Желмаясына мініп, Жерұйық іздеген Асан қайғы жердің кереметіне «Қырында киік жайлаған, Суында балық ойнаған» деп баға берген екен. Асылында, атам қазақ ежелден осы бір көзі мөлдіреген жануардың киесі барын ұғынған. Тіпті, ишандар мен мақсұмдардың дәуірінде елсізде адасқан талай жанды киіктер бабалар басына жол сілтеп, бағыт берген аңыз-әңгімелерді де талай оқыдық. Бірақ «Жәндіктің киік деген баласы бар» деген Сәкен Сейфуллин жырлаған нәзік жануарды суық қарудың қаһарына қиып отырмыз…
Әйтсе де, бүгінгілердің жолы бұрынғылардан басқаша. Киікті санап тұрып, атуға, тормен ұстап, етін өткізуге рұқсат берілді. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев бұл туралы таяуда өткен баспасөз мәслихатында айтты. Ведомство басшысы киік санын басқару жөніндегі биологиялық негіздемеде популяцияны реттеудің екі тәсілі ұсынылғанын жеткізді. Біріншісі – тор құру арқылы ұстап, етін ет өңдейтін зауыттарға жеткізу. Бұл әдіс күндіз жасалады. Екіншісі – түнде атып алу.
«Бүгінде біз тормен ұстау тәсілін бастадық. Бірақ соңғы екі аптада жаңбыр көп жауып, бұл тәсілді жүзеге асыру қиындық туғызды. Осыдан кейін біз биологиялық негіздемеде көрсетілген екінші тәсілді қолдануға шешім қабылдадық. Жалпы биологиялық негіздеме бойынша 337 мың бас киік реттелуі қажет. Қазір тор арқылы 91 бас киік ұсталса, екінші тәсілмен бар-жоғы 14 бас киік атып алынды, – деді министр орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Министрдің мәліметінше, бүгінде киік саны 2 млн 600 мыңның үстінде. «Біз бұрын киікті неге атқызбай келдік? Неге киік санын реттеу мәселесін қарастырған жоқпыз? Себебі ол уақытта киіктердің саны өте төмен болды. Ал қазір олардың саны тарихи көрсеткіштен асып кетті. Бүгінде киіктерден диқандарға 12 млрд теңге залал келгенін білесіздер. Сол себепті киік санын реттеу қажет», – деп қосты министр.
Айтпақшы, өткен жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев киіктер популяциясын ату арқылы реттеу туралы шешімі үшін бұрынғы Экология министріне сөгіс жариялаған болатын. Жыл айналып, бұл шешім дұрыс бағытқа айналыпты. Бірақ, басқа министрмен.
«Сыймай жүрген жоқпыз, сыйыса алмай жүрміз»
Қызылорда облысындағы қоғам қайраткері Ибрагим Әбибуллаев бұл мәселеде үнсіз қалуға болмайтынын айтуда. Оның қызмет жолы ауыл шаруашылығы саласымен тығыз байланыста болды.
«Сонау 1971 жылдан бастап Бетпақдаладағы жазғы жайылымнан колхоздың 46 мың қой-ешкісі мен 1700 бас жылқысын, 700 бастай түйесін қараша айының ішінде 40-тан астам машинамен қыстайтын Сырға көшіретінбіз. Он жылдан астам сол көшіру керуенін басқарып едім. Майда малмен араласып отар-отар киік жолымызды кесіп, машинамызбен қабаттасып, жарысып жүгіретін. Не деген әсем, көрген көзге таң қалушы едік Жаратқанның Арқадағы иен далаға жан бітіргеніне. Ерте көктемнен наурыз айынан қара күзге дейін облыс бойынша 1,5 млн-дай майда малмен 150-200 мыңдай жылқымен түйе малы 7 айдай Бетпақдалада мыңғырған киікпен араласып жайылатын. Сол кезде 2,5-3 млн-дай киік болатын. Сонда бірде-бір малшы жайылымды жеп қойды, мал күйсіз қалды дегенді естімеппіз», – дейді Ибрагим Сражаддинұлы.
Ал министр Нысанбаев бүгінгі күндегі киік санын 2 млн 600 мыңның үстінде деп отыр. Сонда сыймай жүргеніміз емес, сыйыса алмай жүргеніміз емес пе?!
«Атудан басқа да шешімі бар»
Ел ағасының айтуынша, кеңестік дәуірде елдегі егін көлемі 30 млн гектарға жуық болған. Ол кезде Үстірт, Бетпақдала т.б. алқаптары бос, мұнай-газ шықпайтын.
«Қазір темір жол, электр жүйелері, мұнай құбырларының өн бойын бақылау жұмыстары киіктердің жайылым алқаптарына еркін жайылуына кедергі болуда. Дегенмен, елімізде 2,5-3 млн киіктің сақталуына жер жетеді. Ол үшін, біріншіден, аталған кедергілердің киіктің өтуіне ыңғайлы жеріндегі электр желісін, жер бетінде бар мұнай-газ құбырларын жер астына жасырып, бос жатқан алқаптарға жайылуына мүмкіндік жасау керек. Қазір Бетпақдаланың басынан бастап Мойынқұмға дейін бос жатқан миллиондаған гектар жайылым жер бар. Жарамды скважиналарды анықтап, әдейі жабылғандарын іске қосу, қазу керек. Екіншіден, егін, жайылым алқаптарын қоршау. Өзімізде, шет елдегі бар тәжірибе! Киік – мал емес, адам түгілі қарайған қадаға да жақындамайды. Сыр бойында күріш т.б. барлық егістігін түгел қоршап, 120 күн суда ұстап, минералды тыңайтқышы мен гербицидтерін беріп тынымсыз, күннің 45-55 градус ыстығында масаға, кенеге таланып, мыңдаған адам малдан, аңдардан қорғап күн кешуде. Ал даурығып жүргендер көктемде егісін егіп, күзде жинау ғой, неге егістік, жайылымын қоршап, қорғамайды? Әр малға қажетті жайылымың есебімен жерін бөліп алу керек. Қазір арнайы 1-2 қатар тұрақты бойында тогы бар құралдар жеткілікті. Жүз мыңдаған гектар жерді қоршап алуға болады ғой. Айтуға оңай дейтіндерге айтарым, 40 жылдан астам шаруашылық басқарған адаммын. Бір мысал, кезінде күніне арасы 3 метрден 5 қатар сыммен 2-2,5 шақырым, бір айда 47 шақырым егістік қоршағанбыз. Ол қоршау 20 жыл болды тұрғанына, арасында сымдары үзілген, ағаштары шіріген жерлерін жөндеп алады. Биліктегілер, депутаттар шаруадан хабарларың барларың киікті қыруға жол бергенше, шамасы, күші, қаржысы жетімсіз қожалықтарға қоршау бұйымдарына көмек беріліп, оларға талап қойылса, қолдан келетін-ақ жұмыс», – дейді қоғам қайраткері.
«Обал-сауапты білу керек!»
«Бүгінде әлеуметтік желілерде, ватсап мессенжерлерге көліктің қабырғасын қайыстырып тұрып, киікті артып алған видеоларды көзіміз шалып жатыр», – деп бастады ауылдасым Абай Батыршаев.
Оның көзінен бір мұң көрдім. Аяушылық сезімі жоғалып бара жатқан мына ғаламнан оның сұраулы жүзіне не деп үн қатарымды білмедім. Сұлулықтың символы аққуды да атып жатқан адам баласынан асқан жауыз көрмегенімді айтқым келді. Иә, иә, сол жауыздықтың біздің сонау мінбердегі ұлтқа, елге жаны ашиды деп сенім артып отырған азаматтардан шығып жатқанын, халықтың жанайқайын тыңдап жатқан биліктің жоқ екенін айтқым келді. Бірақ, оның бәрін халық біз айтпасақ та біліп тұр ғой…
«Адам деген обал-сауапты білу керек. Мына ғаламдағы жаратылыс ішінде Алла тағала ақыл-ой, қабілет берген бір мақұлықпыз біз де. Сондықтан сол айналадағы жаратылыстың қадіріне жетуіміз керек. Атпасын демейміз, қанша халық бар, аңдарды жеу үшін жаратқан деп пәлсапа соғып отырған. Бірақ өзіне қажеттісін ғана атып алу керек. Оны да рұқсатсыз да атып алып, айласын асырып жүргендер бар ғой. Популяция солармен-ақ реттеледі. Ысырапқа жол берілмеу керек. Шариғатта да солай айтылады. Сондықтан адамдық асыл қасиетімізді жоғалтпайық!», – дейді ауылдасым.
Иә, қаламның құдыреті, ғаламның кереметі деген ұғымдар жай әншейін бір сөз болып қалған бұл кезеңде мұндай адамдық асыл қасиеттер ұғымын жазғанмен, жетер жерге жетер ме, ал жұрт ақылға келіп, тірлік етер ме, бәрі бекер де… Өмір өтер де…
Айтпақшы, осы киік атуға рұқсат мәселесі көтерілген сәттен бастап-ақ, жұртшылық «рұқсат берілсе, киік атып сотты болғандар босатылсын, қылмыстары кешірілсін» деген пікірді көп айтып жүр. Ал биліктің бұған көзқарасы қалай екен? Қайткен күнде де таразы басын тең ұстау керек.
Құдай қорғағанға біз қалай қарсымыз?
Табындағы киіктер бір күнде қашып, бір күнде төлдейді. Иә, иә, қызығы да осы. Алладан асқан шебер жоқ. Киік лақтағаннан кейін ұзамай жып-жылы нөсер жауын жауады. Біздің елде ол жауын «Киіктің көтжуары» атымен танылған. Көнекөздердің айтуына қарағанда, уызға тойған лақтың құйрығында майлы құмалақ қатып қалатын көрінеді. Біз айтқан нөсер жауын сол қатып қалған құмалақты тазалап, лақтың құйрығын жуады. Міне, Табиғат-Ананың кереметі. Ал киіктің иісі төлдеп жатқанда мүлдем жоғалады. Тіпті, жанында өтіп бара жатқан түз тағысы да сезбейді екен. Жыртқыштың жарып тастауынан сақтаған Құдайдың құдыреті. Ал уыздан көк шөпке ауысар уақыт келгенде күн суытып кетеді. Қарны ашып, қалжыраған лақ сонда барып, көк шөпке бас салатын көрінеді. Мұны «Құралайдың салқыны» деп атаған. Осы салқында киіктер лағын өргізеді. Желге қарсы жүріп, тез ширығады. Бұл суық кеткеннен кейін барып, қасқырдың асқа тәбеті болады екен. Киікке қатысты қызықты дерек көп. Сайын дала төсіндегі түйетабан өсімдігі де киіктің төлдейтін сәтінде шығады. Бұл өсімдіктің пайдасы – оның үлкен жапырақтары жаңа туған құралайды көкте қалықтаған қыран бүркіттен, тағы басқа жыртқыш құстардан жасырады. Жолда кездескен лақты бөтен көрмей, емізіп кете беретін киікті атам қазақ киелі санаған. Құдайдың өзі барынша қорғап, Табиғат-Анамен үндестіріп, қауіпсіз күн кештіріп қойған керемет жануарды біз атуды заңдастырдық. Қару асынғандардың заңды жолмен атқан алғашқы олжалары да желіге шыға бастады. Бізден асқан жыртқыш жоқ шығар, сірә!
Аян СПАНДИЯР
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!