Елімізде соңғы жылдары сұранысқа ие бола түскен «өмірді сақтандыру» қызметінің құнынан құндылығы басым. Қаптаған қазақстандықбанктердің депозит жүйесінен сақтандырудың артықшылығы мен сыры неде? Аймақ тұрғындарының таңдауындағы «Халық-Life» АҚқызметтері қаншалықты тиімді? Осы сұрақтарға жауап көрелік.

Биыл қазақстандықтар өмірін 200 млрд теңгеге сақтандырған

Қоғамда қаржылық сауаттылықтың өзекті бола түскені соншалық соңғы кезде қазақстандықтар арасында көлік қана емес, өз өмірлерін сақтандырушылар саны арта бастады. Әрине, көлікті қаласаңыз да, қаламасаңыз да сақтандыруға тиіссіз. Ал өз өміріңізді сақтандыру шартты қажеттілікке жатпайды. Сондықтан көпшілік мұны көп шығынның бірі деп есептеуі мүмкін. Бірақ жыл басынан бергі статистика қазақстандықтардың бұл мәселеге көңіл аудара бастағанын көрсетуде. Дамыған елдерде өмірді сақтандыру әдеттегі жайтқа айналғалы қашан. Біздің елде бұл қызмет 2000 жылдардан бастау алады. Қазіргі таңда халықтың тек 0,8%-ы ғана осы ерікті сақтандыру полюстеріне ие. «Халық Life» АҚ басқарма төрайымының кеңесшісі Мейіржан Медеубаевтың айтуынша, сақтандыру компаниясында белгілі бір шарт жасау үшін ең төменгі сақтандыру жарнасы бүгінгі күні айына 10 мың теңгені құрайды. Кейбір шарттарда сақтандыру мақсатына байланысты 5 мың теңгеден басталуы мүмкін. Әрине, бұл ең біріншіден, адамдардың жинақтаймын, болмаса, инвестиция жасаймын деген сияқты қандай мақсаты бар екеніне байланысты. «Дегенмен біздің азаматтар өмірін сақтандыруға мүлдем құлықсыз деуге болмас. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, қазақстандықтар биыл өмірін сақтандыруға 200 млрд қаржы бөлген. Яғни елде өмірін сақтандыратын адамдар саны да, сақтандыру жарнасы өсіп келеді» дейді ол. Демек сақтандыруда сыр бар.

Депозит пен сақтандыру бір емес…

Өмірді сақтандыру жүйесінің негізгі әлеуметтік функциясы клиент пен оның жақындарын шарттың кез келген мерзімінде күтпеген жағдайлардың салдарынан материалдық қорғау саналады. Мысалы, жазатайым оқиға орын алып, сырқаттанған адамның жұмыс істеуге жағдайы жетпеуі мүмкін. Бұл отбасы бюджетіне үлкен соққы болып тиеді. Әдетте төтенше жағдай орын алса, асыраушы қайтыс болған кезде, отбасы өте қиын қаржылық жағдайда болып жатады. Сақтандыруды депозит жүйесімен салыстыра отырып, басымдықтарына тоқталып кетсек. Басты артықшылығы, сақтандыру сомасы сақтандыру шарты аяқталған кезде төленеді немесе қолданылу кезінде сақтандыру шарттарында көзделген жағдайы басталғанда төленеді. Сондықтан ұзақ мерзімді жинақтау полисі адамның 10-20 жылдық болашағына инвестиция жасайды.

«Халық-Life» АҚ Қызылорда қаласы бойынша филиалының директоры Әлімхан Абдулпаттаевтың айтуынша, компания жинақтары ұзақ мерзімді сақтауға есептелген. Мысалы, депозитті ұзақ мерзімді қаржы құралы ретінде қарастыруға болмайды, ал сақтандыру шарты 2 жылдан 30 жылға дейінгі мерзімге жасалады. Осы кезеңде адам тұрақты жарналар жасау арқылы тәртіпке келеді. Ол сақтандыру шартын мерзімінен бұрын бұзуы мүмкін, бірақ бұл жағдайда клиент сатып алу сомасын алады, ол әдетте сақтандырудың алғашқы жылдарында төленген сақтандыру жарналарының сомасынан аз болады. Кепілдендірілген табыс, яғни, жинақталған қаражат инфляцияның ықпалынан қорғалған. Сақтандыру шартының талаптарына байланысты кепілдендірілген табыстылықтың мөлшері түрленеді. Сақтандыру шартының тұрақты талаптары, яғни, тариф пен тәуекелдер шарт жасалған кезде нақты айқындалады және оның қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін өзгермейді.

«Қауіпсіздік барда сенім де бар. Өмірді жинақтаушы сақтандыру полисі бойынша төленетін барлық жарналарының ерекше мәртебесі бар. Уәкілетті органдарда сақтандыру шарт иесінің міндеттемелері бойынша тыйым салуға немесе сот арқылы өндіріп алуға мүмкіндігі жоқ, сондай-ақ ерлі-зайыптылар ажырасқан кезде сақтандыру жарналары бөлінбейді.
Салық жеңілдігін алу мүмкіндігі шарттың мерзімі аяқталғанда сақтандыру төлемінен табыс салығы ұсталмайтынын білдіреді. Бұл сақтандырушы шартты өз пайдасына немесе жақын туыстарына, жұбайына арнаған жағдайда қолданылады. Бұдан басқа, полисті сатып алуға арналған шығындарға салық салынбайды. Ең бастысы – қауіпсіз әрі ыңғайлы, реттелген қаржы жинау жүйесі. Бір ғана сақтандыру шартының көмегімен ақшаның жинақталуы, оның сақталуы және форс-мажор, оқыс оқиғалардан қорғалуы қамтамасыз етіледі» дейді ол.

Қызылордалықтардың көзқарасы өзгеруде

Еліміздің нарығында «Халық-Life» нарықта мінсіз көшбасшы дей аламыз. Ол өмірді сақтандыру компаниялары арасында сақтандыру төлемдерінің көлемі, сондай-ақ активтердің, резервтерінің мөлшері мен өз капиталы бойынша топ бастап тұр. Өткен жылғы статистикаға сүйенсек, облыс бойынша 25 пен 65 жас аралығындағы тұрғындар жинақ ашуда белсенді. Ал жыл басынан бері тамыз айының соңына дейін 40 мың 205 қызылордалық сақтандыру жинағын ашса, оларға 75 миллиардтан аса қаржы құйылған. Аймақтағы сақтандыру шотын ашатын клиенттер негізінен жоғары білім алу, қаржылай көмек алу, өмірді сақтандыру және артық қаржы жинау мақсатымен қызметке жүгінетін көрінеді.

Айта кетейік, компанияның кейбір сақтандыру өнімдерін Halyk Homebank қосымшасы арқылы немесе компанияның сайты арқылы онлайн сатып алуға болады. Сақтандыру жинағы қызылордалықтар үшін өз жинақтарын барынша тиімді инвестициялау, оларды валюта бағамдарының ауытқу қаупінен қорғау және күтпеген оқиғалар болған жағдайда өз өмірін қаржылық қамтамасыз ету маңызды. Өйткені жинақ ашатындар өз өмірі мен жақындары үшін үлкен жауапкершілікке ие. Ал белсенділігі жағынан халық саны көп Алматы, Шымкент, Астана қалалары үздік үштікті құрайды-мыс.

Қайтыс болған адамның жинағына кім жауапты?

Мәселен, ҚР азаматы 10 жылға жеке өзінің болашағы үшін сақтандыру жинағын ашып, ақша жинай бастады делік. Алайда ажал айтып келмейді. Егер оқыс жағдай орын алып, клиент өмірден өтіп кетсе, жинаққа кім жауапты болмақ? Бұл сұрақ көпшіліктің көкейінде орын алып жүргені жасырын емес.

– Әрине, алдымызда не күтіп тұрғаны ешкімге аян емес. Алайда түрлі себеппен оқыс оқиғалар орын алса, оның ішінде жинақ ашқан адам қайтыс болған жағдайда сол сәтке дейін азаматтан салынған ақшаларды және пайыздарды мұрагерлерінің, ұрпағының бөліп алуына мүмкіндік бар. Бұл ретте сақтандыру төлемі шартта көрсетілген тұлғаға бірден жүзеге асырылады. Мұрагерлік құқығын ресімдеу талап етілмейді. Сонымен қатар өмірді сақтандырудың жинақтаушы бағдарламалардың сыйақылары тәркілеуден, мүліктік даулар кезінде үшінші тұлғалардың наразылығынан қорғалады. Жинаққа тыйым салынбайды, жұбайлар арасында бөлінуге жатпайды. Осы ретте сіз бұл ақшаны жинақтап, белгілі мақсаттар үшін көбейте аласыз. Яғни, жинақтарыңызға салық салынбайды, сонымен қатар сіз салған қаражат мөлшері мен шарттың басқа талаптары туралы ресми ақпараттарешқайда жарияланбайды» дейді Әлімхан Абдулпаттаев.

Теңге құнсызданса, жинақ не болмақ?

Өмірді жинақтаушы сақтандыру ұзақ мерзімге жасалады. Егер полис 10 жылға жасалса, ақша құнсызданғанда барлық ақша жинақтарын инфляция жеп қоймайтынына сенімділік бар ма?Компанияның шарттары қаншалықты сенімге ие? «Бұл жерде бағдарламаның мәні мен мақсатын түсіну өте маңызды. Бағдарламаның негізгі міндеті – халықты әлеуметтік қорғау, сақтандыру оқиғасы кезінде күтпеген қаржылық шығындардан қорғау. Аталған негізгі функциядан басқа, бағдарлама ақша жинақтауға көмектеседі және оған қоса кепілдендірілген инвестициялық кіріс пен қосымша кірісті есептейді. Бірақ басты міндеті – ең қымбат капитал, адам өмірін, денсаулықты, құт-береке мен отбасының тұрақтылығын қорғау. Кез келген ақшаның құнсыздануы адам өмірінің құнын түсірмейді, себебі оның құны шексіз» дейді филиал басшысы.

Полис ресімдеу арқылы клиент өз ақшасын, өз қорғаныстарын компанияға сеніп тапсырады. Сондықтан тұрғындар ең алдымен нарықтағы орны, сақтандыру компаниясының жасы, жан-жақтылығы мен әмбебаптығына мән беріп, тұрақты сақтандыру компаниясын таңдау керек. Сақтандыру полисі клиентке ауыртпалық түсірмейді, керісінше оның қорғаныс құралы болып, ақша жинақтауға мүмкіндік береді.

Дина Бөкебай

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!