«Жақын деп тартқан адамға сеніп, микроқаржыдан ақша алып едім, жақыным үн-түнсіз жоғалып кетті. Ал менің өмірім бір сәтте күрт өзгерді. Тіпті оқудан да шықтым».
«Бір рет аламын деп бірнеше рет алып, үш жыл бойы қарыздан көз ашпай келемін».
«Досыма сендім. Қазір дос та жоқ, ақша да жоқ. Ата-анаға қарауға бет те жоқ».
Бұл жазбалар микроқаржы ұйымдарының жетегінде кеткен, тағдырдың сынағына ұшыраған жандардың бізбен тілдескенде айтқан сөзі. Шытырманға толы оқиғаларды сәлден соң толығырақ тарқатамыз. Ең алдымен микроқаржы деген не? Неліктен жас пен жасамысы да тиын аламын деп тыныштықтарын айырылды?
Микроқаржы – бұл экономиканың әрбір мүшесіне қаржылық қолжетімділікті қамтамасыз ететін қаржы секторының маңызды бөлігі. Ол әсіресе, шағын кәсіпкерлікті дамытуға, жеке тұлғалардың қаржылық жағдайын тұрақтандыруға және әлеуметтік теңсіздікті азайтуға бағытталған. Олардың банктерден айырмашылығы, қарапайым азаматтар мен кішігірім бизнес өкілдеріне минималды құжаттармен, оңай және жылдам қаржылық қолдау көрсетеді. Бұл сектор қаржылық ресурстарға қолы жетпей жүрген адамдарға жаңа мүмкіндіктер ашады. Алайда микроқаржы саласында белгілі бір тәуекелдер де бар. Мысалы, жоғары пайыздық мөлшерлемелер, қаржылық сауаттылықтың жеткіліксіздігі немесе несиені қайтара алмау жағдайлары. Сондықтан бұл салада тұтынушылардың құқықтарын қорғау және қаржылық білім беру шаралары маңызды.
Бүгінде қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми мәліметі бойынша, елімізде 924 микроқаржы ұйымы жұмыс істеп тұр. Бұл көрсеткіш 21 екінші деңгейлі банк пен 2 ипотекалық ұйыммен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Бірақ осы микроқаржы ұйымдарының көптігі мен қолжетімділігі халыққа шынайы көмек пе, әлде «қаржы тұзағы» ма?
Ұлттық банктің дерегіне сүйенсек, 2023 жылдың 1 сәуірінде 7,9 миллион қазақстандық тұтынушылық несие алған. Бұл – халықтың шамамен 40 пайызы. Алайда бұл көрсеткіш азаймады. Былтырғы жылдың 1 қаңтарында банктер мен қаржы ұйымдарына қарыз адамдар саны 8,5 миллионға жеткен. Ал жалпы қарыз көлемі 19 триллион теңгеге дейін артқан. Бұл сандар Қазақстан халқының жартысынан көбі несиелік міндеттемелердің құрсауында екенін айғақтайды.
Ең алаңдатарлық жайт – осы қарыздардың айтарлықтай бөлігі микроқаржы ұйымдарының мойнында. Микроқаржы ұйымдары ұсынатын несиелердің қолжетімділігі оларды халық арасында кеңінен танымал етті. Кез келген құжатсыз, бірнеше минутта несие беру – олардың негізгі тартымдылығы. Алайда бұл жеңілдік қарыз алушыларды ауыр зардаптарға әкелуде.
Микроқаржы ұйымдары жарнамаларында халыққа қаржылық қиындықтарды жеңудің оңай жолын ұсынады. «Несие тарихы маңызды емес», «15 минутта ақшаңыз дайын» деген ұрандармен олар адамдарды өздеріне тартады. Бірақ бұл ұйымдардың қызметіне тереңірек үңілсек, олардың көп жағдайда заңды пайыздық мөлшерлемелерден әлдеқайда жоғары үстемақы алатынын көреміз. Мысалы, банктердегі орташа пайыздық мөлшерлеме 16-18% болса, микроқаржы ұйымдарында ол 50%-дан асып кетуі мүмкін.
Бұған қоса микроқаржы ұйымдары қарызды өтеуге мүмкіндік болмаған жағдайда, оны коллекторлық агенттіктерге өткізіп жібереді. Коллекторлардың борышкерлерді қорқытып- үркітуі, тіпті заңсыз әрекеттерге баруы – бүгінгі қоғамның шындығына айналды. «Күнделікті қоңыраулар», «туыстар мен таныстарды мазалау», «психологиялық қысым көрсету» – борышкерлердің жиі кездестіретін мәселелері. Мұндай жағдай борышкердің тек қаржылық емес, психологиялық жағдайына да ауыр соққы болып тиеді.
Әлгінде айтқан кейіпкерлердің өміріндегі оқиғалар біздің сөзімізге дәлел. Айғаным (кейіпкердің есімі өзгертілген) есімді қызылордалық тұрғынның өмірін қаз-қалпында баяндайық.
– «Бұл оқиға туралы айту маған өте қиын, бірақ басқаларға сабақ болсын деп айтып отырмын. Мұндай жағдайға тап болып, қателескен жалғыз мен емес шығармын, бірақ басқалар мен сияқты қайталамаса екен деймін. Мен – бір кездері сезімге алданып, өз өмірімді, болашағымды, тіпті, жақындарымның сенімін жоғалтқан қарапайым студент қызбын.
Екінші курста бәрі жақсы еді. Университетке түстім, жатақханаға орналастым. Жаңа достар тауып, студенттік өмірдің қызығын көріп жүрдім. Бір күні жатақханадағы төртінші курстың жігітімен жақын араласып кеттім. Ол өзіне сенімді, жылы сөздері көп, өмірге жоспарлары айқын сияқты көрінетін. Маған: «Екеуміз бәріне бірге жетеміз, сенсіз менің қолымнан келмейді», – деп айтқанда, жүрегім елжіреп, одан жақын адам жоқтай көрінетін. Оның сөздеріне толық сеніп жүрдім. Бірақ көп ұзамай ол маған қаржылық қиындықтары туралы айта бастады. Алғашқыда «Аз ғана ақша керек, кейін қайтарамын» деп кішкентай сомалар сұрады. Мен оған көмектескеніме риза болдым. Бірақ бір күні ол менен микроқаржы ұйымынан несие алып беруді өтінді. «Барлық қарызды өзім төлеймін, тек сенің атыңа алайық. Маған сенсең, бәрі жақсы болады», – деді. Оған сенбеске себеп таппадым. Бір емес, бірнеше рет қарыз алуға мәжбүр болдым. Әр жолы ол: «Бұл соңғы рет», – деп уәде беретін. Мен неге келіскенімді өзім де түсінбеймін. Шын ниетіммен көмектескім келді. Бірақ бірнеше айдың ішінде миллион теңгеден астам қарыз жиналды. Оның бәрі менің атымда. Ал ол бір күні ешкімге айтпастан, жатақханадан жоғалып кетті.
Микроқаржы ұйымдары мені күні-түні мазалай бастады. Алдымен телефон шалып, қарызды төлеуді талап етті. Кейінірек туыстарыма, ата-анама хабарласа бастады. Бірақ мен бұл туралы ата-анама айтқым келмеді. Олар онсыз да ауылда қиындықпен күн көріп жүрген. Сондықтан қарызды қарызбен жаба бастадым. Бір микроқаржы ұйымынан алып, екіншісіне төледім. Осылайша қарыздың үстіне қарыз жинала берді. Бұл жағдай мені қатты күйзелтті. Ұйықтай алмайтын болдым. Сабаққа баруға зауқым болмады. Қарыздың ауырлығы жанымды жеп, өзіме қол жұмсауды ойладым. Бөлмеде жалғыз отырып, терезеге қараған кездерімде «Егер бәрін осымен тоқтатсам, мені ешкім де еске алмайды» деп ойладым. Бірақ әр жолы, «Бұл шешім емес. Егер мен күреспесем, бұл қателікті түзейтін ешкім болмайды», – деген ой тоқтататын. Достарымнан қарыз сұрауға да мәжбүр болдым. Олар басында көмектескенімен, кейін ренжіді. «Сен бізді де алдап жүрсің бе?» деген ауыр сөздер жанымды жаралады. Университетте бәрі менен сырт айналды. Ақырында оқудан да шығып кеттім.
Бұл жағдай маған өмірде ең үлкен сабақ болды. Мен әлгі жігіттің жалған сөздеріне сеніп, өзімді құрдымға жібердім. Ол мені пайдаланды. Мұндай «альфонс» жігіттер туралы білмедім, олардан сақ болу керек екенін түсінбедім. Әдемі сөз бен уәденің астарында шынайылық пен адалдық болмаса, оларға ешқашан сенбеу керек. Қазір бұл қарыздардың көбінен құтылдым. Кез келген жұмысты істедім: тазалықшы болдым, кафеде ыдыс жудым, тек өз өмірімді қайта құру үшін. Қазір бәрі артта қалды, бірақ бұл маған үлкен сабақ болды. Басқаларға айтарым: ешкім үшін өзіңді құрбан етпе. Өзіңнің сеніміңді адал еңбекке ғана арт. Әсіресе, әдемі сөздер айтып, сезіміңмен ойнайтын адамдардан сақ бол. Мен секілді қателік жасамаңыздар. Қиындық көп болғанымен, өмір тоқтамайды. Ең бастысы – өз болашағыңды өзің қорғау.
Бәрі уақытша, өмір жалғасады. Тек өзіңе ғана сену керек, – деп ағынан жарылды ол.
Ал Жәния (кейіпкердің есімі өзгертілген) есімді кейіпкеріміз микроқаржы ұйымы өзіне қатты қиындық туындатады деп ойламаған. Әңгімесіне құлақ түргенімізде, аздаған қателік өмірінде үлкен жара салғанын айтты.
– Ата-анам қолыма 100 мың теңге беріп, оқуға жіберген. Өзім мемлекеттік грант бойынша білім алдым. Бірақ 1-курстың соңында сабақтан қиындықтар туындап, шәкіртақыдан айырылып қалдым. Жаз бойы қалада жұмыс істеймін деп шештім. Бір айдай өзіме сай келетін жұмыс іздедім. Түрлі ұсыныстар болды, бірақ жаныма жақыны – кассирлік қызмет болған соң, дүкенге жұмысқа орналастым.
Жұмыс іздеп жүрген сол бір айда 30 мың теңге шағын несие алдым. «Жалақы ала салып төлеймін» деп ойладым. Бірақ төлем уақыты жақындағанда, бастығым аванс беруден бас тартты. Амал жоқ, кассадағы бір күндік табысты білдірмей пайдаландым. Несиемді жауып, енді бәрі орнына келді деп қуанғанымда, дүкеннің иесі кассаның ақшасын сұрады. Сол сәтте не істерімді білмедім. Бар шындығымды айтуға тура келді.
Иесі қатты ұрысты, бастығым ақшаны орнына қоюымды талап етті де, сол күні жұмыстан шығарып жіберді. Амалсыз, қарызымды жабу үшін қайта заем алдым. Төлеген 37 мыңды 50 мың қылып алдым. Дүкеннің ақшасын қайтарып, қалғанын өзіме жұмсадым. Осылай жүріп, қарыздан қарызға кіре бердім. Қазір ай сайын табысымның 150 мың теңгесін сол қарыздарға құямын. Бұл шырмаудан құтылмай келе жатқаныма үш жыл болды.
Мен замандастарыма бір ғана кеңес беремін, ешқашан қарыз алмай, ақшаны ата-анасынан сұрасын. Ештеңені жасырмасын. Бастапқыда мен де ата-анама шындығымды айтқанда, мұндай жағдайға түспес едім, – деді ол.
Ал Мирас (кейіпкердің есімі өзгертілген) есімді студент қысқа-нұсқа жеткізді. Оның айтуынша, бала кезден араласқан досы қаржылай көмек көрсетуді сұраған. Дегеніне жеткен досының қазір жетегінде жүр екен. Соқыр көзден жас шығарып, қиналғанына демеу болайын деген Мирастың өзіне қазір дереу қолдау керек. Өйткені микроқаржы ұйымдары үшін кімге «жақсылық» жасағаның маңызды емес. Өзіңнің атыңа рәсімделсе, төлейтін де, терлейтін де бір өзің екенін әу баста ескертеді. Дегенмен, алдаудың арбауына іліккендерге қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің айтуынша, олардың құқықтарын қорғау шаралары күшейтілген. Мысалы, коллекторлардың борышкерді күндізгі сағат 8-ден кешкі 9-ға дейін ғана мазалауға құқығы бар. Бірақ бұл заң талаптары барлық жерде сақтала бермейді. Көп жағдайда борышкерлер өз құқықтарын білмегендіктен, қысымға төтеп бере алмай, коллекторлардың заңсыз әрекеттеріне көніп жатады.
Сонымен қатар заңгерлер борышкерлердің көп жағдайда микроқаржы ұйымдарының келісімшарттарын оқымайтынын айтады. Ұсақ әріптермен жазылған шарттарда жоғары пайыздық мөлшерлемелер, қарызды өтеу талаптары, мерзімді өткізіп алған жағдайда салынатын айыппұлдар анық көрсетіледі. Бірақ қарыз алушы мұны ескермей, тек тез ақша алу үшін келісімге қол қояды. Нәтижесінде, олар қарыздың нақты сомасынан бірнеше есе көп төлеуге мәжбүр болады.
Бүгінде халықтың қаржылық сауаттылығының төмендігі микроқаржы ұйымдары үшін оңтайлы жағдай туғызып отыр. Олар қысқа мерзімде үлкен пайда табу үшін барын салуда. Ал қарызға батқан халықтың саны артып келеді. Мұндай жағдай халықтың әлеуметтік жағдайын әлсіретіп, қоғамның жалпы қаржылық тұрақтылығына кері әсер етуде.
Ғашық адамға Құранның аяты қасиетті емес, жарының сөзі қасиетті, жарынан басқа адамның сөзін не қылсын. Қарызға батқан адамның да Құрандағы белгілі бір ережелерге бағынбайтыны анық. Ақша қандай жолмен болса да, табылса жеткілікті. Десе де, Ислам діні микроқаржы ұйымдарына қатысты не дейді?
– Ең бірінші шариғат жағынан қарасақ, Алла Тағала «Бақара» сүресінде былай дейді. Сауданы адал етті, өсім мен рибаны арам етті деп көрсеткен. Сол үшін Алла Тағала бір нәрсені арам еткен болса, ол дүниеден береке, пайда, екі дүниеде жақсылық іздеудің қажеті жоқ. Бәлки, біз берекені шариғатымыздың тыйған нәрсесінен тиылып, бұйырған нәрсесін жасап, іздеуіміз қажет. Айта кететін жайт, өсімнің азы да, көбі де жоқ. Бәрі де бір деңгейде арам етілді. Аллаға бойсұнған жерде оның берекесі болады.
Қазақта «көрпеңе қарай көсіл» деп бекер айтылмаған. Той жасаса да, қуанышын бөліскісі келсе де шама-шарқы келгенше жасауы керек. Тіпті қажеттілігін өтеу мақсатында алатын заттарының қаржылай көлемі де өзінің қалтасына сай болу қажет. Еліктеудің соңы қарызға кірумен аяқталады. Сондықтан шамасы жеткенге шүкіршілік ету маңызды. Әйтпесе жанның рақаты мен өмірінің берекетінен арылады, – деді Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің наиб имамы Нұрдәулет Жалғасбекұлы.
Міржақып Дулатұлының мынадай сөзі бар. «Құдай не жазса, соны көреміз деу – соқырлықтың белгісі. Тағдырдың жазғаны болар деу – ақымақтықтың белгісі. Адам не тілесе, Құдай соны тағдыр қылмақшы. Тікен еккен жерге бидай шықпақшы емес». Қарызға батып, шытырманның шырмауында жүруді тағдыр деп айту қате. Бұл жолды өзіміз таңдадық. Демек құлақ аспай құлаған жерден, елдің сөзін елең етпей, қайта тұру қажет-ақ.
Мемлекет халықтың жағдайын жақсы біледі. Орташа жалақы жоғары болғанымен, халықтың әлеуметтік жағдайы да орташадан төмен. Әйтпесе «қарызсыз қоғам» атты мемлекеттік бағдарлама да шығармас еді. Мемлекет басшысы өткен жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстан халқына жолдауында «Қарызсыз қоғам» жобасының маңыздылығын және оны бүкіл ел бойынша кеңейту қажеттілігін атап өткен болатын. Бағдарлама қаншалықты тиімді? Анықтап көрдік.
– «Қарызсыз қоғам» жобасының мақсаты – азаматтарға қаржылық және құқықтық білікті көмек көрсету, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру, азаматтардың банктік несиелер мен шағын несиелер бойынша проблемалық қарыздарын шешуге көмектесу. Бүгінде жұмыс істеуге қабілетті әрбір адамда кем дегенде 1 несиеден кездесуі мүмкін. Үкіметті алаңдатқан мәселе – 90 күннен аса несиені кешіктірге адамдардың саны 1,5 миллионнан асады екен. Бұл төлем қажеттіліктің жоқ дегенін білдіреді. Сондықтан «қарызсыз қоғам» жобасының маңыздылығы зор. 2023 жылы Amanat партиясының ұсынысымен пилоттық жоба аясында 8 аймақта жүзеге асты. Қызылорда облысы бұл қатарға кірмеді. Аталған жылы 65 мың азамат білімін жетілдірді. Нәтижелі жоба болған соң, ел Президенті Үкіметке республикалық деңгейде жобаның масштабын кеңейту бойынша тапсырма берді. Соның арқасында 750 мыңға жуық адам оқуға мүмкіндік алды. Тіпті, мектеп, колледж, университетке де оқыту жұмыстары жүргізілді. Биыл оқыту жұмыстары 90 күннен кешіктірген азаматтарға гибридтік жүйеде білім беру жоспарлануда. Сондай-ақ заңгерлік қызметке басымдық берілмек, – деді «Қарызсыз қоғам» жобасының қаржы сарапшысы Балдырған Мәмен.
Бұл да бір тәуелділіктің жаңа түрі. Несиені алғанда шөліркеп қалып, судың тамшысына қолымыз жеткендей жадырап, шөліміз қанып қалады. Ал оны төлеуге келгенде тағы да несие алып, тамшыдан құралған теңізге батып, жағаға шығу қиындай түседі. Міне, микроқаржы ұйымдарының бүгінгі кеңеюі – қаржы саласындағы дабыл қағарлық мәселе. Олар халыққа көмек берудің орнына,көбіне қаржылық тұзақ құрып отыр. Ал қоғамның басым бөлігі бұл тұзаққа түсіп, қаржылық қиындықтан шығу үшін одан сайын қарызға батуда. Қолда бар қаржыны үнемдеп жұмсасақ қарыздың қақпанына түспесіміз даусыз. Ақырында тиын аламын деп, тыныштықтан айырылмаңыз…
Азамат АБИМОЛДА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!