатына сай, пайда бар жерде тәуекел де болуы тиіс. Ал қазіргі жағдайда тәуекел мемлекет пен халықтың мойнында қалып, пайда жеке қаржы институттарына шоғырланып отырғаны байқалады.

Сарапшылардың пікірінше, субсидиялау саясаты ашық әрі нақты өлшемдерге сүйенбеген жағдайда, ол экономиканы ынталандырудың орнына, қаржы секторындағы дисбалансты тереңдете түсуі мүмкін. Бір жағынан, арзан несие ұсынылады, екінші жағынан халықтың борыш жүктемесі азаймайды. Керісінше, қарыз көлемі мен төлем мерзімі ұзарған сайын қаржылық қысым күшейе түседі.

Осы тұста тағы бір маңызды сұрақ туындайды: егер банк жүйесі мемлекет қолдауына сүйеніп отырса, онда ол халық алдындағы сенім мен қауіпсіздікке қандай деңгейде жауап береді? Бұл сұрақ бізді банк секторындағы тағы бір өзекті проблемаға, нақтырақ айтқанда, жеке деректердің қорғалуы мен алаяқтық фактілерінің көбеюіне алып келеді.

Алаяққа сенбе, дерегіңді берме!

Кейінгі уақытта банк жүйесіне деген сенімді әлсіретіп отырған тағы бір өзекті мәселе – қаржылық алаяқтықтың жүйелі сипат алуы. Бүгінде «Пәленшеев Пәленше сіз бе? Банктен хабарласып отырмыз. Алаяқтар сіздің атыңыздан несие алмақшы» деген жалған қоңырау көпшілік үшін тосын емес. Ең алаңдататыны алаяқтардың жалпы ақпаратпен емес, нақты деректермен сөйлесуі. Олар адамның қай банктің клиенті екенін, қандай несие алғанын, төлем мерзімі қашан екенін, тіпті жеке сәйкестендіру нөміріне дейін атап береді. Мұндай дәлдік кездейсоқтық па, әлде жүйедегі олқылықтың белгісі ме? Бұл сұрақ та әлі ашық күйінде қалып отыр.

Алаяқтар ақпаратты қайдан алады?

Қаржы ұйымдары жеке деректердің сыртқа шығуын көбіне «адам факторы», «үшінші тараптардың әрекеті» немесе «клиенттің өз қателігі» деп түсіндіреді. Алайда алаяқтардың қолындағы ақпараттың көлемі мен нақтылығы бұл тұжырымға күмән келтіреді. Өйткені мұндай дерек тек банк жүйесінде немесе банкпен тікелей жұмыс істейтін құрылымдардың базасында сақталады. Демек мәселе жеке бір қызметкердің салғырттығында емес, деректерді қорғау жүйесінің өзінде болуы мүмкін немесе сізге қоңырау шалып жүргендердің банк қызметкері емесіне кім кепіл?

Бұл тұста тағы бір маңызды жайт бар. Мемлекеттен миллиардтаған субсидия алып отырған банктер тек қаржылық тұрақтылыққа ғана емес, клиенттің қауіпсіздігіне де кепіл болуы тиіс. Қарапайым тілмен айтқанда, халықтың ақшасын ғана емес, оның жеке дерегін де қорғау мәселесі банктің тікелей міндеті. Ал алаяқтық фактілері көбейіп жатқан жағдайда бұл міндеттің қаншалықты орындалып отырғаны заңды сұрақ туғызады.

Заңнамаға сәйкес, жеке деректердің заңсыз таралуына жол берген ұйымдар жауапкершілікке тартылуы тиіс. Алайда тәжірибеде алаяқтық құрбандары көбіне банкке емес, өзіне кінә артылғанын көреді. Ақша жоғалды, ал жауапты тарап анықталмады. Миллиондаған теңгеге несиелі болып, сан соғып қалғандардың саны қаншама? Мұндай жағдайлар банк жүйесіне деген сенімді одан әрі әлсіретіп, қаржы секторындағы әділетсіздік туралы қоғамдық пікірді күшейте түсері анық.

Егер мемлекет банктерді қолдау арқылы экономиканы қорғап отырса, онда бұл қолдаудың да қарсы міндеті болуы керек емес пе? Жоғарыда атап өткендей, миллиардтаған теңге алып отырған банктер барда, неліктен қарапайым халық жеке дерегі мен шотындағы азын-аулақ ақшасы үшін алаңдауы тиіс?

Қорытындылай келе, қаржы жүйесі тек есеп пен пайыздан ғана тұрмай, ең алдымен сенімге құрылған механизм екенін ескергеніміз жөн. Егер сол сенім әлсіресе, ең тұрақты көрінген жүйенің өзі іштей шайқала бастайды. Бүгінгі жағдайда банктер мемлекеттен қаржы алып, оны ондаған жылға созып қайтарып отырса, ал қарапайым азамат несие төлемін бір ай кешіктіргені үшін айыппұлға ұшыраса, бұл тепе-теңдікті әділ деу қиын.

Мемлекеттік субсидия экономиканы қолдаудың құралы болуы тиіс, бірақ ол қаржы институттарын жауапкершіліктен босататын қалқанға айналмауы керек. Халықтың банктерге деген кәміл сенімі ашықтықпен, әділ несиелік саясатпен және клиент деректерінің қауіпсіздігімен өлшенуі тиіс.

Алаяқтықтың көбеюі мен жеке деректердің таралуы жеке бір банкке немесе бір оқиғаға тән мәселе емес. Бұл – қаржы секторындағы бақылау мен жауапкершілік әлсірегенінің белгісі. Егер бұл олқылық дер кезінде түзетілмесе, мемлекет қанша қаржы бөлсе де, халықтың банк жүйесіне деген сенімін қайтарып алу қиынға соғады.

Сондықтан бүгін басты сұрақ «банкті қалай қолдаймыз?» деп емес, «ол қолдаудың қоғамға нақты қандай қайтарымы бар?» деген сауалды көтергеніміз абзал. Өйткені қаржы институттары мемлекетке ғана емес, ең алдымен сол мемлекеттің азаматтарына қызмет етуі тиіс. Ал сенімсіз жүйенің тұрақты экономика құра алмайтыны баршаға белгілі.

Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!