Ескерткіш тек қана өнер туындысы емес, сонымен қатар тарихтың таңбасы, өткен мен бүгінді, бүгін мен ертеңді жалғап тұрған уақыттың таразысы. Ұлт тарихында мың жылда бір рет дүниеге келетін ұлыларды ескерткіш қою арқылы ұлықтау – ежелгі заманнан келе жатқан мүсіндеу өнерінің жетістігі. Алайда соңғы жылдары бірінен кейін бірі салынып жатқан монументтердің сұлбасы сұрықсыз, жобасы ғұрыпсыз боп барады. Шенді-шекпенділер мен қарапайым халықтың ызасын тудырып, күлкіге айналған мүсіндердің міні қандай? Мемлекет тарапынан әрбір тапсырысты назарға алатын, кемшін тұсын көпшілікке ұсынбай тұрып, көзге ілетін мамандар жоқ па?

Әлқиссамызды өткен жылы дауға айналған қазақтың соңғы ханы – Кенесарыны кескіндеген мүсіннен бастайық. «Атылмай қалған оқ» деп аталатын Кенесары ханның Жамбыл облысындағы жалғыз ескерткішінің ішкі, сыртқы жұмыстарымен танысқандар оның бой көтеруіне әу бастан қарсы болыпты. Себеп жалғыз – қазақтың соңғы ханы бейнеленген мүсіннің сиқы да, сұлбасы да келіспеген. Жамбылдықтар да осындай пікірде болғандықтан, ескерткіштің ескісін сүріп, орнына жаңасын салуды жөн көрген.
Меркі ауданындағы күре жолдың бойына қойылған тұғыры бес, тұлғасы екі метр ескерткішті ханның жетінші ұрпақтары ешкімге бой берместен өз қаражатына тұрғызған екен. Оған жергілікті билік қарсы болғанымен төре тұқымдары өз дегенін істеген. Қоғам тарапынан қызу талқыға түскен тақырып болған ханның жаңа мүсіні республикалық ономастика комиссиясының қарауына ұсынылған. Ал оң шешіміне сай келетін жаңа ескерткіш енді бой көтереді.
Жақында facebook әлеуметтік желісін тұрақты қолданушылар мен қоғам белсенділері белгілі ғалым, этнограф, жазушы Ақселеу Сейдімбектің 80 жылдығына орай Ұлытау облысы, Жаңарқа ауданында бой көтерген ескерткішін сынға алған болатын. Елді елең еткізіп, ескерткіштің шымылдығы түрілгені сол – әлеуметтік желідегілер «таяғы тізесінен келеді екен», «аяғын жеп қойыпты» деп жаза бастады.
– Негізінен мұндай ескерткіштерді қабылдап алу бойынша республикалық және жергілікті комиссия жұмыс істейді. Бірақ біз жергілікті комиссия құрамындағы суретшілер, мүсіншілердің кәсібилігі қай деңгейде екенін білмей­міз. Әдетте комиссия отырыстарында шешім дауыс беру арқылы қабылда­нады. Бірақ оның құрамына кірген адамдардың екі-үшеуі ғана сәулетші, ал қалғандары басқа саланың маманы болады. Осылайша, ескерткішті қабылдау бойынша шешім көпшіліктің басым даусымен қабылданып кетуі ғажап емес. Қазір республикалық комиссияның құрамында 15 адам болса, оның үшеуі ғана жоғары білімі бар мүсінші. Меніңше, кем дегенде комиссияның 10 мүшесі тәжірибесі мол, кәсіби мүсіншілер мен суретшілер болуы керек.
Соңғы күндері талай әңгімеге арқау болған Ақселеу ағамыздың ескерткіші мемлекеттік комиссияның назарына ұсынылмаған екен. Оны комиссия мүшелері де растады. Сол секілді осыған дейін айтылып жүрген ескерткіштердің де көбі республикалық комиссияға ұсынылмаған деп ойлаймын, – дейді суретші-мүсінші Ермек Ержанов.
Ескерткіштің бойы қысқа не ұзын болып кетуі қалыпты дүние емес, әрине. Адамға ұқсаса болғаны деген түсінік артық­тау. Себебі мүсін­ші­нің мінде­тінің өзі қолына ұстаған құралымен біртуар тұлғаның бойын ғана емес, болмысын көрсету емес пе?! Мойындау керек, бұл жағынан біздің мүсіншілер біраз артта қалғандай. «Бой көтерген бейнеден Ақаңды таба алмадық. Төрт жағынан да қарадық. Бет келбеті де, дене тұрқы да мүлде келмейді. Ақаң сыртқы келбетімен ғана емес, жүріс-тұрысымен де ұлттың ұландарына өнеге болатын тұлға еді», – деп жазды журналист Ерсін Мұсабеков.
Әлеуметтік желіні шулатқан пікірлерден кейін әкімдіктегілер сәтсіз шыққан туындыны бір тәулікке жеткізбей бұзып тастаса, Жаңарқа ауданының әкімі ескі ескерткіштің орнына қайтадан жаңа сапалы мүсіннің бой көтеретінін хабарлады. Айта кету керек, ескерткішті ғалымның туған-туыстары жеке қаржысымен тапсырыс беру арқылы белгісіз мүсіншіге жасатқан екен. «Шынымды айтсам, мүсіншінің аты-жөнін де білмейміз. Оны бір ағайынымыз өзі тауып, «керемет мүсінші екен» деген соң бәріміз сеніп тапсырған едік», – дейді Ақселеу Сейдімбектің ұлы Ернар Сейдімбек.
Мәселенің мәні – ескерткіштің жеке қаржымен немесе мемлекеттің қолдауымен жасалуында емес, тапсырыспен тың туындыларды жасайтын «мүсіншілердің» кәсібилігінде, талғамында, жауапкершілігінде. Бұл жағынан елдегі ескерткіштердің ескірмейтін бір жүйемен, қатып қалған белгілі стандартпен орнатылатыны жиі сыналып-ақ жүр. Елордада «жекпе-жек» сарайының алдында орналасқан Жақсылық Үшкемпіровтің қаққан қазықтай тас мүсіні мәселені айшықтай түседі. Ескерткіш бар, алайда ескерткіште жан жоқ, сол тұлғаны көргендей әсер қалдыратын ерекшелік, қарапайым детальдар жоқ. Шеңберден шыға алмай жүрген әріптестері туралы Суретшілер одағының мүшесі, суретші-мүсінші Ермек Ержанов: «Ескерткіштердің бір-бірінен аумай, бірдей болып жасалуы, сәулетшілердің қалыптан шыға алмауы ізденістің жоқтығын көрсетеді. Оның үстіне, тапсырыс берушілер көп жағдайда сәулетшілерге ізденіске уақыт қалдырмайды. Өйткені хабарландыру эскиздік жоба комиссия назарына ұсынылардан 10-15 күн уақыт қалғанда беріледі. Бұл аралықта қандай эскиз әзірлейсіз?
Екіншіден, ескерткіштің эскиздік жобасы туралы хабарландыру берудің тәсілі қызық. Мұндай конкурстар мейлінше жабық өткізіліп жатады. Қазақстанның Суретшілер одағына қарасты Мүсіншілер ұйымы бар. Осы ұйымда үлкені бар, кішісі бар елуге жуық мүсінші отыр. Бірақ олардың бәрі ескерткіш әзірлеу бойынша конкурс өтіп жатқанынан хабарсыз. Айналып келген мүсіншілерге арналған байқау мүсіншілердің қатысуынсыз өтіп жатады», – дейді.

Дина БӨКЕБАЙ